Кәріс қызы қазақ мектебінде білім алғанын мақтаныш санайтынын айтты

Кәріс қызы қазақ мектебінде білім алғанын мақтаныш санайтынын айтты

Қазақ елінің этникалық кәрісі, қазақ тілінде білім алғанын зор мақтаныш санайтын Татьяна Цхай қалың көпшіліктің ықыласына бөленіп, үлкендердің ақ батасын алды. "Abai TV" арнасының "Шаңырақ" бағдарламасында сырлы сұхбаттың ажарлы өрнегін өрбіткен азамат қазақтың дәстүрі мен қазақ тілді мектептің ерекшеліктерін санамалап айтып, көрерменнің көңілін өсірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Ас үйде нан жайып жатып, қазақ тілі мен дәстүріне деген айрықша ықыласы мен кеңқолтық қатынасы жайлы баяндаған кәріс қызына ілтипат көрсетіп, ақ тілегін жаудырып жатқандар көп.

- Қазақ мектебіне барамын деп айттым. Бірақ қазақша бір ауыз сөз білген жоқпын. Үйренуден қиындықтар болған жоқ. Маған қолдау көрсеткен өзімнің тұңғыш мұғалімім Байкенова Ғалия Қайырбекқызы еді. Сол кісінің арқасында көп нәрсе үйрендім. Ол кісі маған қазақ тілін ғана үйретіп қойған жоқ, қазақ халқының салт-дәстүрлерін көрсетті. Туған ауылына екі аптаға өзімен бірге ертіп апарды. Сол жерде мен өз көзіммен қазақ халқының қонақжайлығын көрдім, - деп ағынан жарылды Татьяна Цхай.