«АЖДАҺА КӘСІПОРЫН» ҚАШАНҒА ДЕЙІН АДАМДАРЫМЫЗДЫ ЖАЛМАЙДЫ?

«АЖДАҺА КӘСІПОРЫН»  ҚАШАНҒА ДЕЙІН АДАМДАРЫМЫЗДЫ ЖАЛМАЙДЫ?

 «АРСЕЛОРМИТТАЛТЕМІРТАУ» МӘСЕЛЕСІН МАЙШАММЕН ҚАРАЙТЫН УАҚЫТ ЖЕТТІ

     Тағы да апат! Тағы да адам өлімі... Жақында ғана Қарағанды облысындағы «АрселорМитталТеміртау» компаниясына қарасты Шахтинск қаласындағы В. Ленин атындағы кеніште орасан жарылыс болып, 5 кенші қаза тауып, 4 жұмысшы зардап шекті. Ай-күннің аманында, атыс-соғыссыз бейбіт күнде қаншама еңбек адамдарының өмірі қиылды. Қаншама жесір жылап, қаншама сәбилер асыраушысы әкелерінен айырылып жетім қалды... Бұл қашанға дейін жалғасады? Алпауыт кәсіпорынның қазіргі иесі, қазақ байлығын сүліктей сорып жатқан үндіс миллиардер Лакшми Митталға отыз жылдан аса егеменді елді басқарып отырған үкіметте «әй!» дейтін адамның табылмағаны ма?..

          1964 жылы пайдалануға берілген бұл шахтада мұндай қайғылы жағдай жиі орын алып келеді. Деректерге қарасақ, 1978 жылы болған алғашқы апатта 4 жұмысшы қайтыс болыпты. 1985 жылы – 2 адам қаза тапты, 1995 жылы – 2 адам жарақат алып, 13 адам қаза тапқан. 1998 жылы – 1 адам , 1999 жылы – 3 жұмысшы көз жұмып, 2 адам зардап шеккен. Ал, 2006 жылы орын алған апат салдарынан 41 адам қаза тапты. Бұл бір ғана шахтаға қатысты жарияланған мәліметтер, оны төтеншеліктердің төресі Юрий Ильиннің өзі апат орнынына барғанда айтты. Бүгінгі күні белгілі болғандай, бұл атышулы «АрселорМитталТеміртау» АҚ жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша шахта қабаттарында улы заттарды залалсыздандыру жұмыстарын жүргізбеген. Желдету құрылғыларын пайдалану мерзімі – 14 жыл. Қазіргі кезде мұнда 1970-1980 жылдардан бастап қолданылып келе жатқан желдеткіштер апатты жағдайда тұр, сол себепті әлі де кезкелген күні жарылыстар орын алуы әбден мүмкін. Кәсіпорын өндірістегі өзге де құрал-жабдықтарды ауыстырудың не екенін білмейді, тек қана пайда табумен айналысады.

       Ал, «АрселорМитталдың» иелігінде қазіргі кезде 8 шахта бар. Басында 15 шахтаны сатып алғанмен, оның жартысына жуығын үндіс миллиардер жауып тынды. Соған қарағанда ол кеніштерді істетіп, жұмыс орындарын ашуға артық қаржы жұмсағысы келмеген. Лакшми Митталға адам өлімі мүлдем әсер етпейтін секілді. Өйткені өзге де шахталарда бұдан да сорақы апаттық жағдайлар болғанмен оның алдын алуды ұйымдастырмаған. Айталық, осы компанияға қарасты «Абай» шахтасындағы ең ірі апат 2008 жылы орын алып, ол кезде 30 адам опат болып, 14-і жараланған. Жарылыс кезінде 191 адам жер астында болған. Апат салдарын жою кезінде құтқарушылар апаттан көз жұмған жеті азаматты жер бетіне алып шыққан. Ал қалған 23 кеншіні іздеу жұмысын тоқтатып, шахтаны газ өтпейтіндей етіп жауып тастау туралы шешім қабылдаған. Туған-туыстарына оларды соңғы сапарға шығарып салуға, адам сияқты жерлеуге де мүмкіндік бермеген. Яғни адамдарымыз тірідей көмілген деуге болады. Лакшми Миттал иелік еткен кәсіпорындарда тек қана ресми деректер бойынша осы жылдарда барлығы жүзден аса адам қаза болған екен. Сондықтан да «АрселорМитталТеміртауды» «аждаһа кәсіпорын» деп атауға мәжбүрміз.

      Кезінде аты жер жарған, алып кеңестік одақ бойынша алдыңғы қатарлы кәсіпорын саналған – Қарағанды металлургия комбинатының бүгінгі күйін ешкімнің басына бермесін. Бұрындар он мыңдаған адам табысты еңбек еткен атақты кәсіпорын бизнесмен Л. Митталдың қолына өткен күнен бастап тек қана қауіп-қатердің ордасына айналған. Жұмысшылардың жалақысы мардымсыз, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету ескерілмейді. Бірде өндірістің мұржасы, бірде ғимараттарының төбесі құлап, адамдарға қауіп төндірумен келеді. Уақытында айлап жалақы бермегендері үшін наразы жұмысшысы кәсіпорын кеңсесіне басып кіріп, өзін-өзі өртегені де есімізде. 2017 жылы желтоқсанда Қарағанды облысының әртүрлі қаласында «АрселорМитталТеміртау» компаниясының жүздеген кеншісі бірнеше күн бойы ереуіл өткізген. Олар еңбек жағдайын жақсартуды, жалақыны көтеріп, зейнет жасын төмендетуді талап еткен. Бірақ компания мен билік өкілдері кеншілер талабын жартылай ғана орындап, ал жұмысшылардың зейнет жасын төмендету талабы ескерусіз қалған-ды. Міне алып кәсіпорынды шетелдіктерге берудің нәтижесі осындай.

      Осы жерде «Үндіс миллиардерді басымызға шығарып, біздің билік неге оны осынша тайтаңдатып қойды? Нарық ережелері, халықаралық экономикалық заңдар мен екі ортада жасалған келісімшарттар қайда қалды? Ұлтымыз үшін стратегиялық маңызы зор алпауыт кәсіпорынның тағдыры мен қызметі біздің билікті мазаламай ма? Неге оны тойымсыз үндістің қолына бере салды?» деген заңды сұрақ туындайды. Бұл сұрақтарға жауап табу үшін өткен күндерге көз жүгірту қажет.

   Қарапайым қазақ халқына пайдасы болмаған, билік басындағы пысықайлардың қалтасын қампайтқан атышулы жекешелендірудің жеткізген жетістігі осы дер едік алдымен. Жалғыз Қарағанды металлургия комбинаты емес, еліміздегі көптеген ірі кәсіпорындар ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткені белгілі. Енді оларды халық меншігіне қайтару да оңай емес. Дегенмен отыз жылдық ұйқыдан оянған елімізде «Елге қайтару» қоғамы құрылып, шетелге кеткен қаржылар мен шетелдіктерге берілген ірі өндіріс орындарын қайтару туралы қозғалыс басталған секілді. Осы қоғамның құрылуына байланысты өткізілген баспасөз мәслихатында бүгінгі біз сөз етіп отырған «АрселорМитталТеміртау» АҚ туралы да мәселе көтерілді. Саясаткер Болат Әбілов пен қаржыгер Оразәлі Ержанов аталмыш комбинаттың су тегінге кеткені, турасын айтсақ, қалай қолды болғаны жайында айтып берген болатын. Олардың айтуынша 1990 жылдардың ортасында Лакшми Миттал комбинатты бар жоғы 200 млн. доллардан сәл асатын сомаға сатып алып бірден байып шыға келген. Өйткені оның шынайы бағасы сол кездің өзінде кем дегенде 3 млрд. доллардан асатын. Мысалы, дәп осы деңгейлес Украинадағы «Крывойрогсталь» комбинатын Лакшми Миттал 4,8 млрд. долларға сатып алған. Ал бізге келгенде пысық бизнесмен бірден өз қаржысын құймай, төрт жыл бөліп төлеген. Яғни қарызға алды деуге болады. Миттал 1996 ж. мамыр айында – $22,5 млн, сол жылдың қараша айында – $112,5 млн, 1997 жылы мамырда – $22,5 млн, 1999 жылы – $67,5 млн. төлеген. Миттал алдынала ақша төлемей, комбинатты жұмыс істетіп, содан тапқан пайда арқылы сатып алды деуге болады. Оның үстіне пайдадан түсетін салықты 2-4 пайыз көлемінде ғана төленген. Ал осы тектес өзге шетелдік және отандық кәсіпорындар салықты бұдан бірнеше есе көп төлеген. Оған мұндай жеңілдіктер беретіндей Л. Миттал біздің – екі туып, бір қалғанымыз емес қой. Әлде қызын қазаққа беріп, мыңжылдық құда болып па еді? Бұрын айтуға тыйым салынғанмен соңғы жылдары бұл туралы да ашық айтыла бастады.Үндіс миллиардеріне жеңілдікті басқа емес, бұрынғы президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі беріп, қолдағаны жайында әлеуметтік желіде жазылып жүр. Үстінен пара алғаны былай тұрсын, пайданың тең жартысы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі деген де ақпаратттар бар. Оның өтірік-шынын ажыратып жатқан ешкім жоқ. Бейбіт шеруге шыққан шал-кемпірлер мен қыз-келіншектерді екі бүктеп автозакқа тығып, олардың ізін аңдығанша, осындай қаңқу сөздер көбеймес үшін біздің құзіретті орындар нақты жұмыс істеуге міндетті емес пе? Кәсіпорындарды сатқанда мемлекетке қанша зиян келтіргенін анықтап, кінәлі адамдарды заңды түрде жауапқа тартпай ма? Өкінішке орай, бізде осы күнге дейін заңмен жұмыс істейтін құқықтық орындар мен қара қылды қақа жаратын әділ сот атымен жоқ. Олар сол бұрынғы Н. Назарбаев қалыптастырған жүйенің жетегінде жүр. Шешім шығару үшін заң ережесіне емес, алдымен жоғары жақтағы билікке жалтақтайды. Одан кейін қоғамда қандай әділдік болмақ?

     Осы тұста бір кезде кеншілер ереуілдетіп, жұмыс жағдайын жақсартып, жалақыны көтеруді талап еткенде мемлекет басшысы болған Нұрсұлтан Назарбаевтың Лакшми Митталға қаратып, сыртынан «Металлургтер мен кеншілердің артында мен тұрмын!» өзінше сес көрсеткені еске оралады. Адамдарымыз шахтада тірідей қара жерге көміліп, айлап жалақысын ала алмай жүрген жұмысшыларға Н. Назарбаевтың шынымен жаны ашиды екен деп ойлайтын аңғал қазақтың еңсесі сол кезде бір көтеріліп қалған-ды. Бұдан кейін қанша жерден бай болса да Митталдың жүні жығылады деп есептеген. Сөйтсек оның бәрі алдамшы, жұртты тыныштандыру үшін айтылған көзбояушылық қойылым екен ғой. Өйткені Нұрсұлтан Назарбаевтың сұқ саусағын шошайтқаннан сескенген Лакшми Митталды байқамадық. Сол бұрынғысынша өз қалауынша жұмысын жалғастырумен келеді. Лондонда жатып алып қазақтың байлығын қалтасына басуда. Онысымен қоймай, кезінде Нұрсұлтан Назарбаевтың атына хат жазып, компанияның жұмысына кедергі жасады деп қазақстандық мемлекеттік органдарды, салық, сақтандыру орындары мен соттағыларды тәртіпке шақыруын сұрағанын қайтерсіз. Олар кен орындарын өзінен тартып алмақшы деп арызданған болатын. Бұл туралы сол кезде мерзімдік басылымдар жазған-ды. Миллиардердің мемлекет басшысына бұлай арыздануына компанияның еңбек мүгедектерінің ереуілі түрткі болған. Мүгедек кеншілер заңды түрде берілуге тиісті сақтандыру төлемін талап етіп бас көтерген-ді. Ал «АрселорМитталТемітау» өкілдері төлем жасаудан бас тартып, ақшаны «Альянс-Полис» компаниясына аудардық деп жалтарды. Сақтандыру компаниясы мүгедектерге тиын да төлемеген. Бұл дау-дамай бір жылға созылғанда Қарағанды облыстық соты «АрселорМитталТеміртау» компаниясы мүгедектердің төлемін төлеуге тиісті деп шешім шығарды. Бұдан кейін Қазақстанда өзіне ешкім қарсы келіп көрмеген үндістің өкпесі қара қазандай болған-ды. Айта кетелік, сол хатында Миттал әкімдікке деген өкпесін де жайып салған. Аймақтық әкімдіктен қысым көргенін, олар Митталдың 99 жылға жалға алған жер пайдалану мерзімін 49 жылға қысқартпақшы деп шағымданды. Ал шын мәнінде ол жерлерді 99 жылға жалға берілген болса бұл үлкен қателік.

     Сонымен жұмысшыларын зарлатқан атышулы «АрселорМитталТеміртау» компаниясының өткеніне қысқаша ғана шолу жасап өттік. Енді «Адамдарымыздың өмірін жалмап жатқан кәсіпорын басшыларына нақты бір шара қолданылады ма? Бұл сұмдыққа тоқтау бола ма?» деген сұрақтың да қойылуы орынды.

     Осы оқиғаға орай Мәжіліс депутаты Юрий Жулин ҚР премьер-министрі Әлихан Смайыловтың атына сауал жолдап, «АрселорМитталТеміртау» басшыларына қатаң шара қолдануды сұрады. Керек болса, жауапсыз кәсіпорын иесімен арадағы келісімшартты бұзу керектігін де айтты. Бұл компания қарамағындағы шахталар мен кәсіпорында жүзден аса адам қаза болғанын еске салып, мұндай қасіретті тоқтатудың шұғыл шараларын қолға алу керектігін талап етті. «Бұндай жағдай қашанға дейін жалғасады? Қашанға дейін еліміз қара жамылып, жұмыс орнында қайтыс болған адамдардың туған-туысқандарына көңіл айтпақшы? Қашанға дейін осы «АрселорМитталТеміртау» компаниясы мәселесіне қатысты қойылған депутаттық сауалдарға үкімет тарапынан нәтижесіз, қағаз жүзіндегі жалпылама жауап берілмекші?» деген сұрақтарын төтесінен қойды. Депутат осы жылдар бойы бұл атышулы компания жұмысшыларды қанап келгенін алға тарып, өзге елде мұндай жағдай орын алса келісімшартты бұзып инвесторды елден қуып шығатынын да айтты.

      Ия, бір емес, екі емес, тұрақты түрде өндірісте адамдарымыздың қаза болуы жақсылықтың нышаны емес. Қайтыс болған кеншілердің балаларына тегін баспана мен миллиондап ақша бөлу олардың әкесін алмастыра алмайды. Біздің басты байлығымыз – өз адамдарымыз. Бұл туралы Атазаңымызда тайға таңба басқандай жазылған.

          Қалай болғанда да адамдарымызға қаншама қасірет әкелген осы кәсіпорын жұмысын ретке келтіру қажет. Бұл билік басындағы азаматтардың құлағына «алтын сырға» деп түсініңіздер. Н. Назарбаев айтқандай, үкіметтегілерге «Металлургтер мен кеншілердің артында халық тұр!» дегіміз келеді. Халық өз өкілдерін қорғай алады, кейбіреулер секілді өз адамдарын алдамайды, сатпайды...

Зейнолла АБАЖАН