АРАЛАС ЖҮЙЕДЕГІ САЙЛАУ САЯСИ ОРТАНЫҢ ДАМУЫНА ЫҚПАЛ ЕТЕДІ
2023 ж. 22 ақпан
727
0

Сайлаудың аралас дауыс беру жүйесінде өтуі, үміткерлерге көбірек мүмкіндік берілуі бұл жолғы саяси науқанның басты екрекшелігі болып отыр. Саясаткерлердің, сарапшылардың және жалпы жұртшылықтың ортақ пікірі осыған саятыны байқалады.
ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымовтың пайымынша, аралас сайлау жүйесі бар елдер аз емес, әлем елдерінде жиі кездесетін тәжірибе. Жапония, Германия, Ұлыбритания, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Корея, Италия, Мексика және басқа да елдерде қолданылады. Бұрынғы кеңестік одақта болған Ресейде, Қырғызстанда және Грузия мен Литвада осындай жүйе енгізілген. Оның пікірінше, аралас сайлау жүйесі заң шығарушы органдарда әртүрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін білдіру мүмкіндігін кеңейтеді. Сондай-ақ, мұндай жүйе көппартиялы саяси ортаның қанат жаюына жағдай туғызады.
Бұл механизм сайлаушыларға өздерінің депутаттарының қызметін бақылауға мүмкіндік береді және сол арқылы қызметтің сапасын арттырады.
Ал осы аталмыш институт директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина
бір мандатты сайлау округтерінде сынға түсетін кандидаттар арасында бәсеке өте жоғары болатынын айтады. Өйткені әрбір үміткер өздерінің бағдарламаларын ұсынады, соған байланысты таңдау жасау да қиындай түседі. Бұл жергілікті мәслихаттардың жұмысына үлкен өзгеріс әкеледі дейді маман.
ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері Жанар Санхаеваның айтуынша Мәжіліске партиялық өкілдіктен бөлек, аймақтық өкілдіктер келетіні де маңызды. Олар қандай да бір саяси институттарға қарамастан өз облысын, қаласын немесе аймағына қатысты ұсыныстар жасап, мүддесін қорғай алады.
Ия, бұқараның басты назары қазір алда өтетін сайлауда екені даусыз. Өйткені әрбір адам үшін, еліміздің болашағы үшін қажет, халық бұл сайлаудан көп нәрсе күтеді. Қазақстанның саяси жүйесінде жүргізілген реформаларға байланысты жасап жатқан жаңа қадам болғандықтан саяси партиялардың бағдарламасының қалай жаңарып, бәсекелестіктің күшейіп жатқанын көріп отырмыз. Сайлау аралас тәсіл бойынша өтетіндіктен бір мандатты депутаттардың белсенділігі ерекше. Сайлау жүйеміздің жаңарып, еліміздің дамуы үшін жаңа идеялардың ұсынылуы жақсылықтың белгісі, қоғам жаңаруының көрінісі деп үміттенеміз.
qazaquni.kz