Геройхан Қыстаубаев: Тоқаев ұсынған реформа - терең реформа

Геройхан Қыстаубаев: Тоқаев ұсынған реформа - терең реформа

Саясат ауа сияқты. Ауасыз адам өледі. Саясатсыз ұлт өледі. Саяси реформа да тап сондай: көзбен көрмейсің, қолмен ұстай алмайсың. Мұны адам түйсікпен "көреді, ұстайды". 

Мәселен, желідегі көп "саясаткерлер": "Қайда жаңа Қазақстан? Баяғы жартас - сол жартас. Түк өзгерген жоқ" дейді. Бұлардың қолына "ескі" мен "жаңа" (реформаланған) саясатты салып беру керек екен...ұстасын. Сонда олар көреді. 

Ал негізінде, елде саяси реформа жүріп өтті! Ол қалай? Ол: 5 маусымдағы (2022ж) жалпыұлттық референдумда, сосын одан кейінгі Парламентте қабылданған Конституциялық өзгерістерді мақұлдап, оған кешегі Президенттің салтанатты түрде заңдылық мәртебе беріп қол қойғаны! 

Бұл саяси реформаны әлем, әсіресе Еуропа сарапшылары жоғары бағалап, Қазақстанға ЕуроКеңес төрағасының өзі сапарлап келіп: "Ендігі жерде Қазақстанмен тығыз қарым-қатынаста боламыз" деп, "шегелеп" айтып кетті. Өйткені айналасының бәрі дерлік (қараңдар): Си Цзиньпин, Путин, Мирзиеев, Жапаров, Рахмон, Бердымұхаметовтер өздерінің жеке билігін ұлғайтып жатқанда, арасынан жалғыз шығып, өз билігін азайтып(!): суперпрезиденттік жүйеден - президенттік жүйеге көшіп жатқан Тоқаевқа моралдық және жан-жақты қолдау көрсету керек еді! Супер мен жай президенттік жүйенің айырмашылығын білу керек. Бұл қарапайым, болмаған бір дүние болса, Еуропа оңай емес, сапарлап келмек түгілі, бет те бұрмас еді. 

Анығында, Тоқаев ұсынған реформа - терең реформа! Сондықтанда мұны көпшіліктің бірден түсінуі қиын. Мысалы: президенттің жақын адамдары үлкен (квази және) мемлекеттік лауазымға тағайындалмауы, президенттікке бір рет (7 ж) қана сайлану, Парламентке мажориталық сайлау жүйесінің енуі, т.с.с ... Байқап қараңызшы, бізді 30 ж бойы сорлатқан басты үш нәрсе осы! Басқасын айтпағанда осы өзгерістердің өзі-ақ, дұрыс пайданана білсе, кез келген халықты, бізді де, жарқын болашаққа жеткізеді! 

Әрине, желідегі жазғыш "ғұлама саясаткерлер" күткендей бір күнде емес, бірнеше күнде анық жеткізеді. "Көрінген таудың ұзақтығы жоқ" деген. Тау көрініп тұр. Оны "көрмеу" - адамның шын соқырлығы, не надандығы, яки ол адамның саналы түрде "Қаңтар қасіретін" ұйымдастырып, тәуелсіздігімізді біржола жоюға жұмыстанған, мемлекеттік сатқындық жасаған мәсімовшілер қатарында екенінің белгісі. 

"Қане не өзгерді? Өзгерген бір дүниені айтыңдаршы" дейтін "ақылдылар", шамасы, саяси реформаны - кредитті кешіру, жоқ-жітікке қаржылық көмек беру, т.с.с. әрекеттер деп ұғатын сияқты. ФБдағы жазғандарынан соны байқаймын. 

Жоқ! Саяси реформа - халық қаласа жарқын болашаққа, шынайы демократияға жетуге мүмкіндік беретін еңбек жолы! Еңбектену керек. Мысалы, "Қане Жаңа Қазақстан?" деп, диванда жата берсең, сол күйі шіріп өлесің. Ал алдағы болатын Парламент сайлауына түсіп, депутат болып, ұлтыңа адал қызмет етем десең, мархабат: Жаңа Қазақстан өз алақаныңда! Халқыңды бай-бақуат ет. Жемқорларды қама. Кредиттерін кешір, жоқ-жітікке жағдай жаса, т.б.

Міне осындай мүмкіндік, қабылданған Конституциялық реформаның бергені! Бұрын мұндай мүмкіндік болмаған.

Ендеше, жастарымыз диванда жатып, өзінен өзгенің бәрін жамандап, өсек айтқанша, неге осы мүмкіндікті пайдаланып "Елім!" деген Ер болуға ұмтылмайды? Неге? Жазсыншы. Бәрімізде біліп жүрейік.

Тіпті, жақсы, бәрі жаман, сатқын екен. Сен жақсы, еш сатылмайтын жан екенсің. Біз осыған сенейік. Онда шықсаңшы, айыналайын-ау, сені жан-тәнімізбен қолдайық! Жаз, айт мақсатыңды. Көрейік. Оқиық. Тұшынайық. Осылай етуге мысалы, кімге не кедергі болып жүр? 

Әдеттегідей, бұл сұрақтарыма ешкім жауап бермейді деп ойлаймын. Себебі, олардың бұл "ұстанымда" отырғандары - тапсырма орындауы! Бұлар дәу де болса, өздері білетіні бар, білмей еретіні бар, сол "Қаңтар қырғынын" ұйымдастырып, билікті қайта қолға аламыз деген топтың табағынан "жем" жегендер, болмаса масқара қылмыстарымен солардың (ҰҚК, Мәсімов) "қармағына" ілініп қалған ел арасындағы азғындар! 

Бұлай ойлайтын себебім - сайлау жақындаған сайын желінің "құтырынып" бара жатқаны. Қисынға келмейтін - шыққан көзі белгісіз, дәлел - дәйек жоқ, фейк ақпараттардың көптеп таратылып жатқаны. Тоқаевтың, басқа да елге ардақты тұлғаларымыздың аудио-видео айғақтарын келтіре отырып емес, толықтай жалған, айтпаған сөзін айтты деп, не түбімен басқа мағынаға бұрып, қоғамдық наразылықты күшейтуге қасақана әрекет етуі. 

Сондықтан байқау керек, ағайын. "Қаңтар қасіретін" ұйымдастырғандар жоқ болып кеткен жоқ, арамызда жүр әлі. Аңғал халық тағы да арандап қалудан сақтанғаны жөн.

Геройхан Қыстаубаев, 

Қазақ үні