Маңызы зор тарихи күн

Маңызы зор тарихи күн

Қазақ халқы Республика күнін толыққанды түрде қайта мерекелеуді қолға алды. Бұл күн мереке ретінде аталып өтілуі кенжелеп, ұмытылуға шақ қалғанда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылы қайтадан атаулы күндердің бірі етіп бекітті. Бұл туралы мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында сөйлеген сөзінде Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне өзгеріс енгізген жөн деп есептеп, қайта жандандырды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Республика күні – елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек» деп мәлімдеді.Міне дәл осы күннен кейін Тәуелсіздік мейрамының мәнін өзгертпестен, кейінгі жылдары атаусыз қалған Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды.


 25 қазан – Республика күні болып кездейсоқ таңдалмады, 1990 жылдың дәл осы күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің No307-XII жарлығымен республикамыздың мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған болатын. Декларацияда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының егемендігі жарияланып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері бекітілді. Мұның қаншалықты маңызды, әрі құнды құжат екені айтпаса да түсінікті. Себебі, қазан айының 25-ші жұлдызында Ұлы Дала халқының іргелі қағидаттары ретінде жеке жер аумағы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Аталған мемлекеттік мереке Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы еді. Бұл күн бейбіт, әрі берекелі өміріміздің бастауы болатын. Енді міне, қазақстандықтар аумалы-төкпелі заманның барлық нәубеттерін еңсерген, әлемдік сахнада өзіндік орны бар мемлекет. Қаншама ұлт пен ұлысқа ортақ болған Қазақстанымыздың көркейіп өсуіне, қырандай биіктерде қалқып, белестерді бағындыруына елім деген әр азамат өз үлестерімізді қосып жүрейік, отандастар, жерлестер!

 Егемен еліміздің өшкені жанып, өткені қайта оралған бұл тұста барша халықты мемлекеттік мерекемен құттықтай отырып, Отанымыздың оты сөнбестен, тарихымыздың таңбасы болашақ ұрпақтың санасында мәңгі жаңғырсын, кеңпейіл елдің бауырына басқан ұлттар мен ұлыстардың тонның ішкі бауындай ымыралы өмірі мәңгілік болсын демекпін. Ұрпақтарымыздың ырысы ортаймасын, намысы тапталмасын деп тілеген халықтың арманы орындалған бұл тұста, баршаңызға бақыт, байлық, береке тілеймін. Тірлігінен бірлігін алға қойған халқымыздың бейбіт, әрі ынтымағы жарасым тапқан алтын уақыты ғасырларға ұлассын. Еліміздің ертеңі жолындағы еңбегіміз жанып, берекеміз бен мерекеміз арта берсін! Ұлттық мерекенің қайта жанданғаны құтты болсын! Мерекеленгелі отырған Республика күнінде ұрпақтарымыздың ырысы ортаймай, намысы тапталмай бірлігіз мен тірлігіміздің одан ары нығаюына шын жүректен тілектеспін.

Кабиева Айгуль Кабиққызы,

М.Х. Дулати атындағы өңірлік университетінің пофессоры,

ҚР мәдениет қайраткері, Жамбыл облыстық «Әулие Ата»

 Қазақ мәдени орталығы төрағасының орынбасары

qazaquni.kz