ДҮБІРЛІ ДОДА МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

ДҮБІРЛІ ДОДА МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Биылғы Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді деп жарияланғаннан күннен бастап, осы маңызды саяси науқан бүкіл халықтың басты назарында болғаны белгілі. Оған елдегі соңғы кезде орын ала бастаған саяси реформалардың тікелей әсер еткені аян. Бұл жолғы Парламент сайлауы - Президент ұсынған сол саяси реформалардың жалғасы болып табылады. Депутаттыққа ұмтылған партиялар мен жеке тұлғалар, болашаққа үміт артқан қатардағы қарапайым сайлаушылар оң өзгерістер күткен саяси дода да өз мәресіне жетті. 

          Алдымен бұған дейін Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, Сенат пен Мәжілістің қызметі қайта қаралғанын айтуымыз керек. Осыған дейін елімізде 7 мәжіліс сайлауы өтіп, оның алғашқы үшеуі аралас жүйемен, 2007 жылдан бері депутаттар партиялық тізім бойынша ғана сайланып келді. Ал бұл жолғы саяси тартыс жаңа тәртіп бойынша өтті. Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы тікелей сайланды. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауы да аралас үлгімен өтті. Аудан, қалалардағы мәслихат депутаттары толығымен бір мандаттық округтер бойынша тікелей сайланды. Осылайша 19 жылғы үзілістен соң ел арасында беделі бар жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашылды деуге болады. Оны біз осы сайлауда өз кандидатурасын ұсынған үміткерлер санынан анық байқадық.

       Конституциялық реформа аясында саяси партияларды тіркеу рәсімі де жеңілдеді. Партия мүшелерінің шегі 4 есе, яғни 20 мыңнан 5 мың адамға азайды. Өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға төмендеді. Партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны үштен бірге, 1000-нан 700 адамға азайды. Сонымен бірге сайлау бюллетеніне «бәріне қарсымын» деген баған енгізілді. Партиялардың Мәжіліске өтуіне қажетті дауыстың төменгі шегі 7-ден 5 пайызға дейін азайды. Сайлау үдерісіне қоғамның түрлі өкілдерін барынша тарту үшін заңнамаға өзгерістер енгізіліп, депутаттық мандаттың 30 пайызын әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бөлу заң жүзінде бекітілді. Бұл кезектен тыс сайлау болғанымен, оның өтетін мерзімі жарты жыл бұрын белгілі болды. Былтыр, қыркүйектегі жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс пен Мәслихат сайлауы өтетінін айтқан болатын. 

  Сонымен дүбірлі саяси дода мәресіне жетті. Орталық сайлау комиссиясы 2023 жылғы 19 наурызда өткен ҚР Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауында дауыс берудің алдын ала нәтижелерін жұртшылық назарына ұсынды. Өңірлерден жедел келіп түскен деректер бойынша сайлаушылар тізіміне 12 035 578 азамат енгізіліп, дауыс беруге 6 366 441 азамат қатысыпты. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес, 2023 жылғы 19 наурызда сағат 20.10-дағы жағдай бойынша тізімдерге енгізілген азаматтардың жалпы санының 54,09 % бюллетеньдер алып өз таңдауларын жасаған.

Оның ішінде:

1. Абай облысы бойынша –57,02%

2. Ақмола облысы бойынша –60,01%

3. Ақтөбе облысы бойынша –57,45%

4. Алматы облысы бойынша –60,03%

5. Атырау облысы бойынша –50,22%

6. Батыс Қазақстан облысы бойынша –59,01%

7. Жамбыл облысы бойынша –65,21%

8. Жетісу облысы бойынша –55,32%

9. Қарағанды облысы бойынша –59,48%

10. Қостанай облысы бойынша –65,10%

11. Қызылорда облысы бойынша –66,46%

12. Маңғыстау облысы бойынша –54,08%

13. Павлодар облысы бойынша –58,68%

14. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша –65,25%

15. Түркістан облысы бойынша –53,01%

16. Ұлытау облысы бойынша – 58,99%

17. Шығыс Қазақстан облысы бойынша –64,15%

18. Астана қаласы бойынша –42,91%

19. Алматы қаласы бойынша –25,82%

20. Шымкент қаласы бойынша –45,46%

  Бұл көрсеткіштер бойынша, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары өзге аймақтарға қарағанда озық тұр. Еліміз бойынша сайлаушылардың небары 54,09 пайызы қатысуы адамдарымыздың белсенділігі төмен екендігін көрсетеді. Саяси реформалар аясында өткен бұл жолғы сайлау науқанына халық белсенді түрде қатысады деп күтілген-ді. Алайда ол үмітіміз ақталмады. Осы тұста оның қандай себептері болуы мүмкін деген сұрақтың туындауы заңды. Кейбір сарапшылардың, саясат танушылардың, қоғам белсенділерінің пікірінше дауыс беру көрсеткішінің төмен болуы бұл сайлауға дайындыққа берілген мерзімнің тым аздығынан болғанға ұқсайды. Екіншіден, өткен отыз жылда болған сайлаулардың әділ, ашық өтпеуі халықтың сенімін селдіреткені айтылады. Жұрттың біраз бөлігі «Бізсіз де өздеріне керек адамдарды алдынала сайлап қойған» деген пікірде көрінеді. Бұл елімізде сайлау сияқты маңызды саяси науқанға көпшілік жеңіл-желпі қарайтынын көрсетксе керек. Яғни бұқара арасында саяси науқанның маңызы туралы түсіндіру жұмыстары нашар жүргізілді деуге де болады. 

         Қазіргі кезде демалуға, емделуге баратын, өзге де іссапарлармен шетелге шығушылар да аз емес. Қазақстан азаматтары болған соң олар да дауыс беруге құқылы. Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Орталық сайлау комиссиясы брифингінде шетелде жүрген Қазақстан Республикасы азаматтарының конституциялық құқықтарын іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында ҚР шет елдердегі мекемелерінің жанынан 62 шет мемлекетте сайлаушылардың жалпы саны 12 016 адам болатын 77 учаскелік сайлау комиссиясы құрылғанын хабарлады.  

19 наурыздағы сағат 19:00-дегі жағдай бойынша шетелде 11 учаскелік сайлау комиссиясының (Сеул, Токио, Пекин, Сингапур, Куала-Лумпур, Ұлан-Батор, Гонконг, Шанхай, Бангкок, Джакарта және Ханой) жұмысын аяқтады және жалпы алғанда 5071-ге жуық Қазақстан азаматы дауыс берген, бұл 41,8 пайызды құрайды.  

      Мәжілістегі орындардың басым бөлігі біздегі сайлау заңына орай партия өкілдеріне берілмекші. Сондықтан да партиялар арасындағы бәсеке тартысты өтті. Партиялық тізімдер бойынша алдынала нәтижелер төмендегідей болды: Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясына 535139 адам дауыс берген (барлық сайлашылардың 8,41пайызы), «Аманат» партиясы – 3431510 (53,90% ), «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясы – 693 938 (10,90%), Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – 331058 (5,20%), Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы – 146431 (2,30%), Қазақстан халық партиясы – 432920 (6,80%), «Республика» партиясы – 547154 (8,59%).

     Биылғы сайлаудың басты ерекшеліктерінің бірі болып саналатын бір мандатты, жекелеген үміткерлер арасындағы саяси сайыс та қызу, тартысты өтті. Бір мандаттық орынға кем дегенде 5-6, кейбір округтерде олардың саны 30-40 үміткерлерге дейін жетті. Бұл жағынан кемістік жоқ, солай болу керек те. Сайлаушылар осы көптеген үміткерлердің сайлауалды тұғырнамасына қарап өз қалауынша таңдау жасайды. Кімнің бағдарламасы халықтың көңілінен шықса сол көп дауысқа ие болуға тиісті. Бұл жерде жеке тұлғаның халық арасында танымалдығы мен беделі де өте маңызды.

     Жеке додаға түскен жеңімпаздарды анықтау үшін елімізде 29 сайлау округтері құрылған болатын. Астана қаласы бойынша №1 сайлау округінде сайлауға түскен атақты спортшы Дәулет Тұрлыханов 71698 дауыс жинап, озық шықты. Елордадағы №2 сайлау округінде 51769 дауыспен Дәулет Мұқаев алда болды. Сол сияқты Алматыдағы №3 сайлау округінде Ермұрат Бапи (23690 дауыс), №4 сайлау округі бойынша Ерлан Стамбеков (15930), Шымкент қаласындағы №6 сайлау округінде Данабек Исабеков (21098), №7 сайлау округінде Болатбек Нажметдинұлы (19851), Абай облысындағы №8 сайлау округі бойынша Нұртай Сабильянов (131872), Ақмола облысындағы №9 сайлау округінде Айна Мысырәлімова (154587) сияқты үміткерлер салаушылардың дауысын өзгелерге қарағанда көбірек жинап, бәсекелестерінен басым түсті. Сол сияқты қалған округтердегі жекелеген үміткерлер өзара сынға түсіп, бақтарын сынады. Мұндағы бір ерекшелік – сайлаушылардың дауысын жинау жағынан бірінші орын алғандар өзге бәсекелстерінен көш бойы ұзап, шаңына да ілестірмегенін байқауға болады. 

      Сонымен қазақстандықтар үлкен үміт артқан саяси дода өз мәресіне жетті. Ол қалай өтті? Орталық сайлау комиссиясы мен жергілікті жердегі сайлау округтері мен учаскелеріндегі қызметкерлер науқанға берілген уақыттың тығыздығына қарамастан ұйымдастыру жұмыстарын жүргізді. Мұндай ауқымды іс-шараны өткізу де оңай емес екені белгілі. Дегенмен кемшіліктер де орын алғаны айтылып жатыр. Біз әлеуметтік желіде сайлаудағы заңбұзушылық туралы жазылып жатқан арыз-шағымдарды айтпай-ақ, тек қана ресми деректерге назар аударып көрелік. 

       Бас прокуратура өкілі Азамат Сарғазиннің мәлімдеуінше Сайлау комиссияларының 18 мүшесі азаматтарға басқа адам үшін дауыс беруге бюллетень бергені анықталған. «Сайлау құқықтарына қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша өндіріс қозғау құқығы прокурордың ерекше құзіретінде. Азаматтарға басқа адамдарға дауыс беру мүмкіндігін ұсыну мақсатында бюллетеньдерді беру түріндегі құқық бұзушылықтар үшін учаскелік комиссиялардың 18 мүшесіне Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 110-бабымен айыппұл салынды. Оның ішінде Алматы облысында – 5, Солтүстік Қазақстан облысында – 3, Жамбыл, Жетісу, Түркістан облыстарында – 2-ден, Алматы мен Шымкент қалаларында, Ақтөбе, Павлодар облыстарында бірден», - деді ол Орталық сайлау комиссиясындағы брифинг барысында. Оның атап өтуінше, тең сайлау құқығы туралы талапты басқа сайлаушының атынан дауыс беру арқылы бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 108-бабымен 17 адам әкімшілік жазаға тартылған. Оның ішінде Шығыс Қазақстан облысында – 4, Алматы облысында – 3, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарында – екеуден, Ақтөбе Түркістан облыстарында біреуден факті орын алған.

     Сол сияқты Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев Qazaqstan телеарнасы өткізген онлайн телемарафонда полиция сайлау учаскесінен шығарғандардың саны 32-ге жеткенін мәлім етті. «Жалпы, қазіргі уақытта елдегі және сайлау учаскелеріндегі ахуал тұрақты. Комиссия төрағаларының актілері бойынша дер кезінде шешілген елеусіз оқиғалар орын алуда. Сайлау учаскелерінен барлығы 32 азамат шығарылды. Құқық бұзушылықтардың негізгі себептері – сайлау комиссияларының жұмысына кедергі жасау, учаскеде бейнетүсірілім жүргізу, комиссия мүшелеріне дөрекі мінез-құлық көрсету болып табылады», - деді комитет басшысы.

      Оның мәліметі бойынша, Алматы, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарында бюллетеньдерді бүлдірудің үш дерегі тіркелген. Сайлау учаскесіне мас күйінде келіп, қоғамдық тәртіпті бұзудың 4 фактісі орын алған. Құқық бұзушылар куәландырылып, оларға Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 444-бабымен және 434-бабымен әкімшілік хаттамалар толтырылған. 

      Бұл соңғы сайлау емес, алда әлі де талай сайлаулар болары анық. Ең бастысы, бүгінгі жіберген кемшіліктерді түзеп, оның енді қайталанбауын қарастыру қажет. Ел тағдырына, ұлт болашағына тікелей ықпал ететін маңызды саяси науқанды таза, әділ, ашық өткізіп, халықтың белсенділігін арттыру мақсатында олардың еркін дауыс беруіне барынша лайықты жағдай жасау керек. 

Бек МЫРЗАҰЛЫ, 

Қазақ үні