АТАУЛАР МЕН МЕРЕКЕЛІК КҮНДЕР ХАЛЫҚПЕН КЕҢЕСІП БЕКІТІЛСІН

АТАУЛАР МЕН МЕРЕКЕЛІК КҮНДЕР ХАЛЫҚПЕН КЕҢЕСІП БЕКІТІЛСІН

Жыл сайын елімізде Тәуелсіздік күні аталып өтеді. Бұл еліміздің ең басты мерекесі. Тәуелсіздік атты киелі ұғымда қазақ халқының сан ғасырлар бойғы арманы, азаттыққа ұмтылған күресі мен тар жол тайғақ кешкен тарихы жатыр. Қайсар мінезінен қайтпаған батыр бабаларымыз атқа қонып елімізді, жерімізді қорғамаса, азаттығымыз үшін күреспесе бүгінгі күні егеменді ел болар ма едік? Тарих тұңғиығына үңілсек Тәуелсіздігіміздің тамыры тереңнен тарамдалатанын байқаймыз. Сондықтан да бұл мерекенің қазақ ұлты үшін маңызы өте зор.

         Жүздеген жыл орыс империясы мен ондаған жылғы кеңестік құрсауды бұзуға талпынған кешегі 1986 жылы желтоқсандағы орын алған жастардың ұлт-азаттық көтерілісі бүгінгі күнгі Тәуелсіздігіміздің табалдырығын аттаған алғашқы қадамның бірі деуге құқылымыз. Желтоқсандағы «Өз елімізді өз ұлтымыздың өкілі басқару керек!» деген отаршыл орталыққа табанды талап қойған көтерілісті егеменді ел болғанымызға отыз жылдан асса да, әлі де өзгелерге жалтақтап «желтоқсан оқиғасы» деп кейбіреулердің жалпақшешейлікке салатыны бар. Жоқ, жастардың отансүйгіштігі мен ұлтжандылығын, соның жолында өз өмірлерін құрбан еткен батырларымыздың ерлігін өз атымен атап, «Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісі» деп әділ баға беруге міндеттіміз.

          Тәуелсіздік бәріміздің баға жетпес байлығымыз, қазақтың басты құндылығы екені рас. Оны өз деңгейіне лайықты атап өткен де орынды. Сол арқылы біз келешек ұрпаққа оның қадірі мен қасиетін, маңызы мен мәнін жеткізетін боламыз. Сол арқылы жастарымызды отансүйгіштікке, туған елін, туған жерін қадірлеуге тәрбиелейтініміз анық. Алайда осы маңызды Тәуелсіздік мерекесі мен Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісінде қаза тапқан ерлерімізді еске алу күндерінің қапталдасып келуі көпшіліктің наразылығын тудырып келе жатқаны жасырын емес. Бұл туралы халық тарапынан бірнеше жылдан бері айтылып та келеді. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кеткен соң, 2021 жылы бір топ қоғам белсенділері Тәуелсіздік күнін 16 желтоқсаннан Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация жарияланған 25 қазанға ауыстыру туралы бастама көтергені де белгілі. Өкінішке орай, халық үнін жеткізген қоғам белсенділерінің ұсынысын осы күнге дейін билік ескерген жоқ. Желтоқсан көтерілісі күні Тәуелсіздік мерекесінің тасасында қалып келеді. Бұл туралы қоғам белсенділері: «Тәуелсіздік мерекесін Желтоқсан көтерілісі күніне қабаттастырып қою ұлт қамын ойлаған, сол үшін бас көтеріп, жанқиярлықпен алаңға шыққан жастарымыздың ерлігін көлеңкелеу, тарихи шындықты жұрт жадынан өшіруге тырысу» деп баға берген болатын.

           Негізінде қоғам белсенділерінің бұл ұсынысын орынсыз деп айта алмайсыз. 25 қазанда мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданып, еліміздің еркіндік жолындағы аса маңызды жүйеленген саяси-құқықтық алғашқы қадам жасалды. 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған Тәуелсіздігіміз туралы заңымыздың негізі, оның бастауы дәл осы мемлекетіміздің егемендік туралы Декларация болғаны даусыз. Сол себепті 25 қазан еліміздің азаттыққа ұмтылыс жолында тағдыршешті нәтижеге алып келген күн ретінде тарихта қалады. Дәп осы құжатта айдай әлемге Қазақстан егеменді ел екені жарияланды. Осы Декларация арқылы мұхиттың арғы жағындағы Америкадан бастап, бергісі туысқан Түркия мемлекеті және өзге де елдер бірінен соң бірі біздің тәуелсіз мемлекет екенімізді мойындайтындықтарын білдіре бастады.

           Бұл тарихи құжатқа қысқаша тоқтала кетсек, қабылданған Декларация 17 тармақтан тұрады. Онда тарихымызда бірінші рет елді дамыту мақсатында демократиялық құқықтық мемлекет құру жайы айтылды, сол арқылы азаматтық қоғам құруға негіз қаланды. Декларацияда мемлекеттік биліктің бастауы және егемендіктің жалғыз иесі – Қазақстан халқы екені мәлімделді. Республиканың барлық азаматтарының лайықты және тең дәрежеде өмір сүруге тиісті екені көрініс тауып, ең маңызды мақсаттарының бірі – ұлттық мемлекеттілікті нығайту және қорғау міндеттілігі айтылды. Қазақстан аумағы бөлінбейді, оған қол сұғылмайды және елдің келісімінсіз оны ешкім де пайдалана алмайды деп көрсетілді. Мемлекеттік билікті заң, орындаушы және сот деп бөлу қағидаттары жарияланды. Президент Республика басшысы және жоғары өкілетті атқарушы билікке ие, Заң билігіне Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі, ал сот билігі Қазақ КСР Жоғарғы сотына тиесілі екендігі белгіленді.

         Декларацияда Қазақстанның мемлекеттік егемендігінің барлық белгілері жарияланды. Азаматтық және ұлттық тең құқылығы, республика ішінде мемлекеттік биліктің басымдылығы, Конституция мен заңдардың үстемдік құруы, меншік формаларының сан алуандығы, жеке мемлекеттік бюджет және қаржылық-несиелік жүйе, ішкі жеке әскердің болуы, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдары, халықаралық қатынастарда өзіндік субъект ретіндегі құқығы, сонымен қатар мемлекеттік егемендіктің белгілері – елтаңба, ту және әнұранының болуы шарт екені көрсетілді. Бір сөзбен айтқанда «Қазақ КСР мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация отанымыздың тарихында Қазақстанды дербес, егемен мемлекет ретінде анықтаған, конституциялық мәндегі алғашқы ресми құжат болды және одан кейінгі заңдарымзды қабылдауға негіз қалады. Осы орайда мына бір жайтті де айта кеткен артық емес. Егемендігіміз жарияланған декларция мемлекетімізде 1992 жылдан бастап атаулы күндер қатарына енгізіліп, Республика күні ретінде 2001-2009 жылдар аралығында елімізде мерекеленді. Ал 2009 жылдан бері белгісіз бір себептермен Республика күні атаулы күндер қатарынан түсіп қалды.

         Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің тарихи жадын жаңғырту үшін үйлесімді саясаттың болуы ерекше маңызды екенін айтқан болатын. «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», - деді ҚР Президенті. Қыркүйектің 29-ында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті заңға қол қойып, сөйтіп 13 жыл аталмай кеткен Республика күні ұлттық мереке ретінде қайтып оралды, ел аумағында түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Президенттің бұл бастамасын халық қуана қарсы алды.

      Әрине, әр айтулы күннің, әр мерекенің өз маңызымен қатар өз орны болғаны да жөн. Мысалы, 1986 жылығы Желтоқсан көтерілісінен басқа 2011 жылдың 16 желтоқсан күні Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында еңбек дауына байланысты ереуілге шыққан жергілікті жұмысшылар мен құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында болған қақтығыста күштік органдар тарапынан қару қолданылып, оқ атылды, көптеген адамдарымыз қаза тапты. Бұл да халық санасында жатталып қалған қаралы күн саналады. Олай болса сол қаралы күнде Тәуелсіздік күнін тойлауымыз орынды ма? Жоқ. Бұл бір үйдің азаматы өліп қара жамылып жатқанда, дәп қасындағы көршісі той жасағанмен бірдей көрініс емес пе? Сондықтан Тәуелсіздік күнін қазан айының 25-не ауыстырған орынды болар еді. Оған қоса Егемендік пен Тәуелсіздік ұғымдары керағар емес, бір-бірін толықтырып тұр.

      Биыл Алаш Республикасының құрылғанына 105 жыл толды. Өткен ғасырдың басында ұлтымыздың ардақты азаматтары Алаш идеясының төңірегінде бірігіп, өз елінің азаттығы мен өркендеуі жолында аянбай қызмет көрсетті. Халықтың рухын оятып, жеріміздің тұтастығының сақталуына зор ықпал етті. Алаш арыстары Қазақ елінің мемлекетшілдік идеясын жаңғыртқаны тарихтан белгілі. 1917 жылдың 5-12 желтоқсанында Орынбор қаласында өткен Екінші жалпыұлттық қазақ-қырғыз құрылтайында Алаш орда ұлттық кеңесі жасақталып, көпшілік дауыспен Алаш Республикасы үкіметінің төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды. Осыған орай ҚР Мәжілісіндегі ең белсенді «Ақ жол» партиясы фракциясының депутаттары Үкімет басшысына сауал жолдап, 12 желтоқсанды – тарихи құжаттармен дәлелденген Алаш Республикасының құрылған күні ретінде – «Алаш күні» деп ресми белгілеуді және жыл сайын мемлекеттік деңгейде атап өтуді сұрады. Бұл ұсынысты халық қолдайтынына сенім мол, өйткені бұл көпшіліктің көкейінде жүрген ой. «Алаш күні» ресми түрде белгіленсе оның ұрпақ тәрбиесіне беретін тәлімі зор болар еді.

      Ашығын айтсақ бізде атаулы күндерді белгілеуде, қала, елді мекен, көше аттарын қоярда асығыстық барын байқауға болады. Халықтың талқысына салмай билік өз еркінше төтесінен шешім шығара салады. Мысалы елорда атауы тек қана тәуелсіздік кезеңінің өзінде Целиноград, Ақмола, Астана, Нұр-Сұлтан, қайтадан Астана болып қанша рет өзгерді, оған қаншама қаражат шығын болды. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» дейді халық даналығы, атауларға, мерекелік күндерді бекітетін шешім шығармас бұрын бұқараның пікірін ескерген жөн. Халық үнін еститін жаңа, әділ қоғам құрып жатқанымызды ұмытпайық...

Зейнолла АБАЖАН