ӘБІЛДАЕВ - ҚАЗАҚТЫҢ ЖАУЫ

ӘБІЛДАЕВ - ҚАЗАҚТЫҢ ЖАУЫ

Біз ұлтшыл деген сөзден қатты қорқамыз. Ұлтшыл десе, бүйректен сирақ шығаратын адамды елестетеміз. Құтты билікке де, басқасына да түрпідей тиетін қорқыныш сияқты көрінеді. 

Кеше ғана «Ақ жол» партиясынан қуылған Азамат Әбілдаев бүкіл ақжолдықтарды әсіре ұлтшыл деп Ресей порталдарына сұхбат беріп жатыр. Мен ойлаймын, Әбілдаев айтты екен деп ұлтшыл деген сөзден қашамыз ба?! «Ақ жол» партиясында жүргеніме он жылдан асты. Мен де қоғамымызда тоң болып қатып, сол сеңді еріткісі келмеген тоймойын заман дүрілдеп тұрғанда 2000-ыншы жылдардың бас шенінде осы партияға алғаш Алаш идеясына ден қойғаны үшін келгенмін. Содан бері Алаш зиялыларының есімдері жаңғырды. Жыл сайын Алаш қайраткерлерінің көзқарастары мен еңбектерін зерделеген байқаулар өтіп келеді. Әбілдаев Алаш идеясын ұстану ұлтшылдық, айналасы соңғы үш жылда әсіре ұлтшылдар қаптап кетті деп көктен түскендей болып сөйлегені сатқындық деп білемін. Біз өз ұлтымыздың қамын ойламасақ, кешегі күндері қазағы үшін шейіт болған Алаш қайраткерлерінің есімін қайтаруға күш салмасақ, жерді тірі басып жүргеніміздің құны көк тиын. 

Әбілдаев ақжолдықтардың ғана емес, қазақтың жауы. Кеше ресейшіл бір порталға сұхбат беріп, Қазақстан Ресейсіз өз күнін көре алмайды деп бөсіді. Ресей біздің құдайы көршіміз. Бірақ, біздің халқымыз одан қорлық пен зорлық көргенін де жоққа шығара алмасақ керек. 

Меніңше, әр қазақ ұлтшыл болуы керек. Ұлтшыл болу деген қазақтан басқаларға қаскүнемдік жасау деген сөз емес. Ең алдымен өз ұлтының тіліне, тарихына құрметпен қарау, қасиетті жері үшін жанын беру деп білемін. Қазақ жау жоқ деме, жар астында дейді. Ең жаманы іштен шыққан жау жаман. Осыдан сабақ алсақ керек.

Бақыт Смағұл, 

Қазақ үні