“АҚ ЖОЛ” САЙЛАУ ЖОРЫҒЫН ҚАСИЕТТІ ҰЛЫТАУДАН БАСТАДЫ

“АҚ ЖОЛ” САЙЛАУ ЖОРЫҒЫН ҚАСИЕТТІ ҰЛЫТАУДАН БАСТАДЫ

ҰЛЫТАУ - АЛТЫН ОРДАНЫҢ АТАСЫ, ҰЛЫҚ ҰЛЫСТЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ ЖОШЫ ХАН ОРДАСЫ БОЛҒАН ҚАСИЕТТІ ЖЕР.

“Ақ жол” демократиялық партиясы Парламент Мәжілісі сайлауы насихатын қазақтың қасиетті өлкесі Ұлытаудағы Жошы хан кесенесіне зиярат етуден бастады.

“Ақ жол” демократиялық партиясы төрағасының орынбасарлары, ҚР Парламенті Мәжілісі VII шақырылымы депутаттары, белгілі ақын Қазыбек Иса мен Берік Дүйсембинов бастаған ақжолдықтар Жошы ханның басына құран оқыды.

-Тұлпарының тұяғының дүбірі Еуропаны дірілдеткен, жарты құрлықты жаулаған Алтын Орданың атасы, ұлық ұлыстың ұлы ханы Жошы ханның Ұлытаудағы кесенесінде тұрмыз.

“Ақ жол” неге сайлау жорығын Ұлытаудан бастады?!”-деді Қазыбек Иса. -Бағзы заман тарихын балбал тастары жырлап тұрған бұл өлке саф алтыннан сауыт киген сақтардан бастасақ та, қуатты ғұндарға құлаш сілтесек те, көк аспан астын жаулаған көк түріктерден, ұлық ұлыстан, Алтын Орда мен қанатын кеңге жайған Қазақ хандығынан тамыр тартатын Алаш ұстанымын ұстанған “Ақ жолдың” сайлау жорығының Ақ жолын Ұлытаудан бастауының сыры осында жатыр.

Ұлытауда Тұран билеушісі атақты Афрасияб та өмір сүрген.

Түрік тайпаларының негізін қалаушылардың бірі Алашахан кесенесі де осында.

“Едіге деген ер еді, Елдің қамын жер еді” деген Ер Едіге, Мәскеуді бағындырған Алтын Орда ханы Тоқтамыс хан да Ұлытауда мәңгілік жатыр.

“Кетбұғадай билерден,

Кеңес сұрар күн қайда” дейтін әйгілі билеуші Кетбұғаның есімі де Ұлытаумен байланысты.

Оның үстіне біз 2019 жылы Ұлттық кеңестің бірінші отырысында көтерген Жошы ханның Ұлық Ұлыстың тағына отырғанына 800 жыл толуда биыл 2023 жылы. 

Сондықтан ұлттық идеология бағдарламасының басты бағыты болып отырған “Ақ жол” партиясы мемлекеттігіміздің бастауы жатқан осы қасиетті тарихи кесенеге тағзым етуден бастап жатырмыз!”-деді Қазыбек Иса.

“Ақ жол” партиясы Жошы хан кесенесінен кейін Жезқазған қаласында облыс жұртшылығымен кездесті. Елді партияның “Түбегейлі өзгерістер қажет” атты сайлау бағдарламасымен таныстырды.

Жиналған көпшілік парламентте халық мүддесін қорғап келе жатқан “Ақжолдықтарға” алғыс айтып, сонымен қатар аманаттарын табыстады.

“Ақжолдықтар” ертең сайлау насихатын Қарағанды облысы Теміртауда жалғастырады.