ТҮРКІ ӘЛЕМІНЕ ОРТАҚ ОҚУ ОРНЫ
2023 ж. 01 наурыз
1392
0

Отандық білім мен ғылым саласының дамуына лайықты үлес қосып келе жатқан Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің бәсекелестік бәйгесінде де беделді биік. Оқырманды осынау білім ордасының тынысымен жақынырақ таныстыыыыруды жөн көрдік.
Мағжан ақынның:
«Ертеде Түркістанды Тұран дескен,
Тұранда ер түрігім туып-өскен» –
дегеніндей, көк түрік түп тамырын байлап, қазығын қаққан көне шаһар күннен күнге жаңарып келеді.
Ал сол тарихы терең Түркістан қаласының қайта түлеуіне 30 жылдық тарихы бар Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ерекше үлес қосты десе, қателеспегеніміз. Ендеше, киелі шаһарда орналасқан қарашаңырақ білім ордасының жұмысымен тереңінен таныссақ...
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті – тәуелсіз Қазақстанда ашылған алғашқы оқу орны. Түркістан қаласын алға қарай дамыту мақсатында, 1991 жылы Түркістан Мемлекеттік университеті болып ашылды. Университеттің тарихы терең Түркістан шаһарында құрылуы Түркі әлемінің рухани астанасын түлету мен дамытудың алғашқы баспалдағы болды. Ел еңсесін тіктеп, егемендік алған тұста ұлттық рухымызды көтеруге атсалысты. Түбі бір түркі жұртының тұмарындай болды. Араға жыл салып, яғни 1992 жылы 1 мамырда оқу орны Қазақстан және Түркия Үкіметтерінің арасындағы келісім бойынша «халықаралық университет» мәртебесіне ие болды. Ал 2020 жылдың басында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен халықаралық университетке «Ерекше мәртебе» атағы берілді.
Тәуелсіздікпен қатар құрылған оқу ордасын күллі түркі халықтарының данасы атанған, ойшыл, ағартушы, діни қайраткер – Қожа Ахмет Ясауидің есімімен атауында да үлкен мән жатыр. «Түркі әлемі» деген қастерлі ұғымның түпқазығы, рухани шаңырағы, ұлы бабамыз Ахмет Ясауидің отаны – қасиетті Түркістанда бабалар рухы жаңғырып жатыр. Сондықтан да университеттің өз алдына «Қожа Ахмет Ясауидің зияткерлік және мәдени мұрасынан шабыт алып, ой еркіндігі мен әмбебап академиялық принциптерді сақтай отырып, ұлттық рухани сана-сезімі жоғары, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінетін, ынтымақтастық пен адам құқықтарын құрметтеудің маңыздылығын түсінетін түркі әлемінің жастарына халықаралық стандарттарға сай, бәсекеге қабілетті және сапалы білім беру» деген миссияны темірқазық етіп алған.
Халықаралық оқу орны былтыр ғана өзінің 30 жылдық мерейтойын салтанатпен атап өтті. Түркі дүниесінің шамшырағына айналған оқу орнының мерейтойына тек қазақстандық емес, түркітілдес елдердің өкілдері де қатысып, абыройын асқақтатқан болатын.
Егемен елімізбен бірге болашаққа қадам басқан университет алғашында 300-ден аса студентке білім берсе, қазір жылына 10 мың студент пен интернге, магистранттар мен докторанттарға дәріс беруге, ғылыми жетістіктерге жетелеуге қауқарлы. Түркі әлеміндегі бірегей университетте әлемнің 19 елінен 40-тан аса ұлт пен ұлыстан 1300-ге жуық студент білім алып, кәсіби кадр атанып келеді. Бүгінде университет қабырғасынан 90 мыңға жуық түлек түлеп ұшып, әлемнің түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп жүр.
Ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің ілімін үлгі тұтқан оқу орны білім беру ісіне көп көңіл бөледі. Профессорлық-оқытушы құрамы – еліміз бен шетелдің белді оқу орындарын бітірген өз істерінің мамандары. Қазіргі таңда шәкірттерге оқу дәрістерін 73 ғылым докторы мен профессоры, 62 философия докторы (PhD), 262 ғылым кандидаты мен доценті, 122 ғылым магистрі жүргізуде. Оның ішінде, 65 профессор мен қызметкер Түркия Республикасынан арнайы келген.
Білім мен ғылымды дамыту – болашақтың алғышарты
Адамның көкірек көзін ашып, жансарайын жадырататын кітапхана білім мен ғылымға жетелейтін төте жол екені анық. Әсіресе, білім беру мекемелерінде кітап қорының көп болуы саналы ұлт қалыптастырудың кепілі бола алады. Халықаралық қазақ-түрік университетінде 4 қабаттан тұратын 540 оқырманға арналған кітапхана бой көтерген. Қазіргі таңда 7 оқу залы бар кітапханада 600 мыңға жуық кітап қоры жинақталған.
Оқу орнының негізгі тұлғалары – студенттер болғандықтан, оларға сапалы білім беру мен жан-жақты дағдыларды үйретуді өзіне міндет деп біледі. Әрине, білім беру туралы сөз қозғағанда, ең алдымен, академиялық саясат ойға оралады. Ахмет Ясауи университеті өзінің 2022-2026 жылға арналған Стратегиялық даму жоспарында бекітілген құндылықтар негізінді жұмыс істейді. Олар: серіктестік пен құрмет, ашықтық пен сенім, білікті болу пен еңбекқорлық, инновация мен бейімделгіштік, әділдік пен адалдық принциптері.
Айта кетерлігі, университет өз шәкірттеріне тек білім беріп қана қоймай, олардың практикалық қабілеттерін жетілдіруге, диплом алғаннан кейін жұмысқа дайын маман болып орналасуына аса мән береді. Мәселен, университеттің Түркістан халқы мен өңір тұрғындарына қызмет көрсету мақсатында заманауи құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етілген Клиника-диагностикалық орталығы бар. Бүгінде медицина бағыты бойынша білім алатын студенттер аталған клиникада мол тәжірибе жинап, маман ретінде қалыптасады. Ал «Туризм» мамандығының студентетрі Rixos және Анталия Білім университетімен жасалған келісім шарт аясында 3 айға практикадан өтуге жіберіледі.
Ғылым бағыты да университеттің жалпы әлеуетін көрсететін бірегей сала. Университет өзінің ғылыми мектептерін қалыптастырған, өңірдің әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық дамуының өзекті мәселелерін шешу үшін ғылыми негіздер мен әлеуеті бар. Оқу орнында ғылыми-зерттеу жұмыстарының келесідей негізгі бағыттар бойынша жүргізіледі: әртүрлі көздерден қаржыландырылатын бейіндік тақырыптар бойынша іргелі және қолданбалы зерттеулер; магистранттар мен PhD докторанттарды даярлау; студенттердің ғылыми-зерттеу жұмысы; заманауи оқулықтар, оқу құралдары мен монографиялар әзірлеу; ғылыми мақалаларды дайындау және басып шығару; ғылыми іс-шараларды (конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер) ұйымдастыру және өткізу.
Университетте алты ғылыми-зерттеу институты мен орталық табысты жұмыс істейді: «Түркология ҒЗИ», «Археология ҒЗО», «Экология ҒЗИ», «Жаратылыстану ҒЗИ», «Еуразия ҒЗИ», «Ясауитану ҒЗИ». Сондай-ақ, қазақстандық және шетелдік ғылыми зерттеулердің, сондай-ақ талдамалық, ғылыми-танымал және өзге де материалдардың нәтижелерін жариялау мақсатында «Bilig», «Ясауи университетінің хабаршысы», «Түркология», «Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің хабарлары» атты ғылыми журналдар шығарылады.
Бұған қоса, оқу орнының қарамағында бүкіл Түркістан қаласының мақтанышына айналған Ботаникалық бақ орналасқан. 88 гектар аумақты алып жатқан аталмыш бақ Арал – Сырдария шөлді аймағында орналасқан бірден-бір ғылыми интродукциялық орталық. Бұған қоса, қала, облыс студенттерінің, мектеп оқушыларының ғылыми-оқу базасы ретінде де маңызы ерекше.
Бәсекелестік бәйгесінде беделді
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті әлемдік жоғары оқу орындарының жыл сайын шығып отыратын рейтингтерінде жоғары көрсеткіштерге ие. Әсіресе, соңғы 2-3 жыл көлемінде бұрын-соңды болмаған нәтижелерге қол жеткізді. Мәселен, Quacquarelli Symonds (QS) Emerging Europe and Central Asia (EECA) University Rankings 2022 рейтингінде бірден 45 позицияға алға жылжып, былтырғы 175-ші орыннан, 2022 жылы 130-шы орынға көтерілді.
Сонымен қатар, QS World University Rankings by Subject 2022 рейтингіне ілініп, елеулі серпіліс жасады. «Өнер және гуманитарлық ғылымдар» (Arts & Humanities) салалық рейтингінде 362-ші орынды, «Заманауи тілдер» (Modern Languages) пәндік рейтингінде 201-250 аралығындағы позицияны, «Білім және оқыту» (Education and Training) пәндік рейтингінде 301-350 аралығындағы позицияны иелендік.
Ал жақында ғана университеттің ресми веб-сайты Webometrics Ranking of World Universities-2023 рейтингінде отандық жоғары оқу орындары арасында 6-шы орынды иеленді. Webometrics Ranking of World Universities – университет сайтының өзектілігін және оның зерттеуші ғалымдарының Scopus пен Google Scholar ғылыми-метрикалық жүйелеріндегі жарияланымдар санын ескеретін, өзара біріктірілген көрсеткішке негізделген ғаламдық рейтинг. Аталмыш рейтинг бүкіл әлемде жоғары бағаланатын ең маңызды ғылыми метрикалық рейтингтердің бірі болып саналады.
Ең жоғары жетістік – университет тұңғыш рет QS World University Rankings 2023-ке еніп, 714-ші орынға көтерілді. Сонымен қатар QS World University Rankings By Subject 2023 Рейтингі нәтижесі бойынша осы тізімге кірген отандық 6 жоғары оқу орнының ішінде 3-орынды иеленді. Бұл университет ұжымының ғылым саласындағы жетістігінің жарқын дәлелі деуге болады. Осылайша, университет 2026 жылға қойған межеге уақытынан бұрын қолжеткізді.
Түркістан қаласында орналасқан қарашаңырақ оқу ордасы - Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті білім берудегі озық технологиялар мен инновациялық идеяларға, жаңалықтарға ашық, түрлі дағдыларды игерген, адамгершілік ұстанымдары биік, сапалы маман бола алатын түлектер даярлап шығаруды көздейді. Сол себепті, білім мен ғылым көкжиегінде мол мүмкіндіктер ұсынады.
Гүлдана ҚАЗТАЙ,
Қазақ үні