САЯСИ САЙЫС ТАРТЫСТЫ БОЛМАҚШЫ
2023 ж. 15 ақпан
609
0

Сонымен 19 наурызда өтетін кезектен тыс Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттар депутаттығына кандидаттар ұсыну мерзімі аяқталды. Еліміздің басты саяси сайысына ресми тіркелген барлық партиялар өкілдері қатысу мүмкіндігін алды. Ал сайлау барысын бірнеше ондаған халықаралық байқаушылар қадағалайтын болады.
Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарына кандидаттарды ұсыну аяқталысымен Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды ұсыну қорытындысын жария етті. Комиссияға барлық партиялар тізім арқылы сайлауға қатысатын канидаттарының тізімін ұсынып үлгерді. Айта кетуіміз керек, тапсырылған құжаттар «Сайлау туралы» Конституциялық заңға сай келді Тізімдегі кандидаттар саны ауқымды, барлығы 283 үміткер бар. Солардың қатарында партиялық тізім арқылы Қазақстан халық партиясынан - 52, Ақ жол партиясынан - 54, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан – 19, «Байтақ» жасылдар партиясынан» - 18, «Ауыл» партиясынан – 25, Respublica партиясынан – 25, AMANAT партиясынан – 90 кандидат тіркелді. Үміткерлер саны көп болғанмен берілетіні небары 69 мандат. Демек бұл жолғы сайлау тартысқа толы болатын түрі бар.
Мәжіліс депутаты сайлауында 29 бір мандаттық аумақтық сайлау округі бойынша 609 кандидат ұсынылған. Бұл санат бойынша да үміткерлер аз емес. Жалпы республика бойынша әр сайлау округіне орташа бәсекелестік 21 үміткерден келеді екен. Бұл жолы ең жоғарғы бәсекелестік Астанада болады. Қаланың 2 сайлау округінің әрқайсысы бойынша 63 кандидаттан тіркелген. Ең төменгі көрсеткіш Ұлытау облысының сайлау округінде, онда бір мандат үшін 6 үміткер таласады.
Әрине, жаңа саяи реформаларға қатысты бұқараның белсенділігінің артқанын байқауға болады. Еске салсақ, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және Астанада – 334, аудандарда – 2 130, қалаларда 617 адам мәслихаттардың депутаты болып сайланады. Мандаттардың жалпы саны - 3 081. Кандидаттарды бірмандаттық аумақтық сайлау окургтері бойынша ұсыну қорытындыларына сәйкес, орташа бәсекелестік бір орынға 4,3 кандидаттан келеді.
Барлық деңгейдегі мәслихаттар бойынша 119 партиялық тізім болды. Аталған тізімде 1 471 кандидат бар. Мажоритарлық округтер бойынша мәслихаттарға - 11 844 кандидат. Жалпы Мәжіліс пен мәслихаттар бойынша 14 207 кандидат ұсынылды. Бұл бұрынғы сайлауларға қарағанда анағұрлым жоғары көрсеткіш.
«Сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес Мәжіліс сайлау кезінде саяси партиялардың тізімдерінде әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар үшін белгіленген 30 пайыздық квота толығымен сақталуы қажет. Құжаттарды қабылдау кезінде бұл ереже толығымен ескерілген. Бұл өте маңызды, өйткені қоғамның мүшелері өздерінің әлеуметтік және басқа да ерекшеліктеріне қарамастан сайлану мүмкіндігіне ие болады.
Орталық сайлау комиссиясының кандидаттарды тіркеу рәсімі 18 ақпанға дейін жалғасады. Ал сайлау алды үгіт тіркеу аяқталған күні сағат 18-00-де басталып, 18 наурыз күні сағат 00:00-ге дейін жалғасады. 18 наурыз – тыныштық күні. 19 наурыз – сайлау күні. Барлық үміткерлерге сәттілік тілейміз!
Бек МЫРЗАҰЛЫ
qazaquni.kz