ЕЛ БОЛАШАҒЫ ОТАНШЫЛ ЖАСТАРДЫҢ ҚОЛЫНДА
2023 ж. 01 наурыз
1753
0

Қоғам дамуына орай қазіргі жастарға деген талап та жоғары. Олар алдымен отанын сүйетін өз елінің нағыз патриоттары, білімді, білікті, жан-жақты дамыған азаматтар болып қалыптасуы қажет. Сонда ғана біздің жастарымыз еліміздің жарқын болашағын өз қолдарымен құратын болады. Бүгінде елімізде жастар саясатын жүйелі жүзеге асыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау кең байтақ аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ», – деп айтты. Алдағы уақытта тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, елімізді, жерімізді қорғап, Қазақстанды іргелі мемлекетке айналдыру жастардың жауапкершілігінде екендігі сөзсіз. Мұндай тарихи маңызы зор жауапкершілікті отанын сүйетін, туған жері мен халқы үшін отқа да суға түсетін, білікті, саналы азаматтар ғана атқара алады. Бұл жөнінде мемлекет басшысы: «Адам баласы дүниеге патриот болып келмейді. Ол білім мен тәрбие алып, әлеуметтік ортамен араласып, азаматтық болмысын қалыптастыру кезінде патриотқа айналады. Өзінің жеке мақсат-мүдделері қоғам игілігімен үндесіп, елінің дамуына елеулі үлес қосып жатқанын жан-жүрегімен сезінген адам нағыз бақытқа кенеледі» деген болатын.
Қоғамды алға тартып дамытатын азаматтарды қалыптастыру үшін біз бүгінгі күннің өзінде жастардың бойына осы асыл қасиеттерді сіңіре білуіміз аса қажет. Ол құрғақ уағыз, ақыл айтумен ғана келмейді. Жоспарлы түрде жұмыс жүргізу, түрлі мазмұнды, әсері мол іс-шараларды өткізу ұтымды. Бұл бағыттағы жұмыстардың да бірнеше талаптары бар. Солардың ең бастыларын атасақ – өз ұлтының тарихын жақсы білетін, аталар, әкелер ерлігіне сай, өз отанын, туған елін мақтан тұтатын, өзінің ұлттық салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын сақтайтын, сонымен қатар салауатты өмір салтын ұстанатын дені сау азаматтар тәрбиелеуіміз керек.
Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшылығымен «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бірқатар істер атқарып келеді. Біздіңше тақырыптық іс-шаралардың жастарға әсері мен ықпалы зор. Мысалы Тәуелсіздік пен Мемлекеттік рәміздер күні жыл сайын ерекше аталып өтеді. Сол арқылы бүгінгі жастарымыз еліміздің тарихымен жақынырақ танысып, елтаңба, ән ұран мен қасиетті көк туымыздың қаншалықты маңызды екенін тереңірек түсініп, оны барынша құрметтеуге ұмтылады. Көк туымызды көкке көтеру, айбынды ән ұранымызды қосыла шырқау жастардың бойына айырықша қуат береді. Мұндай ауқымды шараларға қаладағы жоғары оқу орындары, колледждер мен мектеп оқушылары, әскери және ішкі істер қызметкерлері, басқа да қала тұрғындары белсене қатысады. Жиынға соғыс, еңбек ардагерлері қатысып жастарға өз тарихтарынан сыр шертіп, тілектерін айтады. Мереке тақырыбында концерттік бағдарламалар ұсынады.
Өткен тарихымыздан сабақ алудың да маңызы зор. «Тараз-Болашақ» жоғары медициналық колледжінде «Қажетсіз соғыстың қасіреті» атты тарихи сағат өткізілді. Іс-шара қонақтары Жамбыл облысы Ауған соғысы ардагерлер Одағының төрағасы Ермеков Дукенбай Сайлаубекұлы және орынбасары ауған соғысының ардагері Қоспанов Шымырбай Бакенұлы болды. Кездесудің мақсаты – Ауған оқиғасының тарихи мағынасын ашып, колледж студенттеріне түсіндіру. Кездесу барысында жастарымыз Ауған соғысы жайлы тереңірек танып, соғыс ардагерлерінен соғысқа қатысты мәлімет алды. Ардагерлер соғыс кезінде талай аналарды перзенттерден айырған, мыңдаған жерлес бауырларымыз қаза тапқан қасіретті де, қайғылы да «Ауған соғысы» туралы түсіндірді. «Осы Ауған соғысы керек пе еді?» деген сыңайлы сұрақтар да болды. Әрбір ұрпақ өз кезінде өмір сынағынан өтетіні белгілі. Басымыздан өткерген тарихты сызып тастай алмаймыз, жылдар өткенімен жауынгерлеріміздің өшпес ерлігі ел есінде сақталатынына осы кездесуде жастар көз жеткізді. «Біз жастар, еліміздің сол соғысқа қатысқан ұлдарын Отан алдындағы борыштарын адал атқарған азаматтар деп құрмет тұтамыз!» - деп студенттер ардагерлерге өз алғыстарын айтты. Осы тақырыптағы іс-шаралар М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде және өзге де оқу орындарында өткізілді.
Бүгінгі күні мемлекет тарапынан тек қана кәсіпқой емес, бұқаралық спортқа да ерекше ден қойылып отыр. Өйткені бұқаралық спорт халықтың денсаулығын сақтауға, жастарымыздың мықты болып өсуіне тікелей әсер етеді. Тараз «Жастар ресурстық орталығы» тұрақты түрде түрлі спорттық шаралар өткізіп келеді. Мұндай спорттық шарардың мақсаты - салауатты өмір салтын насихаттау, зиянды әдеттерден бойды аулақ ұстауға шақыру.
«Спорт - денсаулық кепілі» атты жастар арасындағы футболдан, қыздар арасында волейболдан турнирлер өткізілді. Сол сияқты атақты жерлесіміз Олимпиада жеңімпазы Ж.Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешінінде арнаулы оқу орындары арасында ауқымды спартакиадалық жарыс ұйымдастырылды. Бүгінде спорт түрлері көп, солардың ішінде қазақ жастары үшін ұлттық спорт түрлерінің орны бөлек. Осыны ескере отырып, «Dostyk Live» спорт кешенінде «Ұлттық ойын-халық мұрасы» атты спартакиада өткізілді. Қызықты өткен жарыс барысында командалар «Асық ату», «Гір тасын көтеру», «Арқан тарту», «Қол күрес», «Садақ ату» сайыстары бойынша өз ара бақ сынасты. Бұл іс-шарадан біздің жастардың ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылығы жоғары екенін байқадық.
Әрине, жастарға талап қоюмен қатар, алдымен олардың білім алуына, жұмыс істеуіне, барлық жағынан дамуына белгілі бір деңгейде жағдай жасалуы керек екені түсінікті. Тараз қаласы бойынша жастарды әлеуметтік қорғауға бағытталған іс-шаралар, қаланың әлеуметтік-экономикалық өміріне жастарды белсенді тарту, жастар саясатын жүзеге асыру жөніндегі қаланың мемлекеттік органдарының қызметін үйлестіру және жастардың қоғамдық бірлестіктермен байланысын нығайту сынды ілкімді шаралар іске асырылуда. Өз кезегінде қоғамның қозғаушы күші саналған жастарға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау да аз емес. Жастарға арналған түрлі бағдарламалар мен жобалар қабылданғаны белгілі.
Қазіргі кезде бізде ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде жұмыссыздық пен баспана мәселесі алдыңғы қатарда тұр. Ағымдағы жылы облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасымен бірігіп шаһарда 11 743 жұмыссыз және NEET санатындағы жастардың барын анықтап, тізімін әкімдікке жолданды. Осы орайда анықталған жастарға тізім бойынша адрестік жұмыстар жүргізіп, әлеуметтік портреті әзірленді. Осы мақсаттта бірінші кезекте 5,6 миллион теңге бөлініп, 502 жасты уақытша жұмыспен қамту көзделуде. Оның 96-сы NEET санатындағы жастар.
Жұмыр жер бетінде экология мәселесі өте өткір тұр. Бұл туралы әлемдегі дамыған мемлекеттердің өзі толассыз дабыл қағуда. Бұл мәселе бізді де айналып өткен жоқ. Қоршаған ортаны қорғау баршамыздың парызымыз. Жоғарыда аталған мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында: «Біз жеріміздің шын жанашыр иесі екенімізді нақты іспен көрсетуге тиіспіз. Ол көшеге қоқыс тастамау, көрінген жерге от жақпау сияқты қарапайым нәрселерден бастап, жалпыхалықтық сипаттағы ауқымды экологиялық шаралар арқылы көрініс табуы қажет. Мұның бәрі тәлім-тәрбиеден басталады. Ата-анасымен бірге ауласына ағаш екпеген, үлкендердің жан-жануарға мейірімін көрмеген, кішкентайынан табиғатты аялауға дағдыланбаған бала өскенде туған жеріне жаны ашымайды. Мәселе экологияда емес – отаншылдықта, заңда емес – санада» делінген. Бұл еліміздің әрбір азаматына қатысы бар пікір. Осы орайда Таразда жастарды еңбекке баулу, туған табиғатты аялау мақсатында «Жасыл ел» еңбек жасағын жасақтауға жергілікті бюджет есебінен 27 миллион теңге қаржы қарастырылып, наурыз-қазан айлары аралығында 440 жасты жұмысқа тарту және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл сүйікті қаламызды көркейтіп, туған табиғатымызды сақтауға өз септігін тигізері сөзсіз.
Қаламызда жастармен етене жұмыс істеп жүрген «Жастар ресурстық орталығы» шаһар жастарының дамуы үшін бірқатар жұмыстар атқаруда. Орталықтың негізгі міндеттерінің бірі – жастарды білімге, шығармашылыққа, инновациялық жобаларға бағыттау. Өткен жылы Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшілігімен «Зейін» әлеуметтік жобасы бастау алды. Жоба әлеуметтік осал, көпбалалы отбасылар мен оқыту орталықтарына баласын оқытуға жағдайы жетпейтін жанұя балаларына қосымша тегін білім беру мен Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындауды көздеді. Мұндай баянды бастама Тараз қаласындағы «Даму» оқыту орталығының қабырғасында қайырымдылық жобасы ретінде бастау алып, бүгінде «Шөлдала», «Құмшағал» алқаптарын қоса алғанда қала бойынша 100 бала тегін оқытылуда.
Өткен жылдың қазан айында жастардың қоғамның өзекті мәселелерін шешудегі орны мен рөлін арттыра отырып, жаңа ұсыныстар мен тың идеялар туындатып, оны тиімді пайдалануға үйрету мақсатында «Тараз қаласына жаңа серпіліс» атты инновациялық жобалар байқауы ұйымдастырылды. Жоба аясында жастар арасында сұранысқа ие және өз саласында тәжірибесі мол кәсіпкерлер мен менторлар, мемлекеттік мекеме өкілдерінен құралған спикерлер тобы қатысушыларға мобилография, SMM, бизнес жоба жазу және қорғау, ораторлық өнер бағыттары бойынша оқыту жұмыстарын жүргізді.
Былтыр техникалық-кәсіптік салада еңбек етіп жүрген жастарды марапаттау, ынталандыру арқылы олардың одан әрі өзін-өзі жетілдіруге және өңірде қалып, жұмыс істеуге мол мүмкіндік беру, қаламыздың жастарының арасында өндірістік мамандықтарды насихаттау мақсатында «Taraz job» атты техникалық мамандықтар байқауы да өтті. Жоба 7 бағытта, оның ішінде жастар арасында кеңінен таралған мобилография, барбершоп, киберспорт, аспаздық өнер, тігінші, дәнекерлеу ісі және үстел теннисінен ұйымдастырылды. Әр бағыт бойынша шараға қаламыздың NEET және өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған 150-ден астам жас қатысып, үздіктер бағалы және қаржылай сыйақымен марапатталды.
Жастар – қашанда қоғамның қозғаушы күші, жаңа идеялардың бастамашысы. Қазақстанның XXI ғасырда гүлденуі мен әлемдік аренада танылуын қамтамасыз етуге тиіс жастарға үлкен үміт пен жауапкершілік жүктеледі. Мұндай миссия кәсіптік білімі бар, бәсекеге қабілетті, патриот және әлеуметтік тұрғыдан жауапты жастардың ғана қолынан келеді. Осыған байланысты мемлекеттің басым міндеті – мемлекеттік жастар саясатын уақыт талаптарына сай бейімдеу арқылы жастарды Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігінің маңызды факторына айналдыру. Жастар – ұлт үмітін арқалаған ел ертеңі. Үміт пен сенімді ақтау – сол буынның парызы. Сол себептен де жастар қазіргі қоғамның жетекші күші ретінде еліміздің дамуы үшін орасан рөл атқарады. Еліміздің тарихы мен мәдениетінің тағдыры, дамуы мен модернизациялануы, жалпы бүгіні мен ертеңі де жастарға байланысты. Жастар қай заманда, қай елде болмасын, асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы болған. Жастарды білім жолына салып, түзу жолдан тайдырмай, санаға сәуле шашар ізденістің тізгінін ұстату мемлекет пен қоғамның міндеті саналады. Тараз қалалық «Жастар ресурстары орталығының» да бүгінгі атқарып жатқан әрбір іс-шаралары түптеп келгенде еліміздің ертеңгі болашағына жауапты отаншыл жастарды
тәрбиелеп қалыптастыру болып табылады. Ендеше, осы мақсат үдесінен шығу үшін біз жастармен бірге жұмыс істеп, дамыған қоғам құру жолында қызметімізді жалғастыра береміз.
Абзал ЕСІРКЕПОВ,
Тараз қалалық жастар ресурстық
орталығының директоры