СЕНІМ АРТА МА, БЕТПЕРДЕ ШЕШІЛЕ МЕ?
2023 ж. 19 ақпан
1000
1

Биылғы кезектен тыс мәжіліс пен мәслихат сайлауы бұған дейінгі сайлаулардан өзгеше болайын деп тұр. Конституциялық реформа аясында партия тіркеу шарттары айтарлықтай жеңілдетілгеннен бе, әлде, биліктің сайлау көркін қыздыру мақсатындағы амалы ма, әйтеуір, бұрын-соңды саясат сахнасында ерекшеленбеген адамдар өрісте бастары қосылып партия құрып алды. Мәжіліске ұмтылуда. Жаңадан құрылған кейбір партиялардың басшылары көшеде плакат іліп, қолдарынан не келетінін әлден көрсетіп жүр. Ұпай жинаудың түр-түрі бар ғой. Талғамға талас жоқ деген.
Сайлау науқаны заңбұзышылықтан басталмаса Қазақстан боламыз ба? Атауы өзгерген "Аманат" үгіт-насихат науқаны ресми басталмай жатып Қарағанды қаласында жарнама банерлерін іліп, қоғамның қарғысы болмаса да, қаһарына қайта ілікті. Ақыры жалаулатып ілінген плакатыт, жарты сағаттан соң жасырын шешіп үлгерді. Әлеуметтік желі деген де үлкен күш қой. Ақшасы төленген банерді кранмен сыпырып тастап жатқан сурет желіні шарлап кетті. Бір ұшынан экс-депутат, ендігі кандидат Сайыровтың басы жылт-жылт етіп көрініп қалды.
Мұнымен бітсе игі. ОСК-да өткен жеребе тіпті қызық болды. Сайлау деген науқан болғанымен, аты дардай, заңдық негізі бар науқан ғой. Партиялар алфавит тізімі бойынша тізімделуі керек еді. Бірақ, ондай тізімдеуде бірінші орынға "Ақ жол" демпартиясы шығып кетеді. Сірә, бұл біреуге онша ұнамаса керек. ОСК "лотерея" ойнатқандай, жеребе тарттырып, шөмеледен ине табылғаны сияқты, "Аманатқа" 1 саны түсті де кетті. Міне, сәйкестік.
Айтпақшы, "Ақ жолдың" тізімдегі саны 6. Алты да таңсық сан емес, Алаш мұрасын насихаттауды Парламентте фракция боп құрылғалы бері (2012 ж.) депутаттық сауалдарында үздіксіз көтеріп келе жатқан "ақжолдықтарға" алты саны алты Алаштың қолдауын алып келсін.
Айтпақшы, өзгелер даудан арылмай, басқалары бастай алмай жатқанда, "Ақ жол" үгіт-насихатының алғашқы күнін ұлт ұясы Ұлытау облысынан, Жошы хан кесенесіне барып құран бағыштаудан бастап кетті.
«Тұлпарының тұяғының дүбірі Еуропаны дірілдеткен, жарты құрлықты жаулаған Алтын Орданың атасы, ұлық ұлыстың ұлы ханы Жошы ханның Ұлытаудағы кесенесінде тұрмыз. «Ақ жол» неге сайлау жорығын Ұлытаудан бастады?!
Бағзы заман тарихын балбал тастары жырлап тұрған бұл өлке саф алтыннан сауыт киген сақтарда бастасақ та, қуатты ғұндарға құлаш сілтесек те, көк аспан астын жаулаған көк түріктерден, ұлық ұлыстан, Алтын Орда мен қанатын кеңге жайған Қазақ хандығынан тамыр тартатын Алаш ұстанымын ұстанған “Ақ жолдың” сайлау жорығының Ақ жолын Ұлытаудан бастауының сыры осында жатыр», -деді Мәжіліс депутаттығына кандидат Қазыбек Иса бұл туралы.
Бұл туралы әріптесім Нұргелді Әбдіғанидің "Фальстарт және сиқыр" деген "убойный" тақырыппен жазған мақаласы қисынға дәл келеді:
- ОСК жеребе тартты. Бүлетенде кім бірінші, кім соңғы тұратыны анықталды. Былай:
1.Аманат,
2.Ауыл,
3.Республика,
4.Экс-коммунистер,
5.Байтақ,
6.Ақ жол,
7.ЖСДП.
Сиқыр дейін десем, жеребе тартылған видео жарияланыпты. Осы жеребе тарту дегенге қатысты айтайыншы. Меніңше бұл қате. Жеребе тартатындай, қатын-қалаштың қатар шәй ма? Бұл сайлау. Елішілік маңызды электоралды кезең. Меніңше, бүлетендегі партияларды тізімдеудің 2 тиімді жолы бар. Екеуінің бірін таңдау дұрыс.
Бірінші: Қазақ әліппесі бойынша тізімдеу керек. Ол бойынша:
1.Ақ жол,
2.Аманат,
3.Ауыл,
4.Байтақ,
5.ЖСДП,
6.ҚХП,
7.Республика болады.
Екінші: ОСК-ға құжаттарын өткізіп, тіркелген мерзімі бойынша тізімдеу керек. Мақұл, сайлауға «допуск» алған саяси партиялардың саны аз. Оларды жеребе ойнатып, тізімдепті. Ал мажоритарлы жүйе бойынша үміткерлерді қайтпек? Білуімізше, кейбір учаскілерде үміткерлер саны 40-50 адам. 50 адаммен жеребе ойнап отырмақ па? Бұл тиімсіз тәсіл. Субьективті ойым, - деп жазды Нұргелді.
Жалпы, бұл сайлауда нақты кім жеңетіні туралы болжам көп. Соның ішінде саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың пікірі меніңше шындыққа саятын секілді.
- Алдағы сайлауға қатысты қазір қандай да бір болжам айту қиын. Бұрынғы брендпен және бұрынғы басшылықпен сайлауға тек «Ақ жол» партиясы ғана барады. Ал, AMANAT партиясы осыған дейінгі сайлауда «Нұр Отан» деп аталғаны белгілі. Оның атауы, басшылығы, активі өзгерді. «Қазақстан халық партиясы» да басшылығын ауыстырды, сондай-ақ ондағы кикілжің партияның беделіне нұқсан келтірді деп санаймын. Сонымен қатар, сайлау қарсаңында құрылған екі жаңа партия пайда болды. Дәл қазір олардың сайлау алдындағы стратегиясы қандай болатынын, қандай активке ие болатынын бағалау қиындау.
Екінші орынға «Ақ жол» партиясы шығады деп ойлаймын. Өйткені, олардың бағыты белгілі және ел арасында танымал болып тұр. «Қазақстан халық партиясына» қатысты нақты айту қиындау. Партиялық тізімі де айтарлықтай оптимизммен қарайтын деңгейде емес. Бұған дейін Парламент депутаттарын сайлауда «Ауыл» партиясында елеулі жетістік болмаған еді. Ал, партия атынан ұсынылған жаңа тізімді осыған дейін президенттік сайлау науқанындағы екі экс-кандидаттар – Жигули Дайрабаев пен Қарақат Әбден бастап отыр. Олар былтыр күздегі сайлау кезінде сайлаушылар арасында біраз танылған адамдар. Атап айтқанда, «Ауыл» партиясы өзінің көрсеткіштерін жақсарта алады, бірақ қаншалықты ілгерілейтінін айту қиын», - деді саясаттанушы.
Оның сөзіне қарағанда, жаңадан құрылған Respublica және BAYTAQ партиялары кандидаттарының тізімдерінде танымал адамдар болғанымен, айтарлықтай әсер қалдырмай тұр.
Сонымен, саясаттанушы сайлауда алдыңғы қатардан көрінетін партияларды тізіп берді. Олардың арасында AMANAT, «Ақ жол», «Ауыл», «Қазақстан халық партиясы» және «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» бар.
Қалай болғанда да, бұл сайлау бұрынғы жүйенің өзгерген-өзгермегенін көрсетіп, дәлелдеп берейін деп тұр. Не сенім артады, не бетперде шешіледі.
Азамат Тасқараұлы,
Қазақ үні