БАУЫР ЕТ – БАЛАЛАРЫМЫЗ АМАН БОЛСЫН!

БАУЫР ЕТ – БАЛАЛАРЫМЫЗ АМАН БОЛСЫН!

Алматы облысының білім басқармасына қарасты Қарасай ауданындағы «№13 психологиялық – педагогикалық түзеу кабинеті» бауыр етіміз – балаларымыздың денсаулын нығайту жолында жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқан бірден бір мекеме. Ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс істейтін орталықтың атқарып келе жатқан істері де ауқымды. Атап айтқанда, көру, есту қабілеті бұзылған, тілінің кемістігі бар, сөйлеуі нашар балалармен білікті мамандар біріге жұмыс істей отырып олардың денсаулығының қалыпқа келуін қадағалайды. Сонымен қатар, аймақтағы тірек-қимыл қызметінің бұзылысы бар балалар да осы мекеме қызметкерлерінің назарында. Және аталмыш психологиялық -педагогикалық түзеу кабинетінің психолог мамандары психикалық дамуы тежелген балалармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істей отырып, олардың қоғамға бейімделуіне септігін тигізуде. Балалардың дамуына жол ашып, мүмкіндіктер әлемінің шексіз екенін дәлелдеп келе жатқан мекеменің жұмыс барысымен оқырман қауымды толығырақ таныстыру үшін №13 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің әдіскер-дефектолог маманы Майгүл Әуелбековамен аз-кем әңгіме өрбіттік.


   Мариям Ақшалова №13 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің басшысы

Біз әңгіме өзегіне айналдырып отырған дефектолог-логопед Мариям Ақшалова басқаратын №13 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті 2011 жылдың 1 қарашасынан бастап жұмыс істеп келеді. Құрылғаннан кейінгі алғашқы онжылдықта мемлекеттік стандартқа сай 1780 бала қабылданып, олардың әрқайсысымен мекемедегі педагог-психолог, педагог-логопед, олигофренопедагог, дефектолог, әлеуметтік педагог, ЕДШ маманы, музыка және ретмика мамандары түзету-дамыту сабақтарын өткізіпті.

Аталмыш мекемеде 2011-2021 жылдар аралығында 428 бала жақсы нәтиже көрсетіп орта мектептерде білім алуға жіберіліпті. Ал, 115 бала арнайы мектеп интернатына жолданыпты.

№13 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің әдіскер-дефектолог маманы Майгүл Әуелбекованың сөзінше, психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияның арнайы шешімімен 2020 жылы – 114 бала, 2021 жылы – 105 бала, 2022 жылы – 168 бала тіркеліпті.

Мекемеге алғаш табан тіреген әрбір бала ең бірінші невропатолог дәрігерінің қабылдауынан өтетін көрінеді. Түзету кабинетінің ерекшелігі сол, балаларға кешенді психологиялық- педагогикалық көмек көрсетіп қана қоймай, ата аналарға да арнайы бағыт-бағдар беріледі.

Қазіргі таңда мекемеде 435 бала тіркеуде тұрса, әрбір кезеңде 55-60 бала мамандардың көмегін алып жатыр.

«Біздің мекеме – мектепке дейінгі және мектептегі білім беру ұйымдарына баратын балаларды, яғни, туғаннан 18 жасқа дейінгі психофизикалық дамуында бұзылысы бар балалар мен жасөспірімдерге кешенді психологиялық-педагогикалық көмек көрсетеді. Сабақтарымыз – арнайы түзетуші топтық, шағын топтық жүйеде жүзеге асады. Сабақ барысында дамытушы бағдарламаларды негізге аламыз. Сонымен қатар, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды психологиялық-педагогикалық және медициналық-әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етеміз. Сондай-ақ, түзеу тәжірбиесіне заман талабына сай, педагогикалық тың әдістерді және ақпараттық компьютерлік технологияларды , қимыл-қозғалысын түзететін тәсілдерін енгізе отырып жүзеге асырамыз» дейді маман.

Орталықтың жұмысымен етене танысу арқылы мұнда балаларға жақсы жағдай жасалғанына куә болдық. Маман сөзіне сүйенсек, мұнда 2023 жылы 318 бала тіркеліпті.Тіркелушілердің әрбірі арнайы кезек бойынша кезең-кезеңімен сабаққа шақырылып отырады екен.

 Майгүл Әуелбекова әдіскер-дефектолог

«Біздің орталықта бір кезең үш айды құрайды. Балаларға топтық негізде және әрқайсысымен жеке-жеке сабақтар өткізіледі. Біздің көмегімізге жүгінетін әрбір балаға жеке-жеке папка арналады. Олардың сабақтан кейінгі даму сатысының деңгейін бақылаймыз. Әр кезең бойынша балалардың әрбіріне жеке-жеке мінездеме беріледі. Әр бала әртүрлі диагнозбен келетіндіктен, әрқайсысымен әрқилы мерзімде жұмыс істейміз. Күрделі дигнозбен келген балалар үш кезең бойы ем алатын жағдайлар да кездеседі. Ал кейбір балалар бір кезеңнен кейін-ақ, жақсы нәтиже көрсетіп, мектепке немесе балабақшаға орналасып жатады. Біздің орталықтан өзге мектептерге жіберілген балалардың біраз бөлігі мұнда қайтадан келуге ниетті екендерін білдіріп жатады» дейді Майгүл Бекетқызы.

Жоғарыда атап өткеніміздей, мұнда келушілердің әрқайсысы әртүрлі диагнозбен келетіндіктен олардың әрбірімен мамандар әр бағытта жұмыс жүргізеді. Мәселен, осы 2023 жылдың алғашқы кезеңі бойынша сурдопедагог маманына он бес бала тіркеліпті. Олардың барлығының есту қабілеті бұзылған. Бүгінде арнайы маман балалармен жүйелі жұмыс жүргізуде.

«Ерекше балалармен жұмыс істеу – үлкен табандылықты талап ететін еңбек. Әсіресе аутистикалық көріністері бар балалар айрықша көңіл бөлуді қажет етеді. Мәселен, көзге қарамайтын, сөзді тыңдамай, ерсілі-қарсылы жүгіре беретін балаларды орталығымыздағы психолог маманы қабылдайды. Аталмыш балалар, өзге мамандардан сабақ алуы үшін ең бірінші кезекте адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауды меңгеруі тиіс. Психолог осы бағытта жұмыс жүргізеді. Одан әрі қарай өзге мамандармен жұмыс процесі жалғаса бермек» – дейді әдіскер-дефектолог маманы.

№13 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің мамандарымен тілдесу барысында орталық көмегіне жүгінетіндердің дені сөйлеу тілі тежелген балалар екеніне көз жеткіздік. Бүгінгі таңда балалар арасында бұл құбылыстың белең алуы жиі кездесіп жүр. Мұның себеп-салдары туралы әдіскер-дефектолог Майгүл Әуелбекова былай дейді: « – Көп жағдайда ата-аналар балаларына дұрыс көңіл бөлмеуінің салдарынан көп диагнозды қолдан өздері жасап алатыны бізді қатты алаңдатады. Бесіктен белі шықпаған кішкентай ғана бүлдіршіндерге ұялы телефонды ұзақ мерзімге ұстатып қоюдың ақыры сөйлеу тілінің тежелуіне әкеліп соғуда. Бұған кейбір ата-аналар мән бермей жүре береді де, бес жасқа таяған кезде барып, дабыл қағып жатады. Осы жағын бала өсіріп отырған әрбір ата-ана ескерсе екен дейміз. Бала дамуына салғырт қараудың салдары өте ауыр. Сондықтан, балалардың денсаулығы мен қатар дамуына да жауапкершілікпен қарағанымыз абзал».


 логопед-жас маман Динара Асқар

Мекемедегі балалар саулығын нығайту жолында жұмыс істеп келе жатқан дефектолог-логопед Ақмарал Білдәбекова, дефектолог Салтанат Қасабекова, ЕДШ маманы Нұрзат Көшеров, музыка және ритмика маманы Туғанай Ғұмарова, психолог Гүлнәр Ақылова, дефектолог-логопед Назым Қалғұлова, невропатолог Жаннат Хасанова, сурдопедагог Гүлнұр Тасполатова, логопед Динара Асқар, логопед-дефектолог Ұлан Жантығұлова сынды білікті мамандардың еңбегі орасан зор екенін айтуға тиіспіз. Мекемедегі жүйелі жұмысты одан әрі ілгерілету мақсатында маман-кадралардың кәсіби шеберлігін шыңдап отыруды жолға қойған. Бұл тұрғыда педагог мамандармен әдістемелік жұмысты ұйымдастыру, жаңашыл педагогикалық тәжірибені зерттеп, жинақтап,тарату бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ, тиісті мекемелер мен ұйымдардың көмегі арқылы балалармен бірге дамыту шараларын ұйымдастыру ісі қарастырылған.

Балаларды дамыту ісінде ойлау қабілетін дамытатын түрлі құрал-жабдықтар мен ойыншықтардың атқаратын рөлі зор екені айтпаса түсінікті. Аталмыш мекемені осындай қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге «Дара» қайырымдылық қоры атсалысыпты.

№13 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті өз қызметіне жүгінетін әрбір балаға жарқын болашақ сыйлауға ниетті. Бұл бағытта ата-анамен бірлесе жұмыс істеудің маңызы зор екенін тілге тиек еткен әдіскер-дефектолог Майгүл Әуелбекова: « Былтырдан бастап ата-аналармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу үшін «Отбасылық кеңес» бөлімін қолға алдық. Бұл тұрғыда біз ата-аналарға үй жағдайында балаларға қалай көмек көрсетуге болатынын үйретеміз. Есту қабілеті бұзылған, аутистикалық көріністері бар, зерде бұзылыстары бар балалардың ата-аналарын жеке-жеке жинап, қажетті ақпараттың барлығын береміз. Дидактикалық материалдарды қалай жасауға болатынын толыққанды үйретеміз. Біздің орталықта бір сабақ 30-40 минутты ғана қамтиды. Қалған уақытта балалар ата-анасының жанында болғандықтан бұл бағытта бірлесе жұмыс істеу жоғары нәтиже береді. Сондықтан, ата-аналардың қолдауы өте маңызды».

***

Қаскелең қаласындағы №13 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің балаларымыздың денінің саулығы мен дамуы тұрғысында тындырымды тірліктер атқарып келе жатқандығы мекеме басшысы дефектолог-логопед Мариям Сансызбайқызының іскерлігімен тікелей байланысты екені сөзсіз.

Жүгі ауыр жұмысты жауапкершілікпен атқарып, сүттей ұйып отырған ұжым мүшелерінің еңбектеріне жеміс тіледік.

                                                                                                                                              Гүлмира САДЫҚ,

                                                                                                                                                qazaquni.kz