САЙЛАУҒА АҚ ЖОЛМЕН БАРЫП, ЕЛГЕ АҚ ЖОЛ ТІЛЕСЕҢІЗДЕР, АЛДАРЫҢЫЗДАН АҚ ЖОЛ АШЫЛАДЫ! - Қазыбек Иса

САЙЛАУҒА АҚ ЖОЛМЕН БАРЫП, ЕЛГЕ АҚ ЖОЛ ТІЛЕСЕҢІЗДЕР, АЛДАРЫҢЫЗДАН АҚ ЖОЛ АШЫЛАДЫ! - Қазыбек Иса

Түркістан облысы Келес ауданы Бірлік ауылының Бардыүңгір қыратында шалқып жатқан Шардара теңізі жағасында ас пен 20 мыңнан астам адам қатысқан үлкен көкпар болды!

Ас пен көкпарды Оңтүстікке белгілі кәсіпкер Құнанбай Шындәулет әкесі Шері қажы Шындәулетұлының 90 жылдығына арнап берді. 

“Ақ жол” партиясының белсенді мүшесі Құнанбай бауырымыз анау жылы бүкіл түрік әлемінің қаһарманы Алпамыс батырға алып ескерткіш қойғанда, ескерткішті арнау жырымызбен ашқан едік.

Сонда да осындай жер қайысқан қалың ат жиналып, 30 мыңға жуық адам қатысқан еді. Сол кезде Шымкенттегі белгілі жазушы Серік Жанәбілдің қалың қолға сүйсіне қарап тұрып: “Шыңғыс ханның әскері осындай-ақ болған шығар?!.-деген сөзі елге тарап кеткен еді.

 Тарихта атышулы Абылайдың асы, Сағынайдың асы дегендер белгілі. Бүгінгі өтіп жатқан Құнанбайдың әкесі Шері қажыға беріп жатқан асы олардан еш кем емес.

Шері қажыға арналып берілген асты белгілі еңбек ардагері, бірнеше ауданды басқарған ел ағасы Тойым Жүніс ашты.


Көкпарды қазақтың белгілі ақыны, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлық - “Алтын Күз” орденінің Қазақстандағы тұңғыш иегері, Халықаралық Алаш сыйлығы иегері, ҚР Парламенті Мәжілісі VII депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса ашты.

—Қазақ “Ат-ер қанаты” деп өскен ел. Әлемде жылқыны бұдан 5 мың жыл бұрын ең алғаш қолға үйреткен халық - қазақтар екені ғылыми дәлелденген.

Сондықтан да Ат - жеті қазынаның бірі дейміз.


Алаш идеясын Ұлттық идея ретінде ұстанған “Ақ жол” партиясы ұлттық мүддені қорғауды, ұлттық салт-дәстүр мен ұлттық спортымызды дамытуға назар аударып келеді. 

Сондықтан да, осыдан 4-5 жыл бұрын “Алаш Аламаны” атты ұлттық жоба ұсынған болатынбыз. 

Бірақ бұл ұсынысты ол кезде қолдамаған билік былтыр бұл жобаны “өз атынан” өткізді…

Жақында Оңтүстікте ел аралап жүргенімізде Түркістан облысында сайлау кезінде көкпар өткізуге тыйым салынатыны жайлы хабар шықты. Бұл қандай негізге сүйенген заңсыз тосқауыл?!.

Ұлттық спорт пен ойындарға жаны қас, қылышынан қан тамған қаһарлы Кеңес империясы кезінде де біз, қазақтың қаймағы атанған Оңтүстіктіктер кең даланы дүбірлетіп көкпарымызды тартып, бәйгемізді шауып, Әз-Наурызды тойлап, отыз күн оразамызды ұстап, бес уақыт намазымызды ат үстінде болса да, оқып өскен елміз!

Нағыз батырлық, батылдық, әбжілдік, күштілікті талап ететін Көкпар - біздің ұлттық спортымыз, ұлттық рухымыз!

Біз, Ақжолдықтар, сайлау жорығын жарты құрлықты жаулаған, әскерінің тұлпарының тұяғының дүбірі дүниені дірілдеткен Алтын Орданың атасы, ұлық ұлыстың негізін қалаған, Қазақ хандарының бабасы, таққа отырғанына биыл 800 жыл толып отырған Ұлытаудағы ұлы хан Жошы хан басынан бастадық!

Тәуелсіздігіне 30 жылдан асқан елдің Мемлекеттік тіл туралы заңы неге жоқ? Кеңес империясы кезінде “Қазақ Республикасы” атанған еліміз енді неге Тәуелсіздік алғанда тарихи аты өзгеріп, “ҚазақСТАН Республикасы” атанып кетті?!.

Әділ мемлекет болуы үшін ең алдымен әділ сайлау болуы керек!

Бұған дейінгі сайлаулардың қандай әділетсіздікпен өткені елдің бәріне белгілі.

Ендеше биыл 19 наурызда бәріңіз әділ мемлекет құру үшін, әділ сайлау өткізуге өз үлестеріңізді қосыңыздар! 

Сайлауға Ақ жолмен барып, елге Ақ жол тілесеңіздер, әрқашан алдарыңыздан Ақ жол ашылады. 

Ас қабыл болсын! Мұратымыз асыл болсын!

Барлығыңызға Ақ жол тілейміз! 

Егеменмін, еркінмін, еңселі елмін!

Ертеңіне ұлтымның мен сенермін!

Қазақпын ғой, кең байтақ даламызды,

Тұяғымен тұлпардың өлшегенмін!

ДҮЛДҮЛІМЕН ЖАЙЛАҒАН ЕН ҒАЛАМДЫ,

ӘЛЕМ ТҮГЕЛ БІЛЕДІ ЕР БАБАМДЫ.

ӘР ҚАДАМЫН ҚОРҒАЙДЫ ӘРБІР ҚАЗАҚ,

МЕН ЕШКІМГЕ БЕРМЕЙМІН КЕҢ ДАЛАМДЫ!

Аттан түспей шабамыз әлі біз де,

Көкпар біздің көркіміз, сәніміз де!

Хақ жолына Алланың айналатын,

Ақ жол ғана тілейміз бәріңізге!

Бұдан кейін сөйлеген Шымкент қаласы филиалы төрағасы, белгілі кәсіпкер, полковник Әлімхан Әбжан да жиналған қауымға “Ақ жолдың” ақ тілегін жеткізді.

Жиналған қауым Ақжолдықтарға Ақ жол тіледі.

Қазыбек Иса, 

“Қазақ үні”

«Ақ жол» ҚДП сайлау штабының қаражатынан төленді