АРМАНДАР ОРЫНДАЛАТЫН МЕКТЕП
2023 ж. 01 наурыз
1249
0

Мен өзім «жердің жәннаты, елдің жәннаты» деп санайтын Шымкент бұрыннан-ақ көп адам үшін «арман-қала» болса, он жылдан бері оның биік мәртебесін өсіре түсетін жаңа фактор – 2012 жылы қаланың теріскей-шығысында «Асар» мөлтек ауданы пайда болды. Бұндай қалашық 1991 жылдан бері бұрынғы күллі Кеңес Одағының аумағында қолға алынған емес! Арнайы бас жоспармен салынған «Асарда» бірінен бірі өтетін екі мектеп бар. Соның біреуін, дарынды балаларға арналған мамандандырылған №90 мектеп-гимназияны (1-сурет) он бір жылдан бері Арман Орынбеков (2-сурет) басқарады. Қазығы 2008 жылы қағылған бұл қалашықта Өзбекстанның Сырдария облысының Замин ауданынан көшіп келген 25 мың бауырымыз тұрады. Олардың балалары осы екі мектепте оқиды. Яғни, №90 мектеп те о баста жай ғана орта мектеп болатын. Оны алдымен 2020-жылы тамыз айында «гимназия» еткен де, сосын сол жылы желтоқсанда оған «дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназия» атағын әперген де, бір сөзбен айтқанда Назарбаев зияткерлік мектебі, немесе Білім және инновация лицейі (бұрынғы қазақ-түрік лицейі) секілді 7-сыныпқа көшкен талантты балаларды жан-жақтан теріп алу арқылы емес, маңдайдан ащы терді тамшылатып төгудің арқасында сегіз жыл ішінде жаңа қалашықтың қарапайым жасөспірім тұрғындарының талантын тамыршыдай тап басып тани білген, сөйтіп бүгінде 10 мамандандырылған сыныпта 300 дарынды балаға білім беріп жатқан да (қалған 104 сынып – болашақ дарындардың бүгінгі ұясы) жаңа мектептің жас директоры Арман басқарған осы ұйымшыл мектеп ұжымының берекелі еңбегі.
Атасы, әкесі, анасы және кіші ұлы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің түлектері болып келетін Арманның өзі Қ.А.Иассауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің тарих факультетін 1997 жылы 19 жасында бітірген соң еңбек жолын 1997 жылы Шымкенттегі балалар және жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары болып бастаған. 1998-2012 жылдары Шымкент медициналық колледжінде оқытушы, Жетісай қаласындағы №6 Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі, №69 Шымкент қалалық дарынды балаларға арналған лицейде мұғалім, Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясында тарих пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарған.
Еңбекқор ұстаз Арманның бүгінге күнге дейін жеткен табысын, атақ, марапатын тізіп шығудың өзі біраз уақытты алады. Біз басты-басты дегендерін ғана атап өтейік: Шымкент қаласының «Үздік жас ұстазы» (2006ж.); Шымкент қаласының «Үздік жыл ұстазы» (2007ж.); Шымкент және Оңт.Қазақстан облысының «Үздік мектеп директоры» (2017ж); Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері; Қазақстан Республикасының «Үздік педагогы» (2019ж.); ҚР БжҒМ ҰТО-ның ҰБТ тапсырмаларының әзірлемешісі және сарапшысы (2009––2022), ҰТО-ның Алғыс хаттарымен марапатталып келеді; 2020–2021-жылдары «Әлем мұғалымы» байқауының іріктеу кезеңіне қатысса, 2021-жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы», 2022-жылы ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері атағын иеленді.
Директор Орынбеков 2004–2022 жылдар аралығында Қазақстан тарихы туралы 25-ке жуық әдістемелік-оқу құралдарын, оқулықтарды және 15-тен астам ғылыми-әдістемелік мақалаларды жазды.
Басшысының өзі еңбекқорлықтың осындай керемет үлгісін көрсетіп отырған білім ошағының жеткен жетістігін қалай мақтасаң да жарасқандай: 2012 жылы ашылғаннан бері 72 түлек – «Алтын белгі», 44 түлек – «Үздік аттестат» иеленді, мемлекеттік грант иегерлерінің саны 1000-ға жуық, жыл сайын ҰБТ көрсеткішінен үздік үштік қатарынан көрініп келеді. Мектеп мұғалымдарының жарыққа шыққан оқу-әдістемелік құралдары – 90; гимназия ҚР бойынша үздік 100 олимпиадалық мектеп қатарында, 2021-жылы ҚР бойынша 7391 мектеп арасынан 53-орында болса, 2022-жылы 7711 мектеп арасынан 37-орынды иеленді. Халықаралық жарыстарға, олимпиадаларға қатысқан ғылыми жобалар саны – 69, республикалық жарыстарға, олимпиадаларға – 163, қалалық жарыстарға, олимпиадалар – 523 оқушы қатысқан. Оқушылар республикалық олимпиададан 2022 жылы: 1 алтын, 3 күміс, 1 қола медаль жеңіп алса, республикалық ғылыми жоба конкурсынан: 1 алтын, 1 қола медаль, 1 грант иеленді.
Арман Шымбайұлының идеясымен және әдістемелік қолдау көрсетуінің арқасында 90-ға жуық ғылыми-әдістемелік құралдар, оқулық және көмекші құралдар құрастырылды. Оларға Қазақстанның Еңбек Ері, Білім саласының үздігі Аягүл Миразова жоғары баға берді.
Білім сапасын көтеру мақсатында әр тоқсан сайын жоспарлы түрде әкімшілік бақылау жұмысы тоқсандық жиынтық бағалаумен (ТЖБ) біріктіріліп алынады. Тапсырманы оқу бағдарламасы және тоқсандық жиынтық бағалау спецификациясы негізінде мектеп мұғалімдері дайындайды. Әкімшілік бақылау тапсырмаларын мектептің үздік мұғалімдері дайындайды, әкімшілік бақылау жұмысын алуға пән мұғалімдері қатыстырылмайды. Сол себепті, білім сапасы әділ түрде көрінеді. 9-шы,11-ші бітіруші сыныптардың білім сапасын көтеру мақсатында негізгі пәндер бойынша айына 1 рет анализдік тестілеу жүргізіледі, бұл оқушылардың жаттанды білімнен арылып, пәндер бойынша алған білімін талдап, өзіндік сыни пікірін қалыптастыруға әсерін тигізеді.
Оқушылардың мектепішілік «Ақиқат» ғылыми қоғамы (ОҒҚ) жұмыс жасайды, ҚР БжҒМ-нің «514» бұйрығына және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталықтың (РҒПО) жоспарына сай қалалық деңгейдегі олимпиада, ғылыми жоба, түрлі зияткерлік сайыс, байқаулардан 500-ден астам оқушы, республикалық және халықаралық деңгейлердегі олимпиада, ғылыми жоба, түрлі зияткерлік сайыс, байқаулардан 100-ден астам оқушы жүлдегер атанды. 2020-2021 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиададан 4 оқушы және 2021-2022 оқу жылында 5 оқушы жүлделі орынға ие болды. 33 оқушы Елбасы медалінің иегері.
«Жаңа мектептің жұмысын жолға қою, әрине, оңай болған жоқ, – дейді Арман Орынбеков. – Сол алғашқы 2012-2013 оқу жылында біз ұлттық тестілеу көрсеткіші мен оқушылардың грантққа түсуі бойынша елдің бәрін таң қалдырып, қалада 1-ші орынға шықтық. Сол үрдіс әлі күнге жалғасып келеді. Біз қоғамда қалыптасып қалған «тестілеу оқушыны ойлануға емес, тек жаттауға жетелейді» деген пікірді бұза алдық деп ойлаймын, өйткені біз жасаған әдіс оларды дұрыс нұсқаны таба білуді ғана емес, оның неге дұрыс екендігін дәлелдей білуді талап етеді. Яғни, оқушы өзінің он бір жыл бойына алған білімін талдап айтып, түсіндіріп бере алады. Ол үшін әр тоқсан сайын барлық сыныпта әр пәннен тоқсандық, тек 1-тоқсанда барлық пәннен ТЖБ жұмысы жүргізіледі және оқушылардың білімін оларға сабақ беріп жүрген ұстаздары емес, оларды танымайтын басқа мамандар бағалайды. Әрине, бұл өте ауқымды жұмыс, есесіне оқушының білімі мен оқытушының жұмысын бағалаудың әділ болуын қамтамасыз етеді».
Балаға білім беру жолында өз білімі мен біліктілігін мектеп мұғалімдері де ұдайы шыңдап отырады. І тоқсаннан кейін күзгі демалыс кезінде мектепішілік мұғалімдер олимпиадасы: пән бойынша тестілеу, жалпыға міндетті білім беру стандарты (ЖМБС) оқушылардың пән бойынша меңгеріп шығу дағдыларын білуі, Блум таксономиясына негізделген қысқа мерзімді жоспар (ҚМЖ) құру, эссе жазу сияқты кезеңдер бойынша өткізіліп тұрады. Іріктелген жеңімпаз мұғалімдер қалалық мұғалімдер олимпиадасына жіберіледі. Бұл оларды үздіксіз ізденуге баулиды. Директор оқушыларды мектеп қабырғасынан-ақ болашақ өмірге дайындалуын ынталандыру үшін республикалық олимпиаларда жеңіске жеткендерін қаржылай да марапаттайды. «Өзіме «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағына қоса алған 400 мың теңге сыйақымды олимпиаданың төрт жүлдегеріне бөліп бердім» дейді ол. ҰБТ-дағы жетістігі үшін алған сыйақысын да домбыра үйірмесіндегі оқушыларға жаңғақтан жақсы домбыраларды жасату үшін жұмсаған.
Білім ордасында оқушылардың зейініне, түрлі қабілетіне қарай дамуына, тәжірибелік жұмыстардың жүзеге асуына да көптеген мүмкіндік бар. Әсіресе, екі қолмен жазу арқылы мидың екі жартышарын да дамытуға ықпал ету үшін оқшылар тәрбие сағаттарында 15 минут машықтанады.
Жалпы, оқушылардың бойында қазақ халқының тарихына деген қызығушылықтың, Отанға деген сүйіспеншіліктің қалыптасуына ерекше мән беріледі. Оның бір дәлелі: Тайқазанның ағаштан жасалған көшірмесі, алып Глобус, Алтын адам макеті, киіз үй, қос дөңгелекті арба, т.б.
Оқушылар жаратылыстану пәндері бойынша алған білімін тәжірибелік тұрғыдан мектеп жанынан демеушілердің көмегімен құрылған жылыжайда жүзеге асыра алады (3-сурет). Жанды табиғат бұрышы жасақталған, кептер, қоян өсіру қолға алынған. Қуаң далада бой көтерген мектеп ауласын көгалдандыру үшін демеушілермен бірлескен қыруар жұмыс жүргізілді: 2500-дей жеміс, декоративті ағаштар, 5000-ға жуық раушан гүлі, 300-ден астам қызғалдақ отырғызылды.
Бұнда Абайдың шығармашылығын насихаттауға кеңінен көңіл бөлініп келеді. Абай қарасөздерін әр аптаның бейсенбі күні талдау жүйелі жолға қойылған.
Өнерпаз оқушылар үшін демеушілер тарапынан ұлттық киімдер тігіліп, ұлттық музыкалық аспаптар алынды, мольберттер жасалынды. Оқушылардың ән айтуға машықтануы үшін вокал, хор үйірмелері, би үйрететін хореография, сахналық қойылымға машықтандыратын және қолөнерге баулитын тегін үйірмелер де жұмыс істейді. Мектеп дәліздеріне қойылған шахмат үстелдері де, бастауыш сынып оқушыларына арнап арнайы сатып алынған логикалық ойындар да оқушылар логикасын дамытуға игі әсер етуде. Дебат клубы оқушыларды ұшқыр ойлауға жетелейді. «Оқуға құштар мектеп» жобасының» аясында кітапханада түрлі іс-шаралар да жүйелі өткізіліп тұрады.
Салауатты өмір салтын насихаттауға, бұқаралық спортты дамытуға да баса назар аударылады. 20 шақты тегін спорттық үйірме жұмыс істейді. Әртүрлі деңгейдегі түрлі спорттық жарыстардан 700-ге жуық жүлдегерлер шықты.
Оқу үдерісінің сапалы ұйымдастырылуына ерекше назар аударылады. Мұғалімдер жаңартылған білім мазмұны аясында түгелдей сертификатталған. 63 оқу кабинеті, заманауи үлгіде жабдықталған арнайы STEM, биология, химия, физика кабинеттері және ағылшын, орыс тіліне арналған лингафондық кабинеттер бар. Мұғалімдерге сабақты түрлендіріп өту үшін барлық жағдайлар жасалған. Кабинеттің бәрі интернетке қосылған компьютерлермен қамтамасыз етілген.
Мектеп-гимназияда бала өмірінің қауіпсіздігі басты назарда. Осы орайда адамның бет-әлпетін танитын турникеттер орнатылған. Оқу кабинеттеріне, мектеп дәлізінің қалтарыс жерлеріне, спорт залдарда, асхананың ас дайындау бөлмесі демеушілер тарапынан бейнебақылау құрылғыларымен жарақтандырылған. Ұялы телефондағы қосымша жүктеме арқылы ата-аналар да баласын бақылай алады.
«Директор тұрмақ мұғалымдықты армандамаған мен осы салаға түскеннен соң озат болуға бел будым, – дейді арман қуған Арман Орынбеков. – Директорлыққа да «басшы адам идеяларын жүзеге асыру үшін келмей ме екен?» деген мақсатпен келген болатынмын. ҰБТ-да бір нәрсеге қолым жетсе, ол да сол ойдың жемісі.
2020-жылы Президент К-Ж.Тоқаев «әр өңірде Абай мектебі» болсын деген ұсыныс айтқан еді. Біз сол атқа ие болуға лайық деп танылғанбыз, елдегі Абай мектептері желісін. Тек ономастикаға байланысты оны ресми иеленуіміз жақын арада жүзеге асатын болады. Ал, Абай мектебінде қазақ тілі тереңдетіліп оқытылуы керек деген идеяға мен қарсымын. Абай мектбінде білімнің барлық саласы тереңдетіліп оқытылуы тиіс! Ол қазақ мектебінің үлгісі, білім жөніндегі бренді болуы, барлық БИЛ, НЗМ, Ф-ММ-дардың бәрінен мәртебесі де, деңгейі де жоғары тұруы керек.
«Патриотизм сезімін арттыру мақсатында «Менің Отаным-Қазақстан» тақырыбы бойынша, Конституция және Республика күніне, 16 желтоқсан «Тәуелсіздік» күніне және 7-ші, 9-мамырда Отан қорғаушылар, Жеңіс күніне орай арнайы жоспар құрылып, іс-шаралар, тәрбие сағаттары өткізіліп, челендждер, сайыстар ұйымдастырылып, әлеуметтік желілерде жарияланады, – дейді Арман Орынбеков. – «Мен өз Отанымның патриотымын!» атты мәнерлеп оқу, сурет байқаулары ұйымдастырылады. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу мақсатында барлық іс-шарада әнұран орындалады. Таңертең сабақ басталмастан бұрын ҚР Гимні қойылып, мектепке кіріп келе жатқан әрбір мұғалім, оқушы, тіпті ата-ана тоқтай қалып, оң қолын жүрек тұсына қойып, бірге айтады. Гимнді айту патриоттық рух беріп, Отанын сүюге жетелейтіні бәрімізге белгілі. Отанды сүю отбасынан басталады».
Жеті жыл бойы жексенбі күндері де сабақ беріп жүрген маған бір күні жұбайымның: «біз де қашан өзге жұрт секілді демалыс күнін бірге өткізетін болар екенбіз?» деген сұрағына мен, «зейнетке шығамыз, сол кезде бір-біріміздің бетімізге қарап отыруға уақыт молынан болады» деп әзілмен жауап қаттым».
Әр әзілде аядай болсын әзіл бар, қалғаны – ақиқат...
Өмірзақ Ақжігіт,
Қазақ үні