ТУЫСҚАН ТҮРКИЯНЫҢ РЕСПУБЛИКА КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

ТУЫСҚАН ТҮРКИЯНЫҢ РЕСПУБЛИКА КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Бүгін 29 қазан - Түркияның Республика күні!

Бізге ең жақын, туыс ел Түрік Республикасы 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Тәуелсіздігін жариялағанда 45 минуттан кейін тәуелсіздігімізді ең алғаш таныған ел.

Түркиямен дипломатиялық байланыстар 1992 жылы 2 наурызда орнады.

Қазақстанның алғашқы Елшілігі 1992 жылы қазанда 

Анкарада ашылды.

Қазақстандағы алғашқы Елшілік те 1992 жылы 12 сәуірде Түркия Елшілігі болды.

Өткен ғасырдың 50-ші жылдар Қытайдан Шығыс Түркістаннан Гималай асып, тар жол, тайғақ кешу арқылы ауа көшіп, Пәкістан пен Үнді еліне барып кідіргенін білеміз. Сол кезде қазақтарды Түркия үкіметі арнайы қаулы шығарып, шақырып, құшақ жая қарсы алғанын, қиын-қыстауда қол ұшын созып, туысқандық көрсеткенін біз ешуақытта ұмытпаймыз.

Түркия біздің бауырлас еліміз және ең сенімді серіктес мемлекетіміз.

Сондықтан да бір бүйрегіміз бұрып тұратыны рас. Түркияға байланысты бірнеше рет қалам сілтедік. “Ердоған деген Ер осы”, “Тұран Одағын құру керек!” және тб мақалалар жаздық.

Енді бүгін 1995 жылы тарихи көне шаһар, Түркияның бейресми астанасы Стамбұлды көргендегі ойларымды 2009 жылы өлеңге түсірген жырымды жариялап отырмын.

ҚОШ, СТАМБҰЛ!

«Азаулының Стамбұлдан несі кем..?»

Доспамбет жырау

Сұлу шаһар Стамбұлдың Салтанатты мешіттері

Таңғалдырып тұр мені…

Құшақ жайып құшқан нұрдың

Ерке желдей есіп лебі…Сүреленіп келе жатыр жыр легі…

Түркістанның түлегіне

Мешіт тансық болмаса да,

Мұншама көп құдай үйін көрмеп ем.

Жетер ме екен тілегіме,

Түскендей бір жолға сара,

Жүрегімді Құран үні кернеген!

Көк аспанның көшірмесі -

Көз тартады күмбез біткен,

Көкке созып азанын…Келгендеймін шешімге осы –Келді сәтім бір кез күткен,

Шырқалатын шығар енді 

өз әнім…

Құлшылық қып бір Аллаға,

Құладым мен сәждеге ақыр –Жазық маңдай жайнамазын іздеді…

Құдай сөзі –Құран ғана, Барлығы осы Сөзде жатыр-Тыңдаңызшы, Сіз мені!..

О, Стамбұл, жайың қандай –Сазым да көп саған арнар,

Көк аспан мен көк теңіздің арасы!

Жағалауда жайылғандай,

Қатарласқан қара нарлар –Қаптап тұрған кемелерге қарашы…

Иірілген қайық біткен,

Күйсеп жатқан қой отары

Секілді бір көзіме ыстық көрінді…

Жайнамазын жайып күткен,

Сәулетіне сай атағы,

Көне шаһар, көрсет қане, төріңді!

Жетеледі жағада елес,

Жатыр теңіз шалқып әйгі,

Жерұйық қой-құштар десем ел неге?..

Сам жамырап, самала кеш, Сансыз шамдар жарқырайды,

Жұлдыз біткен көкте ме, әлде, жерде ме?!.

Ер Доспамбет, жырау бабам,

Көрген шаһар көрікті екен,

Тәубе дейін тәңіріме мен бүгін.

Мың бір түн ғой мынау ғалам!Бір сұлуға еріп кетем,

Шерту үшін шайыр ұлдың шер-мұның!

Қош, Стамбұл!

Күнім енді бос өтер ме,

Қимай кеттім аз-ақ күнде

Тереңіне батып теңіз сезімнің.

Түбі бірлік осы екен де,

Түсіністік ғажап мүлде! -

Түрік тілі Құдіретін сезіндім!..

Түп мекені – түркілердің,

Шыныменен жеттім бе өзім,

Ұлы қазақ еліне ерен енселі!Бір Алладан шын тілермін,

Көк аспаным-көк күмбезім,

Жердегі үлкен мешіт көрдім мен сені!..

Жар бола гөр, Жаратқаным!Сахарада сайрадым бір,

Күмбірлейді жүректе бұл күй біздің!

Тал бойымда тарап қаным,

Жайнамаз ғой- жайлауым бұл-

Маңдайымды қара жерге тигіздім,-

Туған жерге сүйгіздім. 

Қазыбек ИСА, 

1995-2009 23 сәуір