ҚАЗАҚ БАЛАЛАРЫ ТЕҢДІККЕ ЖЕТТІ! - Алматыдағы Назарбаев мектебі 41 грант бөлді! (фото, видео)
2022 ж. 27 қазан
1856
3

Бұл зор Жеңіс!
Ала жаздай аттандап шапқанымыз далаға кетпеді! Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде бұрын әділетсіздік жасалған қазақ тобына қосымша 41 оқушыға грант бөлінді!!!
Бұл қуанышты хабарды естігенде өзім немесе өз балам оқуға түскендей қуандым. Көз алдыма “Мен күнде таңғы 6-дан тұрып, кешке дейін дайындалдым. Нәтижесінде орыс бөліміне түскендерден 60 бал артық алсам да, қазақ бөліміне тапсырғаным үшін оқуға өтпей қалдым. Менен 60 бал төмен алған орыс бөліміндегі балалар мынау Назарбаев мектебінде оқып жатыр!”- деп, бұрылып, қолымен мектептің әсем ғимаратын көрсетіп қойып, көз жасын сүртіп тұрып, булығып, қорлық пен теңсіздікке, көрінеу әділетсіздікке жарылардай зорға сөйлеп шырылдаған қазақтың қара домалақтары Шыңғыс Сабыр мен Аманхан Дінмұханбет бастаған балалардың көздеріне тура қарай алатын болдым ғой деп қуандым. Ол балақай оның видеосын қойып, үкіметке сұрау салған мақалам жарияланған фейсбуктағы парақшама маған бата берген видеосын салып жіберіпті! “Періштенің тілегі орындалады, әумин” деп қуанып қалғанмын! Иә, 41 періштенің - 41 баланың тілегі орындалды! Алла жар болсын!
“ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, “Ақ жол” фракциясы мүшесі Қазыбек Исаға” деп, жазбаша да, видеомен де үндеу жасаған Байсал Төлен, Қуанхан Бақытхан, Мухамат Болатбайқызы бастаған 50 шақты ата-ананың мұңды жүздерінің қуанышқа бөленетінін ойлап қуандым!
“Баламыз жоғары бал алса да, оқуға қабылданбадық, біздің айыбымыз қазақ сыныбына тапсырғанымыз үшін, қазақ болғанымыз үшін”-деп ашынып тұрған Тимур Шынтаев секілді ата-аналарға әділдіктің орнауына қолымнан келген үлесімді қоса алғаным үшін жүздеріне тура қарай алатыныма қуандым.
Алла жар болсын! Ақ жол!
Аздап тұмауратып жүргенде, жүректері жарыла жаздап қуанған, шын ниеттерімен алғыс айтып хабарласқан ата-аналардың қуаныштарынан бірден жазылып кеттім десем де болады, құдайға шүкір.
“Мынау видеодағы Шыңғыс Сабыр Маратұлы бастаған, орыстілділерден оқ бойы озып тұрса да, алды 60 бал артық алып тұрса да қазақ сыныбына тапсырғаны үшін, жалпы қазақ болғаны үшін оқуға түсе алмай жылап тұрған 41 баланың жанайқайына кім жауап береді? Президент Тоқаев араласуы керек пе бұған да?! Премьер бар, министрлер бар, бұған жауап бере алмай ма сонда ешкім?
Қазақ болғаны үшін, озат болғаны үшін 41 баланы жылатып қойып, қалай ас батып отыр “Назарбаев зияткерлік мектебі” басқарма төрайымы К.Шәмшәдинова ханымға?!.”-деп аттан салдық “ҚАЗАҚ БОЛҒАНЫҢ, ОЗАТ БОЛҒАНЫҢ ҮШІН ОҚУҒА ҚАБЫЛДАМАУ ҚАНДАЙ ҚОРЛЫҚ?!.”-атты мақалада.
Бұдан өзге мен сол елдің бәрі демалып жататын шілде айының 19-22 шілделерінде:
“МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ ТАПСЫРҒАН ОҚУШЫЛАР ДИСКРИМИНАЦИЯҒА ҰШЫРАП ОТЫР!” және “НАЗАРБАЕВ МЕКТЕПТЕРІНДЕ ҚАЗАҚТЫҢ ОЗАТ БАЛАЛАРЫНА ҚИЯНАТ ЖАСАЛУДА!” атты үш мақала жариялауыма тура келді… Бұлардың барлығы менің фейсбук парақшамда, Qazaquni.kz ұлттық порталында, “Қазақ үні” газетінде және көптеген сайттарда жарияланды. Қоғамдық резонанс тудырып, үлкен қолдауға ие болды.
Құдайға шүкір, еңбегіміз босқа кетпеді. Ақыры жеңіске жеттік!
Бұл 41 бала - біз жаздағы үкіметке жазған мақаламызда атап көрсеткен, тура орыс тобына тапсырғандардың балынан алды 60 балға дейін артық алған, бірақ қазақ тобына бөлінген грантты биыл әділетсіздікпен қиып тастағандықтан оқуға түсе алмаған 41 бала.
Әділеттілік қалпына келді!
Баласы үздік оқыса да, оқуға түсе алмаған ата-ананың күйі маған белгілі. Жоғарыда мен “өз балам оқуға түскендей қуандым” деп босқа айтқан жоқпын. Үнемі қалалық, республикалық олимпиадаларда жүлде алып жүрген, кеше ғана Астанадағы белгілі ұлтшыл ағартушы Аятжан Ахметжанұлы басқаратын Қайым Мұқамедхан атындағы #90 ұлттық гимназиясының 9 сыныбын, негізгі орта білімін тұңғыш үздік аттестатпен бітірген қызым Әмина Жарылқасын 2019 жылы 6-шы сыныпты аяқтар көктемде тура осы Алматыдағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне сынақ тапсырып, негізгі пәндерден жоғары ұпай алып тұрса да, басқа жанама пәндерден балы төмен болғандықтан өтпей қалған еді…
Енді кезінде өз балам оқуға өтпесе де, бүгін 41 баламның оқуға түсуіне үлес қостым ғой деп қуанышты сезімде отырмын. Өз балаларыма 41 бала қосылып, әлемдегі ең бай әке болып отырған жайымыз бар!
Бұл жеңіс ең алдымен -
Қазақ тобына тапсырған озат оқушылардың, ата-аналардың жеңісі!
Қазақ тілінің және
Қазақ тілді қоғамның жеңісі!
Атап айтарлық жеңіс - бұдан кейін Назарбаев мектебі грантты бұрынғыдай қазақ/орыс топтарына 70/30 пайыздық арақатынаспен бөлетін болды!
Иә, әділеттілік салтанат құрды! Аллаға сансыз шүкірлік!
Бұл жеңісте бұл мәселеге бей-жай қарай алмаған, әлеуметтік желіде үн қосқан әрбір азаматтың үлесі бар! Иә, ұлт зиялылары бастаған қалың қауым қатты қолдады.
Солардың бірі, “Қазақстан мектебі” журналын ширек ғасыр басқарған белгілі журналист-педагог, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның білім беру саласының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Сайраш Әбішқызы:
“Білім беруде əділетсіздікке жол берілмесін.Қазақ тілді сыныптарды қысқарту - қазақ тілінің жолын кесудің жымысқы саясатының жалғасы. Қазыбек Исаны толық қордаймын.Зияткерлік мектепте қазақ сыныптары ашылып,жоғары балл алған оқушылар қабылдансын.”-деп талап етті біздің мақаламызға үн қосып.
Осы мәселені әлеуметтік желіде алғаш көтеріп, бізге хабарласқан журналист-математик Darkhan Ardaquly, белсенді ата-ана Байсал Төлен бауырларыма шексіз ризамын!
Алғашқылардың бірі болып әділетсіздікке ұшыраған балалардың мүддесін қорғаған әріптесім, Мәжілістің белсенді депутаты Жұлдыз Сүлейменоваға көп рахмет!
Депутаттық дабылымызға дер кезінде назар аударып, жемісті әрекет жасаған, ата-аналардың Назарбаев мектебі басшылығымен кездесуіне ықпал жасаған Президент әкімшілігі Ішкі саясат бөлімі меңгерушісі, ұлтшыл бауырларым Болат Тілепов пен Оқу-ағарту министрі Askhat Aimagambetovке көп рахмет! Алла жар болсын!
Назарбаев Зияткерлік мектептері ДББҰ басшысы Күләш Ибрагимоваға рахмет, ата-аналардың, қоғамның талабын орындап, күнәдән пәк, періште балалардың жүректеріне жүк түсірмегені үшін. Күләш Ноғатайқызын Президент қолынан алған “Құрмет” орденімен енді құттықтауға болады.
Әділдік іздеген қазақтілді қоғамның қайрат-жігерінің арқасында Әділеттілікке қол жетті!
Әділетті Қазақстан дегеніміз мүмкін осындай істерден басталатын шығар, құдайға шүкір! Ұзағынан сүйіндіргей!
Әділдік жолында әрқашан бірге болайық!
Қазыбек ИСА, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты. “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары.