ҚАТЕРЛІ ІСІКТЕН САҚТАН!

ҚАТЕРЛІ ІСІКТЕН САҚТАН!

«Бірінші байлық – денсаулық» деген тәмсілді әрбіріміз ауыздан тастамай айтып жүрсек те, күнделікті күйбең тіршілік сол асылдың қадіріне жеткізе бермейтіндей. 

Мұның ақыры қатерлі ісікке апарып соқтырып, адам өміріне қауіп төндіріп жатқан жайы бар. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін онкологиялық аурулардың алдын алу жолында айтарлықтай іс атқарылуда. Бұл бағыттағы жұмыстың нәтиже беруіне Үкімет қаулысымен қабылданған «Дені сау ұлт» жобасы әрбір азамат үшін оң ықпалын тигізіп жатқан жайы бар. Қатерлі ісіктен сақтану – бүгінгі күннің маңызды мәселесіне айналғандықтан, бұл тақырыпты кеңірек қаузауды құп көрдік.


Онкологиялық ауру: өмір мен өлім


Еліміз бойыншпа өлім-жітім көрсеткішінде онкологиялық аурулардан болатын өлім үшінші орын иеленуі осынау дерттің қаншалықты қауіпті екендігін көрсетсе керек. Соңғы мәліметтер бойынша, жыл сайын 39 мыңға жуық адам қатерлі ісікке шалдықса, 14 мыңнан астам адам қайтыс болатын көрінеді. Онкологиялық есепте 200 мыңнан астам жерлесіміздің тұратынын ескерсек, қатерлі ісікке бей-жай қарауға болмайтыны өз-өзінен түсінікті шығар. 

Онкологиялық аурумен табанды күресу ісіне мемлекет тарапынан тиісті қолдаулар көрсетілуде. Осы бағытта атқарылған жұмыстарды Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас онкологы, «Қазақ онкология және радиология ҒЗИ» АҚ басқарма төрайымы Диляра Қайдаровадан сұрадық. 

Бұ кісінің атуынша, онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған Кешенді жоспардың мақсаты – қатерлі ісіктің ауыртпалығын азайту болған; іс-шараларды жүзеге асыру кезінде қатерлі ісікен болатын өлім-жітімнің анағұрлым азайғаны байқалады. Атап айтқанда, 2018 жылы – 100 мың тұрғынға шаққанда 78,1, 14 369 жағдай, 2022 жылы – 100 мың тұрғынға шаққанда 66,4, 13 033 жағдай. Бұл дегеніміз –көрсеткіштің 9 пайызға төмендегені.

Онкологиялық сырқаттардың алдыңғы легінде сүт безі обыры тұрса, екінші орынды өкпе обыры алады. Өкініштісі, бұл тізімнің одан әрі де жалғаса беретіндігінде. Үшінші орында – колоректальды обыр, төртінші орында – асқазан обыры тұр.

Жоғарыда тілге тиек еткен аурулар арасында жиі өлімге апарып соқтыратын ауру – өкпе обыры деседі. Одан ары қарай, екінші орында – асқазан обыры, үшінші орында – колоректальды обыр және төртінші орында – сүт безі обыры тұр екен. Сырқаттың қайсібір түрі болсын адамды оңдырмайды. Сол үшін де денсаулығымызды сақтап, күтінуге айрықша мән бермесек болмайды. 

Онкологиялық аурудан сақтану бағытындағы атқарылып жатқан істердің нәтижесінде халықтың бұл бағыттағы сауатты шоғыры қалыптасып үлгерді. Қазіргі таңда қатерлі ісік ауруын ерте кезеңде анықтау 29 пайызды құрап отыр. Яғни, әрбір үшінші науқас дәрігерлерге обырдың 0 және 1 сатыларымен келеді. Бұл көрсеткіш біздің жоғарыдағы сөзімізді қуаттай түспек. Жақсы көрсеткіш өз кезегінде онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімнің төмендеуіне септігін тигізеді, – дейді жетекші. – Аталмыш науқастардың бес жылдық өмір сүру көрсеткішінің жақсаруы да сала барысындағы жағымды жаңалықтың бірі. Ел саулығын одан әрі нығайта түсу мақсатынла медицина саласының мамандары бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыра түсуде. Республика бойынша онкологиялық көмекті жетілдіру Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтауды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру аясында атқарылып жатыр. 

Осы тұста қатерлі дертпен күрес белсенді түрде жүргізіліп жатқанына қарамастан, аты жаман дерттің кең қанат жайып бара жатқандығы бүкіл қоғамды алаңдатып отыр. Бұл туралы: «Қазігі таңда онкологиялық аурулар бойынша диспансерлік есепте 200 мыңнан астам науқас тұр. Олардың 55 пайызы 5 жыл және одан да көп өмір сүруде. Өз кезегінде бұл жақсы көрсеткіш. Бірақ еліміздің әрбір аймағында онкологиялық аурулардың саны едәуір артқан. Мәселен, 2018 жылы бізде 32 мыңға жуық жаңа қатерлі ісік ауруы анықталса, биылдың өзінде онкологиялық аурулардың 39 мыңға жетіп отыр» – дейді Диляра Қайдарова.

Қандай ұйымдарда емделуге болады?

Онкологиялық ауру түрлері өлімге апарып соқтыруымен қауіпті екенін атап көрсеттік. Ендігі жерде денсаулығыңыз сыр бере бастаса, участкелік дәрігеріңіз онкологиялық тұрғыдан тексерілудің артықтық етпейтінін ескерткен жағдайда еліміздің ересек тұрғындары онкологиялық көмекті қайдан ала алады? Ендігі жерде осы жөнінде толығырақ мәлімет беруді жөн санадық. 

Қатерлі ісікті нәтижелі емдеу жолында тер төгіп келе жатқан мекемелер ретінде Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтын, Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық екеніне тоқталсақ, артықтық етпес. Сонымен қатар, дәл осы бағытта жемісті жұмыс жүргізіп келе жатқан еліміздің әрбір аймағындағы онкологиялық диспансерлерді, көпбейінді стационарлар жанындағы онкологиялық бөлімшелердің еңбектері де ұшан-теңіз. Атап айтқанда, Ақтөбе қаласы, М.Оспанов атындағы БМҚМУ жанындағы онкология бөлімшесі, Жезқазған қаласының орталық ауруханасы жанындағы онкологиялық бөлімше, Ақмола облысы – МОБ құрамындағы бөлімше, Түркістан облысы – Түркістан облыстық көпбейінді ауруханасы құрамындағы онкология бөлімшесі, Солтүстік Қазақстан облысының көпбейінді ауруханасы жанындағы онкологиялық бөлімшелер. Бүгінгі күні радиациялық онкологияның жоғары технологиялық орталықтары Алматы, Астана, Ақтөбе, Семей, Қарағанды, Павлодар, Ақтау, Өскемен, Шымкент және ҚазОжРҒЗИ қалаларында қарқынды жұмыс істеп келе жатыр. Көмектің осынау түрі кешенді жоспарды іске асырудың аясында күн санап жетілдіріле түсуде.

Онкологиялық аурудың алдын алу үшін не істеу керек?

Онкологиялық ауру түрлерінің басым бөлігі ерте кезеңдерде байқағанда жақсы нәтиже береді. Ол үшін көп нәрсе де қажет емес. 

Ең бірінші кезекте қатерлі ісіктің бірі – меланоманың алдын алған абзал. Меланома көбінесе, мәселен, адам денесіндегі қалдың астында жасырынып жататындықтан, денеңізді үнемі тексеріп, қалды және күдікті пигментті дақтарды зерттеп отырған дұрыс. Бұл тұрғыда қышыған, суланған, қан аққан және қабыршақтанған жерлерге назар аудару қажеттігін айтады мамандар.

Онкологиялық ауру белгілерінің бірі – себепсізден себепсіз салмақ тастау. Көп жағдайда асқазан, ұйқы безінің, өңештің немесе өкпе қатерлі ісігінің белгілері осылай білінеді. Демек салмақ тастаған жағдайда бірден дәрігер көмегіне жүгініп, себебін анықтаған жөн.

Сонымен қатар, отбасыңызда қатерлі ісікпен ауырған адам болса, онда отбасының өзге мүшелері генетикалық талдама жасатқаны абзал. Мәселен, BRCA1 және BRCA2 гендері сүт безі қатерлі ісігінің дамуына ықпал жасайды. Егер адамның ағзасынан осындай гендер табылса, онда дәрігер кеңесімен жүйелі түрде ем қабылдауды бастағаны жөн.

Ал әйелдер үшін сүт безін рентген сәулелері арқылы зерттеуден өткізіп тұру аса маңызды. Атап айтқанда, әйелдерге 40-45 жастан кейін жүйелі түрде маммографиядан өту қажет. Ал 50 жастан кейін жылына екі рет осындай тексеруден өткен дұрыс. Бірақ, 40 жасқа келмегендердің дәл осы ауру түрінен қатерлі ісікке тексеруден өтудің қажеті жоқ. Мұның пайдасы емес, зияны басымырақ.

Осы тұста ер азаматтардың арасында да сүт безі қатерлі ісігі кездеседі. Бірақ жиі емес. Сол себепті, ер кісілерге жағымсыз симптомдарға назар аударудың өзі де жеткілікті. 

Онкологиялық аурудың ең көп таралған түрі ретінде өкпенің қатері ісігін атап көрсеткен дұрыс. Бірақ бұл ауру түрімен көп жағдайда шылым шеккендер ауырады. Әсіресе, оны көп мөлшерде шегетіндердің өкпе қатерлі ісігіне шалдығу ықтималдығы жоғары болғандықтан, бұл санаттағы адамдар қосымша тексеруден өткені дұрыс. Өкпенің қатерлі ісігін анықтау үшін флюорографияны емес, компьютерлік томографияны қолданатындығын біле жүргендеріңіз артықтық етпейді.

Кез-келген аурудың алдын алған жөн-ақ. Бірақ, алдын алудың жөні осы екен деп өз-өзіңізге диагноз қоюдан аулақ болыңыз. Диагнозды мамандар тексерулер мен сынақ талдамаларын жүргізгеннен кейін өздері қойғаны дұрыс. Сол себепті де онкомаркерге қан өткізуге болмайтындығы қаперіңізде болсын. Бұл сынақтар диагнозы расталған науқастарға ғана қажет. 

Денсаулыққа көңіл бөлген жақсы-ақ. Алайда, дәрігер тағайындауынсыз МРТ, УДЗ және басқа да зерттеулерді жүргізбеу керек. Өйткені, барлық диагностикалық процедуралар ауру симптомдары пайда болғаннан кейін ғана жасалады. 

«Ауырып, ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген» әлдеқайда жақсы екенін бәріміз білеміз. Ол үшін әлбетте күнделікті дұрыс тамақтану, дұрыс тынығу, салауатты өмір салтын ұстану сынды қарапайым қағидаларды сақтап жүрсек жөн болады. 

Гүлмира САДЫҚ, 

Қазақ үні