Бақыт Смағұл: Қазаққа тіл тигізіп, оттағандардың аузына қалай қақпақ қоямыз?!.

Бақыт Смағұл: Қазаққа тіл тигізіп, оттағандардың аузына қалай қақпақ қоямыз?!.

Шынымен, бізге ұлттық мүддені жоғары қоятын идеология керек!.. Отыз жыл оңымызға да, солымызға да қарағыштап, солардың көңілін табуға тырыстық. Қазақтың тілін де орыс тіліне жығып бердік. Әлі күнге дейін қазақ тілі өзінің мемлекеттік мәртебесіне толыққанды ие болған жоқ. «Жаңа Қазақстанды құрамыз» деп ұрандатып жатырмыз. 

Бірақ, соңғы кездері қазаққа, оның тіліне, жеріне көз алартып, аузына келгенін оттап, ішіп отырған құдықтарына түкірген «шовинистер» көбейді. Қазақстанның әр қиырында қылаң берген осы керағар көріністер ешкімді бей-жай қалдырмасы анық. Биылдай бір ғана Ақмола облысында бірнеше оқиға орын алды. Оларға қылмыстық істер қозғалып, бас бостандығынан айыру үкімдері де шықты. Өкінішке орай, одан сабақ алған ешкімді көрмейсің.

Кешелі бері Көкшетау қаласының тұрғыны Иван Никольскийдің «Рулетка» желісі арқылы Норвегиядан сұхбаттасқан «қандасына» қазақты балағаттаған сөздері жазылған бейне жазылымы жағамызды ұстатып, қолымызға қалам алғызды. Норвегиялық «қандасы»: «...Қазақстандағы орыстарды ешкімнің талауына бермейміз. Осы бастан қару-жарақ сатып алыңдар. Солтүстік Қазақстан Ресейдің жері, Ресейдің туын көтеріңдер» деп ұрандайды. 

Оның елірме сөзіне ерген Иван ше?.. Иван да қазақты жамандаудан алдына жан салмады. «Қазақтың тілі н...й кімге керек. Қазақ тілін талап ететіндермен сөйлесіп алып, сосын тұмсығын бұзар едім. Солтүстік Қазақстан Ресейдің жері» деп көпіреді. 

Міне, осы тектес оқиғалар көбейді. Құтты Қазақстан өзге этностарды қыспаққа алып, құқығын шектеп, нәсіліне қорлап, тіліне тиісіп, дінін де алалап жатқандай ой қалдырады. Сайып келгендегі біздегі жағдай мүлде басқаша ғой. Орыс тіліне қандай шектеуді көріп отырсыздар. Керісінше, қазақтың тілі оның ығында сияқты көрінбей ме?!

Ал, өзге этностардың діні жайлы сөз қозғаудың өзі артық. Ешкімге дініне қарап алалау жоқ. Жаңағы Иван Никольский де қарашаның 21-і күні Науан хазірет мешітіне келіп, мұсылман дінін қабылдапты. Иван деген есімін Ибрагим деп өзгертіпті.

Қарап отырсаң, Иванның бұл қаракеті қазаққа жақындағысы келгенді көрсетеді. Неге?.. Дінді қабылдағасын бір күн мұсылманша дәріс алуға келеді. Сосын мүлде жоғалады. Мешіт имамдары да ислам дінінде ешкімге зорлық жоқ екенін айтады. Адамды көше аралап жүріп, исламға шақырмаймыз. Бұл дініміздің берік қағидаларының бірі. Ал, өз еркімен дін қабылдауға келген адамды сыртқа тебудің де қисыны жоқ. 

Иван да осындай мақсатпен келуі мүмкін ғой. Дін қабылдағысы келетінін айтқасын, жамағаттың арасына куәгерлердің қатысуымен ислам рәсімдерін өткізеді. Бірақ, имамдар Иванның бойында бір қорқыныш пен қобалжу барын байқадық дейді. Ол адамның Аллаға тәубе келтірген қорқынышы ма, белгісіз. 

Кейбір дерек көздерінен ақпарат алып, Иван Никольскийдің жоғарыдағы бейне жазылымдағы сұхбаты оның ислам дінін қабылдағаннан кейін болмағанын растайды. Себебі, ол бұл сұхбатты осыдан бірер ай бұрын берген сияқты. Бірақ, бұл бейне жазылым енді ғана әлеуметтік желіге тарап жатыр.

Демек, Иван Никольский өзінің ағат кеткенін біліп, өзі сияқты қазаққа тіл тигізгендердің сотталып жатқанын ұғынып, ислам дінін «қабылдаған» болып, ақталудың бір жолын іздемегеніне кім кепіл.

Ал, әлеуметтік желіге оның кешірім сұраған сөздері жазылған көрініс те тарады. Кімдер кешірім сұратып жатыр белгісіз. Біреулер учаскелік полицейлер десе, енді біреулер басқаға жориды. Кімдер болса да, Иванға жаны ашып сөйлейді. 

«Иван ең бастысы, ағат ісіне өкінеді...» деп, Иван айтатын сөзді өздері тықпалайды. Оның отбасы барын тілге тиек етіп, бұл тақырыпты енді көтермейік, ұмытайық деп ақыл қоса сөйлейді. Иван Никольский көлденең көкаттының бәрін үйіне кіргізіп, кешірім сұрауы неғайбыл. Сондықтан осы көріністегі адамдардың «бұл тақырыпты ұмытыңдар...» деп талап қоятындай жөндері жоқ.

Қазақ өз тілінің тағдыры үшін араша түссе, оны жау көреміз. Ұлтшылдық қамытын кигізіп, темір қапасқа сүйрелейміз. Осының бәрі елімізде ұлттық идеологияның жоқтығынан. Отыз жыл өміріміздің жеке басқа табынудың ырғағымен өткенінің кесірі. Бұл оқиғаға: «енді бұл тақырыпты ұмытыңдар» деп қарауға болмайды. Қазаққа көз алартқандар сыртта да бар, іште де жоқ емес. Жаңағы Норвегияның туын қойып, орыс екендігін айтып, Иванның ішкі жан дүниесін ақтарған да жай адам емес.

Бүкіл батыс біздің елдің тыныштығын бұзғысы келмейтініне кепілдік бере аламыз ба? Екінші Украинаны жасағысы келмейді дейсіздер ме?! Бұған Ресейдің қатысы жоқ деп біржақты пікір айту да қиын. Биік мінберлерден қазақты қаралап сөйлейтіндер мемлекеттің тұтқалы орындарында отырған тұлғалар. Сырттағы жау дегенің – осылар. Ал, ішкі жаулар кімдер? Құр Иван тектестер десек, тағы қателесеміз. Бізде ойланатын жағдай көп. Не істесек екен?..

Президентімізді жуырда сайлап алдық. Ол кісі де елдің қамын ойлаймын деп жатыр. Экономика өз алдына, бізге ұлттық мүддені қарастыратын стратегиялық бағыт керек. Ұлттық идеология болмай, көшіміз алға баспайды. Жаңағы Ивандардың қазақтың тілі мен жеріне тиісе үн қататындарының астарында олар біздің суымызды ішіп отырса да, ойлары басқада екенін көрсетеді. Себебі, олар мемлекеттік тілді менсінбейді, сөйлеуге де арланады.

Біздің білім ордаларымыз орыс сыныптарына қазақ тілін оқытқанмен, орта мектепті бітіргенде бір ауыз сөз үйреніп шықпаса, оған жұмсаған ақшаның желге ұшқанын аңғартпай ма?! Қазақ тілінде бір ауыз сөз үйренбеген түлектің түрі де, тілі де басқа болып, өгейлік танытады.

Мемлекеттік биліктің құжат жүргізу тілі 90-100 пайыз қазақ тіліне жақындаған болуы керек. Бірақ, сөйлеу тілі неше пайыз? Осыны анықтаған біреу бар ма? Сөйлеу тілі болмаған жерде, құжат жүргізу осынша пайыз болатынына сену қиын. Осының бәрі жасандылық, жалған ақпарат. Тіпті, мемлекеттік қызметке алу жөніндегі тесте де қазақ тіліне міндеттілік жоқ қой. Осылай өзімізді алдағанда не ұтамыз.

Негізі, Ивандарға өкпелеудің қажеті жоқ. Олардың мемлекеттік тілді білмеуіне, сөйлемеуіне басқа ешкім емес, біз кінәліміз. Тіпті, өз қандастарымыздың да тілдерін шұбарлап жүргендері аз емес.

...Иван Никольскийге де қылмыстық іс қозғалыпты. Қанша жалбарынып, кешірім сұраса да, заң бәріне ортақ. Ол да бас бостандығынан айрылар. Бірақ, мұнымен осы тектес көріністерге соңғы нүкте қойыла ма?!

Біздің қоғамда қара бастың қамын ойлаушылар көп. Зиялы дейтін қауымның да ащы шындықты шырылдатып айтпайтыны өкінішті. Жұмған ауыздарын ашпауына қарағанда, қазақ іштен де, сырттан да жаудан ада ма деп қаласың.

Құрметті Президент, өзіңізге жүгініп, осы жайларды ортаға салғым келді. Сізге бұл сөздер жете ме, жоқ па, білмеймін. Бірақ, «айтылмаса сөздің атасы өледі»деген бар. Едің үмітін үзбеуіміз керек, ұлттың қамы бәрінен биік болатынына сенімім мол. Сол күнге жеткізсін деп тілеймін.

Бақыт Смағұл,

«Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, 

Тәуелсіз «Бұқпа!» газетінің бас редакторы.