ЖУРНАЛИСТИКА ЖАУЫНГЕРЛІГІ

ЖУРНАЛИСТИКА ЖАУЫНГЕРЛІГІ

Кеңес Үкіметінің іргесі шайқалып, еліміз тәуелсіздігін жариялаған тұстардан бастап жетпіс жылдай идеология «майданының» алғы шебін бермей келген әдебиет саласы бір сәт кейінге ысырылды да, публицистика «атқа мінді». Сөйтіп ел мүддесі жолындағы қыруар міндеттің ауыр жүгін отандық БАҚ жобалары мен салалық журналистика, яғни көсемсөз жанры атқарып келеді десек артық айтқандық емес. Халық тағдырына бей-жай қарай алмайтын ақын-жазушы ағайындар да қалам қуатын батыл түрде осы арнаға бұрды. Сол себептен де шығар, олар да жаңа заманғы журналистиканың бағыт-бағдарын тамыршыдай дөп басып отырады. 

Біз осы тұрғыдағы ой-пікірін білу үшін танымал ақын Нұртас Исабаймен тілдесуді ұйғарған едік. 

– Қаламгер ретінде қазақ журналистикасының кейінгі тыныс-тіршілігін бір кісідей білетініңіз кәміл. Міне, осы бағыттағы жетістік неде, кемшілігіміз кәне деген сауалға қалай жауап берер едіңіз?

– Менің ұғымымша, журналист ең алдымен адаммен жұмыс істейді. Мәселен, өз басым газет-журнал қызметкерлерімен көп араластым. Бірталай жұртшылық жақсы білетіндей, кезінде апатқа ұшырап, ауыр азап шеккен кездерден кейін тілші ағайындар мен туралы көп жазды. Әсіресе, «Лениншіл жастың» (қазіргі «Жас алаштың») тілшісі Нұрлытай Үркімбаеваның мақаласы үлкен серпіліс туғызған еді. Міне, сол тұстардан бері оқырмандармен де, тілші ағайындармен де етене араласамын. 

– Баспасөзбен байланысыңыз мықты екен ғой?

– Иә, дәл солай. Жалпы, бұрын да, қазір де газет-журналдарды көп оқитын адаммын. Қазір көп сыналатын ертеректегі ақпарат құралдарымыздың көбі ескі идеологияға жұмыс істегені белгілі. Дегенмен, көптеген дарынды журналистердің сол кездегі «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас» сияқты газеттерде шыңдалғанын айтпасақ, әділетсіздікке ұрынатынымыз анық. «Ескінің бәрі ерсі емес» дегендей, сонда адамдардың еңбегі мен ғибратты ғұмырлары туралы тамаша очерктер жиі шығатын еді. 

Бүгінгі журналистика болса, әрине, заманның өркендеуі мен озық технологияның арқасында таң қаларлықтай дамып, ол заманғы баспасөзден көш бойы озық кетті. Расын айту қажет, бүгінде баяғы алыстан орағыту, сөз сапыру сияқты кемшіліктер де кілт азайған. Бірақ, есесіне, жаңа журналистика саясатқа көп араласады. Және бір айырмашылық – бұрын пікіріңді ашық айта алмайтынсың. Барлығы белгілі бір шеңбердің бойында жүрді емес пе. Ал қазір шығармашылық адамдарының мүмкіндігі ғажайып деңгейде кеңейді. Бүгін айтқың келген сөзді батыл түрде айтасың. Жеткіземін деген сөзіңді халыққа қиналмай жеткізесің. Солай бола тұра, қазіргі журналистер бір сәт бағытынан адасып қалғандай әсер қалдырады. Айталық, бүгін біреудің жыртысын жыртқан тілші ертең екінші адамның жоғын жоқтап шыға келетін сияқты. Байқаймын, негізінен, үкіметтік бюждетке қарайтын журналистер үкіметтің сөзін сөйлейді де, ал одан қағыс қалғандары оппозицияның сойылын соғуға даяр тұрады. Сөйтіп біржақтылық пайда болады да, ақиқаттың ауылы жырақта қалады. Меніңше, журналист па, қатардағы пенде ме, әр адамның өмірге деген өз көзқарасы, жеке ұстанымы болуы керек. «Платон менің досым, бірақ ақиқат қымбатырақ» дейтін Сократ емес пе еді?!. Демек, журналист әрқашан еш жалтақтамай халықтың сөзін сөйлеуге тиісті. Қашанда шындықты айтуға дағдылануы шарт. Сонда оның ел алдындағы абырой-атағы да арта түсетін болады. Біле білсек, журналистің жауырды жаба тоқуы – үлкен кемшілігі.

 – Бұл тұрғыда тағы қандай елеулі олқылықты атар едіңіз?

– Кейбір газеттерді ашып оқысаң, тек қана өмірдің жақсы жақтарын көрсетуді машық еткендей әсер қалады. Оған сенсеңіз айнала төңірегіңіздің бәрі нұрлы, бәрі ғажап, бәрі тамаша сияқты. Тура ертегідегіше – еш қайғы-мұң, еш кірбің дегенді көре алмайсыз. Ал екініші бір басылымды ашсаң, керісінше, тіршіліктің тек көлеңке жағын тереді де отырады. Қара аспанды суға алдыратыны сонша, тіпті, өмірден түңіліп кете жаздайсың. Міне, олқылық дегеніңіз осы шығар. Ал біздің тілек – тілшілер, қайткенде де мейлінше, екі жағын да тепе-теңдікте ұстаса... жетістігімізді де, кемшілігімізді де бірдей, өте әділ, неғұрлым объективті түрде жазса деп ойлаймыз. Себебі, көпшілік оқырмандардың пікірі, негізінен, газет-журналдарды оқу арқылы қалыптасады. Әсіресе, үлкен өмірге енді беттеген жастар өмірдің жаман жағын ғана көрсе бәрінен баз кешкендей күйге ұшырап, біз әлгі жиі айтатын патриоттық сезім дегеннен мүлде мақұрым қалуы мүмкін. Ал қоғамның кемшілігінің де, жетістігінің де сырын білетін саналы жеткіншектің Отан мүддесі жолында отқа да, суға да түсуге даяр тұратыны да анық. Және бір қынжылтатыны, біздің Тәуелсіздігімізді жариялағанымызға ширек ғасырдан ұзақ уақыт өтсе де әлі күнге шейін «сақтықтан» арылмағандаймыз. Яғни, жалтақтық әлі бар. Баяғы санаға тоталитарлық дәуір сіңірген дағдымызша, көршілес «ұлы» халықтар не ойлап қалар екен... Бірге отырған өзге диаспора өкілдері не дейді дегендей өз-өзімізден қуыстана беретін секілдіміз. Қаншама қиындықпен ел Егемендігіне қол жетті. Енді халықтың ғасырлар бойы аңсаған мақсат-мүддесі жолында жұмыс істеуіміз керек қой! Ал біз... 

– Мұндайда еріксіз сонау Алаш арыстарының кескіндері елес беріп өтеді екен... 

– Иә, заманында Алаш азаматтары өз халқының мүддесін, ұлтының мұң-мүқтажын деп қанша зардап шекті. Ұлт тағдыры жолында құрбан болды. Міне, соларды үлгі тұтуымыз қажет. Олар небір қиын кезеңдердің өзінде бастарын қатерге тігіп, айтар ойларын айта алды. Ендеше жаңа заманғы журналистің қолындағы қалам жай ғана нәрсе емес, аса пәрменді, қуатты қару. Демек, сол қаруды тиімді пайдаланып, дербес Қазақ мемлекетінің іргесін қалау жолында жүріп құрбан болған сонау Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабай, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аумауытов сынды арыстарымыздың ісін лайықты жалғастыруымыз керек. Сол арыстарды қанаттандырған рухты оятып, қастерлі рухани ұстанымымызды түзетуіміз қажет. Әйтпесе, әлгінде айтқанымдай, әлі күнге шейін ұлтшыл атанып жүрмейін немесе бірге отырған көрші ағайындар басқаша ойлап қалып жүрер дегендей тайғанақтығымыз көп. Ал, шындығында, енді жалтақтайтын дәнеңе жоқ. Мемлекет өзіміздікі, тіл де, діл де... салт-сана да, өнер де, әдебиет пен мәдениет те... бәрі өзіміздікі. Яғни, дамуға, өркендеуге... Біздің де сонау әлемдік кеңістіктерге көз тігіп, бір мезгіл арқа кеңейтуге хақымыз бар шығар! Әрине, халықтар достығына сызат түспегені дұрым. Бірақ бұл өз мемлекетіміз болғаннан кейін, әрі-беріден соң, халқымыздың мүддесі жолында ештеңеден тайынбауға міндеттіміз. Бұл орайда тағы қайталап айтайын, журналистер қауымы жаңа аталған арыстарымыздың айта алмай кеткен нәрсесінің бәрін де ашық айтып, ұлттық-патриоттық сезімді күшейту бағытында көп жұмыс істеуі керек деп ойлаймын. Жалпы, адамда бір белгілі айқын мақсат болмаса, онда еш ілгерілеу де болмайды. Олай болса жастарымыз қай бағытқа бара жатқанын айқын білуі керек. Ненің бұрыс, ненің бұрыс екенін білмеген жанның сөзсіз адасатыны түсінікті. Газет-журналдар, міне, осы бағытта нағыз бағдаршы болуы керек.

– Журналистер ұлттық мүдде жолындағы барлық ауыр міндетті тек өз мойындарына ала берсе әдебиетшілер қауымы жұмыссыз қалып жүрмей ме?

– Әрине, әдебиеттің орны бөлек. «Әдебиет адамды рухани тәрбиелеуге қызмет етеді»... «Жазушы – адам жанының инженері» деп жатады ғой. Оған дау жоқ. Бірақ ақын-жазушылар журналистердей жылдам емес. Өмірмен қоян-қолтық араласа да алмайды. Күнделікті қайнап жатқан тіршілікте не болып, не қойып жатқанын дәл тілшілердей көп біле де бермейді. Көркем әдебиет оқырманға мерзімді баспасөз құралдарындай кең таралмайды. Одан соң қазіргі қоғамда кітап оқитын адамдар аз. Есесіне газет-журналдың ауқымы мол. Бірақ көпшілік оқыманның аса қызықты, небір тосын жәйттерге... сенсацияға құмар екені де жасырын емес. Сол себептен журналистер қызықты дүниелерді жаңа ғана айтып отырған мүдделермен шебер үйлестіре отырып бере білуі керек деп санаймын. Қысқасы, маңызды нәрселерді тартымды құбылыстармен сабақтастыра жаза білуге тырысуы қажет демекшімін ғой. Әйтпесе ана жерде ғимарат өртеніпті немесе әлдебір мейманхана жарылып кетіпті дегеннен адамға эстетикалық, я болмаса белгілі ой түйетіндей әсер жоқ қой. Пайдасы аз. Бүгін өтті – ал ертең лезде ұмыт болады. Оның орнына, мәселен, «бір керемет зауыт ашылып жатыр екен. Ол шет елдің бірдеңесі емес, халыққа қызмет ететін өз меншігіміздегі кәсіпорын көрінеді... Ұлтқа қызмет ететін өнеркәсіп орны болып шықты... Онда осындай-осындай бір жақсы азаматтар жұмыс істеп жатыр дейді. Білімді... Аса парасатты, өте адал адамдар екен» дегендей мақалалар шықса іштей қуанасың. Ертеңге үміттене қарап, қанаттана бастайсың. Өзіңде де халық мүддесіне қызмет етуге құлшыныс пайда болады. Міне, сондайларды жиі жазу керек. Алайда кейінгі кездерде сондай материалдарды көп кездестіре алмай жүрмін. 

– Қысқасы, журналистика елдік мақсаттар жолында ештеңеден аянбауы керек дейсіз ғой?

– Сөз жоқ, солай! Сосын ұлттық идеология дегенді де жиі айтып жүрміз. Тегінде, ұлттың кемеңгер перзенттерінің... жазушыларымыздың шығармаларында жатыр ғой оның бәрі. Егер журналист соны жастайынан бойына сіңіріп өскен болса, онда мұндай маман халықты да сол рухта тәрбиелей алады деп білемін. Ұлттық идеологияны күштеп үйрете алмайсың. Және ондайдың қажеті де жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдарының барлығы да жастарымызды адамгершілікке, ізгілікке баулуға асқан біліктілікпен, шеберлікпен қызмет етуі қажет. Мысалы, айталық, кейбір журналистің мақаласын оқығанда сондай рахаттанып, рухани байып, кәсіби деңгейінің биіктігіне риза болып қаласың. Мұндағы айтпағым – біздің әрбір журналист ұдайы ізденіп, өз мамандығының шыңына талмай ұмтылуға міндетті. 

– Біздің басылымдар мен орыстілді газет-журналдардың деңгейін салыстыруға қалай қарайсыз? 

– Осылардың арасынан бәлендей алшақтық байқаған емеспін. Бәлкім, орысша басылымдарда шындықты жазу сәл басымдау шығар. Бірақ оларда да бірін-бірі жамандау, бет жыртысу сияқты ағымдар бар. Бірақ олар ешқашанда ұлттық мүддені ұмытпайды. Ресейдің қай газет-журналын алсаңыз да ылғи орыс халқының мүддесін қорғап жататынын көресіз. Ал біз болсақ бұл жағына бертінгі он ес-жиырма жылдан беріде ғана бет бұра бастағандаймыз. Соның өзінде, әлгінде тоқталғанымыздай, жалтақтау бар. 

– «Жаһандану» дейтін жәйтке қалай қарайсыз? 

– Одан қашып құтыла алмаймыз ғой. Бірақ бәрібір өзіміздің бет-бейнемізді сақтап қала аламыз деген ойдамын. Қайта, сол арқылы әлемге өзіндік үлес қосатын болармыз. Мысалы, жапондарды алайықшы. Олар өзінің ұлттық бет-бейнесін сақтай отырып Батыстан көп нәрсе алды. Сөйте келе ерекше ұлттық үрдістерін дамытумен болды. Ал қазір сол арқылы бүкіл әлем мойындайтын ірелі ел болып отыр. Және әр ұлттың өзіндік қабілеті болады. Айталық, біздің халқымыз ақындыққа, шығармашылыққа бейім дана халық. Кейде сонша дарақымыз деп өз-өзімізді сөгіп те жатамыз. Кейде ойлаймын, мұншама жерді сол қонақжайлылығымыздың арқасында ұстап отырған шығармыз, ә? Сіз қалай ойлайсыз?.. 

Ендеше ондай мінез-құлық бірер жылда жоғала салмайды. Ал жұрттың бәрі бір қалыпқа түссін дегенмен, зәңгі (негр) қазақ бола алмайды, немесе орыс қытай бола алмайды. Себебі, әр ұлттың өз ерекшелігі қалайда сақталады, әрине.... Біз қанша тырысқанмен американдық бола алмаймыз. Демек, қазақ екенімізге қуануымыз керек қой. Өз әдебиетімізді, мәдениетімізді ешқашан жоғалтпауға күш салуымыз қажет. 

Қазір Құдайға шүкір, баяғы атам заманғы мәдени мұраларымызды түгендеуге кірістік. Тамыры шірісе зәулім бәйтерек те құлайды ғой шіріп... Ал біздің өзегіміз мықты. Аз да болсын, кейінде дана Абай мұраларына жаңаша көзқараспен келе бастадық. Бірақ, өкінішке қарай, жастарымыз көп оқымайды. Қарап отырсақ, осы Абай мен әлгі айтқан Ахмет, Міржақыптардың ұлт мәдениетінің дамуына қосқан зор үлесін аңдап сүйсінесің. Со кісілер өмірден ерте кетпей ұзағырақ өмір сүрсе қазіргіден де әлдеқайда дамыған елдер қатарында тұрар ма едік деп қиялдайсың кейде. Ахмет Байтұрсыновтың әдебиеттану туралы мақалалары қандай керемет. Біздің жас журналистер түрлі салаларға байланысты солар қалыптастырып кеткен терминдерді пайдаланса... Айталық, «көсемсөз», «әуезе» дегендей оралымды сөздерін көбірек іздеп тапса. Тіл ұстартуды сол дана бабалардан үйрене түссе дейсің. Өйткені, жасыратыны жоқ, көбінесе жазушылардың өздері көп сөзді журналистерден алады. Жалпы алғанда, дәл қазіргі таңда журналист арқалайтын міндет аса ауқымды. 

Мәди МИРАС, 

Қазақ үні