ЕКІБАСТҰЗДЫ ЖЫЛУСЫЗ ҚАЛДЫРҒАНДАР ҚАТАҢ ЖАЗАЛАНУҒА ТИІСТІ
2022 ж. 04 желтоқсан
2565
10
Еліміздің ғана емес, әлемдегі алып отын-энергетикалық орталықтардың бірі саналатын – Екібастұзда шаһарды жылумен, ыстық сумен қамтамасыз етуге тиісті орталық қазандық жұмысын тоқтатып, төтенше жағдай орын алды. Оған қаладағы жылу құбырларының 10-15 жерден жарылуы себеп болған. Басқа-басқа, қақаған қыста қала тұрғындарын бүрсеңдеткен осы жағдайдың көмірдің үстінде отырған кеншілер мен энергетиктер қаласында орын алуы жұрттың жағасын ұстатты. Өйткені экономикалық әлеуеті жоғары қаланы осындай күйге түседі деп ешкім ойламаған-ды. Әй, бірақ бүгінгі күні біздің елде ештеңеге де таңғалуға болмайды ғой...
Енді міне мамандар сақылдаған сары аязда қоммуналдық апатпен әлі де арпалысып жатыр. Қақаған қыс ортасында бүкіл қала халқы жылу мен ыстық судан қағылып, күтпеген жерден қиындыққа тап болды. Апат салдарын толық жою оңайға түспейтін сыңайлы. Екібастұзда мектеп оқушылары онлайн оқуға көшіп, балабақшалар жабылды. Қалада тұрғындар үшін он шақты жылыту бекеттерін ашуға тура келген. Кейбір ауруханалардағы науқастарды шұғыл түрде Павлодар қаласына ауыстыруға мәжбүр болғандары да айтылуда.
Екібастұздың экономикалық әлеуеті жоғары деп босқа айтып отырған жоқпыз. Екібастұз қаласы өзінің жастығына қарамастан теңдесі жоқ алып кәсіпорындарымен кеңінен танымал. Қысқа ғана мерзім ішінде Қазақстанның «қара алтынды» жерінде пайда болған, аты аңызға айналған қала десек те болады. Кеңестік кезеңнің өзінде Екібастұзда кен өндіру саласы бойынша көптеген алдыңғы қатарлы технология өмірге келді, жаңа үлгідегі құрал-жабдықтар зерттеліп, сынақтан өтіп, осы аймақта алғаш рет іске қосылғаны белгілі. Екібастұз қаласы – ежелден еңбек етіп келе жатқан кеншілер мен энергетиктердің мақтанышы. Өйткені осы қаланы жергілікті еңбекшілер өз қолымен тұрғызды. Қазақтың құт қонған осы бір қасиетті жерінің қойнауында тас көмірдің жүздеген жылдарға жететін мол қоры бар. №1, №2 алып электр станцияларының іске қосылуы барысында Екібастұз бүкіл еліміз бойынша жылуэнергетикалық кешенінің ең ірі орталығына айналды. Ондаған жылдар бойы «Богатырь», «Солтүстік» және «Шығыс» кеніштерінде миллиондаған тонна көмір өндіріліп келеді. Екібастұз көмірі Қазақстанның, Орал, мен Батыс Сібірдің электр станцияларының жұмысын үздіксіз отынмен қамтамасыз етіп отыр. Одан бөлек вагон жасау және өзге де бірқатар ірі кәсіпорындар жұмыс істейді. Екібастұз маңындағы «Бозшакөл» кеніштерінен түрлі пайдалы қазбалар, әсіресе мыс мол көлемде өндіріледі. Кеншілер қаласы еліміздегі тоқсаныншы жылдардағы жаппай дағдарыс кезінде де өз деңгейін сақтап қалды. Зейнеткерлерге зейнетақы бере алмай жатқанда бұл қалада өндіріс орындары отын өшірмеген-ді. Кеншілер мен эенергетиктер уақтылы жалақыларын алып тұрды. Кейбір деректерге қарағанда қазір бұл қалада шамамен 150 мыңдай адам тұрады. Оның басым бөлігі – жердің негізгі иесі жергілікті ұлт, қазақтар.
Кеншілер қаласындағы осы орын алған апаттық жағдайға байланысты қазір неше түрлі негізді де негізсіз себептер айтылуда. Алдымен шаһарды жылумен қамтамасыз етуге міндетті бұл кәсіпорынның иесі кім дегенді анықтап алу қажет. Өйткені қазір қайда барсаң да, қай кәсіпорынды алсаң да жекеменшіктің қолында. Жекеменшік болғанда да қалталылардың иелігінде болып шығады. Ашығын айтсақ сол қалталыларды да біз өз қолымызбен жасап алғанымыз жалған емес. Бүгін басы бәлеге қалып отырған «Екібастұз Жылу электр орталығы» (ТЭЦ) мен «ЕкібастұзЖылуЖүйесі» кәсіпорындары «ЕкібастұзЖылуЭнерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрамына кіреді екен. Ол өз кезегінде «Павлодарэнерго» акционерлік қоғамның қарамағында. Осы аталған кәсіпорындардың бәрі «Орталық-Азия электроэнергетикалық корпорация» деген күштінің құзырында, еншілес компаниялары болып табылады. Қарап отырғандарыңыздай, бұл кәсіпорындардың түпкілікті иесіне жетудің, оның аты-жөнін анықтаудың өзі оңай емес. Орыстардың «Матрешка» қуыршақтары секілді. Бірін ашсаң ішінен екіншісі шығады, екіншісінен үшіншісі шығады, шексіз жалғасып кете береді. Бұл біздегі қойдан қойшы көп дегенді көрсетеді. Еліміздегі кез келген саланы алсаңыз да ортадағы делдалдардан аяқ алып жүре алмайсыз. Соның бәрі тауарлар мен қызметтің қымбаттауына әкеліп соғады.
Әлеуметтік желілердегі ашу-ызаға толы пікірлерді есепке алмай, тек қана мамандардың осыған орай қандай ойы бар екеніне тоқталып көрелік. БАҚ өкілдеріне берген ресми жауабында «Орталық-Азия электроэнергетикалық корпорацияның» басқарма төрағасы Бағдат Орал бұл апат қаладағы жылу жүйелерінің әбден тозып, ескіруінен болып отырғанын білдірді. Бұл ойы қала тұрғындары үшін жаңалық емес. Оның айтуынша қаладағы жылу жүйелеріне жөндеу жұмыстары жеткіліксіз жүргізілген. Бір ғажабы бұл басшы оған қала тұрғындарын кінәлап шыға келген. Оның пікірінше тұрғындар көрсетілетін қызметке орай коммуналдық төлемдерді уақытында төлемейді. Басшының есептеуінше қалада жылына 25 шақырым жылу жүйелерін жөндеу қажет. Сол кезде ғана апат азаймақшы. Ал іс жүзінде соңғы 15 жылда небары 45 шақырымдық жылу жүйелеріне жөндеу жасалған. Ал 2022 жылы бар-жоғы 600 метр жылу жүйесі жөнделіпті. Бұдан басшының есепке жүйрік екені көрініп тұр. Бірақ ол қандай есеп? Басшы маман жылу тарифінің төмендігін алға тартады, сондықтан жөндеу жұмыстарына қаржы жетпейді дейді. Алдағы жөндеу жұмыстары бойынша 3 млрд. тенге жоспарланған. Оның 1,8 млрд. теңгесі станция мен 5 қазандықты күрделі жөндеуден өткізуге, қалған 1,2 млрд. теңге жылу жүйелерін жөндеуге бағытталған. Бұл ақшаға бүгінгі бағамен 4-5 шақырым жылу жүйесін ғана жөндеуге болады екен. Сондықтан 25 шақырым жылу жүйесін жөндеу үшін қазіргі кезде кем дегенде 6-7,5 млрд. теңге қаражат қажет деп отыр басқарма төрағасы. Ал жылу үшін тарифті көтерген жағдайда екібастұздықтар бұл қомақай компанияға бұрынғының үстіне тағы да 4,8-6,3 млрд. теңге ақша құятын болады. Сөйте тұра корпорация басшысы Бағдат Орал «Екібастұз Жылу Энерго» тариф төлемінің қымбатшылығы жағынан елімізде 5-6 орында тұр дейді. Бұл сөзіне қарағанда көмірдің үстінде отырған екібастұздықтар жылуды тегін алып жатқандай көрінеді. Ал, корпарация өзінің ортадағы сансыз делдалдары арқылы қанша пайда көріп жатқаны туралы айтпайды. Кез келген тауардың өзіндік құны бар екенін ол білмейтін сияқты. Жылу мен электр қуатын өндіру үшін ең қажетті отынды жер түбінен тасып жатпағанын есепке алмайтын сияқты. Сол қазақ жерінен алынған көмірдің де қазаққа тиесілі екенін мүлдем ұмытыпты. Кезінде депутаттар осы сала мекемелері тарифті өсіру арқылы өндірістегі құрал-жабдықтарды жаңасына ауыстырудың орнына өздеріне қымбат жиһаздар мен көліктер сатып алып жатқанына ескерту жасағанын бұлар естімеген болу керек. Естісе де құлақтарына қыстырмаған. Айта кетелік, «Орталық-Азия электроэнергетикалық корпорацияның» ресми сайтындағы 2021 жылдың 31 желтоқсанда берілген деректер бойынша бұл компанияның акцияларының 47,1% Александр Клебановқа тиесілі екен. Тағы да осынша пайызы Сергей Канның иелігінде. Бұлар да кезінде қалтасы тесік қарапайым халық арасынан шыққан азаматтар. Сөйте тұра компанияның осыншама акциясын қалай сатып алып жүргеніне таңғаласыз. Қазір бұл екеуі де Қазақстанның миллионер байлары қатарында. Бай болғанына ешкім қарсы емес, қарамағындағы кәсіпорынның құр сүлдесін қалдырып, апатты жағдайға алып келгені, сөйтіп қала тұрғындарын аязда қалтыратқаны оларды толғандырмайтын сияқты. Рас, Александр Клебанов апаттан соң кеншілер қаласына келіп төбе көрсетіпті. Тіпті «Біз жекеменшік компания ретінде мына апатты жағдайға толық жауаптымыз. Апаттың бетін қайтаруға біздің қаржылық мүмкіншілігіміз жетеді» - деп мойындаған да көрінеді. Сонда компания қоржынында қаржы болса, кәсіпорыннның жағдайын жете біле тұра құрылғыларды жаңасына ауыстыру мен жөндеу жұмыстарын неге уақытында жүргізбеген? Әлде бұлар да «АрселорМиттал Теміртау» сияқты адам шығыны болмай қимылдамайтын, пайдадан басқаны ойламайтын бай кәсіпкерлерге тән қатып қалған қағиданы ұстана ма? Өздерін миллионер еткен халықпен санаспайтын бұлар кімдер еді сонша?
«Қыс арбаңды, жаз шанаңды сайла» деген халық даналығын біздің бай бизнесмендер мен әкімдер қаперіне алмайтын секілді. Өйткені мұндай апаттар бір ғана Екібастұзда ғана емес, Қостанай аймағының Рудный қаласында, Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласында бірнеше рет орын алды. Өзге қалалардағы жағдай да мәз емес. Алысқа бармай-ақ Екібастұздың облыс орталығы – Павлодар қаласының өзін алып көрелікші. Мұнда да Екібастұз апаты қайталануы әбден мүмкін. Өйткені қаладағы жылу жүйелерінің 87 пайызы ескіріп, тозығы жеткен. 2020 жылы құрылғыларды ауыстырып, жөндеу жұмыстарын қатырамыз деген уәдемен Павлодар қаласында жылу беру тарифін 10 пайызға көтерген-ді. Бірақ ол да құрғақ уәде болып шықты. Осыдан екі жыл бұрын сонау 1964 жылы пайдалануға берілген «№1 Жылуэлектр орталығында» апатты жағдай орын алған болатын. Бұл кәсіпорын атақты ERG иелігінде, оның ационерлері – Қазақстан үкіметі және Патох Шодиев, Ибрагимовтар отбасы, Александр Машкевич. Қаладағы жылу жүйелері жарамсыз күйде болғанмен олардың иелерінің жағдайы жақсы. Бір ғана А. Машкевичтің байлығы 3,7 млрд. доллармен есептеледі. Байқап отырғандарыңыздай осы аттары аталған милионерлер мен миллиардерлердің біреуінің де қаны қазаққа қосылмайды. Сонда ата-бабаларымыздан өз ұрпақтарына мұра болып қалған қазақ жері өзгелерді байыту үшін жаралған ба?..
Екібастұз жылу электр орталығындағы апаттан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Үкіметке мәселесі көп жылу-энерго орталықтарын мемлекет меншігіне қайтару керектігі жөнінде тапсырма бергені белгілі. Тұрғындарға көмек көрсетіп, апатқа жол бергендерді жазалау керектігін де айтты. Себебі, энергетикалық активтерді сапасыз басқару салдарынан жылу электр орталықтары апатқа жиі ұшырап жатыр. Бұл қадамды сарапшылар да құптайды. Жылу қазандығын мемлекет көмегінсіз ауыстыру мүмкін еместігін айтады. Қожайындарының салғырттығы осындай күйге жеткізді дейді сарапшы мамандар. «Екібастұз жылуэлектр станциясының басшылығы көп қаражат жұмсадық деп ойлайды. Бірақ шындығында олай емес. Ақиқатында атқарылған жұмыстардың бәрі тек қағаз күйінде ғана. Сондай жалған есептерді толтырып 15 миллиард теңгеге дейін жеткізген» -дейді Павлодар облысы антимонополиялық кеңестің мүшесі Юрий Павленко.
Екібастұздағы жылу желілерінің өте сапасыз жөнделгенін осы жолғы апат ашық көрсетіп берді. Сондықтан Екібастұз халқы Президент пәрменінен кейін биліктелгілер нақты бір әрекет етеді деп үміттенеді. Президент тапсырмасына қатысты Үкіметіміз қандай шұғыл шара қолданды? Рас, іле-шала бұған Үкімет жауап қатты. «Проблемалық энергетикалық нысандардың мәселелері бойынша жұмыс жалғасады. Жалпы осы уақыт ішінде республика меншігіне телекоммуникация, теміржол инфрақұрылымы және экология салаларындағы 10 ірі компанияның акция пакеті мен қатысу үлесі қайтарылды. Тағы 20 нысан бойынша пысықтау жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде бірқатар ЖЭО, мұнай-газ және тежіржол секторларының өндірістік объектілері, логистикалық, машина жасау активтері және т.б. бар» деген тағы да сол баяғыдай жалпылама жауапты сақ еткізді.
Бір қызығы, кеншілер қаласында әкімдікте өткен кездесуде А. Клебанов өз үлесін (47,1%) үкіметке бір теңгеге сататынын мәлімдепті. Яғни тегін беремін деген сөз. Бұны қалай түсінуге болады? Алаңсыз асаудың кезеңі өтіп, қыспақ таянғанын сезгендіктен болар бұл әрекеті. Бұнысы «Алатынымды алдым, қалғанын керек болса өздерің жөндеңдер» деп, етін сылып алып сүйегін кейін лақтырғанмен бірдей ғой. Ал мемлекетке жылдар бойы келтірген шығындарды кім өтейді? Қазір заңсыз жекешелендірілген нысандарды қайтару кезінде осы жағдайды да ескеру қажет. Халық мүлкін алаңсыз тонаған қылмыскерлер заңдық тұрғыдан тиісті жазасын алуға тиісті. Сол жаппай жемқорлыққа жол берген жоғарыдағы лауазымдылар да жауапқа тартылуы керек.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz