ЖҮРЕК ОТАСЫНАН ЖҮРЕККЕ ТҮЙГЕНДЕРІМ
2022 ж. 09 желтоқсан
2044
0

АЛЛА КӨПТІҢ ТІЛЕГІН ОРЫНДАЙДЫ - СІЗДЕРДІҢ ДҰҒАЛАРЫҢЫЗ ҚАБЫЛ БОЛДЫ!
Бәрі қорқынышты түс көргендей болды… Ойымызда ешнәрсе жоқ, отаға түсерден тура бір ай бұрын, 11-12-13 қазан күндері Шардарада, Түркістан мен Шымкентте кеуде тұсымыз бүріп ауырғанда, бәрін асқазанның кінәмшілдігіне жауып жүре беріппіз.
Қарашаның 9-ына Мәжілістің жалпы отырысында мазамыз кетсе де аяғына дейін шыдап, бірақ кездескісі келген журналистерге де, түскі асқа да қарай алмай, жедел ауруханаға жеткенбіз.
Президенттің іс басқармасына қарайтын Медициналық орталық дәрігерлері бірден кардиограммаға түсірді де, жүректен бастап, бәрін түгел тексереміз деп бірден жатқызып тастады.
“Бүгін үйге барып, ертең киім ауыстырып келем” дегенге де жібермеді.
Тіпті, коронарография тексеруінен соң, палатама қайта жібермей, сол жерден бірден реанимацияға әкеліп жатқызып қойды.
Бұл 11-қараша, жұма күні еді…
Дүйсенбіге ота жасайтын болған…
Бірақ жұма күні түс қайта Медициналық орталық ауруханасы директоры Рустам Алыбаев бастаған бір топ дәрігер келді де, “жағдай күрделі, сондықтан отаны шұғыл, ертең сенбіге жасау керек” деп шешті. Отаны аурухананың кардиохирургия бөлімі меңгерушісі Әлібек Тойбаев жасайды екен. Жап-жас, сыптай жігіттің сыпайы жүзі жылы көрінді.
Жүректің негізгі 3 тамырына шунт операциясын жасайды екен. Шұғыл операция жасамаса болмайды, инфаркт алар жағдайда тұрсыз дейді.
Иә, жүрекке қан құятын үш тамырдың үшеуі де қиын жағдайда, біреуі мүлде бітіп қалған, екіншісі 98 пайыз, үшіншісі 95 пайыз бітіп қалған екен. “Қалай жүргеніңізге таңымыз бар, жүрегіңіз, физикалық жағдайыңыз мықты болғасын жүргесіз. Бір рет инфаркт алғасыз оң аяқтан, жүрек мықты болғасын басқа жақтан қанмен қамтамасыз етілген, білмей қалғансыз” дейді дәрігер мені аң-таң қылып…
Бір құдай сақтап келген ғой, Аллаға сансыз шүкірлік!
“Ат үстінде жүрген қазақ өр ұлы,
Қыл үстінде тұрған екен өмірі”-деген өлең жолдары орала кетті ойыма….
Ауруханаға түскен күннің ертеңіне Көпен ағамыздың қайтыс болғаны туралы қайғылы хабарды естідім. Сол күні кешке Алтынбай бауырым хабарласып, емханадан үш сағатқа сұранып шығып кетіп, Көпен көкемнің шаңырағына барып, жеңгей мен туған-туыстарына көңіл айтып шықтық. Ертеңіне Отырарға алып кетті ағамызды қасиетті Арыстан бап қорымына жерлеуге…
Осы үш сағат емханадан кетіп қалғанымды кейін білген дәрігерлер қатты қорқыпты қайтып келгенімше…
Әрине, бұрын бұндай ота туралы елдің аузынан естігеннің өзіне шошитын едім. Өзім біреулердің келеңсіз әңгімесін естігеннің өзіне аузыма ұшық шығатын шіли сезімтал жан едім… Енді қорқынышты отаны үш күн күтіп жатқанша тез біткені дұрыс қой маған да. Айтқан жерден аулақ, “Өлімнен басқаның бәрінің ерте болғаны жақсы” демей ме?..
Алдағы істі Алла біледі. Сондықтан ота жасауға мен келісімімді беріп, дәрігерлер қағазға қол қойдырып алды. “Ешқандай кепілдік бере алмаймыз, бірақ сәтті болуы тиіс, өйткені жүрегіңіз жақсы істеп тұр әзірше” деді. Ота жасайды деген жүрегім әлден дүрсілдеп тұр. Сыр білдірмеуге тырысып қоямын.
Үйден зайыбым Жәннатты шақырып, дәрігерлер онымен оңаша әңгімелесті. Жәннат маған кіргенде дәрігердің не айтқанын мен сұраған жоқпын, өйткені оның көздері боталап, өзін зорға ұстап тұрғанын байқадым. Ол да ешнәрсе айтқан жоқ. Дәрігердің не айтқанын кейін, ота сәтті өтіп, есімізді жинағаннан кейін айтқанда, шошып кеттім… “Алдын ала айтпағаның дұрыс болған екен” дедім…
Жәннат мені қолдап, “Сен мықтысың! Бәрін жеңесің! Үйде біз, балалар өзіңді күтіп отырмыз. Өзіңе үлкен үміт артып, сеніп отырған ел күтіп отыр!”-деп, дем беріп, демеу болып, қуаттап, қоштасып, соңына қайта-қайта жаутаңдап қарап шығып кетті. Сыр білдірмеген күйі, күлуге тырысып, шығарып салдым. “Енді қайтып көре аламын ба?”- деген ой ғана болды менде сонда.
Кенет Жәннат жарқ етіп, қайтып кіріп келе жатты. “Телефонымды ұмытып кетіппін”-дейді күлімсіреп. Өзі де, мен де оның телефонын ұмытып кеткеніне, бір-бірімізді қайта тағы көргенімізге қуанып тұрмыз… Сәл отырған соң қоштасып, қайта шығып кетті…
Соңынан қарап тұрып шығарып салдым…
Ертеңгі сенбі күннің таңғы сағат 6-сы қашан болады деп күтіп жату қандай ауыр еді?!.
Тағдырдың үкімін күтіп жатқаныңды айқын сезесің!
11-қарашада түнгі сағат онның шамасында фейсбук парақшама “АЛЛА КӨПТІҢ ТІЛЕГІН ОРЫНДАЙДЫ - СІЗДЕРДІҢ ДҰҒАЛАРЫҢЫЗ ҚУАТ БЕРЕДІ!”-деп елден демеу күтіп, жазба қалдырдым…
Түнімен ұйықтай алмадым десем де болады…
Таңғы сағат төрттерде фейсбук парақшама қарасам, алты сағаттай уақыт ішінде 1600-дей пікір жазылыпты. Барлығы саулығымды тілеген, демеу берген, қайрат беріп, Алладан рахым сұрап, дұға жасаған ақ тілектер екен. Кәдімгідей қуанып, қуаттанып қалдым. “Жақсы сөз -жарым ырыс” дегенді шын сезіндім.
-Көрсем дағы қиындықтың талайын,
Рухым зор, күтем әр таң арайын.
Сондықтан да, шуаққа мол маңайым.
Қандай жағдай, қандай кезең
болса да,
Мен сендерді жақсы көрем, ағайын!
Кідірсем де кей істерде қол ұстар,
Ұлтым үшін шегінбедім
соғыста әр…
Алла қолдап, дәйім аман болайық,
Біздер әлі істейтұғын көп іс бар!-
деп екі шумақ жұбату жырын жазып қойдым парақшама.
Ұлын қолдап қуаттауда Ұлы елім!
Көп тілегі орындалар,білемін.
Жазылады Жаратқаным жар болып,
Бұл Өмірді сүйген менің Жүрегім!-
деген үшінші шумақ тіл ұшында тұрса да, жазуға қорқып жатқанмын, асылық болып кете ме деп… Мыңдаған елдің шынайы тілектері мен қолдау-қуаттауларын оқығанда, кәдімгідей бойға қуат бітіп, қайраттанып, осы қорытынды шумақты жаздым да, ота жасатуға толық дайын болып жаттым.
Сол күні түн ауғанда, 12 қарашада тұңғыш ұлым Әзіреттің туған күні еді. Адамға түрлі жаман ой үйір келеді мұндайда… Балама тілек жазып жіберейін аман-есенімде деп, құттықтап, жазба жібердім…
Туған күні жайына қалып, әкесіне алаңдап, ұйқысыз отырған болар, ұлымның: “Әмин, рахмет! Алла жар болсын! Маған сіздің деніңіздің сау болғаны ең үлкен сыйлық қой. Аман-есен жазылып шығыңыз. Мен сізді қатты жақсы көрем, асқар таудай әкем!”-деп жазған жауабы да маған үлкен күш-қуат берді.
Баламның туған күніне ең үлкен сыйлық - Алла қолдап, аман қалуым керек екенін сезініп, іштей қуат жинап, өзіме сенімім артып, бекіне түстім.
Таңғы сағат 6-да оятып, отаға апаруға соңғы дайындықтарды жасады дәрігерлер. “Оңай болатын шығар” деп сұрай беремін олардан. Ішімнен солай жауап берсе деп қоямын. “Қорықпаңыз, күнде жасалып жатады ғой. Күрделі ота ғой бірақ сіздікі. Жақсы болады деп сеніңіз”-дейді олар барлығы.
Жансақтау бөлімі терезесінен Алла үйі - зәулім жаңа мешіттің мұнаралары көкке өрлеп, сәулеті шамдарымен жарқырап тұр. Дұғамды оқып, бәрі сәтті болсын деп, құдайдан амандық тілеп, төсекарбаға ауысып жаттым…
Мені салып алған төсекарба аурухананың ұзын дәліздерімен біраз жүріп келіп, ота жасайтын залға кірді. Шалқамнан жатқан менің көзіме төбедегі жыпырлаған түрлі шамдар көрінді. Бұрын кинодан көретінмін. Санамда бір ғана ой: “Осы жерден аман шығара гөр, бір Алла”-деген жалғыз тілек сыздап тұрды…
Мұнда да түрлі саланың дәрігер мамандары әрқайсысы өз шаруаларын жасап, мені отаға дайындап жатыр. “Қауіпті емес шығар?”-деп қоямын мұнда да дәрігерлерге. Ішімнен солай жауап берсе деп қоямын. “Қорықпаңыз, күнде жасалып жатады ғой. Күрделі ота ғой бірақ сіздікі. Жақсы болады деп сеніңіз”-дейді олар да бір-бірінің сөздерін жаттап алғандай…
Өзімді өзім қайрау үшін ел қорғаған бесінші атам, соңында қайқы қылышы сақталған Құлажан батырдың басынан өткен оқиғаны ойладым. Жаумен айқаста жауырыны астына жебе қадалып, басы сынып қалып қалған екен. Содан үйде қиналып жатқанда анасы, ұлы әжеміз батыл кісі болған екен, жебенің ұшына жіп байлап, арқанды шаңырақтан асырып тартып қалғанда жебенің қалып қойған ұшы суырылып шыққан екен.
Сонымен бірге ойлап қоямын, “жап-жас келіндеріміз, қыздарымыз босанған сайын кейбіреулерінің ішін жарып алып жатады, оның қасында біздікі не тәйірі”-деп өзімді өзім қайрап қоямын.
Қабырғадағы сағатты қарадым, әлде дәрігерлерден сағат сұрадым… Сағат 8-ге 15 минут қалған екен…
Наркоз болар, ине салып жатты. Ары қарай не болғанын білмеймін…
Мен есімді жиғанда, ояна сала Алланың рахымымен тірі қалғаныма, көзімді ашқаныма, жарық дүниені қайта көргеніме қатты қуандым! “Сағат қанша болды?”-дедім алғашқы сұрағым.
Сағат түскі 1-ден 5 минут өткенде, 5 сағаттан аса уақыттан соң есімді жиыппын, құдайға сансыз шүкірлік!
Отаны үш сағаттай жасапты, сәтті болғанына қуанып жүр дәрігерлер.
“Үйдегілер ота сәтті болғанын есітті ме?”-деп сұрадым есімді жия салып. “Иә, хабарласты, айттық”-деді дәрігерлер. Өзім сөйлесіп, дауыстарын есіткенше көңілім көншір емес. Ақыры телефонымды алғызып, үйдегілермен сөйлесіп, тірі қалғанымды білдіріп, Аллаға шүкіршілік айтып, жаным жай тапты… Бауырларға, туған-туыс, достарға амандығымды білдіріп, жазба жібердім.
Алғашқы ес жиған күнгі тірлігімнің бәрі, үймен сөйлесіп жүргенім наркоздың және ауру басатын екпе дәрілердің күші екен. Ертеңіне жексенбіде бір тәуліктен аса ешқандай қимылдауға шама келмей сіресіп жаттым…
Дүйсенбі күні 14-қарашада таңғы 9-ға 5 минут қалғанда жүрек, өкпе, іш құрылысынан ағатын қанды сыртқа ағызу үшін кеудеме екі күн қойылған үш дренажды алды. Ең азабы осы екен, сәл қозғалсаң, демің бітіп, жаның шыға жаздап, мұрныңның ұшына келеді.
Құтылдым содан, бұл күндер де өтті, енді ешкімге бұндай ауыр сынақ, қиын азапты көрсетпесін! Ендігі емдеу мен қалпына келтіру жұмыстары екен, бәрін ережеге сай сақтап істемесе қиын дейді!
Палатаға 14-і күні сағат 10-нан кейін ауыстырды.
17-ісіне Реабилитациялық бөлімге ауыстырды, құдайға шүкір. Бұнда 10 күн жатып, жалпы ауруханада 20 күн жатып, өткен апта басында үйге шығарды.
Аллаға сансыз шүкірлік!
Құдай қуат беріп, Алла жар болсын!
Сөйтіп, аяқ астынан ана дүниенің қақпасын бір қағып қайтып, өмірге қайта келгендей болып, әр күннің бағасын біліп, енді үйде емделуді жалғастырып жатқан жайымыз бар!
Президенттің іс басқармасы жанындағы Медициналық орталық директоры Алексей Цойға, осы аурухана директоры Рустам Алыбаев пен бас хирург Әлия Өтебайқызына, күрделі отаны сәтті жасаған кардиохирургия бөлімі меңгерушісі Әлібек Тойбаевқа, емдеуші дәрігерлерім Ерлан Мұқанбетқалиұлы мен Тоғжан ханымға, учаскелік дәрігерім Гүлжамал Әбдіқадырқызы мен емхананың кардиолог дәрігері Бибігүл Кәкімжановаға және аурухана мен емхананың барлық дәрігерлері мен медбике, меджігіттеріне ризашылығым зор, көп рахмет! Алла жар болсын!
Басынан қадағалап, қолдап отырған ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы Ерлан Қошанов пен “Ақ жол”партиясы төрағасы, парламенттегі фракция жетекшісі Азат Перуашевқа және күнде хабарласып, амандық сұрап отырған парламент пен партиядағы әріптестеріме алғысым шексіз.
Ал әлеуметтік желі арқылы ақ тілектерін ақтарып отырған барлық тілектестеріме шексіз ризамын. Алла жар болсын!
“Өте қуаныштымын отаның сәтті болғанына. Азат екеуіміз бақылауда ұстадық. Мүшелге кіріп, бір аунап тұрдың . Алда тек жақсы күндер болсын”-деп Ерлан Жақанұлы айтқандай, биыл біздің мүшел жасымыз екен ғой, не қылған төтеннен келген сынақ десем? Отаға түсерден үш күн бұрын ғана бір ағамыз “сақтанып жүр, мүшелдесің” деп ескертіп еді.
Құдай сақтап, Алла жар болсын бәрімізге.
Жүрегіме ауыр ота жасаған соң,
Реабилитациялық ем қабылдау үйде жалғасуда. Үш ай, яғни 90 күн екен қалыпқа келу үшін емделу.
Оған дейін жүрек пен жүйкеге жүк түсіруге, телефонмен көп сөйлесуге, әлеуметтік желілерге кіруге тыйым салынады екен. Өзге көпшілік орындарға, тіпті көршінің үйіне қонаққа баруға да, қонақ қабылдауға да болмайды екен…
Ақырындап ес жинап, күш жинап келе жатырмыз.
Бәрі дұрыс, тек бас айналу мен әлсіреу әлі тоқтамай, қайталап қалып жатыр.
Құдай қуат беріп, Алла жар болсын!
ОТАДАН ОЙҒА ТҮЙГЕНДЕРІМ
Енді осы жүрек отасынан біраз ойға түйгендерімді оқырмандармен бөлісе кетейін деп шештім. Өмір болғасын түрлі жағдайлар болып жатады, көмегі тиер деген ойдамын. Жалпы, басымнан өткен ауыр жағдайды толық жазып отыруымның себебі де осындай ойдан туып отыр.
Ота жасайтын болғасын, бірден интернеттен мәліметтер іздедім.
Әлемде жүрек-қан тамырлары ауруы ең көп таралған, адам өлімінен бірінші орында екен.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жыл сайын инфаркт пен инсульттен 17,1 млн адам қайтыс болады екен. Ал Қазақстанда 100 мың адамның 306-сының өліміне жүрек қан тамыры аурулары себепкер екен.
Жүрек ауруын, яғни қан-тамырларының бітіп қалуын алдын ала анықтайтын тек қана коронарографиялық зерттеу. Кардиограммаңыздың өзі жүрек соғысының ырғағын түсіргенмен, ар жақта, қан тамырларда қандай жағдай болып жатқанын анықтай алмайды. Сондықтан, коронаграфияны жүрек-қан тамырлары ауруын анықтауда “алтын стандарт” деп атайтын көрінеді.
Ғаламторда кардиохирург дәрігерлердің 2009 жылы Ақтөбе облысында тегін коронаграфиялық зерттеу жасауға елді шақырған хабарландырулары жүр. Соған қарағанда қарапайым жұрт ауылына келіп тұрған тегін коронаграфиялық зерттеуге бара бермейтін болса керек!
Сондықтан, сәті түссе, немесе жүрегіңізге жүк түскенін сезінсеңіз, ең алдымен коронаграфиялық зерттеуден өтуге тырысыңыздар. Бұл қатерлі жүрек-қан тамырлары ауруынан болатын инфарктың алдын алады.
Жүрекке ота жасауда тез шешім қабылдаудың маңызы да зор екен. Маған ота жасайтын болғасын “Кардиохирургия орталығына, әйгілі кардиохирург Пяға жасатайық” деген жанашырларым да болды. Бірақ оған уақыт жоқ, өте тығыз жағдайда еді. Оның үстіне Алматы кардиологиялық орталығы бас директоры, ғылым докторы, профессор Алмат Қодасбаев ініммен ақылдастым.
Ол “осы медициналық орталық ауруханасында Ермағанбет Қуатбаев деген бауырыңыз істеген, көп отаны сол жасайтын, өте білікті дәрігер, қазір кардиохирургия орталығында, содан сұрайын” деді. Содан соң көп ұзамай хабарласты: “Ермағанбетпен сөйлестім. Сізге ота жасайтын Әлібекті мақтап жатыр, отаны өте жақсы жасайды, қолы жеңіл хирург, өзі бөлім меңгерушісі, өзім де ерекше тапсырып қоямын”-деді. Уайымдамаңыз аға, бәрі жақсы болады”-деп, қуат беріп қойды.
Алматы мен Астанадағы белгілі кардиохирургтар Алмат Қодасбаев пен Ермағанбет Қуатбаев бауырларыма көп рахмет!
Кейін Әлібек бастаған хирургтер маған: Сіздің бірден келісіп, тез шешім қабылдағаныңыз дұрыс болды. Әйтпесе, кейде ота жасау кешіккен сайын, кеңесшілер көбейіп кетеді де, аурулар жүріп қалып, арты өкінішке ұласып жататын жағдайлар кездесіп жатады”-деді.
Жүрек қан тамырлары ауруын емдеу үшін стент қою, шунт жасау және соңғы сатысы жүрек трансплантациясын жасайды.
-Стент қою мүмкін болмаған, адамның қан тамырларының зақымдалуы жоғары болған жағдайда шунт жасалады. Бұл операцияның стенттен айырмашылығы пациентті наркозбен ұйықтатып, кеудесін ашып, жүректің жұмысын бірнеше сағатқа тоқтатып қойып, жасанды аппараттың көмегімен қан айналымын қамтамасыз ете отырып жасалады. Тоқтап тұрған жүректің зақымдалған тамырларын өзге тамырлармен алмастырады. Ол тамыр адамның өз денесінен (аяқтан, кеуде қуысынан) алынады. Адамның өз тамыры өзіне тез үйлеседі, тез жазылып кетуге ықпал етеді. Мұндай операциялардың Қазақстанда тәжірибеге ене бастағанына көп бола қойған жоқ, 2005 жылдан бастап жасала бастады”-дейді кардиохирург Алмат Қодасбаев (minber.kz).
Ең бастысы дәрігерлердің айтқанын орындау, тамақтануда диеталық ескертулерді қатаң орындап жүру маңызды екеніне көз жеткіздік.
Жүрек ауруы үшін ең үлкен ем - көп жаяу жүру және физикалық жұмыс, дене шынықтыру жаттығулары көп пайдасын тигізеді.
Алаштың арқалы ақыны Ғалым Жайлыбай аға-досымыз айтқандай: “Жүрегіне қан құятын үш тамырдың біреуі мүлде бітіп қалған, екіншісі 98 пайыз, үшіншісі 95 пайыз бітіп тұрған Қазыбек Иса сонда осы уақытқа дейін қаншама іс атқарғанда, соның бәрін 7 пайыз жүрекпен ғана істеп келген екен… Құдай сәтін салып, ота жасап алды, енді 100 пайыз жүрекпен қандай жұмыс істейтінін көресіңдер!”-деп қалжыңдағанындай, әумин дейміз әрине, жүрегіміз 7 пайызбен де жұмыс істеп келсе, ол бала кезден қара жұмыстың ішінде қайнап өскеніміздің, көп жаяу жүргеніміздің, спортпен шұғылданғандарымыздың арқасында шығар деп ойладық. Әрине, алдымен бір Алланың арқасында ғой бәрі, құдайға сансыз шүкірлік айтамыз.
Қадірлі ағайындар!
Көптің тілегін орындайды дейді құдай. Сіздердің, елдің, туған-туыс, дос-жаран, ағайынның тілеуімен, әлеуметтік желілердегі мыңдаған тілектестердің ақ тілектері мен дұғаларының арқасында Алланың рақымымен жүрекке жасалған ауыр күрделі ота сәтті өтті!
Аллаға сансыз шүкірлік!
Бәріміз әрдайым амандықта, жақсылықпен жүздесе берейік!
Құдай қуат беріп, Алла жар болсын!
Қазыбек ИСА
Суретте: Президенттің іс басқармасы жанындағы Медициналық орталық ауруханасы кардиохирургия бөлімі меңгерушісі, күрделі отаны сәтті жасаған Әлібек Арманұлы Тойбаев бауырыма жыр кітабымды сыйға тарттым.