Ақ халатты абзал жандар, ахуалдарың қалай?
2023 ж. 15 ақпан
779
0

«Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау ұлттық жобасы аясында республикамыздың түкпір-түкпірінде ауқымды істер атқарылуда. Халықтың денсаулығын сақтау бағытында қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан мекеменің бірі – Шымкент қаласындағы №5 емхана. Осынау ұйымның жұмысы туралы толығырақ тоқталуды құп көрдік.
Шымкент қаласындағы №5 емхана бұрын облыстық мекеменің кеңсесі болған бес қабатты еңселі ғимаратқа орналасқан. Бас дәрігер Жібек Сейдалина осы ұжымды он екі жылдан бері басқарып келе жатқан тәжірибелі маман.
-Бізде 450 адам жұмыс істейді, - дейді ол. – Алпыс алты мың қала тұрғынына қызмет көрсетеміз. Оның он екі мыңы Алматыға шығатын күрежолдың бойына орналасқан «Қара жол» дәрігерлік амбулаторияға қарасты. Онда 2 педиатр, 7 терапевт жұмыс істейді. Одан бөлек 2012 жылы ашылған, қасымыздағы бұрынғы автоколонна ғимаратында орналасқан педиатрия бөліміміз бар, ол жерде 12 шипагер 6 жасқа дейінгі балалардың денсаулығына жауап береді.
Негізгі көрсеткіштерімізге келсек, 1 жасқа дейінгі нәрестелердің шетінеуі 2021 жылғы 13-тен 2022 жылы 11-ге, жалпы қайтыс болғандар саны 422-ден 283-ке, жүз мың адамға шаққандағы жалпы өлім көрсеткіші 7,2-ден 4,8-ге, диспансерлік есепте тіркелгендер саны 16428-ден 15435-ке, мыйға қан құйылуы 13-тен 1-ге дейін төмендеді. Аналар өлімі болған жоқ.
Атышулы ковид, тұрғындардың бәрі вакцина алып, иммунитеті күшейгендіктен, кәзір жойылып кетпесе де, жеңіл түрде өтуде. Дегенмен, ковидтің салдарынан қан-тамырлары ауруы көбейді.
Жалпы, айтатын болсақ, компьютерлену арқылы ақпараттандыруды күшейттік, бірақ, ол уақытты талап етеді, ал, дәрігердің әр адамды қарауға бөлінетін 15 минут нормативі көбейген жоқ. Бұл, енді әрбір жақсы нәрсеге бір кемістік қоса жүретіндігінен. Мінсіз жүйе еш жерде ешқашан жасалынбайды ғой.
Біз қызметіміздің сапасын арттыруды үнемі басты назарда ұстап отырамыз. Сауалнама жүргізу, сыйақы беру, алғыс айту марапаттар арқылы біз мамандарымызды жақсы жұмыс істеуге үздіксіз ынталандырып отырамыз.
-Кәзірге таңда емдеудің қай түріне басымдық беріледі?
-Отандық медицинада басымдық кәзір жалпы тәжірибе дәрігері деп аталатын терапевттердің қызметін күшейтуге бағытталған. Олар УДЗ, цифрлы рентген, КТ, МРТ қондырғыларды пайдалану арқылы өздері диагноз қойып, науқасты емдей алатын, керек болса жараны таңып, гинекологиялық ем жасай алатын әмбебап дәрігер деуге болады. Хирург, кардиолог, невропатолог, гастроэнтеролог секілді аясы тарлау кеңестік-диагностикалық қызмет көрсететін дәрігерлерге ол пациенттің кеселінің күшті екенін, өзінің шамасы келмейтінін көрген кезде ғана жібереді.
Құралай Құттыбаева, дас дәрігердің орынбасары:
-Кейінгі жылдары инсульттың қатты көбейіп кеткені сіздердің жұмыстарыңызға қалай әсер етуде?
-Инсульт көбейіп қана бара жатқан жоқ, ол «жасарып» та барады... Сол себепті кәзір елімізде отыз жастан енді асқандарды да екі жылда бір рет скринингтен өткізу қолға алынған. Бірақ, біз шақыруын шақырамыз, ал, адамдар келе қоймайды ғой!..
-Кешегі кәзір бәріміз жамандайтын кеңес заманында медицинаның басты бағыты – аурудың алдын алу еді. Ол үшін әрбір кәсіпорынның профилакторийі болуы мәртебе еді. Кәзір олар түгілі кәсіпорындардың өзі жоқ, есесіне аумағы ат шаптырым, пәленбай қабат аурухана көп. Бәрі науқасқа лық тола. Көбі – инсульт алғандар. 30 жылда халықтың саны өспесе де, науқастардың саны пәленбай есе өсті. Аурудың алдын алу да адыра қалды ма?
-Жаңағы скриннингтің де мақсаты сол - аурудың алдын алу. Бірақ, кеңес кезінде «бай – кедей» деген жоқ еді ғой. Қазақ «ауру – астан» дейді, кәзіргі көп аурудың негізінде уақтылы және қажет мөлшерде тамақ ішпеу жатыр. Әлеуметтік жағдай жатыр.
-Иә, дұрыс, ол кезде жұмыссыздық жоқ еді. Ол жоқ жерде стресс те жоқ. Стресс бар жерде инфаркт бар, инсульт бар... «Менің қолымда билік болса» дегендей, медицинада нені өзгерту керек, қандай ұсыныс айтасыз?
-Цифрландыру, компьютерлендіру, интернет – бұның бәрі өмір талабы. Оларсыз біз дами алмаймыз. Бірақ, сол интернетті кіргіздік екен, ол бар жерде сағат сияқты сыртылдап жұмыс істеп тұруы тиіс. Кеше министр Бағдат Мусин Астананың өзінің айналасында интернет толық жұмыс істемейтін жерлер бар дейді, не болды сонда?
Екіншіден, дәрігерлер кәзір компьютермен де жұмыс істейтін болғаннан кейін, әр пациентті қарауға бөлінетін 15 минутты кемі 40 минутқа ұзартар едім.
Үшіншіден, мені кейінгі жылдардағы институт бітіріп келетін студенттердің деңгейі қанағаттандырмайды. Тіпті, жылдан жылға нашарлап бара жатқан сияқты.
-Кешіріңіз, сөзіңізді бөлейін. Өте өзекті мәселені қозғадыңыз! Меніңше, жалғыз медицинада емес, барлық салада сондай сияқты. Өйткені, қызметім бабымен көп адаммен жолығамын, талай басшылардан естіп жүрмін осындай пікірді...
-«Дайындығың неге нашар?» деп сұрасаң, «диплом керек болған соң оқып жүрмін, бәрібір дәрігер болмаймын» дейді. «Онда кім боласың?» «Косметолог боламын, медбрат боламын» деген жауапты естисің. Сонша жыл уақытын жоғалтып...
Бұл жағдай менің жаныма қатты батады. Өйткені, білім дегеніміз жұмыстың, кәсіптің іргетасы емес пе? Түркияда іргетасы нашар үйлердің қирап қалғанын көріп отырмыз ғой...
-Әзізхан Мухидинов невролог: Инсульт неге жасарып кетті?
-Оның бірінші себебі – бізде қимыл мүлде аз. Машинадан түспейміз. Спортпен шұғылданбаймыз. Екіншіден, дұрыс тамақтанбаймыз, әр түрлі тамақты аз ішеміз. Сосын, кешкі аста тыңқия тойып аламыз. Дұрысы – түскі аста солай ішіп, кешке жеңіл-желпі тамақтануымыз қажет.
Соңғы жылдары инсультқа қарсы ем-дом күшейді. Мидағы қан тамыры жарылса, қанды операциямен сылып алып тастайды, сосын қанның тамырына стент қояды. Немесе тромб болып қалса, оны екпемен сұйылта алады. Ауруханаларда МРТ, КТ құралдары жеткілікті, кеселдің динамикасын бақылап отыру үшін күн сайын да түсіріп отыра алады.
Оңалту орталықтары көптеп салынуда, емханаларда оңалтуға басты назар аударылады. Инсультпен ауыратындардың саны өскенімен, оның ауыр түрлері азайды, науқастардың 90 пайызы дерлік операциядан кейін оңалту орталығына өздері бара алады. Оңалтудағы тренажер, массаж, гимнастиканың, жалпы қимылдың көмегі өте көп
-Зухра Сәпиева, гастроэнтеролог: Асқазан аурулары кәзір көбеюде. Жас балаларда да асқазан жарасы кездесіп жатыр. Бұл негізі дұрыс, уақтылы тамақтанбаудың, оқушылардың күндіз-түні ұялы телефонға шұқшиып көп отырудың, фаст-футқа әуесшілдіктің, энергетикалық сусындарды көп ішудің, стресске ұшыраудың көбеюінің салдары.
-Г.Тоқсанбаева, кардиолог: Өзімнің саламдағы үрдіс жайлы айтар болсам, профессор Сәуле Райымбекованың кардиоорталықтағы табанды еңбегінің арқасында облыс бойынша аурудың алдын алу мәселесінде көп өзгеріс болды. Инфаркттің салдарынан қайтыс болу азайды, стент қою секілді озық әдіспен емдеу күшейді. Екі жыл сайын скриннинг жасау жақсы жолға қойылды. Ауырса да ауруханаға бара қоюы қиын біздің халық үшін бұл өте тиімді нәрсе. Жалпы, уақтылы дәрігерге көрініп, тексеріліп тұратын, ішімдікке, темекі шегуге салынбайтын адамдар жүрек ауруына үшырамайды, өйткені жүрек деген оңайлықпен кеселге берілмейтін, о бастан өте мықты жасалған орган.
-Қан тамырын бітеп тастайтын түйіншектерден құтылу амалы бар ма?
-Кәзір бар. Статин деген дәрі береміз. Бірақ, бұндағы мәселе – оны үзбей ішіп жүру керек. Үш ай сайын емханаға келіп, қанның құрамындағы холестериннің деңгейін тексертіп отырған жөн.
Бекмұрат Дәужанов, терапевт, жалпы тәжірибе дәрігері: Біз компьютер пайда болғалы қағаздың астында қалдық. Бағдарламалары жиі ауысады. Одан басқа проблема бар деп айта алмаймын. Кәзір неше түрлі жетілген аппарат бар, ем-шара да, әдістер де жетілген. Рентгеннің өзі цифрлы рентген, бұрынғылардан артық. Лабораториялық зерттеу де жақсарды. Тек студенттер нашарлау... Жанымыз сүйген іс болған соң, қолымыздан келгенінше аянбай жұмыс істеп жатырмыз. Өзім тамыр ұстап, жүрек соғысын тыңдаймын. Жас сәбилерге құранның күшімен дем салғанды мойындаймын, халықтық медицинаның басқа жағын мойындамаймын. Себебі, халық емшілеріне, жекеменшік дәрігерге барғандар айналып өзімізге келеді, өйткені оларда жауапкершілік аз.
-Бұл – халықтың Дәужановты мойындағанының белгісі ғой...
-Ең жақсы дәріміз – жылы сөзіміз ғой, кім келсе де күліп қарсы аламыз. Бәріміз психолог болып алғанбыз. Бізге кім келмейді дейсіз, ауру да келеді, сау да келеді, ашуланып келеді, күйініп келеді. Үш адамға инфаркт диагнозын қойған, көмек көрсеткен кезім болды. Инсульт болғанды көп көрдім.
Райхан , бас медбике:
-Бүгінгі күннің медбикесі кім? Оның атқарар қызметі қандай? Оның алдында қандай міндет, мақсат тұр?
-Медбикенің атқарар ролі бүгін үлкен. Емханамызда кәзір 200-ден аса медбике бар. Бізде оларға арналған академиялық бакалавриат, және 2018-жылдан бері жеделдетілген бакалавриат бар. Бұл әрекет оларды дәрігерлердің әріптесі ретінде қараған ойдан шығып отыр. Олар енді бакалавриаттық білімді алғаннан пациенттерді дәрігерге көрінгенге дейін өздері де қабылдап, созылмалы ауруларға ем жасай алады, дәрі-дәрмектерін бере алады. Бұндай қызмет түрі бұрын жоқ болатын.
-Дұрыс қолға алынған іс екен, өйткені, білімді, тәжірибелі медбикелер бұрыннан-ақ, әсіресе созылмалы науқастардың жағдайын дәрігерлерден кем білмейтін еді ғой.
-Иә, олардың бұрын да істеп келе жатқан ісі енді заңдастырылды ғой. Оның үстіне кейін учаскелерде патронтаждық қызметті атқарады, салауатты өмір салтынкәсіптік қалыптастырады. Бұл аталған іс-шараның бәрі аурудың алдын-алуды күшейту мақсатында қолған алынып жатыр. Біз де оларға «науқасты барынша жылы қабылдаңдар, жылы сөзің өзі ем» деп айтып отырмыз. Жалпы тәжірибелік дәрігерлерге үш медбике, басқа дәрігерлерге бір медбикеде көмектеседі. Біздің озат мамандарымыздың арасында аға медбике Махира Анарметова, тәжірибелі Бибісара Сейітқұлова, жастардан Сағадат Рахметова секілді медбикелер аз емес. Олардың бәрі қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
Ақ халатты абзал жандардың жағдайы жақсы екен. Демек, біздің де жағдайымыз жаман болмайды деген сөз...
Ө.Ақжігіт
Шымкент қаласы