Шипагер туралы жыр
2023 ж. 23 ақпан
896
0

Медицина саласынының маманы атану кез-келген жанның қолынан келе бермейтін іс екені белгілі. Осы тұста еліміздің денсаулық сақтау саласының дамуына елеулі үлес қосқан ақ халатты абзал жан Нәзипа Әшімова туралы сырды оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
(Нәзипа Әшімова жайлы бір үзік сыр)
«Менің «5» алуым керек!»
-Екінің бірінің жүрегі дауалай бермейтін дәрігер болам дейтін шешімге қалай және қашан келдіңіз?
-Дұрыс айтасыз, мен мектепте оқып жүргенде дәрігер болуды армандадым, оларға қызыға қарайтын едім, бірақ, «боламын!» деуге жүрегім дауалай бермеді, орыс тілді нашар білемін, оны жақсы білмеген адамға дәрігер болу қайда деп ойлайтынмын.
-Шардарада ол кезде орыс көп емес пе еді?
-Көп болғанымен, біз олармен араласпадық. Балабақшаға бармадым. Менің әкем Шәмші Қалдаяқовпен техникумда бірге оқыған, зоотехник еді. Құмның ішінде тұрдық. Алдымдағы ағаларым интернатта жатып оқыды. Мен мектепке баратын кезде әкем Шардараға көшіп келді, слесарь, шофер болып жұмыс істеді.Тек мектептің оқу бағдарламасымен орысша жақсы біліп шығу қиын еді ғой.
Мен 11-наурызда, өзімнің туған күнімде комсомолға өттім, ертесіне мені мектептің комсомол ұйымының хатшысы етіп сайлады. 8-ші сыныпта оқимын. Жоғарғы сыныпта оқитын балаларды басқардым. Өте белсенді едім. Өзім кілең «беске» оқимын, алтын медаль алатынымды 9-сыныпта жүргенде-ақ білдім. Оқушылар директордан емес, менен қорқатын. Нашар оқитындарды жиналысқа саламын. Аудандық комсомол комитетінің бюро мүшесі болдым. Менің комсомолға өтуге даярлап апаратын балаларым тақылдап тұратын. Оның Александр Бабич пен Құттыбек Сарманов есімді хатшылары болды, олар мені Шымкентке облыстық жиналыстарға ертіп апаратын. «Южная» деген қонақүйге түсетінбіз. Таңертең мені оятатын, «Нәзипа, тұрдың ба?» деп. Ол кезде Шымкентте жалғыз кафе бар, «Солнечное» деген, соған тамаққа барамыз, өздері аздап ішеді, маған лимонад құйып береді. Шашым жалбырап қастарында жүремін. Бабичтің маған: «Сенің кейін кім болатыныңды білмеймін, бірақ, халыққа керек адам боласың» деген сөзі есімде қалды.
Патриоттық сезім менде комсомолда жүргенімде оянды. Өзімді мектеп директорынан кем көрмейтінмін. Оның кабинетінің қасында менің өзімнің кабинетім болды. Мектепте алтын медальды алғаш алған мен едім. Мұғалымдарымыз мықты еді ғой. Соның өзінде олар институтқа барғанда «төрт» алып қалмасын деп, Қойланов деген ағайымыз ботаника, зоология, анатомия, биология пәнінен мені бір жыл дайындады. Ұстаздарым «қорықпа, тілді үйреніп кетесің, пединститутқа емес, мединститутқа бар, саған берер атамыз сол» деді. Бабич болса, «сен осында қал, келесі жылы 18-ге толасың, біз сені партия қатарына қабылдаймыз, жоғары партия мектебіне жолдама береміз, сенің партия жолына түскенің дұрыс» деді. Оған да тіл білмеймін деп тайсақтап көнбедім, тіл білгенімде қайда жіберсе де кете берер едім.
Қалипа әпкем мені Алматыға апарып, жатақхана алып берді де, қайтып кетті. Күніге институтқа барып қараймын, ең көп құжат тапсырылып жатқан емдеу факультеті, содан кейін педиатрия, сосын стоматология екен. Емдеуге түскім келсе де, өзімше сақтанып, педиатрияға, шілденің 31-күні, ең соңы болып құжат тапсырдым.
Тамыздың 4-күні емтихан болды. Түске дейін тағы дайындалдым. Барсам, микрофоннан бір жігіт, студент болса керек, «Ашимова, Ашимова» деп шақырып жүр. Сөйтсем, емтихан бітіп жатыр екен, студент маған «қайда жүрсің?!» деп ұрсып алды да, ертіп апарды. Аудиторияда 3-4-ақ абитуриент қалыпты. Билет алдым. Бәрін білем. Жазайын десем қолым қалтырайды ғой... «Дайынмын» дедім. «Жазыңыз» дейді емтихан алушы апай. «Қолым қалтырап тұр...» «Жазбасаңыз болмайды, ол қағаз бізде қалады». Амал жоқ, төрт сұраққа 1,2,3,4 деп, басты айтар жауаптарымды тізіп, аз ғана жаздым. Қоймадым, апай мен ағайдың алдына бардым. Айтып жатырмын. Ал, ол екеуі сөйлесіп отыр. Мен тоқтадым. «Айта бер» дейді. «Қалай айтамын, сіздер тыңдамай отырсыздар ғой?» деймін. «Мен мектепті алтын медальмен бітірген бірінші оқушымын, «бес» алуым керек» деп қоямын. Барлық сұрақтың жауабын айтып болдым. «Бара бер» деді. «Бармаймын, маған «төрт» қоймаңыздар, сұрақ қойыңыздар» деймін тақылдап. «Бара беріңіз» деді. «Төрт қоятын болды ғой» деп тұрмын. Оқытушы апай шығып, бір қағазды қолыма ұстатты. Әлі есімде: «5 (пять») деп жазыпты. Жылап жібердім. Тоқтай алсамшы. Көшеге шықтым. Әлі жылап тұрмын. Бір апай қасыма келіп, «жылама, биыл түспесең ендігі жылы түсесің» деп жұбатып жатыр...
Бір жігіт келіп: «Нәзипа, неге жылап тұрсың?» деді. Танымаймын, Сөйтсем, бізден екі сынып жоғары оқыған екен, мені танып, көмек керек пе деп бұрылыпты. «Оқуға түстім» дедім. «Оқуға түссең жылайсың ба? Жуайық» деді. Тамаққа апарды мені. Қайтып сол жігітті көрмедім. Атын да сұрамаппын...
Мен сол қағазды ұстаған күйімде, үйдегілерді тезірек қуантайын деп, ауылға кетіп қалдым. 30-тамызда келсем, медалистің бәрін жинап, екі апта құс фабрикасында жұмыс істетіпті. Мені топтың старостасы етіп қойыпты. Өзім орысша білмеймін. Екі ақ бантигім бар, тастамаймын. Сол топта бірге оқыған Зоя деген құрбыммен троллейбуста таныстым. Ол болса әлі күнге дейін менің сол бантигімді жыр қып айтып жүреді.
«Әшімовтің қарындасы»
Мақтаға баратын болдық. Соның алдында декан шақырып, мені проректорға ертіп барды. Қарымбаев деген кісі екен: «Шырағым, мектепті алтын медальмен бітіргеніңе қоса үш жыл комсомол ұйымының хатшысы болып істепсің. Біз сені Мәскеудегі 2-мединститутқа оқуға жібереміз. Жатақханаға, екі адамдық бөлмеге орналасасың. Бітірген соң осында ораласың, өзіміздің маманымыз боласың» деді.
Мен тілден қиналып жүргенімді айттым, Мәскеуде бұдан да ауыр болса қайттім?.. «Уайымдама. Ол жерде өзің секілді жан-жақтан келген студенттер үшін ұлттық топ құрылады, үйреніп кетесің. Тіпті үлгере алмасаң, алты айдан кейін қайтып келесің, орның сақталып тұрады».
Келістім. Келіспесіме болмады, жеріне жеткізе айтты проректор. Оның үстіне үлкенді сыйлап өскен елдің баласымыз ғой. Бір-екі күннен кейін бір қызметкерімен Төрегелді Шармановқа, Денсаулық министріне жіберді. «Дайынсың ба?» деді ол кісі. Оған мен үйімдегілердің қарсы болып жатқанын айттым. Ол қайтадан Қарымбаевқа жіберді.
-Үйіңде кім қарсы сонда, анаңыз ба, әкеңіз бе?
-Екеуі де. Қалың орыстың ішіне барғанымды қаламады, қысқасы. Қарымбаев қапа болды: «Біздің қазақтың тірлігі осы ғой, басыңа қонған бақтан айрылдың, - деді. - Мен кәзір орыс мектебін бітіргендерге айтайыншы, олар қуана-қуана кетеді...»
-Мәскеудің орнына Мақтааралға тарттыңыз сөйтіп?
- Амал жоқ... Ол жақта әшейінде мақта тере алмайтын мен, 50-60 келіммен рекордсмен атандым. Қаланың қыздары күні бойы белі майысып 4-5 келі зорға тереді. Келесі жылы темекіге апарды, онда 500 келі теріп, газетке шықтым. Көзге түсу үшін термеймін, бейнеткештігім ғой сол жасымнан. 3-курста Көкшетауға астық жинауға бардық. Мектептің спорт залына жатқызды. «Малының бәрі семіз болады екен» деп жүрмін мен. Қыздар біріне бірі қарайды. Сөйтсем, ол жақта тамаққа өңкей шошқа сояды екен ғой. Ал, ұшынып ауырайын...
-Менің де басымнан өткен дәл сондай жағдай, жақсы білемін оны.
-Бірте-бірте тек гарнирін жеуге үйрендім. Сөйтіп жүргенде көрші кеңшарға Министрлер Кеңесінің төрағасы Бәйкен Әшімов келді. Түскі аста мен «Әшімов менің ағам ғой, тек маған ешкімге айтпа деген. Кәзір барып айтсам ба екен, қайда тұрып жатқанымызды, не жеп жүргенімізді» деп соғып жібердім.
-Сіздің ондай да «суырып салма» өнеріңіз барма еді?
-Е, жоға! Өзім де білмеймін, аузымнан қалай шығып кеткенін. Сірә, шошқаның етін жеген қорлығым сыртқа шықты-ау деймін. Қасымдағы Тиыштық құрбым: «Бригадир отыр, естіп қояды!» дейді. «Естісе ести берсін» деймін. Бригадиріміз майдангер, аяғы ақсақ адам еді. Шынымен, сол айтып барды ма, бізді сол күні қонақүйге апарып орналастырды. Радио саңқылдап тұр. Төсектің жаймасын апта сайын ауыстырады. Жанымыз кіріп қалды... Сөйтіп, жұрттың жағдайын жасап, өзім еңбегіме 180 сом ақша алып, тағы да елдің алды болып қайттым. Тиыштық: «Біліп қойса, сені оқудан шығарып жібереді» деп, уайымдап жүрді. Ешкім білмеді, бірақ...
Алғашқы екі курста емтиханның бәрін қазақша жауап берейінші деп өтініш жасап, жол тауып кетіп жүрдім. Кейін мамандыққа келгенде оқулықтың бәрі орысша, оның үстіне латын қосылды. Мен енді бәрін жаттап алып жүрдім. Қыздар киноға кетеді, қыдыруға кетеді, мен жаттаумен отырамын. 5-курста Әбекеңе тұрмысқа шықтым. Ол Шымкенттің қорғасын зауытына жолдама алған-тұғын, сол себепті мені интернатураға емес, бірден қорғасын зауытқа қарасты Шымкенттің 2-емханасына дәрігер етіп жіберді. Еңбек жолымды бастаған жерім әлі күнге көзіме ыстық көрінеді, «қара шаңырағым» деймін, 1979-жылдан 1991-жылға дейін менің ең бір жұмысымнан рахат сезімге бөлене қызмет еткен жерім болды ол. Шынымен де, бүгінгі күн биігінен көз салсам, учаске дәрігері болған сол жылдарым менің ең бақытты кезім, өзімнің өмірдегі орнымда тапқан, солай сезінген тамаша кезім екен.
Менің ең бақытты кезеңім...
Учаскем зауыттың басшылары тұратын, ал, олардың талабы күшті, сондықтан ең қиын деп саналатын, дәрігерлер тұрақтамайтын учаске екен Менің Галина Константиновна деген керемет медбикем болды. Мен 5-курста Алматыда тәжірибені жақсы ауруханада, жақсы дәрігерлермен өткізген едім. Басқалар «тәжірибеден өтті» дегізіп қол қойдырып алып жүргенде, мен күні-түні учаске дәрігерімен бірге болуға тырыстым. Жұмысқа бірге барамыз, бірге қайтамыз, не жазады, не істейді, мұқият қарап, жадымда сақтап қалуға тырыстым. Диспансерлеу, кәсіби байқау, жасөспірімдермен қалай жұмыс істейді, оларға қандай кеңестер береді, бәрін-бәрін жаттап алдым. Олар да мені жақсы көрді, білгендерін үйретуге тырысты. Көп нәрсені олар ауызша айтты.Жұмыс істегісі келіп, қызығып тұратын адамды барлық жерде жақсы көреді ғой. Мен үшін 5 жыл институтта алған білімім бір төбе, бір ай тәжірибеде үйренгенім бір төбе болды.
1979-жылы 1-тамызда стационарға жұмысқа тұрған күннен мен жұмысты құжаттарды реттеуден, диспансердің қағаздарын, карточкаларды жөндеуден бастадым. Мен соның бәрін жүкті болып жүріп істедім. Маған «аман-есен босанып алған соң келіңіз» деген, мен өзім ғой шыдамай жұмысқа тұрып кеткен. 31-тамызда Гүлдариғамды босандым. Сол күні ішім ауыра бастаса да жұмысқа бардым. Науқастарыммен, баласымен жатқан әйелдер ғой, санитарлық ағарту тақырыбына жиналыс өткіздім. Менен басқа ешкім өткізбейді ондай жиналысты... Хрулева деген рентгенде істейтін жақсы әйел бар еді, әлі күнге дейін көрсе «жиналыс өткізіп жүрсің бе?» деп күліп қояды. Әрқайсысының өзімен, баласымен жеке-жеке сөйлесіп шықтым. Оның бәрін отырып жаздым. Мен кетсем науқастарым далада қалатындай көрінеді ғой маған... Түстен кейін үйге барып ұзын шашымды жудым. Сосын барып перхентханаға кеттім.
1 қазанда жұмысқа шықтым. Қайтарып жіберді. «Баладан обал ғой» деді. 2 айдан кейін де, 3 айдан кейін де қайтарып жіберді. 4 айдан кейін қоймай жұмысқа шықтым. Қайын сіңлімді алдырдым. «Хамзада» пәтерде тұрамыз. 7 айға дейін ғана еміздім. Қайынсіңлім алып келеді. Жеті айдан кейін Шардараға апарып тастадым...
Баламен жүріп бір жылда учаскемді 1-орынға шығарыппын. Шығарғанда мен алдыма ондай мақсат қойған да емеспін. Тек кәсіби байқауды, диспансерлеуді, т.б. бәрін уақтылы және барынша сапалы етіп атқарып отырдым.
-Әкем маған «істеген ісің тап-тұйнақтай болатын болсын!» деуші еді...
-Мен де сол тап-тұйнақтай етуге тырыстым. Баласы ауырып қалған әйелдерге: «Емханаға келме! Өзім барамын. Жазылғанша үйде отыр» деймін. Баласы жазылғанша қайта-қайта барамын. Кәзір емханаға шақырады. Ал, менің учаскемдегілер жарамсыздық қағазын алуға бола келетін.
1981 қызылшадан эпидемия болды. Бөтен участок, өмірі көрмеген жерім. Дәрігері ауырып қалыпты. Өзімде 35 науқас шақырған еді («вызов врача» дейді). Ана учаскеде 40 вызов екен. Соның бәрін ала беріппін ғой. 5-қаңтар, күн суық. Түнгі 12-де барған соңғы науқасым есігін ашпайды: «Қандай дәрігер?!» Өзіме ұрысты. Баланы көріп, сосын барып үйге қайттым. Бір үйді де қалдырмадым. Жаяу, шаршап, қарным ашып, Омар-Сәуле достарымның үйіне зорға жеттім.. Сол күн есімде қалып қойды.
-Жаңағы соңғы барған үйіңіз орыстың үйі ме еді?
-Есімде жоқ. Таулықтар болса керек.
-Қазақ болғанда «қуыс үйден құр ауыз шықпа» деп, ең болмаса бір кесе ыстық шаймен бір жапырақ нан беріп шығарар еді. Менің осындайдан ғой, «адамгершілікте қазаққа жететін халық жоқ» дейтінім.
-Бір жылдан кейін маған «Коммунистік еңбектің екпендісі» деген атақ берді. Жиналыста соны жариялағанда адуындау бір қазақ медбике: «Біз пәлен жылдан бері жүрміз, бұл қыз интернатураның өзін енді бітіріп жатыр» деп қалды.
-Қарымбаев айтқандай, аяқтан тартып қалмаса ол қазақ бола ма...
-Ол кезде аурухана мен емхана бірге. Бас дәрігер Климова: «Так, Оля, тұршы, - деді. -Сенің пәлен жылда жеткен қандай жетістігің, кіргізген қандай жаңалығың бар, айтшы?» Медбике міңгірлеп, жөнді жауап айта алмады. «Ал, бұл дәрігердің көрсеткіштері мынадай деп жұмысымның бәрін айтып берді. «Қайдан біледі?» деп, таңғалып мен отырмын, өйткені онымен екі-ақ рет кездескенмін. Әсіресе, науқастарға арналған карточкаларды Әбекең екеуміз үйде отырып асықпай істегенбіз, ерекше әдемі болатын. Соларды көрсетті. Емхананың меңгерушісінен сұрап еді, ол мақтады мені. Диспансер бөлімінің басшысы «Міне!» деп, менің журналымды көрсетті. Егу бөлімінің, кәсіби байқау бөлімінің меңгерушісі де жақсы сөздерін аямай жатыр. Сөйтіп, журналым да ерекше, карточкам да ерекше, тірлігім де ерекше мен барлық көрсеткішімнен 1-орынға шыққан екенмін. «Енді оған бермегенде кімге береміз?» деді Климова.
-Қандай керемет! «Жігітті жұрт мақтаған қыз жақтаған» деген Абай. Жұрттың жабыла мақтағанынан, шынайы марапаттан артық не мәртебе бар?..
-Мен бес жылдан кейін 2-категория, он жылдан кейін 1-категория алуым керек еді. Мен үш жылдан кейін 2-ші, бес жылдан кейін 1-категория алдым. Соны алғанда қызық болды. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасында, Сәуле Райымбекованың алдында тұрмын. Жауап беріп жатырмын. С.Райымбекова: «Түсінікті. 2-категория берілсін» деді. Мен: «2-категориям бар, 1-категорияға тапсыруға келдім» дедім. Райымбекова Тайбековке қарады: «Құжаттарының ішінде ол жоқ қой?» Сосын бір олқылық кеткенін түсінді де маған қарады: «2-категорияның куәлігін әкеле аласыз ба?» «Әрине!» Шықтым да, таксиге отырып, үйден әкеліп бердім.
Содан бері бес жыл сайын 1-категорияға тапсырып тұрамын. Тек бір қызығы, мен кірсем, көп сұраққа жауап беремін, басқалар кірсе кіруінен шығуы тез болады. Ерлі-зайыпты Базарбай, Нұржамал деген педиатрлар бар еді. Бірде Базекеңнен маған көп сұрақ қойылудың себебін сұрадым. «Ешкімге ештеңе бермейсің, сосын осылай жүресің» деді ол. Ашық айтты.
-Жоғары категорияға неге тапсырмадыңыз?
-Ол былай болды. Мен медакадемияда жұмыс істеп жүргенде олар осыншама ғылыми мақалаңыз бар екен, басқа еңбектеріңіз де барлық жағынан сай келіп тұр, жоғары категорияға тапсырсаңызшы деді. Тапсыруға келдім. Сол жерде Асан Темірұлы деген, мен өзім еңбегін ерекше сыйлайтын ағай да тұр екен. «Мені бұл кісімен салыстырмаңыздар, мен жоғары категорияға тапсырмай-ақ қояйын» деп кетіп қалды. Бастарын шайқап олар қалды.
-Одан бері неге тапсырмадыңыз, әлі де жетпедім деп жүрсіз бе?
-Иә. Мен өзім жоғары категорияны өзгелерден оқ бойы озық болу деп білем.
-1991-жылы «қара шаңырағыңыздан» санаторийге ауысып кеттіңіз. Неге?
-Біз үш құрбы едік. Олардың екеуі де санаторийге ауысып кетті. Мені де үгіттеді. «Қашанғы жүресің участокте, жылы, жайлы жерге келсейші» деді. Мен сол сөзге елтіп қалсам керек. Кетуіме басшылар қарсы болды. Дастархан жайғанымда Ұмсын Әбілдақызы есімді бас дәрігердің орынбасары, қатал, білімді, сұлу, ақылды апай бар еді, сол кісі келді. «Шақырған соң дәмнен үлкен емеспін деп келдім, бірақ, мен саған терім батамды беремін!» деді.
-ТуҺ, не деген қатыгез адам!..
-Тура былай деді: «Үш балаңды тудың, атақ-абыройдың бәрін алдың, енді бізге түкіріп кетіп бара жатсың ба? Міне, теріс батам!» Сөйтті де қолын теріс жайып, бетін сипап, наннан бір үзіп ауыз тиіп, шығып кетті... Сол теріс батаның әсері болса керек, мен кеткен жеріме тағы екі рет қайтып бардым ғой...
Теріс батаның әсері болса керек, санаторий бес жылға жетпей дабылып қалды, себебі кеңес үкіметі құлап, талан-тараж басталды ғой бар жеррде.
-Белорусь бәрінің мұртын бұзбай ұстап отыр, колхоз-совхоздары да, зауыт-фабрикалары да сағат сияқты сыртылдап жұмыс істеп тұр...
-Ал, маған кәсіподақ комитетінің төрайымына санаторийден ...фонендоскоп қана бұйырды. Қаншама мүліктің бәрі қайда жоғалып кетті, білмеймін. 2-емханаға қайтып оралдым. Ординатор болып орналастым. Жалақы жоқ. Бұрынғы басшының да біразы жоқ.
-Теріс бата берген ақылды апайыңыз бар ма екен?
«Маған еркек адам керек дедім ғой?». «Нәзипа – ол еркек!»
-Жоқ, ол зейнетке шығып кеткен екен. Екі жыл істедім. Екі айдай саудаға да шығып көріп едім, қолдан келмейтінін көрген соң қойдым ғой... Бірге жұмыс істеген учаскелік дәрігер-әріптесім, менің жұмысымның да, мінезімнің де қандай екенін жақсы білетін, облыстық Денсаулық сақтау басқармасында отырған Әнуар Маймақовқа бардым: Менің жұмысым ақша бермейді, Әбекең жұмысы аккумулятор береді, мен оны арзанға сатамын. Люстра береді, тойға апарамын. Үйде тоңазытқыш бос. Жәрдемің тие ме?
-Медакадемияға бар.
-Мен оқытушы бола алмаймын ғой?
-Аурухана, емхананың бәрінің жағдайы сенің емханаңның жағдайындай. Осы академияда ғана ақша бар. Мен кәзір проректор Омар Сейіткаримовичке айтамын.
Телефон соқты. «Өзінде екен, бара бер. Менен келдім дейсің ғой». 18-мөлтекауданнан медакадемияға жаяу бардым – жолақыға берер ақшам жоқ... Айтқан адам қағаздарын жайып тастап отыр екен, «тұра тұрыңыз» деді. «Тұра тұрыңызбен» күн түс болды. Қарным ашты. Шыдамай, «Әнуар Маймақов жіберіп еді» дедім. «Кіріңіз. Не жұмыс?» «Осындай жағдай. Дәрігермін. Ақшасы бар жұмыс керек. Әнуар жаңа сізге менің көзімше телефон соғып айтты ғой». «Айтса, мен оған еркек керек дедім ғой». Сөйтті де телефонға жармасты: «Әй, Әбеке, сен маған еркек деп едің, әйел келіп тұр ғой?» Маймақовтың дауысы анық естілді: «Сен алдымен сөйлесіп көр, ол адам – еркек!»
-Ха-ха-ха! Ой, ішім-ай! Не деген сөз мынау...
-Екеуміз күлісіп алдық. «Педиатрия бөлімі биыл енді ашылады. «Қоғамдық гинекология» кафедрасына әзірге лаборант болып бара тұрыңыз».
Мен 1997-жылдың 7-ақпанында жұмысқа тұрдым, 19-наурыз күні Омар Сейіткаримович өзінің кафедрасына ауыстырып алды. Мен сол бір жарым айдың ішінде олардың үш жылдан бері істелінбей жатқан тірлігін істеп бердім. Компьютер әлі дамымаған кез, плакат іледі екен, онысының бәрі жыртық, жамап, желімдеп, бүтіндедім. Бір де бір құжаттың қазақша аудармасы жоқ, бәрін, есептің бәрін аударып шықтым. Жазу машинкасында басып шықтым. Жарық жоқ. Үйіме алып кетемін. Күні-түні отырдым. Сенбі-жексенбі жоқ. Алатын айлығым – 4 мың теңге. Ассистенттер 8 мың алады.
Сол еңбегімді бағалағандары шығар, 11-наурызда туған күнімді істегенімде, кафедра толық құрамымен үйге келді ғой. Рабко, меңгерушіміз поректорға, Омар Сейіткаримовичка барып мені мақтаса, ол «ондай адам өзіме де керек» депті. Содан хирургия кафедрасына тап болдым. Бастығымның «Военно-полевая хирургия» деген кітабын қазақшаға аударып бердім. Махмұт Есіркепов деген көрші ағайым екеуміз институт академия мәртебесін алғанда, оның Жарғысын бірге жаздық.
Қыркүйек айында педиатрия кафдра ашылып, соған ауыстым. Кенжегүл Мустафина деген меңгерушісіне проректор осындай адамды аласың демей ме, сөйтсе ол да «маған еркек керек!» депті. Сол кезде проректор да баяғы Әнуардың сөзін айтыпты: «Ол адам – еркек!» Кейін Кенжегүл апай: «Дұрыс айтқан екен» деп жүрді.
Ол жерге де мені лаборант етіп қабылдады. Жұмыстың ең көбін мен істеп, айлықтың ең азын мен алып жүрдім. Факультет жаңадан құрылып жатыр, толып жатқан құжаттың бәрін жаңадан даярлау керек. Ассистенттердің оған қолдары тимейді. Ал мен әрі өзім жазам, әрі аударма жасаймын. Ассистент етіп алғаннан гөрі мына жұмысым оларға тиімді болды. Кафедра меңгерушісі ауысты. Ол маған үйіп-төгіп уәде берді. Бірақ, оның ешқайсысы орындалған жоқ. Сосын мен кетемін дедім. Көрер көзге әділетсіздік, қашанғы шыдауға болады? Маған 25% ассистенттік қосты. «Оқу бөлімінің меңгерушісі» дегенді қосты. Уақытымның көбін, бірақ, ұйымдастыру жұмысы алатын. Аударма, лаборатория, тест, құжаттар, бәрі менің мойнымда. Ассистенттер менен жалақыны төрт есе көп алатын.
Ол жердің де жұмысының бәрін сақадай сай етіп қойдым. Светлана Михайловна деген кәзіргі кафедра меңгерушісі мені көрген сайын «Біз сіз дайындап беріп кеткен құжаттардың бәрін сақтап қойдық» дейді.
Ғылыми жұмыстарды бірге жазған соң, мені амалсыз авторлар қатарына қосады. Ғылыми хатшы етіп қойды. Неге? Құжаттың бәрін мен секілді ешкім мұқият дайындай алмады. Небір қиын кезеңді бастан өткіздім. Оған өкінбеймін. Кетіп қалғаныма да өкінбеймін. Мен ғылыми әлемнің не екенін білдім. Бетіңе күліп қарап тұрып алдайтындарды көрдім. Мен адамдардың бәрін өзімдей көретін едім. Жауапкершілігі күшті, уәдеде тұрады деп ойлайтынмын. Басқаша болуы маған мүмкін еместей көрінетін. Кафедрада мен ғана студенттерден ақша алмайды екенмін. Кафедра меңгерушісі студенттерге аттарыңды жазбай, тек қана «алатын» оқытушының тұсына +, «алмайтынның» тұсына – қойыңдар» дегенде, менің тұсымда ғана – тұрады екен...
Екі жыл куратор болдым. Студенттерім маған: «Апай, сіз мектептегі сынып жетекшіміз секілді болдыңыз ғой» дейтін. Жинап ақша бергілері келсе, «сол ақшаға киноға барыңдар, өздерің отырыңдар, тіпті болмағанда киім алыңдар» дейтінмін. Кәзір сол студенттерім облыстық, қалалық әкімшіліктерде, аудандарға шыққанымда көшеде көрсе сәлемдесіп жатады. Мен оларды танымай қаламын. «Ұмытпағандарыңа рахмет!» деймін. «Қалай ұмытамыз, туған анамыздай болдыңыз ғой» дегендерін есіткенде, көзіме жас келеді. Бұдан артық не керек адамға!
Сұхбаттасқан Өмірзақ Ақжігіт
(Соңы келесі санда)
Қазақ үні