САЙЛАУДА АШЫҚТЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛЕДІ

САЙЛАУДА АШЫҚТЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛЕДІ

     Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының Қазақстандағы парламенттік сайлауды байқау жөніндегі миссия басшысы Оуэн Мерфимен кездесу өткізді.

«ЕҚЫҰ ДИАҚБ ұйымына Қазақстандағы сайлау науқандарына үнемі назар аударатындығы үшін алғыс айтамын. Миссияның еліміздегі кезекті сайлау барысын бақылайтындығына қуаныштымыз. Былтыр 20 қарашада өткен президент сайлауында ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясының 300-ден астам өкілі жұмыс істеді. Делегацияның кейбір мүшелерін жақсы танимыз. Сіздердің Қазақстанға келулеріңіз барлық жағынан да жемісті болады деп сенемін», - деді Нұрлан Әбдіров кездесу барысында.Сондай-ақ, ОСК басшысы сайлау кезінде миссияның толыққанды жұмыс істеуі үшін барлық жағдайдың жасалатынын айтты. «Біздің аппарат ашық әрі әділ режимде жұмыс істеуге дайын. Біз ашықпыз және қолжетімдіміз», - деді ол.

   ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Қазақстандағы парламенттік сайлауды байқау жөніндегі комиссия басшысы Оуэн Мерфи де өз сөзінде сайлаудың ашық және әділ өтетініне сенім білдірді. «Миссия басшысы ретінде Қазақстандағы сайлау барысын байқау – мен үшін үлкен мәртебе. Соңғы бір жыл ішінде Орталық сайлау комиссиясы бірнеше маңызды саяси науқанды өткізгенін білемін. ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясы атынан екіжақты ынтымақтастығымыз үшін Орталық сайлау комиссиясына алғыс айтамын. Жұмыс кезінде жасалған барлық жағдай мен мүмкіндіктер үшін де рахмет», - деді ол. Сонымен қатар ол сайлауға байланысты өз ұстанымдарын да айта кетті. «Біздің миссия сайлау алдындағы үгітке сапалы бақылау жүргізеді. Бізді сайлау нәтижелері емес, процестің өзі қызықтырып отыр. Сайлауды бақылау миссиясының рөлі қадағалау, араласу немесе көмек көрсету емес. Біздің жұмысымыз сайлауды бақылау ғана. Бақылау және бағалау миссияның алдағы есептерінде жарияланады. Сайлау күніне екі апта қалғанда біз сайлау процесінің нақты сипаттамасы болатын және сайлау бөлігіндегі мәселелерді көрсететін аралық есепті жариялаймыз», - деді Оуэн Мерфи. ЕҚЫҰ миссиясы Мәжіліс сайлауын байқау жұмысын одан әрі жалғастырады. Миссия байқаушылары жұмысын 7 ақпанда бастап, 29 наурызда аяқтамақ.

     Мәжіліс және жергілікті мәслихат сайлауына қатысты бұл үлкен саяси науқаннның маңы зор. Оны отандық қоғамдық ұйымдармен бірге шетелдік байқаушылар да жіті қадағалайтын болады. Бұл әлемде көптен бері қалыптасқан тәжірибе. Орталық сайлау комиссиясы19 наурызда өтетін кезектен тыс Мәжіліс сайлауына тағы 37 шетелдік байқаушыны аккредиттеді.

«2023 жылғы 20 қаңтарда халықаралық байқау институты ашылғаннан бері Орталық сайлау комиссиясы 1 шет мемлекеттен, 2 халықаралық ұйымнан 25 байқаушыны ресми тіркеуден өткізді. 2023 жылғы 9 ақпандағы жағдай бойынша комиссияға Сыртқы істер министрлігінен 2 шет мемлекеттен, 1 халықаралық ұйымнан 37 байқаушыны тіркеуден өткізуді ұсынды», - деді Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман комиссия отырысында. Оның нақтылауынша, Қытай Халық Республикасынан 2 және Нидерланды Корольдігінен 3 байқаушы ұсынылған.

«Сонымен қатар Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының сайлауды байқау жөніндегі миссиясынан 32 байқаушы ұсынылды», - деді ол. Орталық сайлау комиссиясы ұсынылған байқаушыларды тіркеу туралы арнайы қаулы қабылдады. Жалпы, Парламент сайлауын байқауға 332, оның ішінде 32 ұзақмерзімді және 300 қысқа мерзімді халықаралық байқаушы келеді.

Бек МЫРЗАҰЛЫ

qazaquni.kz