БАРЫС ЖЫЛЫ БІЗГЕ НЕ БЕРДІ?

БАРЫС ЖЫЛЫ БІЗГЕ НЕ БЕРДІ?

Қазақтың жыл қайыруы бойынша Барыс атауына ие болған 2022 жылдың да соңына жеттік. Әр жылдың адамзатқа тартар өз сыйы бар. Бір жыл адамдар үшін жайлы болса, енді бірі қолайсыздау болып келетіні де белгілі. Ескі жылды шығарып салып тұрып «Өткен 2022 жыл бізге не берді?» деген сұрақтың туындауы заңды. Өйткені жыл сайын жасымызға жас қосылып қана қоймайды, сонымен қатар өткен жылда не бітіріп, не қойғанымызды қорытындылаймыз, алдағы жылға жоспар жасап, үлкен үміт артамыз.

      Өткен 2022 жыл біздер үшін сәтті басталды деп айта алмаймыз. Тарихта «қанды қаңтар» деген атпен сақталатын наразылық шаралары алдымен әлеуметтік-тұрмыстық мәселеге қатысты болғанмен соңы саяси сипат алды. Басында еліміздегі сұйытылған газдың қымбаттауына қарсы ұйымдастырылған ереуілдер еліміздің 30 жылдық тарихындағы ең қарқынды және қатал қақтығысқа ұласты. Алғашында Жаңаөзен қаласында басталған шеру артынан Қазақстанның басқа қалаларына да таралды. Халық Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Қарағанды, Астана және т. б. қалалардың көшелеріне шығып, экономикалық талаптармен қоса саяси өзгерістерді талап ете бастады. Бейбіт басталған наразылық шараларын теріс пиғылды бір топтар ұтымды пайдаланып, көшеге шыққан халықты арандатып, қарулы қақтығыстарға жеткізді. 5 қаңтарда басталған тәртіпсіздіктер ресми деңгейде мемлекеттік төңкеріс деп аталды. 4 қаңтар күні Қазақстан үкіметі Маңғыстау облысындағы сұйытылған газдың бағасы литріне 50 теңгеге дейін төмендетілгенін мәлімдеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жариялап, заңсыздықты болдырмауды сұрады. Маңғыстау облысы мен Алматы қаласының аумағында төтенше жағдай енгізілді. 5 қаңтар күні таңертең Қазақстан үкіметінің отставкаға кеткені белгілі болды. Елдегі жағдайдың шиеленісуіне байланысты 5 қаңтарда төтенше жағдай Қазақстанның барлық аумағында енгізілді. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) басшыларынан көмек сұрап, әскери күштер енгізілді. 11 қаңтарға дейін тәртіпсіздікке қатысып, қамауға алынған адамдардың саны 10 мыңға жуықтады. Тонаушылық пен бұзақылықтың салдарынан кәсіпкерлерге келтірілген шығынның мөлшері 100 миллиард теңгеден асты.

     Жылдың басы жайсыз басталғанмен, жыл иесі Барыс Қазақ еліне жақсылығы мен оң өзгерістерді де ала келді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауы жаңа қоғам құрудағы бетбұрыстарға жол сілтеді. Суперпрезиденттік басқарудан біртіндеп парламенттік басқаруға көшу керектілігі айтылды. Президенттің Сенаттағы квотасы 15-тен 10 депутатқа дейін азайтылды. Сайлаудағы келеңсіз жайттарды ескере отырып, Президент аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынды. Барлық азаматтардың құқығы толық ескерілуі үшін пропорционалды-мажоритарлы үлгіде сайлауға көшіп, Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болды. Сонымен бірге аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізілетін болды. Еліміздің жан-жақты дамуына партиялар мен қоғамдық ұйымдардың қосар үлесі мол. Осы орайда партияларды тіркеу рәсімі едәуір жеңілдетілді. Тіркеу шегін 4 есеге – 20 мыңнан 5 мың адамға азайтып, өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға төмендетілді. Партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны үштен бірге, яғни 1000-нан 700 адамға азайды. Сондай-ақ, құрылтай съезін өткізуге және филиалдарды құруға берілетін уақыт көбейтілді.

          Еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру де осы жылы іске асты. Халықтың қалауы ескеріліп, бұрындар жабылып қалған облыстар қайта ашылды. Семей аймағында Абай облысы құрылып, тарихы терең, кезінде Алаш арыстарыны басын қосқан Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болды.

         Тарихи әділдікті орнатып, ұлыларымыз дүниеге келген киелі өлкелерді қайта жаңғыртуға барысында Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысы пайда болды. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығына айналды. Бұл ел тағдыры шешілген, тарихи ұлы жиындар өткен аймақтың туристік әлеуетін көтеруге ықпал етпекші. Сол сияқты Алматы облысын екіге бөлініп, бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары қайта құрылды. Алматы облысының орталығы Қапшағайға көшті. Оған қоса көпшілікті қалауына орай Қапшағай қаласына халқымыздың біртуар перзенті – Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілді.

     Барыс жылындағы басты саяси оқиғалардың бірі деп бүкілхалықтық референдумды айтуымыз керек. Оған қатысқан бұқараның басым көпшілігінің қолдауымен Ата заңымызға бірқатар оң өзгерістер енгізілді.

Өткен жылдың тағы бір есте қаларлық үлкен шарасы Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтай дер едік. Ата-бабаларымыздан келе жатқан үрдісті қайта жаңғырту болатын. Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылағаны, өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келгені белгілі. Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген. Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар халқымыз үшін маңызды кезеңдерде өткізілген. Бұл жолғы құрылтай да еліміздің болашағын белгілеп, халықтың бірлігі мен тұтастығын нығайтуға тікелей әсер етті деп есептеуге болады.

        Ұлт ұстазы, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы және қоғам қайраткері, Қазақ халқының 20 ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы және Алаш-Орда өкіметінің мүшесі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы елімізде кеңінен атап өтілді.

      Әрине, бір жылда орын алған бүкіл шаралар мен игі істерді тізіп шығу мүмкін емес. Біз солардың кейбіріне ғана тоқталдық. Барыс жылының басы қатты болғанмен соңы жақсы істермен жалғасқанына куә болдық. Сондықтан өткен жылға өкпе жоқ дейік, ағайын. Алда бізді енді Қоян жылы күтіп тұр. Келер жыл бәрімізге мол табыс, қуаныш, тек қана жақсылықтар әкелсін! Ең бастысы, еліміз аман, жеріміз бүтін болсын!

Зейнолла АБАЖАН