САЙЛАУ НАУҚАНЫ БҰҚАРАНЫҢ БАСТЫ НАЗАРЫНДА
2023 ж. 15 ақпан
644
1

Еліміздегі басталған саяси реформалар мен қоғамды демократияландыруға байланысты биылғы Мәжіліс пен мәслихаттарға депутаттарды сайлау бұрынғылардан мүлдем өзгеше болмақшы. Өз өкілдерін сайлап, солар арқылы мемлекетті басқаруға деген сайлаушылар сенімі арта түскендей.
«Тойдың болғанынан боладысы қызық демекші» сайлау науқанының алғашқы күнінен-ақ жер-жерлерде үміткерлерді ұсыныу белсенді жүргізілді. Саясаттанушылар мен қоғам белсенділері сайлауға қатысты өз пікірлері мен ұсыныстарын айтып жатыр. Сайлаудың соңғы нәтижесі қандай болатыны әрине, белгісіз. Қай партия жеңіп, қандай жеке тұлғалар топ жаратынын күні бұрын айту қийын. Бірақ соған қарамастан сарапшылар, саясаттанушылар өз жорамалдарын білдіріп те жатыр. Мысалы саясаттанушы Данияр Әшімбаев Мәжіліс депутаттарын сайлау науқанына қатысты : - «Алдағы сайлауға қатысты қазір қандай да бір болжам айту қиын. Бұрынғы брендпен және бұрынғы басшылықпен сайлауға тек «Ақ жол» партиясы ғана барады. Ал, AMANAT партиясы осыған дейінгі сайлауда «Нұр Отан» деп аталғаны белгілі. Оның атауы, басшылығы, активі өзгерді. «Қазақстан халық партиясы» да басшылығын ауыстырды, сондай-ақ ондағы кикілжің партияның беделіне нұқсан келтірді деп санаймын. Сонымен қатар, сайлау қарсаңында құрылған екі жаңа партия пайда болды. Дәл қазір олардың сайлау алдындағы стратегиясы қандай болатынын, қандай активке ие болатынын бағалау қиындау», - деген пікірін білдірді.
Оның ойынша, тәжірибесі мен ресурстық базасын ескерген жағдайда, AMANAT партиясы жеңіске жетуі мүмкін. Партияның ілгерілеуіне көптеп жұмылдырылған белсенділер, Мәжілісте жұмыс істеген фракция, сондай-ақ көпшілікке танымал басшылығы өз әсерін тигізеді.
«Екінші орынға «Ақ жол» партиясы шығады деп ойлаймын. Өйткені, олардың бағыты белгілі және ел арасында танымал болып тұр. «Қазақстан халық партиясына» қатысты нақты айту қиындау. Партиялық тізімі де айтарлықтай оптимизммен қарайтын деңгейде емес. Бұған дейін Парламент депутаттарын сайлауда «Ауыл» партиясында елеулі жетістік болмаған еді. Ал, партия атынан ұсынылған жаңа тізімді осыған дейін президенттік сайлау науқанындағы екі экс-кандидаттар – Жигули Дайрабаев пен Қарақат Әбден бастап отыр. Олар былтыр күздегі сайлау кезінде сайлаушылар арасында біраз танылған адамдар. Атап айтқанда, «Ауыл» партиясы өзінің көрсеткіштерін жақсарта алады, бірақ қаншалықты ілгерілейтінін айту қиын», - деді саясаттанушы.
Саясаттанушының сараптауынша, жаңадан құрылған Respublica және BAYTAQ партиялары кандидаттарының тізімдерінде танымал адамдар болғанымен, халық арасында айтарлықтай әсер қалдырмайтын көрінеді.
Сайлауда оның болжамынша алдыңғы қатардан AMANAT, «Ақ жол», «Ауыл», «Қазақстан халық партиясы» және «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» орын алады.
Саясаттанушылардың пікіріне құлақ асқан артық етпейді. Ал халықтың, миллиондаған сайлаушылардың ойы қандай, олардың сайлауға деген ынтасын қалай білуге болады? Бұл жерде халық арасында осы мәселеге қатысты сауалнама жүргізу өте тиімді. Сол арқылы сайлаушылардың көңіл-күйін аңдауға болады. Ол да белгілі бір заң шеңберінде өтуге тиісті.
Мысалы Орталық сайлау комиссиясына 5 заңды тұлғадан қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу туралы хабарлама түскен екен. Олар:
1. «Қоғамдық пікір» зерттеу институты («Общественное мнение» зерттеу институты) – «face to face» сұхбат сауалнамасы әдісі, телефон сауалнамасы (CATI);
2. «AMANAT» партиясының «Қоғамдық саясат институты» – «face to face» сұхбат сұрау әдісі, дауыс беру күні үй-жайлардан тыс және дауыс беру пункттерінен тыс сауалнама (exit-poll);
3. «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы» - дауыс беру күні үй-жайлардан тыс және дауыс беру пункттерінен тыс сауалнама (exit-poll);
4. «Еуразиялық интеграция институты» - «face to face» сұхбат сұрау әдісі, дауыс беру күні үй-жайлардан тыс және дауыс беру пункттерінен тыс сауалнама (exit-poll);
5. «Демократия институты» ғылыми-зерттеу ассоциациясы» – «face to face» сұхбат сұрау әдісі, дауыс беру күні үй-жайлардан тыс және дауыс беру пункттерінен тыс сауалнама (exit-poll).
Ия, сайлау науқаны қарқын алып келеді. Енді үгіт-насихат кезеңі басталады. Үміткерлердің жеңіске жетуіне оның да ыпалы зор болмақшы.
Бек МЫРЗАҰЛЫ
qazaquni.kz