ҚАЙСАРЛЫҒЫНА ТӘНТІМІЗ!

ҚАЙСАРЛЫҒЫНА ТӘНТІМІЗ!

Алматы облысы Қарасай ауданы Қаскелең қаласының тұрғыны Азамат Оразбек отызға жетпей-ақ орда бұзған азамат. Кішкентайынан тағдырдың сынына ұшырағанына қарамастан, өмірден лайықты орнын тапқан жан. Параолимпиада ойындарында үстел теннисінен Қазақстанның тоғыз дүркін чемпионы атанып, халықаралық додаларда да топты жарып жүрген жігітпен аз-кем тілдесудің сәті түскен еді.

– Әңгімемізді өзіңіздің балалық шағыңызға саяхат жасаудан бастасақ...

– Мен Қызылорда облысында туып-өстім. Өзге жеткіншектер секілді ойын баласы болдым. Осындай бір балғын шақтың бақытты кезеңдерінде ойда-жоқта қуатты трансформаторға токқа түсіп қалдым. Осы жағдайдан кейін дәрігерлер екі қолымды да кесіп тастауға мәжбүр болды.

Кішкентай кезімде бұған соншалықты мән бере қоймаппын. Он екі мүшеңнің сау болғанына не жетсін, әрине?! Есейе келе, бұл сынақты да қабылдау қажеттігін ұғындым. Сөйтіп, бір орында тоқтап қалмай, тек қана алға адымдауды өз дағдыма айналдырдым. 

– Сонда ілгері жетелеген нендей күш?

– Осы оқиғадан кейін анам маған бұрынғыдан да қатты көңіл бөле бастады. Менің спортқа деген қызығушылығымды байқаған соң, бетімнен қақпай, белімді буып, ынталандырудан танбады. «Тек еңбектенсең болды, сонда биіктен көрінесің» деп барынша қолдау көрсетті. Алғаш мен он жастан асқан кезде спортқа бет бұрдым. Сонда анамның көзінен маған үлкен үміт артып тұрғанын аңғаратынмын. Сол бір үмітті қайткен күнде де ақтаймын деп өз-өзіме серт бердім. Сөйттім де барынша тер төгуге тырыстым.

– Спорттың осы бір түрімен айналысу сізге қиындық туғызбай ма?

– Жоқ керісінше, спорт менің жаныма рахат сыйлайды. Үстел теннисін ойнау арқылы денсаулығымды нығайта түстім десем, артық айтқаным емес.

Алғашқыда Қазақстанның әрбір аймағанда бақ сынап көрдім. Ә деген бетте-ақ жеңімпаз атанып кеткен жоқпын. Бұл жолда биікті бағындыру үшін қаншама уақыт үздіксіз жаттығумен болдым. Еселі еңбегім біртіндеп жемісін бере бастады. Ел көлеміндегі жарыстарда жүлдені қолда бермей жүрдім. Одан әрі Қазақстан құрамасына қабылдандым. Кейін халықаралық додаларға қатысуға жол ашылды. Сөйтіп, ең алғаш рет үстел теннисінен Йорданияда өнер көрсетіп, жүлделі үшінші орынды иелендім. Бұл менің әлемдік деңгейдегі жетістіктерімнің басы болатын. Қазіргі таңда әлемнің біраз бөлігін аралап, бағымды сынап жүрмін. Бұдан кейін де қаншама рет жеңіс тұғырынан көрініп, жеңімпаз атанып жатқан жайым бар. 

– Азамат, сіздің әуелетіп ән шырқайтыныңыздан да хабардармыз. Осынау өнеріңіз туралы да тарқатып айтып берсеңіз...

– Әншілік те маған Алланың берген үлкен сыйы деп білемін. Бойыңда қандай да бір өнер болса оны тұншықтырып қоймай, сыртқа шығарған жақсы деп жатады ғой. Әуелеген әсем ән кейде құлағымнан кетпейді. Өнерге деген ынтызарлық кейде сахна төріне алып шығып жатады. Күні бүгінге дейін бірқатар әндердің авторы атанып үлгеріппін. Осынау туындыларымның арасында жаныма жақыны – «Анашым» әні. Себебі, бұл ән арқылы өзімнің ғана емес барша жанның анаға деген құрметін жеткізе алдым деп есептеймін. Әнші ретінде өнер көрсету менің – хоббиім әрі табыс көзімнің бірі. Себебі, ер азамат үнемі аттың үстінде жүруі керек деген ойдамын. Сондықтан қолдан келген істің бәрімен мүмкіндігінше айналысып, Жаратқанның берген ризық-несібесін теріп жеп жүрген жайым бар. 

– Еңбекке деген құлшынысыңыз талай жанға үлгі етуге тұрарлық екен...

– Мұныңыз артықтау шығар. Меніңше әрбір ер азамат өзінің отбасы үшін қолынан келген істі атқарудан ешқашан аянып қалмайды деп есептеймін. Мәселен, мен үш перзенттің әкесі ретінде оларға тиісті жағдайды жасауым қажет. Отағасы болғандықтан барлық жауапкершілік жүгі өзімнің мойнымда. Сондықтан тынбай еңбектенуді – әкелік міндетім деп есептеймін. Әрине, кез-келген жұмысты атқару барысында ауырсыну, шаршау болады. Бірақ ондай кішігірім қиындықтарға мойымай, одан әрі белді бекем буып, тынымсыз тірлік етуіміз керек. 

Мемлекет тарапынан да қажетті қолдау көрсетіліп келеді. Бірақ мемлекетке қарап алақан жайып, қол қусырып отыра беру са жараса қоймас. Себебі, «Жаңа Қазақстанды» жасайтын сіз бен мына біз. Әрбіріміздің еткен әрекетіміз белгілі бір деңгейде отбасымыздың ғана емес, мемлекетіміздің дамуына ықпалын тигізетіні сөзсіз. Сол себептен де Тәуелсіз Қазақ елінің жарқын болашағы үшін жалынды жас ретінде барлық күш-жігерімізбен жұмыс істеуге тиіспіз деп санаймын. Сонда ғана қоғамның дами түсуіне мұрындық боламыз деп білемін. 

– Әңгімеңізге рахмет! Сіздей жігіттердің қайсарлығы тәнті етеді. Қашан да жеңіс тұғырынан көрінуіңізге тілектеспіз!