Осы жұрт Алқакөлді біле ме екен?..
2024 ж. 17 ақпан
1424
0
«Өлі разы болмай, тірі байымайды».
Қазақ мақалы
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевқа хат
Бейсенжан, армысың? Жаңа қызметің алдымен елге, сосын өзіңе құтты, берекелі, абыройлы орын болсын. «Жас келсе іске» деп, бұл орынға сенің келгеніңе көппен бірге мен де қуанып жатырмын. Қолың жеткенше сермеп, тілің жеткенше сөйлеп, қарымыңды барынша көрсетіп қалар мүмкіндік қолыңа тиді, қимылдап бақ, бауырым!
Соның алғашқы сәті алдыңа келіп те тұрған секілді. Ардагер журналист, Келес ауданының құрметті азаматы Оңғар Исаев ағамыздан келіп түскен мына бір хат көшірмесі еріксіз қолыма қалам алдыртты (1-сурет). Неге? Қазақ тарихының ең қайғылы бетінің бері – 1723-жылғы атышулы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламада» аты аталатын Алқакөлдің басқа жер емес, нақ осы біздің облысымызда екендігін айтып, Оңғар ағай екеуміз былтыр «Оңтүстік Қазақстанда» (23.11.2021, 167-нөмір) «Қазақ тарихының алтын алқасы» деген көлемді мақала жазған болатынбыз (сілтемесі:. https://okg.kz/post?id=26978&slug=alqakol-qazaq-tarihynyn-altyn-alqasy). «Бүгінгі таңда ғылыми нақты дәлел жоқ» емес, дәлел бассаң аяқ астында – Ащыкөл, Алқакөлден Көздікөл, Найманкөлге қарай созылған он шақты шақырым төбелердің асты сан мыңдаған адамның сүйегіне тола!. «Ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілу...» қажеттігіне келсек, бауырым-ау, кеңсеңнен таяқ тастам жерде құрамында Археологиялық орталығы бар Қ.Яссауи атындағы халықаралық университет тұрғанда, оны саған сырттан біреу келіп істеп бере ме? Осы қызметке келгеніңде өзің көкте – Құдайдан, жерде – адамнан дәл осындай жұмысты тілеген жоқ па едің? Біз де қуанғанда сені сондай игі істерге ұйытқы болады деп қуанып едік қой. Жоқ әлде отыз жылда қалыптасып қалған отандық бюрократиялық жүйеге сәйкес ғалымдар әкімдердің есігін тоздыруы міндет пе?..
Біздің мақаламыз кезінде көзіңе түспеген де шығар, бірақ Икрам Түлеев ақсақалдың хатын алған соң Алқакөлді бір рет барып, көзбен көріп қайту ойыңа келмегені өкінішті. Өйткені, Өзбекстанға қараған 1946-1996 жылдары аралығында Ташкенттің жарты халқы сенбі-жексенбіде келіп демалатын аймақ болған жер бүгін қайта өркендеуге, елге әйгілі көпсалалы (көкөніс, бау-бақша, мал өсіретін, бордақылайтын, оның өнімін өңдейтін) агрофирмаға айналу мен демалыс аймағын, балық пен аң аулайтын қорық құруға сұранып-ақ тұрған жер. Келес пен Шардара ауданының шекарасында орналасқан, арғы жағы жағасы жыныс тоғай Сейхұн-дария, бергі жағындағы 150 мың гектар сайын даладағы бұрынғы екі кеңшар, кәзіргі екі ауылдық округте тек қой санының өзі екі жүз мыңнан асқан. Диқандар Сырдан насоспен су шығарып қауын-қарбыз егуде. (Тек онда «жабайы капитализм» салтанат құрып тұр – біздің заманның «деловой» диқандары ондаған гектар тың жерлердің екі-үш жылда нәрін сорып алған соң мың жылда да шірімейтін полиэтилен пакетке толтырып тастап кетіп жатыр...) Аймақ «қып-қызыл құмынан басқа түгі жоқ шөлге жұмақ орнатып жатқан арабтан үлгі алатын, сөйтіп, мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде бізді қолға алатын үкімет елімізде қашан пайда болар екен» деп үнсіз жаутаң қағуда. Соған сен мұрындық болсаң, қанеки, Бейсенбай! Шіркін, үкімет жел диірменнің жаңа да тиімдері түрлерін Алқакөлде орнатамыз деп байқау жарияласа, қарағандылық ғалым Сантай Жетесовтің өзі олардың бірнеше түрін, оның ішінде бұрын еш жерде кездеспеген мүлдем жаңа түрлерін де ұсынар еді-ау! Гүлденген ауыл Алқакөлден мәңгілік тыныштық тапқан сан мыңдаған марқұмға қойылған ең жақсы ескерткіш әрі бүгінгі тірілердің еңсесін тіктеп, кеудесін көтеретін ең күшті ынталандырар үлгі болар еді-ау... Алқакөлде «миллионер агрофирма» пайда болса, ол ешкімге қолын жаймай-ақ, қаралы оқиға арналған әлемде теңдесі жоқ, кезіндегі Эйфель мұнарасы секілді, архитектуралық нысан салса, мысалы, Гиннесс рекордтар кітабына кіретін, жел диірмен ретінде қызмет ететін, жер жүзіндегі ең биік ацтек, майялардың төртбұрышты пирамидасын делік (ал ол жаққа біздің Сарыарқадан барған), ол туристтерді айдаһардың деміндей өзіне тартып тұратын болар еді-ау...
Бейсенбай бауырым! Мен гүлденген ауылды бекерге ауызға алған жоқпын, тілден, діннен, тағы да басқа көп нәрседен бөлшектенуі жыл санап асқынып бара жатқан қазақтың басын біріктіру, ол үшін ең алдымен оның рухын көтеру бүгінгі күннің ең ауыр мәселесі болып отырғанын сен менен жақсы білесің. Осы хатты пайдаланып, «ұсынбасаң – сынама» дейтін жосықпен мен де бір-екі ойымды айтайын.
Біріншіден, Төлеби ауданының түлегі, тарих пәнінің мұғалымы, өлкетанушы Өмір Шыныбекұлы ағаң өзінің аулына жақын жердегі Еңсегей бойлы Ер Есім ханның жаздық ордасын қалпына келтірейік, одан беріректегі екі жолдың түйіскен жеріне Есім ханның өзіне (отыз жыл бойы аттан түспей елінің жерін кеңейткен ол қазаққа еңбегі ерекше сіңген екеу болса біреуі, біреу болса соның өзі!), оның бас батыры болған қоңырат Алатау батырға, төбе биі болған үйсін Құдайберді биге (Төле бидің атасы), алшын Жиенбет жырауға арнап ескерткіш орнатайық, ол жерді туризм бағытына кіргізейік деп неше жылдан бері шырылдап жүр. Көздің жауын алатын орданың қандай болғанын көруге «балам президент болса екен!» деп армандайтын әрбір қазақ (ал оны армандамайтын қазақ жоқ...) кішкентай сәбиін ордаға апарып бір аунатып алуға асықпай ма?! Нағыз ұлтты сүттей ұйытуға, төртеудің басы түгел болып, төбедегіге қол жетуге шақыратын шынайы жоба Шыныбекұлының жобасы емес пе?
Мен аттасымның идеясын қостай отырып, Мәшһүр-Жүсіп атамыз: «Қазақ баласының «біз оқыдық» дегендерінің арасында Бекасыл хазыретке жететіні бар ма екен?» деп жазып кеткен Бекасыл әулиенің туған ауылы Кеңесарықта оның атында медресе ашылса, онда Яссауи жолы оқытылса нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймын. Сонда берісі Түркияға, арысы Мысырға оқуға барып, «баламды молдаға беремін деп кәпір қылып алдым» деп бір атамыз айтқандай, ұлтымыздың табиғатына жат ислам ағымын алып келіп жатқан, әкеліп ішімізден ірітіп жатқан дінтанушылардың жолын кесер едік...
Үшінші мәселе. Біраз жылдан бері жеке кәсіпкер азаматтардың Темірландағы Қажымұхан музейін жаңа күрежолдың бойына көшіреміз деген ниеті болғанмен, ол әлі көшірілген жоқ. Мен сол кезде бастамашы топта болған, Қажымұқан қорының төреағасы марқұм Сағынғали Әбубәкіров ағамызған ұсынысымды тағы қайталайын: музейді, ақыры ауыстырады екенбіз, Темірланның күншығыс жағындағы биіктікте орналасқан Қарауылтөбенің қасына көшіру керек. Ол үшін:
1) Қарауылтөбенің қасына екінші төбе салып, екеуінің арасын галареямен қосайық. Ол төбенің, кейін «Қажымұхан төбе» аталатыны сөзсіз, астына музей орналассын. Бортында «Летчику-казаху от Хаджи-Мухана» деген жазуы бар, соғыс кезінде Қажымұхан атамыз өз ақшасына жасатқан әскери ұшақты оның ұшқышы Қажытай Шалабаев соғыстан соң Ресейдегі Крпач қаласының аэродромына тапсырған екен, кәзір ол жоқ, енді соның көшірмесін тапсырыспен жасатып, музейдің алдына әкеліп қойған жөн. Соғыстан кейін неміс халқы америкалықтардың әдейі аса ауыр бомбалармен тып-типыл етіп қиратып, түк қалдырмай өртеп жіберген Дрезден қаласын да ескі сызбалармен түгел қайтадан салып шықты ғой. Тұтас бір қаланы! Міне, шынайы патриотизм... Ал, Қазақстан секілді қаржысын түкке керегі жоқ түрлі форумдарға судай шашатын бай елге бір ұшақты қайта жасату сөз етуге тұрмайтын нәрсе. Тек ықылас-ниет болсын деңіз...
2) Төбенің үстінде алыстан көз тартып Қажымұқанның алып ескерткіші тұруы шарт! Және Шымкенттегідей, Темірландағыдай қимылсыз қақиып қалған статикалық тұлғасы емес, жапон палуаны, жиу-житсудың пірі Саракики Жиндофудың үстіңгі ернінен ұстап, бас терісін сыпырып жатқан динамикаға, қайратқа, намысқа, дүлей күшке толы бейнесі берілуі тиіс. Жапондар өкпелей алмайды, ол 1913 жылы Харбинде күрестен әлем чемпионаты өткеннен кейін болған тарихи оқиға. Поддубный бастаған әлем палуандарын жиу-житсудан ережесіз айқасқа шақырған да жапондардың өздері. Шығуға ешкімнің жүрегі батпаған! Сонда «ерді намыс өлтіреді» дейтін елдің батыр ұлы, біздің палуан атамыз ғана, «ты куда, убьет!» деген Поддубныйдың қолын қағып тастап, «жиу-житсу емес, иттің күресі болса да көріп алдым!» деп, ортаға атып шыққан. Міне, осы шынайы оқиға ескерткіш тұғырына қазақша, ағылшынша және дәл осы жерде орысша да қашалып жазылып қойылуы тиіс.
Және сол жерде «Қажымұханның сүйікті тағамдары» деген атпен қазақтың ұлттық тағамдарын беретін әдемі кафе-асхана ашылса нұр үстіне нұр болар еді...
Төртінші мәселе. Осының жалғасы ретінде. Қарауылтөбенің жанынан Шымкент-Түркістан күре жолы екі айрылады. Ескісі Темірланның ішімен, жаңасы оның шығыс жағымен өтеді. Осы үшбұрыштың екі қабырғасы бес шақырымдық екі жол болса, үшінші қабырғасы – Арыс өзені. Үшбұрыштың ішінде бірталай жылыжай мен атшабар орналасқан. Солардың қатарынан Қажымұхан атындағы Ұлттық күрес және ат спортының орталығын ашу – сұранып-ақ тұрған нәрсе. Қолайлылығы, ыңғайлылығы жағынан бұдан артық идеалды жер табу мүмкін емес. «Орталыққа» күрес түрлері (қазақы, дзю-до, грек-рим) мен аударыспақ палуандарын, көкпар шабандоздарын 5-сыныптан бастап баулитын, оқытатын мектеп-интернат кіреді. Орталықтың өзін-өзі қамтамасыз етуге арналған көкөніс, жеміс-жидек өсіретін бау-бақшасы мен қой, жылқы етін, қымызы мен қымыранын дайындайтын қосалқы шаруашылығы да болуы міндетті. Сонда оқушылар білім де алады, күнделікті кестеге сай бауды, бақшаны да өздері өсіріп, малға да өздері де қарайтындықтан бұғанасы да еңбекпен бекіп, қабырғасы да еңбекпен қатаятын болады, әрі бала күнінен жеңімпаз болуды да үйренеді, шетінен намысқой болып өседі. Арыстың суын насоспен қырға шығарып, үлкен ыдысқа жиып, тамшылату арқылы бау-бақшаны суару бүгінгі таңда түк қиын іс емес.
Қажымұқан қазақтан шықпай, өзбектен шыққанда, олар баяғыда-ақ бүкіл әлем оны білетін етіп қояр еді. Оларда «Құдай бақ пен талантты қазаққа берген, қадырын бізге берген» деген әския (әжуа, шымшыма) сөз бар. Әския болса да жүз пайыз әділ, уәж сөз. Оған дәлел 2021 жылы Қажекеңнің 150-жылдығын атына лайықты етіп атап өте алмағандығымыз. Тіпті былтыр, 2022-жылы, көзі тірісінде-ақ «ұлттың рухани көсемі» атанған ұлы Ахаңның Торғайдағы тойын алты жүз шақырым Амантоғайдағы өртті желеу етіп тігілген үйлерді жықтырып, тамақ асылған қазандарды төктіріп, тарқатып жіберіп, кейін аудан көлемінде ғана той жасағанымыз. Өз ерлерімізді, өз ұлыларымызды ескермеуден (І.Жансүгіров) мүйіз шығатын болса, бізге шығар еді. Бірақ, мүйіз шыққан жоқ қой? Шығатын да түрі көрінбейді. Ендеше, ештен кеш жақсы, кірісейік. Нағыз мемлекет қолға алатын идеялогиялық шаруа – арыстарымызды ардақтау, жас ұрпақты соларды үлгі ете отырып тәрбилеу емес пе, Бейсенжан?..
Әзірге осы, бауырым. Жауабын ұзатпассың деп ойлаймын.
Талабың іске ассын деген ыстық тілекпен – әріптес ағайың
Өмірзақ Ақжігіт.
P.S.
Айтпақшы, Шымкент аэропортына Қажымұқанның атын берсек артық болмас еді. Құдайдан түйе сұрай берейікші, ұялғанынан бие береді деген сөз бар ғой...
qazaquni.kz