"ДЕНІ САУ АДАМ СОҒЫСТЫ ҚОЛДАМАЙДЫ"...

"ДЕНІ САУ АДАМ СОҒЫСТЫ ҚОЛДАМАЙДЫ"...

Бір құмалаққа бола шірімейтін де жағдай болады. Оған мысал - кешелі бері әлеуметтік желілерде талқыланып жатқан "Ақ жол" ҚДП бұрынғы депутаты болған А.Әбілдаевтың БАҚ жосықсыз пікірі. Барлық прогрессивті адамзат Ресейдің Украинаға басқыншылық соғысын айыптап, өздерінің аумақтық тұтастығы үшін, мемлекеттерінің тәуелсіздігі үшін қан майданда соғысып жүрген Украина халқын қолдап, бейкүнә бейбіт тұрғындардың төгілген қанына, еріксіз босып кетуге мәжбүр болған халқына жанашыр пейілмен украина халқының тілеуін тілеп отырғанда, біздің партиямыздың мүшесінің әлеуметтік желілерде тараған сұхбаты мен үшін төбемнен жай түскендей болды. 

Осы әділетсіз соғыс басталғалы өз позициямды ашық білдіріп жүрген адам ретінде, "Ақ жол" ҚДП мүшесі ретінде бұл соғысты айыптаушылардың қатарындамын. Мен ғана емес, біздің партиямыздың мүшелерінің барлығы Украина мемлекетінің территориялық тұтастығын қолдап, басқыншылық саясатты айыптайды.

Қалай дегенімен, дені сау адам қанды қасап - соғысты қолдамайды. Бұл анық. 

Кешегі оқиға баршамызға "мал аласы сыртында, адам аласы ішінде" екенін көрсетті. Оны мал баққан адам білер деп ойлаймын...

Ал, А.Әбілдаевқа келер болсақ, ол алғашқылардың бірі болып, Кенесары ханның басын Ресейден алдыру туралы бастаманы алғаш көтерген. Сөйтіп, күні кеше ғана өзін ұлт патриоты ретінде көрсеткен. Ал бүгін нацпаттардан өзі жиреніп отыр... Іздеп көрсек ол бейне материал әлеуметтік желілерден шығуы керек.

 Олай болса, кеше Хан Кененің басын Отанына қайтару жөнінде бастама көтерген бұған ненің күні туды деген сұрақтың туындауы мүмкін... Ол да заңды. 

Адамның дәл осылай өзгеруіне меніңше санаулы ғана фактордың әсер етуі мүмкін. 

Қазіргі кезде небір лас технологиялар қолданылады... Соның бірі өз жағына шығарып, өз сөзін сөйлетуге мұқтаждау... Ол енді агентураның ісі де болуы мүмкін...

 Мұқтаждаудың да небір түрлері бар... Өткен экс-президент айтпақшы "кез-келгенді қолынан жетектеп, құқық қорғау органдарына тапсыруға болады..." Ал, өкінішке орай, кез-келген адамда сияқты кәсіпкерлердің де өз "ұрлығы" болуы ықтимал деп ойлауға тура келеді...

Пендешіліктің де болуы кәдік...

Бұл сайлауға түсе алмайтынын білген соң, партияны "лақтырып" кеткен түрі болуы да мүмкін. Бірақ, мына жағдайда ол партияны емес, партиямыз осындай лайықсыз мүшеден аластанды. Депутаттық мандатынан айырды. Соңғы күні депутаттық мандатынан масқара болып айрылудан өткен таңба бар ма? Ойлы адамға әрине жоқ. Ойсызға бәрі бір...

Бұл инцидент - мемлекет қауіпсіздігін күшейту қажеттігін ескертіп тұр. 

Бәлкім, жақтастарына ашықтан-ашық шақыру белгісін осылайша көрсетуі...

Қалай дегенімен, бұл бір партияға ғана емес, қоғам үшін ащы сабақ болуға тиісті.

Бастысы, соғысқұмарлар үшін, өзге мемлекеттің территориялық тұтастығына нұсқан келтірушілерді жақтайтындар үшін, жазықсыз жандардың төгіліп жатқан қанына шіміркенбей қарайтындар үшін біздің арамызда орын жоқ. 

Ал, "Ақ жол" ҚДП өзінің бағытынан таймайды. Біздің жолымыз - кешегі Алаш арыстарының ақ жолы...

Мақпал Орынбет, 

Қазақ үні