«Қазақтарда мемлекет болмаған» деушілерге жауап: «Ақ жол» Қазақ мемлекеті белгіленген Еуропада табылған көне карталарды жариялауды ұсынды

«Қазақтарда мемлекет болмаған» деушілерге жауап: «Ақ жол» Қазақ мемлекеті белгіленген Еуропада табылған көне карталарды жариялауды ұсынды

Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов «Ақ жол» фракциясы атынан Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Ә. А. Смайыловқа депутаттық сауал жолдап, Қазақ мемлекетінің аумағы көрсетілген ежелгі карталарды 5 томдық жинақ етіп арнайы басып шығаруды талап етті. 

***

Құрметті Әлихан Асханұлы!

Ұлттық құрылтайдың биылғы бірінші мәжілісінде Президент Қ. Тоқаев: «Біздің еліміздің ең басты құндылығы егемендігіміз... Ұлттық сана-сезімімізді нығайту аса өзекті міндеттердің бірі... Өткен жылы мен еліміздің академиялық форматтағы жаңа тарихын жазуды тапсырдым. Қазір көлемі үлкен Қазақстан тарихы жазылу үстінде... Біздің тарихымыз жүйелі түрде, адал, ең бастысы – тәуелсіз ел мүддесі тұрғысынан жазылуы керек... Халқымыздың тарихи жадын жаңғырту бағытында бірізді саясат жүргізу өте маңызды. Осыған байланысты біз елді дамытудың басым бағыттарын айқындауға тиіспіз», - деп атап көрсеткен болатын.

2021 жылы саясаттану ғылымдарының докторы, танымал ғалым, 

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Заманауи зерттеулер институтының директоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаров Қазақстан халқына, қазақ және шетел ғылыми қоғамдастығына, өзінің 16 жыл бойғы Еуропа, АҚШ және Таяу Шығыс елдерінің ұлттық, мемлекеттік кітапханалары мен мұражайларында, патшалық кітапханалар мен мұрағаттардағы ізденістерінің нәтижесін, баға жетпес ғылыми жаңалығын жариялады.

2021 жылдың соңында қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде Брюссельде (Бельгия) «Қазақстанның тарих толқынындағы үздіксіз мемлекеттілігі. XVI-XIX ғасырлардағы еуропалық және американдық карталардағы Қазақ мемлекеті. - Uninterrupted History of Nationhood in Kazakhstan. The Kazakh State on European and American Maps of the XVI-XIX Centuries. Atlas. - Непрерывная государственность Казахстана в потоке истории. Казахское Государство на европейских и американских картах XVI-XIX веков. Атлас» (Mukhit-Ardager Sydyknazarov. Uninterrupted History of Nationhood in Kazakhstan. The Kazakh State on European and American Maps of the XVI-XIX Centuries. Atlas. – Brussels, 2021. – 532 p.)» атаулы ортағасырлық географиялық Атлас карталарының тұңғыш жинағы жарық көрді. Бұл жинаққа бұрыннан мүлдем белгісіз болып келген, ежелгі еуропалық және американдық карталардағы XVI-XIX ғасырлардағы Қазақ мемлекеті, сондай-ақ Қазақстан мемлекеттілігінің үздіксіздігі мен байырғылығын дәлелдейтін іргелі және қолданбалы зерттеулердің жаңа тарихи жазба дереккөздері мен жаңа ғылыми мәліметтер енгізілген. Алайда, бұл кітаптың көлемдік шектеуіне байланысты 1000-нан аса әлем карталарының Қазақ мемлекеті бейнеленген 130-ы ғана енген.

2021 жылдың 26 қарашасында жинақтың тұңғыш оқырманы болған Президент Қ. Тоқаев кітаптың құрастырушысы М.-А. Сыдықназаровқа жоғары бағасын берді. 

Кітаптың алғашқы таныстырылымы 2021 жылғы 7-8 желтоқсанда Еуроодақта, Брюссельде өтті.

2022 жылдың шілдесінде кітаптың санаулы тиражы Брюссельден Қазақстанға жеткізіліп, Қазақстан мен Еуропаның ғылыми қауымдастығы мен Қазақ елі бұл кітап-атласты зор ықыласпен қабылдады. 

Қазақ елі мен ғылыми орта мемлекетіміздің үздіксіз сабақтастығын көрсететін мұндай ғылыми жаңалықты зор ықыласпен қабылдап, табылған карталардың 5 томдық жинағының Қазақстанда басылып шығуын күтіп отыр. 

М. К. Сыдықназаровтың ғылыми жаңалығы халықаралық саяси кеңістікте Қазақ елінің тарихына, мемлекеттілігімізге күмәнмен қарайтындарға нақты дәлел және қазақ халқының көпғасырлық тарихын жоққа шығаруға қайтып жол бермейтін, оның тарихи жерлеріне иелігін айқындайтын құнды дүние болып табылады. Бұл академиялық жинақтың бүгінде қоғамның тарихи жадын оятудың, руханиятын жаңғыртудың, еліміздің шынайы тарихын қалпына келтірудің белсенді үдерісі жүріп жатқан кезде Жаңа Қазақстан құру үшін маңызы өте зор. 

Сондықтан қазақ ғылымы мен біздің қоғам Қазақ мемлекетінің ежелгі карталарымен мүмкіндігінше тезірек танысуы тиіс. Аталған Атлас картасын А2 форматында 5 томдық академиялық жинақ болып шығуға әбден лайық. А2 форматы – көне карталардың барлық ерекшелігін көрсете алатын ең лайықты формат.

Жоғарыдағыны баяндай келіп, құрметті Әлихан Асханұлы, «Ақ жол» партиясы Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» бастамасын тиянақты да нақты іске асыру мақсатында Қазақстан Үкіметі 

М.-А. Сыдықназаровтың ««Қазақстанның тарих толқынындағы үздіксіз мемлекеттілігі. XVI-XIX ғасырлардағы еуропалық және американдық карталардағы Қазақ мемлекеті. - Uninterrupted History of Nationhood in Kazakhstan. The Kazakh State on European and American Maps of the XVI-XIX Centuries. Atlas. - Непрерывная государственность Казахстана в потоке истории. Казахское Государство на европейских и американских картах XVI-XIX веков. Атлас.» атты 5 томдық толық академиялық жинағын жоғары сапада басып шығаруға ықпал етуіңізді сұрайды.

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары