ТОҚАЕВҚА НЕ ҮШІН СЕНЕМІЗ? - Құлбек Ергөбек

ТОҚАЕВҚА НЕ ҮШІН СЕНЕМІЗ? - Құлбек Ергөбек

“БҰЛ ҚАЛАЙ БОЛҒАН ЕДІ?”

    Сексенінші жылдар. Нақтыласам, 1986 жыл. Жазушылар одағы. Бір кабинетте үш кісі. Б.Мұқай, К.Тоқаев және Мен. Соңғы кезде Кемел ағамыз қатты дегбірсізденіп алды. Баласының КСРО-ның Қытайдағы Елшілігінде қызмет істейтінін білеміз. «Қытайда соңғы күндері тиышсыздау» - деп әлде бір күдіктің төбесін көрсетіп қойды. Миллиардтық Қытай қай кезде де теңселіп-теңселіп қоятыны болады. Бүйрегі ауыратын Кемел аға сырт елден әлде бір дәрілер алдыратынын да білеміз. Әке үмітінің зор екенін білгелі қашан. Біз де Кемекең баласына сырттай тілеулес жүреміз. Өйтпегенде ше? Бұратана қазақ баласы Москваның мемлекеттік Халықаралық қатынастар институтын үздік бітіріп, КСРО Сыртқы істер министрлігіне қызметке қалдырылған. Аппаратта тәжірибеден өтіп, Қытай елшілігінде қызметте жүрсе. ХХ ғасырдың 30-шы жылдары Сауд Арабиясында совет елшісі қызметін атқарған Нәзір Төреқұловтан тартып, Төлеген Тәжібаев қостап сырт елдерінде елшілікте қызмет атқарған, атқаратын қазақтар саусақпен санарлық.

    ...Жылдар өтті. Жазушылар одағында қаламдас, балалар әдебиеті жөнінен әріптес болған екі аға да «дүние шіркін, дүркін-дүркін өтеді бір күнді» айтқызып бақилыққа әр кез көшіп кете барды. Мен Түркістанды түлету мақсатында туған жеріме аттанып кеттім.

   Халықаралық қатынастар факультетінде оқитын ұлым, бүгінгі саясаткер көптілді юрист Шыңғыс Ергөбек Н.В.Новиковтың «Пути и перепутья дипломата», Л.Н.Кутаковтың «Вид с 35 этажа. Записки советского дипломата», В.С.Зориннің «Владыки без масок», Қ.К.Тоқаевтың «Как это было...» аталатын кітаптарын ала келді Түркістанға. 

    Қазақтан шыққан тұңғыш дипломат Нәзір Төреқұлов тағдыры жайында ізденісте жүрген кезім. Москвада КУТВ-да оқып, 1937 жылы Сібірге 20 жылға айдалып, барып келген Жүсіпбек Арыстановтың Нәзір туралы роман жаза бастап, жоғалтып алған шығармасының сұлбасын әңгімелетіп алғам. Сталин атындағы КУТВ-да онымен бірге оқыған, Москвада «Күншығыс халықтарының кіндік баспасы» бас редакторы болып тұрған Нәзір Төреқұловтан өзге қазақ, қырғыз, өзбек, башқұрт, татар студенттері секілді көп жақсылық көрген оқушы, қазақ түріктануы басында тұрған, азап шеге жүріп, қазақ әдебиеті тарихын «Түрік қағанаты дәуіріне дейін» оздырған шын ғылым жасаған профессор Бейсембай Кенжебайұлының жылап отырып айтқан естеліктері де дәптеріме түскен. СССР-дің Сыртқы істер министрі А.А.Громыконың редакция басқаруымен шыққан «СССР-дің Дипломатиялық қатынастары» туралы көп томдықты әлденеше ақтарғам. Ұлым Шыңғыс әкелген әлгі кітаптарды сүйсініп оқып шықтым. Әсіресе, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қ.К.Тоқаевтың қолынан шыққан әлгі «Как это было...» аталатын кітабы. Сүйсіндім. Дипломат жазбасы. Қытайда 1986 және 1989 жылдары болған үлкен дүрбелеңнің туу себептерін, сол кезгі Қытайдағы саяси-экономикалық дағдарыс, содан туған дүрбелеңді қолмен қойғандай етіп әңгімелеген. Талдай отырып әңгімелейтін, әңгімелей отырып талдайтын шеберлігіне таңқалдым. Өзге елдің елшілерінде бар, бізде жоқ «дипломат жазбалары» әдеби дәстүрді туғызғаны үшін қуандым.

     Ең бастысы – детектив жазушы Кемел ағайдың сонау 80-ші жылдары Жазушылар одағында отырып дегбірсізденген себебін терең түсіндім. Халықаралық жағдайды ойлап, баласын уайымдап бүйрек сырқаты қабындап ұзамай көз жұмған Кемел ағайдың әкелік жүрегін терең түсіндім.

    ҚР Президентіне кандидат Қ.К.Тоқаев жайында ойладым. Миллиардтан баяғыда лықсып тасыған Қытай еліндегі саяси-экономикалық ахуалды әлеуметтік жағдаймен жіті байланыста талдай білген, алып елдің дағдарыс себебін салдарымен қоса айқындай алған азамат Тәуелсіздік алғанына мәз болып, 30 жыл мақтанумен жүріп, тоқырауға түсіп қалған қазақ елін «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН» форматында жолбасшы болып дамыта алатынына күмәнім қалмады. 

     Қ.К.Тоқаевқа сол үшін де сенгім келеді. Сеніммен дауыс бергім келеді.

                                   ***

            «ТҮРКІСТАН ТОЙҒА ДАЙЫН...»

    Д.А.Қонаевқа салынған үйді, бес жерде істейтін лауазымды қызметті тастап бір түнде (1992 жылы) Түркістанға тарттым да кеттім. Түркістанды түлетуге! Жастық шақ. Жалаң романтика емес, нақты мақсат. ХҚТУ оқытушысы. Түркістан әкімі руханият жөніндегі орынбасары. Облыс Әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары - Ішкі саясат Бөлімі меңгерушісі. 

   Басшымыз қара жолдан қаражат шығаратын Б.М.Сапарбаев. Б.Сапарбаев оңтүстіктің советтік кезеңнен қалған отаншылдық сезімін оятып жіберген. Күндіз-түні қайнаған жұмыс. Ортаға тасталған ұран сондай, бұрынғы көшеден бұрау сындырып үйге таситын түркістандық жоқ. Үйіндегі барын «Туған жерге тағзым» рухымен ортаға салу – түркістандықтар үшін азаматтық парыз. Түркістанға 1500 жыл! Ақ шаңға оранып жатқан шарқы шаһарды бүкіл түрік дүниесі көз тігетін ақшаңқан өркениетті тарихи жәдігер қалаға айналдыру – мұрат. Мұрат жолында ұйымдастырған халықаралық қор аты да – ПАРЫЗ!  

    1999 жыл. Жұмысты бірсыпыра еңсердік. Әжім келбетті Түркістан әп-әсем ақ шаңқан шаһарға айналып келеді. Ең бастысы, бүгінгідей, жаңа Түркістан саламыз деп, жон арқасымен ғасырлаған тарихты бүгінге көтеріп жеткен тарихи ескерткіштерді сүріп, күресінге тастамадық. Мақсатымыз Түркістанды Жаңарту арқылы емес, Жаңғырту арқылы көтеру! Әрісі Орта ғасырдан, берісі ХҮІІІ-ХІХ ғасырдан арып-ашып жеткен тарихи, тарихи-архитектуралық ескерткіштерді көздің қарашығындай сақтау басты мұрат. Сақтау, жәй сақтау емес, жаңғырту (реставрация) арқылы бүгінгі ұрпаққа жаңалап жеткізу. Обалы не, ол кезде де туыс Түркие Республикасы кәсіпкерлері зор көмек берді. Театр салдық. Музей аштық. Тарихи жәдігерлерді тірілттік. Облыс бюджеті бүгінгі бір шалғай ауданның жылдық бюджетінен төмен. ЮНЕСКО арқылы қорғалатын Қ.А.Ясауй Мавзолейін Түркиелік Вакиф Иншат фирмасы тегін жаңғырту үстінде. Сырылдаған өкпесін көтеріп келіп кеткен салт-дәстүр сақшысы, тарихи ескерткіштерді қорғаудың құлы, музей ісінің пірі Өзбекәлі Жәнібек «Түріктің қамқорлығына рахмет! Бірақ, олар жергілікті жердің суын, топырағын зерттемей кірісіп кетті. Бұл методикалық жағынан да, тіпті методологиялық мағынасынан да қате. Біз Адамзаттық ғажап ескерткішті құлатып аламыз» - деп дабыл қағады ағымдағы баспасөзде. Б.Сапарбаевтан бастап, бәрімізге дүңкілдеп ұрсып, дегбірімізді алады. Біледі. Білген соң, айтады кемел ағамыз! Музейдің пірі атанған ағамыздың сынына құлақ асып, сілтеуімен Өзбекстан Республикасы Мәдениет институтының профессорларын (оларда саланың 10 профессор маманы бар, бізде бірі де жоқ еді ол кезде) шақырамыз көмекке. 

  Кәсіпкерлер өз қаражатына Мавзолейді сақтау мақсатында іргесінен өтетін халықаралық қасқа жолды 14,5 шақырым сыртқа шығарып, айналма жол салды. Халықаралық темір жолдың арғы беті мен бергі бетін кедергісіз араластыру амалымен қатқан аспа көпір салды.

     Архитекторлар Бек Ыбыраев, Бақытжан Әшірбаев, Еркін Жүсіпов, Атанбек Нәлібаев Түркістанда жылдады десе де болады. Ортағасырлық шығыс архитектурасын жаңа жағдайда жаңғыртушы Агаханды айтып Өмірзақ әкімнің басын қаншама қатырдық?!

    Б.Сапарбаев Түркістан тойға біршама дайын-деп жоғарыға рапорттады бір күні. Іле инспектор келді. Нұрлан Ысқақов. Замандас. Қанаттас. Апта жүріп, Президентке өз байламын айтты: «Түркістан тойға дайын емес....» Ревизорлар қаптап кетті Түркістанда. Түрлі сұрақ: «14,5 км. Айналма жолды мемлекеттен қаралмаған қаржыға салыпсыңдар? Қаржысын қайдан алдыңдар? Темір жол аспа көпірінің ақшасын қайдан таптыңдар?...» Құдай-ау, сұрақтар көп-ақ... Жоғарыдан ашулы дауыстар келеді. Тіпті Б.Сапарбаевты қызметтен қуғысы келетін шенеуніктер шыға келді аяқ астынан. 

   Не ікмет? 1999жылдың 18 қарашасы күні Түркістанға ҚР Премьр министрі Қ.К.Тоқаев келді. Облыстан бөлінген куратор райында Премьер министрдің қасынан табылдым. Бәрін аралап, өз көзімен көрді. Жаңа қаланған бір кірпіш, жаңартылған бір кірпіш қолмен ұсталмай, көзбен көрілмей қалмады. Журналистермен журналисше, архитектормен архитекторша, жаңғыртушымен реставраторша, музей қызметкерлерімен музейтанушыдан зият әңгімелесті. Әңгімелесе жүріп те, ортаға тұра қалып та фоторәсімге түсті. Жұртшылық сұрақтарына талмай жауап берді.

    Ұмытпасам, екі күн аралады Түркістанды. Аттанып бара жатып ҚР Премьер министрі Қ.К.Тоқаевтың айтқан сөзінің түйіні: «ТҮРКІСТАН ТОЙҒА ДАЙЫН!...»

      Араға апталар салып Түркістанның 1500 жылдық тойын халықаралық өреде тойладық. Егер, ҚР Премьер министрінің түйінді сөзі, әділ адами байламы болмаса, Түркістанның тойы тойланбай қалуы кәдік, алмағайып сәтте қылтылдап қыл үстінде тұр еді. 

    Түркістаннның 1500 жылдығы жайында ӘДІЛЕТТІ сөз айта білген кезіндегі Премьер министр бүгін «ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАНДЫ» ұстаным етіп ҚР Президенттігіне түсіп отырған кандидат. Бүгінгі ҚР Президенттігіне кандидат Қ.К.Тоқаевқа осыдан кейін қалай сенбейін? Сенемін! Сеніммен сенімді өкіл болып насихаттаймын, 20.ХІ. күні сеніммен дауыс беремін! 

                                   ***

        «БАСТАПҚЫ КОНСТИТУЦИЯ ҚАЛПЫНА КЕЛМЕСЕ, БӘРІ БОС ӘУРЕ!»

   Қ.К.Тоқаев ҚР Президенті. Жұрт абыр-сабыр. Бірі әрі сөйлейді, бірі бері сөйлейді. ҚР Жазушылар одағы үні – «Қазақ әдебиеті» жазушыларға сауын айтып, ортақ сұрақ жолдады. «Жаңалықты жазушылар қалай қабылдайды?» Кім-кім де білгенін айтып жатыр. Әсіресе, Кемел ағаның көзін көрген жазушылар жүрек сөзін айтып жатыр. Мен де жаңа Президенттен не күтетінімді айттым: «БАСТАПҚЫ КОНСТИТУЦИЯ ҚАЛПЫНА КЕЛМЕСЕ, БӘРІ БОС ӘУРЕ!...»

     Бас-басына санамаламай-ақ қоялық, Елімізде жүріп жатқан реформаның қай-қайсысы да Бастапқы Конституцияның өміршең, әділетті баптарын басшылыққа алып, жүзеге асып отырған жоқ па? Қанды қаңтар оқиғасынан Қазақ Елін аман алып шығып, «ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН ҮШІН!» алға елді бастап келе жатқан алғадай азаматқа сенбегенде, енді кімге сенеміз?! 

    Сенеміз, сенеміз де ҚР Президенттігіне кандидат Қ.К.Тоқаевқа дауыс береміз!

                                  ***

      КӨП ВЕКТОРЛЫ САЯСАТ: БІЗ ОҒАН СЕНЕМІЗ. ОЛ КІМГЕ СЕНЕДІ?

   Халықаралық жағдай ушығып тұр. Мұндай алмағайып сәтте сараман саясат ұстану керек. Алмағайып сәттерде ішкі ынтымақ мықты болмаса қиын. Іште «Әділетті Қазақстан» реформасы қарқын алып жүріп кетті. Алмағайып сәттерде сыртқы саясатта көреген болмаса қиын. Қ.К.Тоқаев Дипломатиялық сапармен Россияға барды. Еуропа елдерінің санкциясына ұшыраймыз-ау-деген күдік бүлк ете қалды көңілде. Қытайға сапарлады. «Абылайхан саясатын ұстанды-ау» - деп ойладық. Алпауыт Америкаға! Ердоғанмен әлденеше кездесу. Орта Азия мемлекеттері басшыларымен жиі жүздесетінді шығарды. Жақында ғана Калифорнияда екі жыл оқып келген ұлым Шыңғыс Ергөбек шамасы келгенінше саяси публицистика тілінде сөйлеп жүр. Саясаткер ұлыма қараймын. Саясаткер Шыңғыс айтады: «Қ.К.Тоқаев көп векторлы саясат ұстанады. Сыртқы саяси вектордың біртіндеп шығысқа ауып бара жатқандығы тағы шындық. Бұл қазақ елін кемел келешекке бастаса керек...». Жаным жай тапты. 

     Демек, біз Қ.К.Тоқаевқа сенеміз. Ал, ол кімге сенеді? Ол алдымен еліне сенеді! Ішкі саясатсыз сыртқы саясат мұратқа жетпес. Сыртқы саясатсыз ішкі саясат алысқа кетпес. Екеуін егіз қатар ұстаған, үйлестіріп ұштаған мемлекет басшысы ғана елінде өркениетті, әділетті «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫ» жасай алса керек. Сол жолда, көп векторлы саясат жолын ұстанып отырған, ҚР Президенттігіне кандидат Қ.К.Тоқаевқа елі сенеді. Ал, ертең ҚР Президенті болып сайлана қалса Қ.К.Тоқаев «ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН» қалыптастыру жолында еліне сенеді, Еліне сүйенеді!

Құлбек ЕРГӨБЕК, 

Жазушы-ғалым

Қазақ үні