ЕЛДІК МҰРАТТАР МЕКТЕПТЕН БАСТАЛАДЫ

ЕЛДІК МҰРАТТАР МЕКТЕПТЕН БАСТАЛАДЫ

Түрген өңірі – тамылжыған әсем табиғатымен, тарихтан сыр шертер шежіресімен белгілі аймақ. Еліміз тәуелсіздік алғалы отыз жылдан аса уақытта Түрген ауылы жыл өткен сайын түрленуде. Бұл күндері он жеті мыңнан астам тұрғынымен бірнеше ұлт өкілдері тату- тәтті өмір сүріп жатқан «берекелі жерұйық» аталған осынау құтты мекенде 1994 жылға дейін қазақ мектебі болмаған еді. Жергілікті жұрттың балалары жақын елді-мекендердегі мектептерге қатынап немесе туған-туыстарының үйлерінде жатып оқып жүрді. Сол кездегі ауыл әкімі Абыхан Жексембеков қазақ мектебін ашуды өзінің басты міндеттерінің бірі деп санады. Қажетті құжаттар дайындап, аудандық, облыстық деңгейдегі жиындарда осыны бірнеше рет мәселе ретінде көтерді, білім басқармаларының табалдырығын тоздырды, ауылға қазақ мектебін ашудың қажеттілігін дәлелдеді. Ақыры ол алдына қойған мақсатына жетіп, 1994 жылы Түрген қазақ орта мектебінің ашылғандығын паш еткен тұңғыш қоңырау үні естілді. Дәл сол күні бұл қуанышты Абыхан Аманбайұлы тебірене тұрып: «Түрген қазақ орта мектебі-тәуелсіздіктің жемісі» деп мақтанышпен айтқан еді. «Тәуелсіздіктің бел баласы» атанған осынау мектепте бүгінгі күні алты жүзден аса оқушы білім алуда, оларға алпыс сегіз ұстаз білім береді. Мектеп алғаш ашылғанда жас мұғалім ретінде қабылданған екі мұғалім «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталған. Алғашқы түлектері қазіргі уақытта еліміздің ғылым салаларының дамуына өз үлестерін қосып жүрген азаматтар.

 Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 25 қаңтардағы №54 қаулысымен Түрген қазақ орта мектебіне Абыхан Жексембековтің аты берілді.

Сапалы білім беруде мектептің материалдық-техникалық базасының рөлі айрықша. Әр сынып кабинетінде, кітапханада ноутбуктер мен компьютерлер орналастырылған, ғаламтор желісіне қосылған. Соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтармен, тәжірибелік құрылғылармен, интерактивті тақтамен жабдықталған модификациялық физика кабинеті де оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыруда.

Әке аманатындай болған мектепке Абыхан Жексембековтің ұл-қызы үнемі демеушілік жасап, тығыз қарым-қатынас орнатқан. Мектептің тыныс-тіршілігін, материалдық-техникалық базасының нығаюын үнемі өзінің назарында ұстап отырған тұрақты демеушіміз, қамқоршылық кеңестің төрағасы, биология ғылымдарының кандидаты Мәншүк Жексембекова Түрген ауылында жаңғақ ағашын отырғызып, оқушылардың ғылыми жұмыспен шұғылдануларына барлық жағдайды жасайды. Мектеп ауласына түрлі қылқанжапырақты ағаштар екті. Мұғалімдердің шығармашылықпен жұмыс істеуіне жағдай жасау мақсатында интернет желісіне қосылған ноутбуктармен, конференс үстел, интерактивті панель, соңғы үлгідегі жиһаздармен, әдістемелік құрылғылармен толықтырылған «Заманауи мұғалімдер бөлмесін» жасақтап берді. Кітапхана қорын толықтырып отыру да назарларынан тыс қалған емес. Өткен оқу жылында «Абыхан Жексембеков атындағы мұражай» ашты. Оқушылардың білім алуға деген ынталарын арттыру мақсатында пән олимпиадаларына қатысқан және озат оқушыларға «Абыхан Жексембеков» атындағы стипендия тағайындап, жыл сайын соңғы қоңырауда табыс етуді дәстүрге айналдырған.

Ауыл мектебі мен қала мектебінің арасындағы алшақтық бүгінгі күннің басты проблемасына айналған. Ол тек материалдық-техникалық базамен ғана шектелмейді. Абыхан Аманбайұлын еске алу қарсаңында ол кісінің ұрпақ үшін істеген өнегелі істерін жас ұрпаққа насихаттау мақсатында саяси ғылымдар докторы, профессор Венера Жексембекова тәуелсіз еліміздің қарыштап даму жолында тер төккен, елге еңбегі сіңген тұлғаларды ауылдағы мектепке шақырып, кездесулер ұйымдастырады. Солардың біразына ғана тоқталар болсам, запастағы генерал- лейтенат, Алматы заң академиясы Қазақ гуманитарлық заң университетінің директоры, Қазақстан Республикасының ұлттық қорғау комитетінің бірінші төрағасы Болат Баекенов бастаған біртоп ел ағаларымен, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, Қорғаныс министрі қызметтерін атқарған, халықаралық қауіпсіздік комитетінің мүшесі, генерал-полковник Сәт Тоқпақпаевпен өткен кездесудің оқушылар бойына туған елге, жерге деген патриоттық тәрбиенің қалыптасуына ықпалы зор болды.

Педагогикалық ұжым мүшелерінің кәсіби дамуы мен шығармашылық потенциалын дамыту мақсатында осы мереке қарсаңында мектебімізде облыс, республика көлемінде ғылыми-әдістемелік конференциялар ұйымдастырып, Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті, Каспий қоғамдық университеті, «Тұран» университеті, Әл-Фараби атындағы ҚазҰПУ-нің кафедра профессорлары мен «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Алматы облысы бойынша ПҚ БАИ-ның аға оқытушылары, «Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі» мұғалімдерімен аудан мектептерінен де әріптестерімізді шақырып, іс тәжірибе алмасу дәстүрге айналған.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, педагогикалық ғылымдар академиясының академигі Шәргүл Таубаеваның «Жастарға рухани-адамгершілік тәрбие берудің тарихи және ғылыми негіздері» тақырыбында жасаған баяндамасы құндылығы жағынан ғылыми еңбек ретінде А.Жексембеков атындағы мұражайының төрінен орын алса, жас мұғалімдер әдістемелік құрал ретінде жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беру мақсатында пайдалануда.

2020 жылы Астана қаласындағы №74 мектеп-гимназиясымен меморандумға отырдық. Бірнеше ұстаз аталмыш мектепке барып, қала мектебінің тыныс-тіршілігімен танысып, іс-тәжірибе алысып қайтты.

Әрбір елдің өркендеуі, тұғырының берік болуы да білімге келіп тіреледі. Заңғар жазушы М.Әуезовтің сөзімен айтар болсақ, «Халықпен халықты, адам мен адамды теңестіретін білім болмақ» деген. Егемендік алған тәуелсіз Қазақстанның әлемдік өркениетке жетудегі бірден – бір дара жолы – білім жүйесі. Орта мектеп – білім жүйесінің ең басты буыны. Орта мектепте қаланған білім негізі оқушының болашағына жол ашады. Ал, мұғалімнің басты мақсаты – алдындағы оқушыларға тек білімді ғана бере білу емес, бүгінгі алған білімін өмірлік қажеттіліктеріне сай пайдаға асыра білуге үйрету.

Мектебімізде осындай қабілет пен қасиеттерді бойына сіңіре білген ұстаздар жетерлік. «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей, мағыналы, өнегелі тәрбие мен сапалы білім беруде. Осы тұрғыда мектеп ұжымы өткен оқу жылында көптеген жетістіктер биігінен көрінді. Облыстық, аудандық білім басқармаларының ұйымдастыруымен өткізілетін кәсіби байқауларға мектеп оқушылары мен мұғалімдері қатысып, олжалы орындарға ие болды.

Осы жылдың қазан айында «Дарын республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған Алматы қаласындағы Ш.Смағұлов атындағы лицей- интернатында өткен «Менің кіші Отаным» атты Ү республикалық интелектуалдық конкурсының облыстық кезеңінен Назерке Манап, Назым Манап жүлделі ІІІ орын алды. Аудан көлемінде ұйымдастырылған ақын-жазушылардың шығармашылығынан көркем сөз оқуларына ондаған оқушы қатысып, барлығы да жүлделі І, ІІ, ІІІ орын иеленді. Ауданнан іріктеліп шыққан 6-сынып оқушысы Мәди Үрімбетов қараша айында мектеп оқушылары мен жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған көркемсөз оқудан республикалық байқауда ІІ орын иеленді.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне орай «Ұлттық мектеп лига» аясында аудандық 5-11 сыныптар арасында волейболдан футболдан финалдық сайыста мектебіміздің оқушылары жүлделі орын иеленді. Оқушыларды салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеудегі еңбектері еленіп, дене шынықтыру пән мұғалімдері алғыс хатпен марапатталды.

Атақты ойшыл Әбу Насыр әл Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген екен. Жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде жан-жақты және үйлесімді дамыған тұлға тәрбиелеу мақсатында тәрбие саласы белсенді жұмыстар атқаруда. Жас ұрпақты елжандылыққа, отансүйгіштікке, ынтымақ пен бірлікке баулуда сыныптан тыс шаралардың орны ерекше екені баршамызға аян. Өткен оқу жылында құндылықтарға негізделген оқу-тәрбие бағдарламасын іске асыру шеңберінде «Оқуға құштар мектеп», «Отбасы – орта мектеп», «Дәстүр мен ғұрып», «Ерте жастан бастап экологиялық мәдениет», «Парасат» атты дебат қозғалысы, Оқушылардың «Өзін-өзі басқару» ұйымдары жобалары іске қосылды. Осы жобалар аясында тәрбие саласы бойынша жетістіктеріміз де жетерлік.

«Қазақстан Республикасының жүз дарынды оқушысы» атты республикалық байқауында 4-сынып оқушылары Аружан Жұрмұхамбет мен Жандос Полат жеңімпаз атанды.

Мектеп лигасы аясында аудандық 7-8 сынып қыздары арасында өткен волейбол жарысында, қыздар командасы І орынды жеңіп алды. Өзін-өзі басқару ұйым мүшелерінің «Аптадан-аптаға» атты жаңалықтар айдарымен апта қорытындысын да жарияланып отырды.

Басылымдарға да әріптестерім өз іс-тәжірибесін үзбей жариялап тұрады. Ұстаздардың еңбектері де елеусіз қалған жоқ. Ел тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында бастауыш сынып мұғалімдері Мира Ташиева мен Жұлдыз Көдекова облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Жас ұрпақты спортқа баулып, ауыл жастарына салауатты өмір салтын насихаттауда дене тәрбиесі мұғалімдерінің еңбектері зор. Мектеп жанында волейбол, футбол, бокс, шахмат, тоғызқұмалақтан тегін үйірмелері тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

«Балалар жылы» аясында жас балғындардың барлық жағынан да¬муына жұмыс жасалуы тиіс. Дарынды және қабілетті оқушылармен жұмыс жүргізу мақсатында «Дарабоз» оқушылар ғылыми қоғамы жұмыс жасайды. Үкіметтің басты назарында тұрған ерекше бі¬лім беруді қажет ететін балалармен жұмыс мәселесі бойынша да педагог психологтар тарапынан оқушылардың ерекше қажеттіліктері мен жеке мүмкіндіктерін ескере отырып психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету мақсатында «Қолдау» жобасы іске асырылуда.

Жыл сайын «Мектепке жол» акциясы аясында ЖШС «Трансавиа» әуе компаниясы мектептегі көп балалы отбасынан шыққан оқушыларды оқу құралдары, мектеп формасымен қамтамасыз етуді дәстүрге айналдырған.

Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының негізінде жас ұрпақты тәрбиелеуде құндылыққа бағдарланған тәсіл арқылы іске асыру көзделген. Осы бағытта «Білім-бақыт бастауы» жобасы жүзеге асырылуда.

 Ұжымының тынымсыз еңбегінің арқасында мектеп абырой биігінен көрініп келеді. Алдағы уақытта да игі жетістіктер жарасымды жалғасын табатынына сеніміміз мол.

Тәуелсіздігімізді алып, егемен ел болғанымызға биыл отыз бір жыл толмақ. Бұл аз уақыт та емес, көп деуге де болмайды. Бүгінде дүйім жұрт көз тіккен, өз төл теңгеміз, көк байрағымыз, Ата заңымыз, шекарамыз бекіген елге айналдық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың салтанатты ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде:

– Алдағы жылды жылды бүгінгі буынның және келешек ұрпақтың алдындағы борышымды өтеуге берілген бірегей мүмкіндік деп білемін. Қазақта «аманат» деген асыл ұғым бар. Халқымның сенімі – маған аманат. Осы аманатқа адал болу – мен үшін қасиетті парыз. Ел үмітін ақтап, Қазақстанды өркендеген, бақуатты мемлекетке айналдыру үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын, – дегені мәлім.

Ұрпағымыз даралар мен даналар салған жолда жалғастырсын деп тілейік. Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын.


Гүлбақыт Қасымжанова,

А.Жексембеков атындағы қазақ орта мектебінің директоры.

Еңбекшіқазақ ауданы

   Алматы облысы

qazaquni.kz