Бизнестегі мәселелер азаматтардың саяси құқықтарына қандай қатысы бар?

Бизнестегі мәселелер азаматтардың саяси құқықтарына қандай қатысы бар?

АШЫҚ ХАТ

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Сіз 2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауыңызда ұсынған идеяларды қолдаймыз және Жаңа Қазақстанды бірлесе құру туралы үндеуіңізді іске асыруға дайынбыз.

Былтырғы бүкіл қоғамды дүр сілкіндірген қаңтар оқиғаларынан соң реформалау мәселесі пісіп-жетілді. Сөзсіз, алдыңғы қатарға біздің азаматтарды билік шынымен тыңдай алатын жаңа саяси құралдардың қажеттілігі шығады.

Жаңа партиялардың пайда болуы арқылы ашық әрі әділ саяси бәсекенің қажеттілігі туралы Сіздің пайымыңызды басшылыққа ала отырып, біз «Ел тағдыры» республикалық саяси партиясын құру бастама көтердік.

Әрине, ел тағдыры оның халқына, прогрестің негізі ретінде адами капиталына, бүкіл қоғамның мен әрбір адамның құндылықтарына байланысты. 

Тиісінше, біздің мақсатымыз – Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепілдік берілген Қазақстан азаматтарының құқықтары мен бостандықтарының, олардың мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ету, халықтың жоғары өмір сүру деңгейін, әлеуметтік қорғауды, саяси тұрақтылықты таяу және ұзақ мерзімді келешекте қамтамасыз ету мақсатында елдің экономикалық өсуі үшін адами капиталды дамытуға жәрдемдесу.

Қазақстанның барлық өңірлерінің өкілдігін білдіретін 700-ден аса азаматтары бар біздің бастамашы тобымыз 10 адамнан тұратын ұйымдастыру комитетін құрды және тіркеуші органға (Әділет министрлігіне) бастамашы тобының тізімін, ұйымдастыру комитеті жиналысының хаттамасын қоса беріп, құру мақсаты мен қолданыстағы заңнамаға сәйкес басқа деректерді көрсете отырып, саяси партияны құру ниеті туралы хабарламаны тапсырды.

2022 жылғы 22 желтоқсанда Әділет министрлігінен растау хатын алып, партияны құрудың келесі кезеңіне өттік.

Біз партияны тіркеу бойынша заңнаманы мұқият зерттеп, «Саяси партиялар туралы» заңда мүшелер саны бойынша шекті мәндер қысқартылғанына қарамастан, осы заңда және басқа нормативтік құқықтық актілерінде саяси партияны мемлекеттік тiркеуден бас тарту үшін біраз шектеулер, тыйым салулар мен басқа да жағдайлар бар екендігін байқадық. 

Осы негіздеменің кейбірі – партия құру үшін негізсіз қолдан жасалған кедергілер деп есептейміз. Мысалы, егер тіркеуші орган партия мүшелігіне кандидаттардың біреуі жұмыс істемейтін заңды тұлғаның басшысы немесе құрылтайшысы болғанын анықтаса, партияны тіркеуден бас тартады. 

Мынадай сұрақ туындайды: бизнестегі мәселелер азаматтардың саяси құқықтарына қандай қатысы бар? Көптеген кәсіпкерлер өз қызметін пандемияның және басқа объективті себептердің салдарынан тоқтатқаны белгілі емес пе?

Сондай-ақ, егер партия мүшелігіне кандидаттардың бірінің кәдімгі тұтынушылық несие бойынша қарызы атқарушылық іс жүргізу тәртібінде өтелетін болса да, партияны тіркемей қоюы мүмкін (әрбір екінші қазақстандықтың несие алғаны белгілі).

Неліктен тұтынушылық несие бойынша қарызы бар адам заң бойынша «саяси әрекетке қабілетсіз» болып саналады?

Сонымен, егер Әділет министрлігі тіркеуден өтетін партияның 5 мыңнан астам мүшелерінің арасында бір адам бойынша осындай бір ғана жағдайды байқаса, бүкіл партияны тiркеуден бас тартады.

Сондай-ақ, бұл жерде заңды сұрақ туындайды: егер партия мүшелерінің тізімінде 5 мыңнан астам адам бар болса, онда тіркеуші орган партия мүшелерінің жалпы санына (5 мың) әсер етпейтін саяси партия мүшелерінің тізімдері бойынша анықталған бұзушылықтар саны саяси партияны мемлекеттік тіркеуден бас тартуға негіз бола алмайды деген «Саяси партиялар туралы» заңның 11-бабының 1-1-тармағын әрдайым ескере ме? 

Құқық қолдану тәжірибесі көрсетіп отырғандай, түрлі партиялардың көптеген сәтсіз ұмтылыстары жоғарыда аталған заң тармағының шын мәнінде жұмыс істемейтінін растайды. 

Соңғы жылдары тек қана екі партия – «Байтақ» және «Respublika» – тіркелді, тіпті олардың екіншісіне ерекше көзқарас байқалады: 2022 жылғы желтоқсан айында «Respublika» партиясының тіркеуден өткені жарияланды, алайда, сол уақытта ол тек тіркелу сатысында болған.

Сондықтан біз мұқият дайындалдық: біз партиямыздың құрылтай съезін өткіздік; партиямызға мүшелікке кандидаттардың тізіміндегі әрбір адам (Қазақстан азаматтарының 5 мыңнан астамы) заңнамалық талаптарға сәйкестігі бойынша тексерілді. Сондай-ақ, барлық қажетті құжаттар, олардың ішінде құрылтай съезінде қабылданған партия Жарғысы мен Бағдарламасы заңнамалық талаптарға сәйкестігі бойынша тексерілді, және 2023 жылғы 15 ақпанда партияны тіркеуге өтінімімізбен бірге барлық қажетті құжаттардың пакеті Әділет министрлігіне жолданды.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Осы хатты жариялай отырып, бірлестіктер құру бостандығына деген өзіміздің конституциялық құқығымызды іске асыру бастамасының нәтижелерін жұртшылықпен бірге біліп отыру үшін, бұдан әрі партияны тіркеу барысынан хабардар етіп отырамыз. 

Біз істің оңтайлы шешілетініне үміттенеміз және тиісті мемлекеттік органдар біздің партиямызды тіркеуден бас тартқан немесе тіркеу процесін созып жіберген жағдайда, мысалы, мемлекеттік тіркеу мерзімін тоқтату арқылы, билік құрылымдарының (мүмкін, ескі формацияның мемлекеттік қызметшілері) жаңа партияның пайда болуына қарсы екенін, елімізде ешнәрсе өзгермегенін және біз әліге дейін «Ескі» Қазақстанда өмір сүріп жатқанын білу, біздің, сондай-ақ біздің барлық отандастарымыздың көңіліне қаяу түсіреді деп ойлаймыз.

Сіз Конституцияның кепілі ретінде заңдылықтың бұзылуына жол бермейді және осы жағдайды өзіңіздің жеке бақылауыңызға алады деп сенеміз.

Құрметпен,

«Ел тағдыры» республикалық саяси партия»

республикалық қоғамдық бірлестігінің

бастамашы тобы:

Балшынов К. К.,

Балшынова М. К.,

Бисенбаева А. А.,

Каржауова Б. Б.,

Карибаева Ж. П.,

Қуандықұлы Д.,

Маханова Р. А.,

Сейтказинова М. К.,

Утепбергенова Г. У.,

Шокенов К. А.

және басқалар