ҚАМКӨҢІЛ ЖАНДАР ҚАМЫҚПАСЫН

ҚАМКӨҢІЛ ЖАНДАР ҚАМЫҚПАСЫН

Алматы облысына Қарасай ауданы Қаскелең қаласындағы «Күш қуат» оңалту орталығы мүгедектігі бар азаматтардың қимыл-қозғалысын қалыпқа келтіру жолында жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқан мекеме. Осынау мекеменің тыныс-тіршілігімен толығырақ танысу үшін орталық басшысы Асылбек Жалдыбаевпен сұхбаттасқан едік. 

 – Асылбек, ең әуелі әңгімемізді «Күш қуат» оңалту орталығының қалай ашылғанынан бастасақ... 

 – Аталмыш ұйымның ашылуына ойламаған жерден басыма сынақ түсуі себепші болды. Менің өмірден түйгенім – ешбір адам өз басынан өтпейінше, өзге жанның жағдайын түсіне алмайды екен. 2002 жыл болатын. Ойда-жоқта жол апатына ұшырадым. Жұлыным өте қатты зақымданды. Тіпті, қимыл- қозғалысым шектеліп қалды. Дәрігерлер денсаулығымның қайта қалпына келуі неғайбыл екенін ашық айтты. Осындай қиын шақтарда анам мен бауырым мені қолдап, алға қарай нық қадам басуым үшін күш-жігер берді. Барлық күтімімді жасады. Анамның ақ тілегі мен қолдауы осындай қиын сәтте маған үлкен демеу болды. Денсаулығым оңала бастаған соң, өзім сияқты мүгедектігі бар азаматтарға қолдан келгенінше көмектескім келді. Сөйтіп осы «Күш қуат» оңалту орталығын аштым. 

– Кәсіп бастау оңай іс емес. Сіз үшін осынау орталықтың жұмысын дөңгелетіп әкету оңай болмаған шығар? 

– Барлық іс ә деген беттен оңай жүріп кетті дей алмаймын. Дегенмен, кәсіпті бастау үшін, жүргізу үшін ең бастысы ниет керек емес пе. Ниет оң болса ғана, ісің де алға өрлейтіні сөзсіз. Орталықты ашқандағы түпкі мақсатым – ақша тауып, пайдаға кенелу емес еді. «Кемедегенің жаны бір» демекші, өзім сияқты жандарға қолдау көрсетуді, олардың үміт үзбей, алға қарай адымдауына ықпал еткім келді. Осы мақсат, осы оймен жүріп, 2018 жылы «Бастау Бизнес» бағдарламасына қатысып, грант жеңіп алдым. Сөйтіп, «Атамекен» палатасының ұйытқы болуымен кәсіпкерлікті бүге-шүгесіне дейін меңгердім. Жаратқан иеміз жар болып, сүрінгенге сүйеу болар «Күш қуат» орталығы ашылды. Бүгінде мүгедектігі бар азаматтардың денсаулығының түзелуіне шама-шарқымызша септігімізді тигізіп келеміз. 

 – «Күш қуат» оңалту орталығының қызметіне жүгінетін жандармен жұмыс істеу жайына тоқталсаңыз... 

– Орталығымызға келіп ем алушылардың әрқайсысының жағдайы әртүрлі. Ең бірінші кезекте әрбір емделушіні жеке-жеке қабылдап олардың денсаулығымен қатар, жан дүниесіне үңілеміз. Кейбір емделушілерге психологиялық тұрғыдан қолдау көрсетіп, оларға мүмкіндігінше алға жетелейміз. Әрі күн сайынғы тұрақты түрде жасалатын жаттығулар мен қабылдайтын емнің әрбірінің оң әсері барын мүмкіндігінше жеткіземіз. Одан әрі орталығымыздағы арнайы медициналық білімі бар тәжірибелі мамандарымыз әр науқастың денсаулығына, жасына байланысты жеке-жеке емдік бағдарлама құрады. Одан әрі аталмыш бағдарлама аясында жүйелі түрде жұмыс жүргізуді қолға аламыз. Тиісті құрылғылармен жасалатын жаттығулардың адамның бұлшықеттерінің қимыл-қозғалысын қалыпқа келтіруге әсері мол.Әрбірінің науқас жандардың денсаулығының түзелуіне септеседі. Орталығымыз ашылғалы бері қаншама жанның өмір сүруге құлшынысын арттырып, денсаулығын нығайтуға көмектесіп келеді. Сонымен қатар, бізде қатып қалған баға жоқ. Келушілердің әрбірінің жағдайын, мүмкіндігін назарға алуға мүмкіндігінше тырысамыз. 

– Асылбек, осы тұста сіздің өзіңізбен тағдырлас жандарға қажетті құрал- жабдықтарды жасап шығару ісімен де айналысатыныңызды білеміз. Осы туралы толығырақ айтып берсеңіз... 

– Иә, жоғарыда тоқталғанымдай, біз бір-біріміздің жағдайымызды айтқызбай-ақ ұғамыз. Сынақ әрбірімізге беріледі. Бірақ кез-келген жағдайда сынып кетпей, бір орында тоқтап қалмай барынша қимыл-қозғалыста болуымыз керек. Мәселен, мен арбаның көмегіне сүйеніп жүретініме қарамастан, көлік жүргізуден өзімді шектеп қойғым келмеді. Сондықтан көлікті қолмен басқаруға арналған құралдың көмегімен бүгінде көлігімді өзім жүргізіп келемін. Әрі осы құралды өзіміздің цехта өндіріп, талай азаматтың атқа қайта қонуына мұрындық болдық деп айта аламын. Сондай- ақ, қимыл-қозғалысты қалпына келтіруге арналған құрал-жабдықтарды отандастарымыз бұрындары 2,5-3 млн. теңгеге Германиядан сатып алатын. Бес жылдан бері осындай құрал-жабдықтарды жасап шығаратын шағын цехты іске қостық. Ондағы мақсат өзім сияқты азаматтардың қол жетімді бағада құрал-жабдықтарды сатып алуына жағдай жасау. Олардың денсаулықтарының түзелуіне аз да болса үлес қосу. Сонымен қатар, еліміздің өзге аймақтарындағы осы бағытта кәсібін ашқысы келетін жандарға да қолайлы бағада құрал-жабдықтар алуына мүмкіндік жасап келемін. Ондағы мақсат – еліміздегі әрбір жанның денсаулығын жақсартуға жәрдемдесу. 

 – Асылбек, сөз соңында қоғамдағы ерекше жандарға бір ауыз лебізіңізді білдірсеңіз... 

– Кез-келген сынақ адамға одан әрі даму үшін беріледі. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деп ұлы Абай атамыз айтқандай, әрқайсымыз өмірден өз орнымызды табуға тиіспіз. Жер бетіндегі әрбір адамға қажетті қарым-қабілет берілген. Тек оны біз тиімді пайдалана білуіміз керек. Өмір бізге бір-ақ рет беріледі. Сондықтан біз жәй ғана өмір сүріп қоймауымыз керек. Үнемі ізденіп, ылғи алға қарай ұмтылған кезде ғана белгілі нәтижеге қол жеткізе аламыз. Қиналсақ та кез-келген кедергіден аламыз. Әрбір адам – қайталанбас тұлға. Адам ретінде айналамыздағы көмекке зәру жандарға қол ұшын бере алсақ, бір-бірімізді қолдай алсақ, бір- бірімізді қорғай алсақ, бір-бірімізге мейірім нұрын төге алсақ онда өмір сүру әлдеқайда жеңілірек болар еді. Үзілген үміттерді қайта жалғауға титтей де болса үлесімді қоса алған болсам онда бұл өмірдегі менің адам ретіндегі миссиямның орындалып келе жатқаны. Жаратушы иеміз ешбіріміздің мүмкіндігімізді шектемеген. Сондықтан әрбіріміз өзімізге берілген зор мүмкіндікті тиімді пайдалана білейік! 

 Гүлмира САДЫҚ,

Қазақ үні