ҚАРУ-ЖАРАҚ САТАТЫН ДҮКЕНДЕР ЖАБЫЛСЫН
2022 ж. 06 қараша
1967
1
ҚАРУДЫҢ ЗАРДАБЫН ТАРТЫП ЖАТҚАНДА ОНЫ САТУДЫҢ ҚАНША ҚАЖЕТТІЛІГІ БАР?
Тағы да атыс! Сырттан жау шаппай-ақ, Сәтбаев қаласының ортасындағы Ulytau Mall сауда үйі маңында бір адамды атып кеткен. Оқиға 19-20 жастағы жігіттер арасындағы төбелестен басталып, көлікпен қашқан кезде 24 жастағы тұрғынға оқ атқан. Жарақат алған азамат қазір ауруханада жатыр. Күдіктілер ұсталып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Қару-жарақты қолдану арқылы болатын ауыр қылмыстар біздің елде жиі орын алып келе жатқаны белгілі. Солардың кейбірін ғана еске алсақ, 2021 жылғы 20 қыркүйекте Алматының Алатау ауданындағы Ақбұлақ шағын ауданда 54 жастағы Игорь Дужнов мылтықтан оқ жаудырып, бес бірдей адам қайтыс болды. Олардың арасында сот орындаушысы, екі полицей және екі бейбіт тұрғын бар. Тұрғындардың бірі үйдің жаңа қожайыны болса, екіншісі оның танысы. Бір сәтте бес отбасы қара жамылды. Игорь Дужновтың кейін сот арқылы өмір бойы түрмеге қамалғанынан не пайда? Асыраушысынан айырылған жанұялардың жағдайын кім ойлайды?
Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдарда біздің еліміз осы қару-жарақтың зардабын аз тартып келе жатқан жоқ. Мемлекет қарамағындағы әскери саланың өзі қару-жарағын дұрыс қадағалай алмай қаншама қасірет әкелді.Соңғы он жыл ішінде Арыс қаласының маңында төрт рет жарылыс болған екен. Жүздеген отбасылары баспанасыз қалып, адам өлімі де орын алды. Мемлекеттік әскери сала қоймадағы қаруына ие бола алмай отырғанда жекеменшік қару сататын дүкендерден не күтуге болады? Оған мысал ретінде осы жақында Қостанайдағы қару-жарақ дүкенінің жарылуын атасақ та жеткілікті. Прокуратураның анықтауынша оқ-дәріні дұрыс тасымалдамаудың және дұрыс сақтамаудың салдары оқыс оқиғаға әкеліп соққан. Қару-жарақ дүкенінде болған қатты жарылыста төрт адам көз жұмып, тағы жетеуі түрлі деңгейдегі жарақаттар алды.
Елімізде қару-жарақты ашық сатуға ресми түрде рұқсат беру осы қайғылы оқиғаларға себеп болды десек қатеспейтін шығармыз. Айталық, Қаңтар оқиғасы кезінде қаншама қару ұрланды. Тек Алматы және Жамбыл облыстарының екі полиция департаменттерінен қылмыскерлер 800-ге жуық атыс қаруын, оның ішінде 262 автомат, 501 тапанша, 12 гранатомет, пулемет және 60 мыңнан астам оқ-дәрілер ұрланған деген деректер жарияланды. Осы мәлімет бойынша аңшылық дүкендерінен және құқық қорғау және арнайы органдардың қару-жарақ арсеналдарынан барлығы 3 мың қару ұрланған. Осыншама көлемдегі қолды болған қарудың тек үштен бірі немесе 771 бірлігі ғана табылған. «2 мыңнан астам қару-жарақ, соның ішінде автоматтар, мылтықтар, тапаншалар мен гранатометтер, сондай-ақ гранаталар әлі де қылмыскерлердің қолында. Онымен бүкіл полкті қаруландыруға болады. Бейбіт тұрғындарға бұл қару қажет емес екені түсінікті. Ол елдегі жағдайды тұрақсыздандыру үшін ұрланған. Барлық осы фактілер бойынша қылмыстық істер тергелуде», - деген болатын Бас прокурор Берік Асылов.
Толық емес деректер бойынша бүгінде Қазақстанның өзінде 120-ға жуық аңшылық қару-жарақтарды сататын дүкендер бар екен. Қолданыстағы бар қаруға негізгі қадағалау жасайтын ІІМ дерегінше, қазір қазақстандықтардың қолында 284 мың дана қару заңдастырылған. Ал жалпы елiмiзде 210 мыңға жуық адам аңшы қаруын иеленген, бұл халықтың шамамен 2 пайызын құрайды. Оның 35 мыңында 2 және одан да көп түрлі мылтықтар бар екен. Осы бір ресми деректің өзі бізде қару сату даңғыл жолға қойылғанын көрсетпей ме? Ал қоғамда бұған қатысты оқыс оқиғалар орын алған сайын мәселе көтеріліп келді. Тұрғындарымыздың басым көпшілігі негізінде қару сату ісіне түбегейлі қарсы, ол қоғам үшін қауіпті деп санайды.
Рас, елімізде орын алған түрлі қылмыстық оқиғалардан соң бірқатар шаралар қабылдана бастады. 2016 жылдың 5 маусымында Ақтөбе қаласында теракт болып, лаңкестер қаладағы «Паллада» қару-жарақ дүкені мен ұлттық гвардияның бөлімшесіне шабуыл жасады. 18 шілде күні Алматы қаласында бір ғана адам 5 бірдей полицейге және зейнетке шыққан подполковник пен шекара қызметінің қызметкеріне оқ атты. Қайғылы оқиғалардан кейін қоғамда террористердің басты нысаны болған қару-жарақ дүкендерін жабу-жаппау туралы өткір пікірталас туындағаны белгілі. Бұл мәселе тіпті Мәжілісте де қаралған болатын. Әсіресе Ақтөбедегі трагедиядан кейін ІІМ әр адамның 4 аңшы қаруынан артық ұстауына шектеу қоюды, бұрынғыдай бiр қолға 10 мылтық берілмеуі керектігін ұсынды. Сақшылар оны елдегі аңшылық қаруы бар адамдардың мүддесіне қарағанда тұтас қоғамның қауіпсіздігі қымбат деген ұғыммен түсіндірді. Онысы дұрыс болды. «Бiз адамдардың қару сатып алуына қарсы емеспiз. Бiрақ нелiктен оған 2 емес, 10 қарудың қажет болғанын дәлелдеңiздер. Әрине, аңшылықтың түр-түрi бар екенiн түсiнемiн. Бұл ретте адам қандай аңшылықпен айналысатынын таңдасын. Бiз бұл шектеудi Қазақстанда терроризм болмағанда енгiзбес едiк. Болашақта заңсыз қару иеленудiң барлық мүмкiндiктерiнiң жолын кескенiмiз жөн. Атыс қаруын иелену бойынша адамдардың құқығын шектеп отырғанымыз жоқ. Бiрақ бiр қолға 4 қару жеткiлiктi» деген-ді Мәжіліс депутаттары алдында сол кездегі ІІМ вице-министрі Рашид Жақыпов.
Атыс қаруын иеленген адамдардың аң аулау құқығын шектеуге болмайды деген қағида қаруларды сатуға негіз болып тұрған секілді бұл жерде. Шындап келгенде жоғарыда айтқандай қаруға иелік етуге рұқсат алған 210 мың адамның бәрі бірдей аңшылыққа шығып жатқанына да күмән келтіруге болады. Көбісінің қарулары үйлерінде «қаңтарулы» тұр. Сол қарулардың күндердің күнінде қылмыс құралына айналмауына кім кепілдік бере алады. Екіншіден, аңшылықпен бірге олардың броконьерлерге айналуы да мүмкін ғой. Ондай жағдайлар да жоқ емес. Браконьерлер қорықшы Ерлан Нұрғалиевті атып өлтіргені сияқты қылмыстарға да баруы әбден мүмкін.
Қоғамда қарапайым аңшылық қаруының қыл¬мыс құралына айналуы жөнінде осы тектес түрлі пікірлер бар. Аңшылар қауымдастығы мен оның жақтастары болып табылатын қару сатушылар мылтықтардың қылмысқа қатысы шамалы дейді. Бір айтарлығы, ІІМ ӘПК Азаматтық және қыз¬меттік қару айналымын бақылау басқармасының бастығы Марат Отыншин өзінің бір мәлімдемесінде әлгіндей террорлық шабуыл болмаса, елімізде негізінен заңды, ресми тіркелген аңшылық қарумен ешқандай қылмыс жасалмағанын жеткізген болатын. Оның айтуынша, Қазақстандағы қылмыстар газ баллоншалары, пневматикалық және сигналдық қарулар арқылы жасалатын кө¬рінеді. ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің мәліметінше, 2017 жылдан бері елімізде сол қару¬лармен 129 қылмыс жасалған. Оның 28-і – қарақ-шылық, 79-ы – бұзақылық және үшеуі өлтіруге оқталу әрекеттері екен. Сонда кейін мәлім болғанындай Ақтөбе, Тараз бен Алматыда болған лаңкестік оқиғалар аңшылық қару арқылы жасалғанын қайда қоямыз? Бақылаушы органның бұл мәлімдемесі көпшіліктің көңілінен шыға қоймады. Қарудың аты қару оған аса жауапкершілікпен қарау қажеттігін, тіпті қару сатататын дүкендерді жабуды талап етті.
Үкімет тарапынан тұрғын үйлер, қоғамдық орындар, мәдениет мекемелері және денсаулық сақтау орындарының жанында орналасқан аңшылық дүкендерін жауып, оларды өз алдына жеке ғимарат етіп көшіру жөнінде шұғыл шешім қабылданды. Қарусыздандырудың тағы бір шарасы – мылтықтары мен тапаншаларын ішкі істер органдарына тапсырғаны үшін 30 мың мен 150 мың теңге аралығында сыйақы берілді. Бұл үшін бюджеттен миллиардтаған қаржы бөлінді. Нәтижесінде ел азаматтарынан 20 мың қару сатып алынды. Бұл да мәселені толық шешпесі анық, заңсыз сақталған қанша қару қолда қалғаны белгісіз. Қаруды заңды сатумен қатар бұл салада «көлеңелі бизнес» аталатын нарықта қаншама қару айналымда жүргені де беймәлім.
Қару-жарақ сату қылмысқа жол ашып беретінін біле тұра неге оған рұқсат береміз деген сұрақ қоғамда жиі қойылады. Оған айтар биліктің уәжі дайын. Олардың ойынша жалпы өркениеттің техникалық жетістігі саналатын қару-жарақты әлемнің барлық дамыған мемлекеттерінде еркін сатады. Бұл да бизнестің бір түрі, мемлекетке салық түріндегі қомақты қаржы түседі дейді. Сонда қаншама қасірет әкеліп жатқан қару-жарақ саудасы біздің экономикамызды тіреп тұрғаны ма? Әлде сол елдермен басымыз бірге жаралған ба? Қит етсе «Батыста солай!» деген дәйектерін алға тартатын бізде жаман әдет бар. Батыстықтар қолындағы қарумен бір-бірін қырып тастаса, біз де соны қайталауымыз керек пе? Қару-жарақ сатуды заңмен тоқтатсақ біз дамыған ел болмай қаламыз ба? Дамудың да, бизнестің де өзге түрлері толып жатыр. Қару сатқанша бір цех ашып, халық тұтынатын тауарлар шығарсын. Ондай мүмкіндіктер бар ғой, соңғы жылдары шағын және орта бизнесті дамыту бағытында бірқатар мемлекеттік бағдармалар қабылданып іске аса бастады.
Қазақстанда «Терроризмге қарсы күрес туралы» заң 1999 жылы шілде айында қабылданды. 2016 жылы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соған сәйкес қару-жарақтың жекелеген түрлерінің саудасы мен сақталуына бақылау күшейтілді. Ал атыс пен адам өміріне қауіп төндіру осы күнге дейін тоқтар емес. Сондықтан халықтың басым бөлігінің талабын ескере отырып қару-жарақ сататын сауда орындарын жауып, осы бағыттағы заңды барынша қатайту қажет.
Зейнолла АБАЖАН