АЛТЫН ОРДА ЕСКЕРТКІШТЕРІНІҢ МӘНІ

АЛТЫН ОРДА ЕСКЕРТКІШТЕРІНІҢ МӘНІ

 Алтын Орда – Жошы ұлысының орнына құрылған алғашқы мемлекеттердің бірі. Жошы ханның баласы Бату ханның кезінде Орда Алтай тауынан Дунай өзеніне дейінгі ұлан-ғайыр жерді алып жатқан үлкен мемлекеттің орталығы алғашында Еділ бойындағы Сарай-Батуда болса, кейін Сарай-Беркеге көшірілді. Көне Сарайшық қаласының пайда болуын тарихшы ғалымдар ХІІІ ғасырда яғни, Шыңғыс хан мен Батудың жасаған шапқыншылығымен байланыстырады. Сарайшық туралы алғашқы жазба дерек қалдырған арабтың белгілі географ-ғалымы, саяхатшысы Ибн-Батута. Ол өзінің саяхаттарының бірінде, 1334 жылы «Үлкен Сарай» қаласынан шығып, Азияға жасаған сапарында Сарайшық қаласында болған. Бұл жөнінде ол: «Біз Сарайшық қаласынан ат жеккен арбамен он күн жол жүріп, Сарайжук қаласына жеттік. Бұл Ұлысу деп аталатын үлкен, терең, ағысы қатты өзеннің жағасындағы гүлденген әсем қала екен және дүние жүзіндегі Бағдаттан кейінгі екінші жүзбелі көпір осында екен» деп жазған. Сарай-жук – монғолша «кіші Сарай» деген мағынаны білдіреді. Ол кезде Алтын Орда үлкен Сарай, Сарайшықты кіші Сарай деп атаған. Сарайшық қаласы Қасым ханның кезінде қазақ хандығының тұңғыш астанасы болған. Қала 1580 жылы орыс патшасы Иван Грозныйдың әдейі жіберген казактардың қолынан қиратылған. Көп жылғы ғалымдардың зерттеулері, қала орнына жүргізілген қазба қорытындылары әсіресе, 1996-2000 жылдары Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясының Сарайшық қаласының орнына жүргізген зерттеулеріне сүйенсек, көп жылдардан жинақталған жәдігерлерді толықтырып, 1999 жылы 3қыркүйекте көне Сарайшық қаласының тарихын, жалпы ХІ-ХVІІ ғасырдағы қазақ халқының тарихына арналған «Хан Ордалы Сарайшық» мұражай қорығы ашылды. Музей Атырау қаласынан елу шақырым қашықтықта, Махамбет ауданында орналасқан (Бақытгүл Абайқызы. Сарайшық – бабалар мұрасы. 09.11.2020 жыл).

     Орта ғасырда Сарайшық қаласы мәдениеті мен қолөнері дамыған білім мен ғылым ордасы болды. Азия мен Европа мәдениеті мен өнерін қоса қабылдаған қалада мәдениет жылдам өркендеген. Мұнда сәулетті құрылыстар салынып, қала қорымы адамдар тәуіп ететін қасиетті әулиелі орынға айналған. Әсіресе, қолөнер бұйымдары дамып, қыштан ыдыстар мен түрлі бұйымдар жасау өркендеген. Соның нәтижесінде жергілікті маман-қолөнершілер өзінің сапалы әрі сәнді қыш – ыдыстарын тауар ретінде сатумен де айналысқан. Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстан жеріндегі қалалардағы қыш өндірісі моңғол шапқыншылығынан соң тоқырауда болса, ал Сарайшық көзешілері халық сұранысын қанағаттандырып отырған. Алтын Орда көп ұлтты мемлекет болды. Оның құрамына бір-бірінен қоғамдық-экономикалық даму деңгейі жақынан айырмашылығы бар, өзіндік мәдениеті мен салт-дәстүрлері сақталған көптеген ұлттар мен халықтар кірді. Көшпелілер негізінен түркі халықтары – ең көбі қыпшақтар, сондай-ақ қаңлылар, наймандар және т.б. болды. Отырықшылардан бұлғарлар, мордвалар, орыстар, черкестер, хорезмдіктер, т.б. кірді. Мұнда моңғолдар азшылық болды. XIII ғ. аяғы мен XIV ғасырда моңғолдар толығымен түркіленіп, Алтын Орданың халқы «татарлар» деген атау алды (Байпақов К.М. «Орта ғасырдағы Қазақстан тарихы» – Алматы, 1995. – 53б.).

       Ұлт тарихын түгендеуде қашанда күрделі мәселелер бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Біз Алтын Орданың негізін қалаушы Жошы ханға міндетті түрде құрмет көрсетуіміз керек. Аса маңызды миссия: бүкіл әлемнің назарын осындай тарихи тұлғаға аудару және оның кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру» қажеттігін айтқан болатын. Сарайшық қаласы – бүгінде сан мыңдаған турист сапарлайтын қала. Өйткені, әлемнің әрбір тұрғындары Алтын Орда тұсындағы дүниенің ең сұлу, ғажайып қаласының орнын тамашалағысы келеді. Бірақ, әлем туристерін өзіне ынтықтырған Сарайшықтың туризм әлеуеті зор деп айта алмаймыз. Сарайшық жер бетінен тез жоғалып бара жатыр. Бұл жағдайға Жайық өзенінің арнасының ауытқуы басты себеп болып отыр. Судың асау толқындарынан қаланың шеткі аймақтары суға шайылып, олардан ертедегі адамның қаңқалары, бас сүйектері, қолданыстағы ескі заттар табылып жатыр. Ол тіпті Сарайшық қаласының әлі де күрделі археологиялық зерттеуді қажет етіп тұрғанын айғақтайды (Алтынбек Құмырзақұлы. Тарих – туризм тұрғысынан. Қызыл алаң немесе Сарайшық құпиясы. 04 Қыркүйек 2015жыл).

        Алтын Орда тарихи – мәдени ескерткіштерінің, көне Сарайшықтың туристік әлеуетін дамыту үшін не істеу керек? Мен осы мәселелерді шешудің арнайы концепциясын ұсынамын:

- Көне Сарайшықтың туристік индустриясын мемлекеттік реттеу мен мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру, Сарайшық қаласының туризмін дамыту туралы арнайы ұзақ мерзімді бағдарлама әзірлеу;

- Алтын Орданың тарихи нысандарының инфрақұрылымын қалпына келтіру, қонақ үйлер мен шайханалар, маусымдық киiз үйлер, демалыс саяжайлары мен мәдени саябақтар салу; 

- Махамбет ауданының туристік қызмет бағаларын қолжетімді ету мен жергілікті туристік жарнама агенттерін құру, ауданның туристік беделін қалыптастыруда республика аймақтарында жəне шет елдерде туристік ақпараттық орталықтарды ұйымдастыру;

- Аудан ішінен шетелдік қонақтарға сапалы қызмет жасайтын туристік ірі фирмаларды ашу;

- Шетелде Махамбет ауданының тарихы мен туризмі туралы сапасы жоғары полиграфиялық жəне аудиобейне жарнама материалдарын шығару жəне белсенді түрде тарату қажет. Махамбет ауданының туристік фирмаларының web-сайттарын құруға айрықша мəн беру қажет. 

- Алтын Орданың тарихи ескерткіштерін тамашалауға келетін туристердің әуе тасымалының бағасын төмендету (топпен саяхаттайтын туристерге ыңғайлы болу үшін чартерлік рейстердің санын көбейту);

- Турпакет бағасының төмен болуына байланысты автобуспен саяхаттайтын туристер санын арттыруға басымдық беру;

- Туристерге әлемдік деңгейде қызмет көрсету арқылы Отандық туристік саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыруымыз қажет;

- Көне Сарайшықтың туризм секторына мемлекеттік және жеке инвестициялар көлемін ұлғайтуды жеделдету;

- Үкімет шетелдік және ішкі инвестицияларды арттыру арқылы кәсіпкерлік ортаны жақсартуға сапалы түрде жағдай жасау қажет;

Қорытынды. Жоғарыда аталған мақсаттардың барлығына қол жеткізу үшін Қазақстан Үкіметі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Білім және ғылым министрлігі, туризм индустриясы, үкіметтік емес ұйымдар мен жұртшылық арасындағы серіктестіктерді қалыптастырып, отандық туризмнің жандануына тиісті жағдайлар мен мүмкіндіктерді жасауы қажет. Біз көне Сарайшық қаласының тарихи-мәдени туристік әлеуетін оң бағытта дамуын жеделдетуіміз керек. Отандық туризм қашанда ел экономикасының маңызды тармағы болып қала бермек.

Ерқожа Абдуахитов, 

«Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының ғылыми қызметкері, философия мамандығы бойынша Гуманитарлық ғылымдарының магистрі.