Қазақ өнерінің Түркияға көмегі болсын
2023 ж. 10 ақпан
609
0

Табиғат апатынан зардап шеккен түрік ағайынға отандастарымыз барынша қолдау көрсетіп жатыр. Қайырымдылық акциялары қолға алынып, Қазақстан жұртшылығы қаржылай көмек жинауға белсенді кірісіп кетті. Рас, зілзаладан қиындыққа ұшыраған бауырлас түрік халқының басына түскен ауыр жағдай ешкімді бейжай қалдырмады. Осы себептен өнер саласында жүрген барша азаматтарды «Қазақ өнерінің Түркияға көмегі» акциясына бір кісідей атсалысуға шақырып, үндеу жариялаймын.
Қадірлі, татулық пен тұрақтылықтың тамыры тереңге жайылып, ырыс пен ынтымағы артқан қазақ жұрты!
Біз – ежелден бүкіл түркі халықтарының ата жұртымыз. Бауырлас елдер біздің жерімізден әртүрлі себептермен көшіп, дүние жүзінің әр тарапына қоныс тепті. Қазақ халқы қара шаңырақта қалғандықтан, бүкіл түркі халықтарының тағдырына жауапты деуге толық негіз бар.
Мен – қолымнан келгенше ұлт өнері әлемдік деңгейде бағалансын деген ниетпен еңбектеніп жүрген қазақтың бір баласымын. Кәсібім де, нәсібім де – сурет салу. «Қайғыдан қан жұтып отырған түрік халқына қалай қол ұшын созамын?» деген ой келіп, бағалы суреттерімді аукционға қоюды жөн деп таптым. Одан түскен қаражатты бауырлас халыққа аударуды көздеп отырмыз. Бұл ретте зергер, суретші, әнші, актер, ақын, жазушы сияқты мәдениет және өнер айдынында жүрген барша әріптестерімді акцияға белсенді атсалысып, үндеуді қолдауға шақырамын. Әрине, аукцион жұмысын ұйымдастыру оңай шаруа емес. Бұл іске қалталы кәсіпкерлерді тартып, нәтиже шығаруға болады деп сенемін. Жиналған қаражат арнайы ашылған қорға түсіп, зардап шеккен түрік ағайынға жіберіледі.
Түркияға мемлекеттік деңгейде көмек көрсетіліп жатқаны белгілі. «Көп түкірсе – көл» демекші, аз болса да қолдау көрсету маңызды. Мұндай ізгі амалдар артымыздан еріп келіп жатқан ұрпақты тәрбиелеудің бір үлгісі екенін ұмытпайық.
Ізгі ниетпен,
суретші Ерболат ТӨЛЕПБАЙ