АНА - ШАҢЫРАҚ ШЫРАҚШЫСЫ

АНА - ШАҢЫРАҚ ШЫРАҚШЫСЫ

Халық арасында «Отбасы шағын мемлекет» деп қалыптасқан ұғым бар. Ол да негізсіз емес, мемлекеттің өзі осы мыңдаған отбасыларынан тұратыны белгілі. Әр елдің өзінің заңы, жүргізетін саясаты болса, әрбір отбасының да ішкі ережелері, ұстанымдары, салт-дәстүрі, тәрбие-тәлімі, өзге де құндылықтары болады. Сол «шағын мемлекеттің» негізгі тірегі, берекенің бастауы, бақытты өмірдің ұйытқысы – ана! Өйткені баланың дұрыс тамақтануы, таза жүруі, білім алуы, оны ертең айтарлықтай азамат болып қалыптастырудағы тәрбие ісі де ананың мойынындағы жауапкершілігі мол жүк. Аялы алақанымен, жүрек жылумен мейірім сыйлайтын ананы шаңырақтың отын сөндірмейтін шырақшысы десек те артық емес.

        Отан отбасына басталады, жанұяда жақсы тәрбие алған бала ертеңгі елімізді дамытатын азаматтарға айналады. Сондықтан отбасы мәселесі мемлекеттің және бүкіл қоғамның үнемі басты назарында болуға тиісті. Халқымызда үлгі етердей отбасы құндылықтары жетерлік. Ұстанатын тәрбиелік мәні зор салт-дәстүрлеріміз де баршылық. Ата-бабалардан жеткен сол игі дәстүрді жалғастырып, күнделікті өмірімізде қолдана білуіміз қажет. Оған мемлекет тарапынан, қоғамдық ұйымдардан қолдау көрсетіліп келеді. Соның бірі – еліміздегі Қоғамдық келісім кеңестерімен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған Аналар кеңестері дер едік. Рас, кейбір тұрмыстық мәселелерді шешу, тәрбиелеу мәселелерін талқылау, ұлттық құндылықтарды сақтау бағытында жұмыс істеу үшін аналар жиналған түрлі одақтар, кеңестер, бірлестіктер бұрындар да болған. Ал, ресми түрде ҚХА жанындағы Аналар кеңестері елімізде ұйымшылдықпен тез арада бір-екі ай ішінде құрылған болатын. Осының өзі бұл істің маңызды екенін көрсетсе керек. Сөйтіп, 2014 жылғы 13-14 қарашада елордада Аналар кеңестерінің I Республикалық форумы болып өтті. Қазіргі уақытта еліміздің барлық аймақтарында 16 облыстық, 47 қалалық, 270 аудандық, 1239 ауылдық аналар кеңесі жұмыс істейді. Сонымен қатар этномәдени бірлестіктер жанынан 105, кәсіпорындарда 33 аналар кеңесі құрылды. Олардың қатарында көп балалы аналар, патронат аналар, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның өкілдері, психологиялық-медициналық мекемелер, мемлекеттік құрылымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері, дағдарыс орталықтарының мамандары, этномәдени бірлестіктердің, әйелдердің қоғамдық ұйымдарының белсенділері, медиаторлар, жастар да бар. Аналар кеңестері ұлттық құндылықтарымыз жаңғыртып, жас ұрпаққа саналы тәрбие беретін өзіндік мектепке айналды десек те болады. Қазір жаһандану заманы жастарды сыртқы әлемге көбірек әуестендіретіні жасырын емес. Есесіне өздерінің ұлттық құндылықтарын жатсынып, біле бермейтін болды. Сондықтан аналар кеңесінің мүшелері жас ұрпаққа біздің ұлттық құндылықтарымыздың, тәлімді, тәрбиелік маңызы зор дәстүрлеріміздің мәнін түсіндіретін «Ақ отауға ақ бата», «Қазақтану», «Бесік жыры», «Төркіндеу» сияқты ұлттық жобаларға баса көңіл бөледі. 

       Осында игі істерді атқарып жатқан қоғамдық ұйымдардың бірі – Алматы қаласындағы Аналар кеңесі. Біздің ұжымның жылдар бойы атқарған жұмысын түгелдей тізіп шығу мүмкін емес, ол міндет те емес шығар. Ең бастысы біздің алға қойған өз анық мақсатымыз бар, соған байланысты жоспарлы түрде жүмыс жүргіземіз. «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» республикалық жобасының аясында «Бөтен балалар жоқ», «Аға ұрпаққа қамқорлық», «Балаларға қуаныш сыйла», «Мектепке жол» сияқты көптеген іс-шаралар өткізіліп келеді.

         Аналар кеңесінің жұмысы мен қызметінің басым бағыттарының бірі қайырымдылықты дамытуға жәрдемдесу, атап айтқанда, тұрмысы төмен отбасыларға, жетім балаларға, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға материалдық және моральдық қолдау көрсету болып қала береді. Алматы қаласы әлеуметтік әл-ауқат басқармасының «Әлеуметтік қызметтер орталығы» КММ Алматы қаласы ҚХА Аналар кеңесінің қамқорлығында. Әзербайжандар қауымдастығының қолдауымен 11 шілдеде «Аяла» әлеуметтік қызметтер орталығы КММ Алматы «Құрбан Байрам» мұсылман мерекесіне орай мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған 53 отбасы үшін қайырымдылық акциясы өткізілді. Ұйымдастырушылар азық-түлік себеттері түрінде гуманитарлық көмек көрсетті. 

         «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» республикалық жобасын жүзеге асыру аясында Алматы қаласы Аналар кеңесінің мүшелері бесік жыры байқауын өткізді. Байқауға аналар кеңесінің, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, сондай-ақ «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдері қатысты. Байқауға күрд, түрік, ұйғыр, поляк, неміс, Қырым татарлары, әзірбайжан, түрікмен, шешен, дүнген, Жетісу казактары одағы және өзге де ұлт өкілдері де қатысты. Байқаудың басты мақсаты-отбасылық құндылықтарды, ұлттық дәстүрлерді сақтау және өскелең ұрпақты тәрбиелеу. Байқауға қатысушылар өздерінің ана тілінде бесік жырын орындады және мұның бәрі алдын ала дайындалған бейнероликте көрсетілді. Әр орталық өзінің шығармашылық қабілеттерін көрсете отырып, өз халқының мәдениетін паш етті. Байқаудың қорытындысын шығарған қазылар алқасы конкурсқа қатысушыларды номинациялар бойынша марапаттады, барлығына құрмет грамоталары мен бағалы сыйлықтар табыстады. Айта кету керек, қатысушылар арасында әр түрлі жастағы өкілдер бар, мысалы, қатысушылардың бірі түрікмен мәдени орталығының өкілі, 10 шөберенің әжесі. Бұл кейінгі ұрпаққа ұлттық құндылықтар сабақтастығының жарқын мысалы. Бұл байқауды Аналар кеңесінің шешімімен дәстүрлі етіп, алдағы жылдарда да өткізу жоспарлап отырмыз.

         Жаңа оқу жылы басталар алдында Алматы ҚХА Аналар кеңесі жыл сайынғы «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын тұрақты түрде өткізіп тұрады. Бұған қаладағы түрлі этномәдени орталықтары белсене қатысады. Аналар кеңесінің мүшелері Республикалық дүнген этномәдени орталығының филиалының қолдауымен аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға көмек көрсетті. Жиырма екі балаға мектеп рюкзактары мен барлық қажетті кеңсе керек-жарақтары сатып алынды. Балаларды аналарымен бірге қалалық Достық үйінің мәжіліс залында, салтанатты жағдайда, мектепте табыс тілей отырып, барлық сыйлықтар табыс етілді. Осындай акциялар көптеген өзге де этномәдени бірлестіктерде өткізілді. 26 тамызда қалалық Достық Үйінде Қазақстанның ұйғырларының республикалық мәдени орталығының қолдауымен «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы өтті. Акцияның мақсаты, аз қамтылған, көп балалы отбасылар, жетім балалар және оқу жылының басына дайындық кезеңінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қатарындағы білім алушыларға материалдық және өзге де көмек көрсету және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу. Осы оқу жылында ұйғырлардың республикалық орталығынан барлығы 2000 балаға материалдық көмек көрсетілді. Сол күні республикалық Достық Үйінде Түрік мәдени орталығының Аналар кеңесі осындай акция өткізді. Аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан балаларды, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау мақсатында 50 балаға кеңсе керек-жарақтары бар мектеп рюкзактары табысталды. Жетісу ауданының 28 баласына мектеп тауарлары түрінде де көмек көрсетілді. Акция «Әуеайлақ» шағын учаскесінен Ұйғыр ЭКҰ Аналар кеңесінің төрағасы Сәбитова Михрибанның басшылығымен өткізілді. 30 тамызда әзірбайжан этномәдени бірлестігінің Аналар кеңесі де «Мектепке жол» акциясын қолдады.  

        Алматы қаласы ҚХА Аналар кеңесі тұрақты негізде түрлі балалар үйлерінің, әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының патронатын жүргізеді. 2 желтоқсан күні Халықаралық мүгедектер күні аясында әлеуметтік қызметтер орталығының балалары үшін «Қуану-өмір сүру!» іс-шара өткізілді. Қала мейрамханаларының бірінде «Аяла» орталығының тәрбиеленушілеріне арналған мереке ұйымдастырылды. Олар үшін жас таланттардың, қазақстандық эстрада жұлдыздарының, жас көрермендер театрының әншілерінің қатысуымен анимациялық шоу және концерт көрсетілді.

            Қалалық Аналар кеңесі жұмысының басты бағыты – балаларды қорғау, қолдау, жан-жақты көмек көрсету. Өйткені баланың жағдайын ана ғана жете біледі. Өкінішке орай ата-анасыз немесе өзге де қиын-қыстау жағдайда қалған балалар елімізде әлі де кездеседі. Балаларды қорғау күні қарсаңында Алматы қаласының Аналар кеңесі Қиын өмірлік жағдайдағы балаларды қолдау орталығында қайырымдылық акциясын өткізді. Іс-шара Аналар кеңесінің «Бөтен балалар жоқ» жобасын іске асыру аясында ұйымдастырылды. Балаларға бағалы сыйлықтар, үстел ойындары, балмұздақ және тағы да басқа аса қажетті сыйлықтар табыс етілді. Іс-шараны өткізуге «Ассамблея жастары» мүшелері және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Әбілфас Хамедов және Вакиль Нәбиевтер қолдау жасап қатысты. Сондай – ақ өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Абдулла Исматуллаев және корей мәдени орталығының мүшесі Юрий Шин айтарлықтай материалдық көмек көрсетті. Ал Жастар өкілдері балаларды қолдау орталығының балаларымен бірге ағаштар мен гүлдер отырғызды, сондай-ақ балалар үшін аниматорлармен ойын-сауық шоу-бағдарламасы ұйымдастырды.

      Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, «Ильдаш» татар гуманитарлық даму мәдени орталығының төрайымы Ниязова Нурия Аналар кеңесі мен этномәдени бірлестіктердің қолдауымен Алматы қаласы Білім басқармасының «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы» КММ балаларына Медеу - Шымбұлаққа тегін экскурсия ұйымдастырды. Балалар үшін арнайы бағдарлама дайындалды.

     Қалалық Достық үйінде ZOOM платформасында Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясы болды. Сессия Алматы қаласы әкімінің, Алматы қаласы ҚХА төрағасы Е.А. Досаевтың қатысуымен өтті. ҚХА мүшелері Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін қорытындылап, «Жаңа Қазақстан: жаңару және жаңғырту жолы» стратегиясы шеңберінде алдағы кезеңге арналған перспективалық міндеттерді айқындады. Отырыс барысында Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің негізгі бағыттары бойынша баяндамалар тыңдалды, оның ішінде Алматы қаласы ҚХА Аналар кеңесінің жұмысы туралы есеп тыңдалып, кеңес қызметін жетілдіру бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар тыңдалды. 

      Қалалық Аналар кеңесі бұрыннан жоспарда болған жұмыстарын алдағы жылдары да жалғастыратын болады. Сонымен қатар ата-аналардың және жалпы тұрғындардың ұсыныстарын ескере отырып жоспарларымзғ қосымша өзгерістер де енгізіп, іске асырамыз. Қазіргі кезде бала тәрбиесі үлкен мәселеге айналды. Олардың арасында қоғамға жат нашақорлық, құмар ойынға салыну, өзіне-өзі қол жұмсау сияқты оқиғалар да кездесіп қалады. Осының алдын алу үшін Аналар кеңесі қалалық білім беру және құқықтық органдарымен келісіп, меморандумға қол қойып, бірігіп жұмыс істейтін болдық. Бұл бала тәрбиесіне бағытталған бастама да өзінің оң нәтижесін береді деген ойдамыз.  

Махинур ИСРАИЛОВА,

Алматы қаласы ҚХА Аналар кеңесі төрайымы