ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ – ҰЛТ ҚАЗЫНАСЫ

ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ – ҰЛТ ҚАЗЫНАСЫ

Сонау көне дәуірлерден бастау алатын, өзінің тарихи тәжірибесімен, игі салт, ізгі дәстүрлерімен мақтана алатын халықтың бірегейі – қазақ ұлты десек қателеспейміз. Халқымыздың осындай тамыры терең кеткен, тарихымен бірге жалғасып келе жатқан рухани байлықтарының бірі отбасы құндылықтары. Тіпті біздің рухани құндылықтарымыздың негізі де осы отбасылық дәстүрімізде жатыр десек те болады. 

     Отан отбасынан басталады деген ұлағатты ұғым бар. Қандай дамыған қуатты мемлекет болса да жекелеген отбасынан құралады. Елдің ертеңі де сол отбасынан шыққан әрбір азаматтың ерік-жігеріне, еңбегіне, біліктілігне байланысты. Адамзат атаулының өзі осы отбасы құрылымынан өту арқылы қалыптасқан. Сондықтан отбасы мәселесі ешқашан күнтәртібінен түспеуі керек. Қоғамның, заңның өзгеруіне қатысты оны дамытудың жаңа әдістері мен мақсаттарын алға қоюға міндеттіміз.

      Уақыт және күнделікті тәжірибе көрсетіп отырғандай, отбасы мәселесі әр елде әртүрлі қаралып келеді. Өйткені әр ұлттың қалыптасқан өзіндік менталитеті бар. Оған қоса сол мемлекеттің отбасына қатысты ұстанған саяси бағыты болатыны да белгілі. Ол әсіресе алдымен демографиялық жағынан анық көрінеді. Мысалы, Қытайда халық санының күрт өсуіне байланысты бала тууға шектеу қойылды. Ал АҚШ және бірқатар Батыс елдерінде «баласыз отбасы» деген сәнге айналғаны белгілі. Өкінішке орай біз Батысқа еліктегішпіз. Соған байланысты елімізде ешқандай шектеу болмаса да дүниеге ұрпақ әкелу кейбір жылдары бәсеңсіді. Оның басқа да түрлі себептері бар. Елімізде жүргізілген сауланамалар мен ажырасу фактілерін сараптау қорытындысы бойынша ең басты себептердің бірі жас отбасыларының төмен тұрмыстық жағдайы екен. Баспанасыз пәтерден пәтерге көшіп жүру, жұмыссыз қалу, жұмыс болған күннің өзінде айлық жалақыларының мардымсыздығы шаңырақтың шайқалуына алып келетін кездері жиі орын алатынға ұқсайды.             

           Алдымен ҚР Ұлттық статистика бюросының мына бір соңғы мәліметіне назар аударып көрелік. Өткен 2022 жылғы қаңтар-желтоқсан аралығында Қазақстанда 128,5 мың жұп шаңырақ көтерсе, 17,7 мың отбасы ажырасқан екен. Қзір елімізде мыңға жуық жалғызбасты аналар бар екендігі де айтылып жүр. Бұл алаңдатарлық көрсеткіш. Өткен бір жылда осы мәлімет бойынша 2021 жылдың 12 айымен салыстырғанда заңды некеге тұрғандар саны 8,4% азайған.Неке коэффициенті 1000 адамға 6,46 пайызды құрайды. Дегенмен ажырасу жағдайы да 2021 жылғы деңгейден 8,1% төмен болыпты. Әрине, отбасындағы ерлі-зайыптылардың ажырасуының азайғаны қуантарлық жағдай. Бірақ бұл көрсеткіш біздің ел үшін тым көп болып есептеледі. Оның ең басты себебі, кең-байтақ жерді иемденіп отырған қазақ ұлтының саны тым аз. Ел байлығын, мемлекеттің қуаттылығын арттыру үшін халқымыздың санының әлі де арта түскені жөн.

     Елімізде ерлі-зайыптылардың ажырасуы азайды деп масайрамай, шетелдерге еліктемей, отбасы институтын сақтау үшін өз халқымыздың, өз ұлтымыздың құндылықтарын әрбір отбасы мүшелерінің санасына сіңіру қажет. Қазақ атамыз үлкенді сыйлау мен кішіге қамқор болуды о бастан дәріптеп келген, отбасын ойрандатпауға көп күш жұмсаған. Біріншіден, әке мен шешенің арасындағы қарым-қатынас жақсы болғаны дұрыс. «Ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі» дейді халық даналығы. Бала әке-шешесіне қарап өседі. Әке-шешесі тату болса, өскен соң баланың бойында отбасын құруға деген ынта мол болады. Ал егер күнде үйде ыдыс-аяқ сынып, айғай-шудан арылмаса мұндай баланың сана-сезімінде отбасына деген жаман, тіпті жиіркенішті теріс ұғым қалыптасады. Сондықтан мемлекет тарапынан ұлттық идеологияға үлкен мән берілуі керек. Ұлттық идеологияны қалыптастыру бір ғана отбасы мәселесін ғана шешпейді, өзге де салаларда оң нәтиже берері анық.

      Қоғамдық жүйенің аусуына, шетелдік сыртқы әсерге байланысты отбасы құндылықтары адамдар санасында біраз өзгеріске ұшырағаны белгілі. Бірақ бұл маңызды мәселе елімізде мемлекет тарапынан ескерілмей қалды деуге болмайды. Атап айтар болсақ, 1995 жылы Қазақстан Президенті жанынан Отбасы, әйелдер және демографиялық саясат мәселесі бойынша кеңес құрылды. 1998 жылы бұл ұйым ресми түрде Қазақстан Президенті жанындағы Отбасы және әйелдер ісі бойынша ұлттық комиссиясы болып өзгерді. Тиісінше, оның шекарасы мен алар орны кеңейді, құқықтық құзіреті өсті. Қазір комиссияның еліміздегі барлық облыстарында және Астана, Алматы қалаларында өкілдіктері бар. Ұлттық комиссияның отбасылық саясатты дамыту, ұрпаққа үлгілі тәрбие беру жөніндегі алдағы жылдарға арналған жоспары бекітіліп, өңірлерге таратылған. Соны негізге алып, облыстар өзінің өңірлік ерекшеліктерін ескере отырып, іс-шаралар жоспарын жасап, тұрақты жұмыс істеуде. Сонымен бірге Қазақстанда Бала құқығы бойынша өкілетті институт құрылып, 2030 жылға дейінгі Отбасылық және гендерлік саясатқа қатысты тұжырымдамасы қабылданды.Ұлттық комиссияның ұлттық отбасыны насихаттау жөніндегі үлкен іс-шарасының бірі – «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы. Байқауға қатысуға тілек білдірген отбасылардың саны жыл санап еселеп артып келеді. Осы байқау арқылы жас отбасы өзін-өзін тәрбиелеп жатыр, алдындағы аға-апа буыннан үлгі алып жатыр деуге әбден негіз бар. Байқауға белсенді қатысудың өзі республикада мемлекет пен қатардағы қарапайым халықтың отбасыға деген көзқарастың қандай екенін көрсетіп отыр. 2013 жылдан бастап қыркүйек айының әр жексенбісінде Қазақстанда отбасы күні өткізіледі. Бұл да елімізде отбасы құндылығының жойылмағанының көрінісі.

      Отбасылық құндылықтарды сақтау мен дамытуды тек қана мемлекеттік бағдарламаларға сүйенбей, ұлтық мүддені биік қоятын әрбір отбасы, әрбір азамат өзінің парызы деп есептеуі қажет. Сонда ғана әрбір отбасында өскен тәрбиелі, білімді ұрпағымыз еліміздің ертеңгі жарқын өмірін өз қолдарымен жасайтын болады.

Айгүл БАЛТАБАЕВА,

Қазақ үні