ҰЛТТЫҚ ҮНЖАРИЯ: ҚОҒАМ ӨМІРІНІҢ АЙНАСЫ

ҰЛТТЫҚ ҮНЖАРИЯ: ҚОҒАМ ӨМІРІНІҢ АЙНАСЫ

Отандық бұқаралық ақпарат құралдарының арасында қастерлі елдік мүдде бағытында орасан еңбек атқарып келе жатқанымен, аты көп атала бермейтін бір ұжым – Қазақ радиосы. Құрылғанына ғасырдан аса уақыт өткен бұл мекеме, расында да, мұңы басым халықпен қатар жасасып, қоғаммен етене араласып кеткендей әсер қалдырады. 

Журналистің жан даусын естисіз бе?                   

АРМАНЫ АСҚАҚ ХАЛҚЫМЫЗБЕН ғасырдан аса біте қайнасқан Қазақ радиосының міндеті бертінде тіптен ауырлай түскендей көрінеді. Себебі, Тәуелсіздік жүгі жеңіл емес екен, кейінде кемел ел келешегін көксейтін әр зерделі ұланның жауапкершілік салмағын сәт сайын жіті сезінетіні анық. Азаттық жолында «мың өліп, мың тірілген» ұлттың қаншама ғазиз перзенттері құрбан болғаны да белгілі.

Енді осынау дербестікті баянды ету де оңайға түспейді. Шапса тұлпар тұяғы тозатын, ұшса қыран қанаты талатын ұлан-ғайыр Даламызға жақын да, алыс көршілеріміздің қай-қайсы да ежелгі көз сұғын қадау дағдысын қоя алмайтын шығар. Дүбірлі заманалар тоғысында ауа жая түскен Жаһандану деген «жалмауыз» және бар. Жер-жерде соғыс ошақтары көбейді. АҚШ секілді гиперимпериялардың дүние жүзіндегі демократияны реттеу желеуімен қиырда жатқан өзге елдерге озбырлық көрсетуі етек алды. Қазір Бағдатта жарылған бомба гүрсілі шалғай қыстақта отырған шаруа қазақты да тіксінтеді. 

Геосаяси, геоидеологиялық тартыстар алыс мемлекеттерді былай қойып, кеше ғана бір «шапаннан» шыққан ТМД елдері арасында да ширығып тұр. Қырғи-қабақ соғыс пен басқыншылықтың көбі қай құрлықта болсын ең алдымен «жер дауы, жесір дауынан» басталатыны түсінікті. 

Ал Нарық аталатын «мырзаңыз» өзіміздің кеңқолтық ағайынның өмір салтын да күрт өзге арнаға бұрды. Аз ғана аралықта ауыл тұрғындарының табиғаты танымастай өзгерді. Адамгершілік қасиеттер кейінірек ысырылып, ілгергі кезекке ақша мен дүние-мүлік шықты. Бір кезең ғылым-білім, мәдениет... өнер салалары ескерусіз қалуға айналды. Іргелі мемлекеттермен иық теңестіруге ұмтылатын елге аса қажетті өзге де көптеген құнды жәйттерге жете мән берілмей, «балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткені де жасырын емес. 

Сонда Тәуелсіздігінің отыз жылдығын атағанына аса көп өтпеген жас мемлекет әлемдік өркениет кеңістігіне осындай «жетістікпен» көтерілмекші ме?! Баяғы коммунизм құрылысшысының моральдық қағидалары, бір қарағанда қаншалықты «дұрыс» көрінгенімен, үрдісі қатал нарық заманына жарай қоймайды екен. Ендеше қандай жолды таңдаған жөн? 

Бұл бағытта, әрине, көп бас қатырудың қажеті жоқ, адастырмас Темірқазық – Ұлттық салт-санаға бет бұру қажеттігі түсінікті. Онда да жаңа заман талаптарын эмпиризмдік көзқарас арқылы, оның ішінде өз ата-бабаларымыздың даналығының көмегімен безбендесек қателеспейміз. Айталық, Абай атамыздың «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос!» деген өсиеті, әсіресе, қоғам мен жеке бастың, адам ара-қатынасы аспектілерінің маңызды екені айқындалған жаңаша кезеңде тіптен орынды сияқтанады. Бұл тұрғыда дамудың көкейге қонбайтын (мысалы, «таза қытайлық» немесе «тайландтық» аталатын) «дайын формулаларын» ұсынатын сәуегейлер «теориясынан» мүлде тың, яғни, тек өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізге бағытталған кәсіби әңгіме қажет еді. 

Міне, осы күрделі міндетті көптен бері бұқаралық ақпарат құралдарының ішіндегі ең шапшаңы және халыққа етене жақыны, әрі өте кең тарайтын Қазақ радиосы қызметкерлері атқарып келеді. Қарап отырсақ, Ұлттық радио әуе толқынына алпыстан аса бағдарлама шығарады екен. Онда қамтылмайтын сала жоқ десек жаңылыспаспыз. 

Мәселен, қазақ халқының тамақтану дәстүрінің дұрыстығы Батыс зерттеушілерін қайран қалдырған. Демек, бұл халықтың ауқаттану тәртібіне қатысты айтыла беретін бұрынғы сын мүлде негізсіз болып шығады. Сол сияқты көшпелілердің ертеден қалыптасқан Неке құру, Бала тәрбиесі институты да теңдессіздігімен тамсандырған. Бұған қарағанда, Қазақ даласының өркениет тамыры тым тереңде екен. Ұлт үнжариясының тілшілері сол мұралардан сыр тартып, халық жүрегіне жеткізуде бір сәт өздерінің сарапшы-саясаткердің де, экономист пен әлеуметтанушының да, заңгер мен психологтің де... жазушы мен тарихшының... тәрбиешінің де міндетін бірдей атқарып отырғанын аңдай ма, аңдамай ма? Әйтеуір, «артқаны алтын, жегені – жантақ» демекші, Ұлт мүддесі жолында аянбай тер төгіп жүрген осынау қиын да, қызықты және қастерлі кәсіп иелерінің жүрек лүпілін көзіқарақты тыңдаушы лайықты бағалай білсе жетіп жатыр!

 

                                Қазақ қауымы – айрықша аудитория 

    

 «ӘУ ДЕМЕЙТІН ҚАЗАҚ ЖОҚ» дегендейін, біздің ағайынның жүрегін ұдайы ән мен жыр буып жүретін әдеті. Оған жырқұмарлық мінез тағдырдың небір теперішін көрген ата-бабасынан дарыған. Сол себепті сәл нәрсеге ет-жүрегі елжіреп тұратын, мұңы басым ақынжанды адам қабылдайтын ақпаратының да көңіл қанаттандыратындай әуезді, әрі мазмұнды, әрлі-нәрлі болуын ұнатады. Сондай-ақ жауынгер халық ұрпағының жаны көбінесе еститін хабарының өзін рух беретіндей асқақ естілуін қалап тұрады. Олай болса қазақ радиожурналисі арқалайтын міндет одан сайын салмақтана түспекші. Яғни, әрбір хабарыңды әзірлеуде тілшілікке қоса суреткерлік керек! Айрықша ырғақ қажет!

Рас, публицистикаға әдетте «маусымдық», «науқандық» сипат тән. Бұл аса ұшқыр, жауынгер жанр болғандықтан айтар сөзіңізді телеграфтық мәнермен ықшам жеткізуіңіз тиімді деп есептелетіні мәлім. Алайда техникалық прогресс қарыштаған заманда АДАМ табиғатының құбылыстарын кең ашуға мүмкіндік туғызатын һәм дүниенің нәзік қалтарыстарын жалпылама сипатта емес, мейлінше нақты, өте дәл түсіну үшін ең алдымен ӘДЕБИЕТ пен ӨНЕРДІҢ жәрдемдесетіні белгілі ғой. Сондай-ақ көп айтылатын Жаһандану дәуірінде жоғары моральдық максимализмге ұмтылуда өзіміздің адамгершілік идеяларымызға сай келетін жалпыазаматтық рухани құндылықтарға жүгінуімізге тура келеді. Ал оған тек төл ұлттық дәстүрлер арқылы ғана қол жетпекші. Демек, тағы да елді шындық пен әлеуметтік әділетке ұмтылтып, өмірді шексіз сүюге жұмылдыруға тікелей қызмет ететін Әдебиетке мойын бұрамыз. Қазақ радиожурналисі осындай «рецепттерді» жіті ескеріп отыруға тиісті. 

Ол сондай-ақ тыңдаушысын ойлануға баулуы керек. Өйткені ойлану – өмір сүру! Алға ұмтылу! Бұл – қаңғырлаған желбуаз сөз емес. Айталық, кейінде халық әдеби шығарма оқуды, негізінен, доғарды. Ал оқымаса ой тоқырайтыны әуелден түсінікті жәйт. Кітап оқудың «сәннен» шығуына кері ықпал еткен түрлі себептер көп шығар. Электроника дәуірінің адамзат баласына тигізіп отырған пайдасы мен зияны бірдей. Біздіңше, оқырманның азаю сырының және бірі – дәлдүріш жазғыштар қатарының «нығаюында» жатыр. Халықтың кітап оқымауы - сол халтураның «жемісі»! Өйткені солардың сөреден түспейтін шатпырағынан көңілі суыған жұрт әлемдік классика туындыларын да көкжасық дүниелер деп қабылдауға көшкен. 

Енді бүгінде «өнер жұлдыздарының» халтурасы «гүлденіп» тұр. «Ұялмағанның бәрі әнші»! Бүйте берсе ел оларға да баруды тоқтататын күн туар. Солайша жеңіл пайда тауып, арзан атаққа құмартушылар қалың көпшіліктің талғам деңгейін тым төмендетіп жіберді. Міне, Радио осы келеңсіздікпен де табанды түрде күрес жүргізуге кіріскен. Өйткені бұл да кемел Ұлттың келешегіне кесір тигізбей қоймайды.

Ойланудың бір мұраты – «Өзіңді тану». Қытай идеологтары жастарды «Бүкіл әлем сенің өз бойыңда шоғырланған» деп үйретеді дейді. Өте қисынды сияқты. Біз де асылды ылғи айдаладан іздей бермей, өз маңайымыздан, көл-дария халықтың жүрегінен қарастырғанымыз жөн шығар. Қазақ радиосы бұл бағытта да небір ілкімді істерді атқарып келеді. 

Реті келгенде айта кетейік, кейінде кей ағайындардың ұлтқа қызмет ету идеясын орынды-орынсыз «Қазақ, қазақ!», «Ұлттық мүдде!» деп, халықтық ең қастерлі ұғымдарын әсіре ұранға айналдырып, аяқ асты ету дағдылары жиі көрініс береді. Сол жалған патриоттыққа құмарлықтың «зиялы қауым өкілдері» аталатын азаматтар арасында көп ұшырасатыны өкінішті. Ұлт радиосы осы ғадетке де тосқауыл қоюға тырысады. Көлгірлік пен бос дақпыртқа үйірлік кімге абырой әперсін!

Бұл тұста мойындаған жөн, мәселен, менің жұмыс барысында өзіме де, өзгеге де көңілім толмайтын кездерім баршылық. Кейде жоғарыдағыдай «хабарға көркем әдебиет элементтерін қолданса теріс болмас еді» дегендей өз пікіріңе өзің қайшы келіп, белгілі бір бағдарламалардан қыздың жиған жүгіндей тиянақтылықты... тақырыпқа сай нақтылық пен дәлдікті, дәйектілік пен деректілікті... терең білімді... қысқасы, жан-жақты кәсіби біліктілікті көре алмай қынжылып, қабаржып отыратын сәттер көп. Әр дүниенің мейлінше шебер шығуын қалайсың. Бірақ, амал не, шығармашылықтың заңы солай – ылғи парлап самғай беру мүмкін емес. Бірде тоқырайсың, бірде сүрінесің... Белгілі тақырыпты мейлінше биік дәрежеде қаузауға кейде арының жетпейді, кейде дарының жетпейді...

Әйтеуір, Ұлттың үнжариясы қашанда асқақ сөйлеуге құмартпайтындығымен, елдік мұраттар жолында қыруар міндеттер арқалап отырса да, орынсыз асып-таспайтын қазақтың дәл өзіндей қоңыртөбел мінезімен де ұнайды. 

Айдай арулар жанымызда жүр


МҰНДАҒЫ КӨПТЕГЕН РЕДАКЦИЯ қызметкерлерінің дені – қыздар. Сән-сымбат жағынан бірінен-бірі өтіп, көз жасындай мөлдіреп тұр! Әрине, іс сапасы журналист келбетінің сыртқы тартымдылығымен емес, маманның жоғары кәсіби деңгейімен өлшенбекші. Бірақ бұл жағынан да, «Ертеңнен салса, кешке озған, еңіске салса, төске озған» дегендейін, қыздарымыздың қай-қайсының да ерекше еңбекқорлығына тоқталсақ, асыра айтқандық болмас. Олардың бәрі де шығармашылық мүмкіндіктеріне қарай қанатымен су тасыған қарлығашша Ұлт келешегі жолында жандарын сала тер төгіп келеді. 

«Толқынды толқын қуады, толқыннан толқын туады» деп Мағжан ақын жырлайтынындай, жүз жылдан аса ғұмыры бар қасиетті Қазақ радиосы шаңырағының астында бұлардың қаншама қаракөз әпкелерінің қызмет еткенін ойлап, толғанасың. Шіркін, өмір, сол апаларымыздың да жалындаған жастық шақтары күнделікті күйбең тірлікте кездесіп жататын жеке түйткілдер мен түрлі сәтсіздіктерді жеңе жүріп туған елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаумен өтті-ау! 

Еске түседі, сонау ертеректе Қазақ радиосы Бас редакторының орынбасары Гүлсара Қабыланова «Өмір-өзен» хабарына кезекті кейіпкер таппай қиналып отырған журналист Самат Нұрланұлына: «Сен басқаларды қоя тұрып мына менің өмірімді жазшы! Естіген елдің етектері жасқа толсын!» деп әзілдепті. Сол айтқандайын, біздің аяулы журналист қыздардың да жас та болса әрқайсының маңдайларына жазылған өз тағдырлары бар. Өз әлемі... Жер бетіндегі адамзат баласының бәріне тән әлеуметтік -тұрмыстық тұрғыда бастан кешетін үлкенді-кішілі тауқыметтері бар. Ұлттың ғасырлар бойғы арман-сағынышын, ата-бабаларымыздың ұрпақтан-ұрпақққа жалғасып келе жатқан мұң-наласының да табын осылардың бойынан таба аласыз. Демек, бұлар ҚАЗАҚТЫҢ нағыз тұнып тұрған жан-жүрегі! Бәлкім, олардың сөзінің көбіне халық көңілінен шығып, көкейге тез қонып жататыны да сондықтан да шығар!.. 

Осындайда бір мезет, неліктен екенін, сонау сұрапыл соғыста түн қатып қатыгез жаумен арпалысқан қаһарман Әлия мен Мәншүк апаларымыздың кескіндері елес беріп өтеді. 

Кейде маған ғаламдық саясат сахнасына шыққан жас мемлекеттің ақпарат айдынында қазақ қыздарының көш бастауы заңдылықтай көрінеді. Бұрынырақта жазылған әңгімелерімде бір-екі мәрте «Қазақты ел қылып отырған, негізінен, намысқой қыздары!» дегендей ойды тұспалдап жеткізгенім бар еді. Бұл жолы ашық айтсам артық етпес, аса әріге де бармай-ақ, баяғы Желтоқсан көтерілісінде алаңға алғашқы боп шырылдап шыққан құрбыларымыз екенін көзіміз көрген! Немесе отбасыларын сонау елді тоз-тоз қылған тоқсаныншы жылдарғы «өтпелі кезеңнің» қиындығынан сүйреп жүріп алып шыққан да Қазақ Әйелі болатын! Енді, міне, солардың сіңлілері әлемдік кеңістікке көз тіккен балғын елдің идеология майданының алғы шебінде жүр!

Біз бұл сапар Қазақ радиосы өмірінен аз ғана сыр қозғауға талпындық. Ал мұндағы сайдың тасындай іріктелген тілші жігіттердің еңбегі туралы сөз бөлек... 

Құлан САҒАТҰЛЫ,

Қазақ үні