ҚАЛТҚЫСЫЗДЫҚ ҚАҒИДАСЫ
2023 ж. 21 қаңтар
1282
0
немесе мемлекеттік қызметшіге қойылатын әдеп нормаларының талаптары
Қазіргі таңда елімізде мемлекеттік қызмет саласын реттейтін заңнама толық қалыптасқан. Мемлекеттік қызметтің құқықтық негізін еліміздің Конституциясы, Еңбек кодексі, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері құрайды.
Орайы келгенде, оқырмандарға мемлекеттік қызмет жайында жалпылама түсініктеме бере кетсек артық болмас. Атап айтсақ, мемлекеттік қызмет – бұл ең алдымен мемлекет атынан елге адал қызмет ету.
Мемлекеттік қызметкердің айрықша мәртебесі болады.
Мемлекеттік қызметке мемлекет атынан және оның мүддесі үшін заңдарға сәйкес басқарудың әртүрлі салаларында мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын азаматтардың қызметі кіреді. Мемлекеттік қызметші сауатты, құзыретті және жауапты болуы, жұмысты ұйымдастыра білуі тиіс және мемлекеттік қызметшінің әдеп нормаларының талаптарын сақтауға міндетті.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі қоғам өмірінде ерекше рөл атқарады. Ол қоғамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуді және қоғамдық мүдделерді ең үздік және тиімді тәсілмен қанағаттандыруды білідіреді. Мемлекеттік қызмет қоғам мүдделеріне адалдық танытуға және Қазақстан халқының бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал етуге, мемлекеттік тіл мен басқа тілдерге, Қазақстан халқының дәстүрлері мен ғұрыптарына құрметпен қарауға міндеттейді. Мемлекеттік қызметшілер өз қызметінде мемлекеттік саясатты ұстануға және оны іс жүзіне асыруға, қоғамның мемлекеттік қызметке, мемлекет пен оның институттарына деген сенімін сақтауға және нығайтуға ұмтылуы тиіс. Қоғам мемлекеттік қызметшілер өз міндеттері мен функцияларын заңдарға сәйкес барлық адал ниетімен құзыретті және тиімді түрде орындайды деп есептейді. Сондықтанда мемлекеттік қызметкерлер сол сенімді ақтаулары керек. Мемлекеттік қызмет атқару, бұл қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебіне жоғары талаптар қояды.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің стандарттарын белгілейді және қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін және парасаттылық атмосферасын қалыптастыруға, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған. Кодекстің мәтіні мемлекеттік органдардың ғимараттарында көпшіліктің қарауына қолжетімді жерлерде орналастырылады. Осы Кодексте белгіленген қызметтік әдеп стандарттары барлық мемлекеттік қызметшілер үшін міндетті болып табылады.
Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі мынадай қағидаттарға негізделеді, олар, адал ниеттілік – қоғам игілігі үшін мемлекетке кәсіби және жауапты қызмет ету, адалдық – өз міндеттеріне шынайы көзқарас, әділдік – жеке және заңды тұлғалардың, қоғамдық топтар мен ұйымдардың ықпалына қарамастан заңды шешім қабылдау және кез келген мән-жайлар бойынша біржақтылық пен субъективтілік себебінен адамдарды кемсітуге жол бермеу, ашықтық – жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын екенін көрсету және өз іс-қимылының ашықтығын қамтамасыз ету, сыпайылық – азаматтар мен әріптестерге дұрыс және құрметпен қарау, клиентке қалтқысыздық – мемлекеттік қызметтерді тұтынушы ретінде халықтың сұраныстарына толықтай бағдарлай отырып, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және жолданымдарды қарау кезiнде төрешiлдiк көрiнiстерiне және әуре-сарсаңға салуға жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау.
Мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстануға, қоғамға жат мінез-құлық, оның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадiр-қасиетiн және қоғамдағы адамгершілікке нұқсан келтіретін масаң күйде болу жағдайларына жол бермеуге, қарапайым болуға, тиісті көрсетілетін қызметтерді алу кезінде өзінің лауазымдық жағдайын баса көрсетпеуге және пайдаланбауға, өз тарапынан қоғамдағы адамгершілікке, тәртіпке және қауіпсіздікке қол сұғушылыққа әкелетін заңнама талаптарын бұзуға және басқа азаматтарды құқыққа қарсы, қоғамға жат әрекеттерді жасауға тартуға жол бермеуге тиіс. Мемлекеттік қызметші жан-жақты дамыған тұлға болуы, үнемі салауатты өмір салтын ұстануы және отбасылық құндылықтарды насихаттауы тиіс.
Мемлекеттік қызметкер қоғамдық орындарда масаң күйде болу, адамның қадір-қасиетін қорлау, заңнаманы бұзу, айналасындағылардың тәртібі мен қауіпсіздігіне қол сұғу сияқты азғындық мінез-құлық жағдайларына жол бермеуі керек. Жұмыстан тыс уақытта олар өз іс-әрекеттері мен мінез-құлықтары үшін жауапты болады, ал кез келген жағдайда этикалық қағидаттарды сақтау қоғамның мемлекеттік қызметке деген жоғары сенімінің негізі болып табылатынын естен шығармауы керек.
Мемлекеттік қызмет қашанда мінсіз болуы тиіс. Себебі, елдің бүгіні мен ертеңі осы салаға байланысты. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі таңда мемлекеттік қызмет билік пен бұқараның арасын жалғайтын алтын көпірге айналды. Даму кезеңімізде мемлекеттік қызметті жетілдіруге бағытталған реформалар жүргізіліп, уақыттың көші жылжыған сайын мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптарда барынша күшейтіліп келеді. Нәтижесінде бұл мемлекеттік қызметтің сапасының артуына мүмкіндік береді. Жалпы біз мемлекеттік қызметтің маңыздылығы мен жауапкершілігін терең сезінуіміз керек. Мемлекетке адал қызмет ету бұл үлкен абырой екендігін жеткізгім келеді.
«Ұлтқа қызмет ету – мінезден» деп ұлыларымыз айтқандай, ел мүддесінің үдесінен шығуды алдымызға миссия ретінде қоя алсақ, әркім өзі қызмет етіп жүрген салада үздік, білікті маман болса, елдің де келешегі кемел болмақ. Сайып келгенде, мемлекет басшысы айтқандай, кәсіби және тиімді мемлекеттік аппарат құру жолында әрбіріміз өз үлесімізді қосуымыз керек.
Ә.ТҮЛКИЕВ,
Жетісу облысы бойынша Соттар әкімшісі басшысының орынбасары, әдеп жөніндегі уәкіл
qazaquni.kz