ДЕПУТАТ АЙКӨРКЕМНІҢ ІСІ ӘДІЛ ШЕШІЛУІН ТАЛАП ЕТТІ
2023 ж. 17 қаңтар
916
0

Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі депутаты Қазыбек Исаға Қаңтар қасіреті кезінде төрт жасар қызы Айкөркемнен айрылып қалған Айдос Мелдеханұлы арызбен жүгінді.
Ол Қаңтар қасіретінде, 2022 жылы 7 қаңтарда автоматты атыс қаруынан атылған автокөлікте болған Айкөркем, Бекислам, Бауыржан және Жәнелдің әкесі. Баллистикалық сараптама көрсеткендей, Калашников автоматынан атылған оқтан Айкөркем қаза болды. Бауыржан мен Жәнел жарақат алды. Бекислам қатты психологиялық жарақат алды.
Алайда, Алматы қаласындағы ҚР ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы 28.12.2022 ж. осы қылмыстық істі ҚР ҚК 99-бабының 3-бөлігінен (кісі өлтіру) ҚР ҚК 451-бабының 2-бөлімінің 1 тармағына (өкілеттігін асыра пайдалану) ауыстырады. Ал 30.12.2022 ж. қылмыс құрамының болмауына байланысты қылмыстық істі тоқтатқанын мәлімдейді.
Сондай-ақ, оларға бұл қылмыстық іс құпияландырылғаны туралы және осы іс материалдарымен танысу үшін Алматы қаласы бойынша Ұлттық Қауіпсіздік комитеті департаментінен рұқсат алу қажет екені хабарланады.
Осыған орай Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдеханұлы Қаңтар қасіретінің ақиқатын талап етіп, былтырғы 26 қаңтардан бері 3 рет депутаттық сауал жасаған, жазықсыз қаза тапқандардың ісін әділ қарап, рухын қастерлеу және қамаудағыларды азаптағандардың қатаң жазалануын парламентте көтеріп жүрген ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Исаға арыз жазды.
Айдос Мелдеханұлының 2023 жылдың 9 қаңтарда жазылған арызына байланысты депутат Қазыбек Иса ҚР Бас прокуроры Берік Ноғаевқа 11 қаңтарда депутаттық сауал жолдады.
“Құрметті Берік Ноғайұлы!
Қаңтар қасіретінде қаза тапқан төрт жасар Айкөркемнің ісі қоғамдық резонанс тудырып, баспасөз бен сайттарда, әлеуметтік желілерде үлкен шу болғанын жақсы білесіз деп ойлаймын. Қазір бұл іс қысқартылғасын, қоғам назары мен наразылығы қайта өршіп тұр.
Сондықтан Айкөркемнің қазасына байланысты іске қатардағы іс ретінде немесе қатып қалған заң шеңберінде шектелумен ғана қарап, істі жаба салуға болмайды!
Сіз Бас прокурор ретінде бұны бәрімізден де жақсы түсінесіз деп ойлаймын.
Сондықтан, басында ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың өзі Бас прокуратура мен құқық қорғау органдарына назарға алуға тапсырған бұл Қаңтар қасіретіне байланысты қоғамдық маңызы бар істердің саяси салмағын да сараптай аларсыздар деп түсінемін.
Сондықтан, жалпы қоғам, ұлт қайраткерлері мен зиялылары тиісті органдардан заңға сәйкес нәтижелі әділ іс күтіп отырғаны белгілі.
«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңының 25-бабына сәйкес арызда көрсетілген мәселелерді аяқсыз қалдырмай заңға сәйкес шешіп, құзыреті шегінде кінәлі адамдарды жауапқа тартуын сұраймын.
Осыған байланысты, нәтижесі туралы хат иесіне және Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне заңда белгіленген мерзімде жазбаша түрде хабарын күтеміз”- деп, ел назарын аударған атышулы істің заң бойынша әділ шешілуін талап етті.
Азамат Тасқараұлы,
Қазақ үні