ШҚО-да шетелдіктердің келгені туралы хабар бермеген 100-ден астам адам жауапқа тартылды

ШҚО-да шетелдіктердің келгені туралы хабар бермеген 100-ден астам адам жауапқа тартылды

Шығыс Қазақстан облысында шетелдіктердің келгені туралы хабар бермеген 100-ден астам адам жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары өңір аумағында «Заңсыз келуші» жедел алдын алу шарасын жүргізді.

Соның барысында транзиттік көліктер, жатақханалар мен құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан нысандар бақылауға алынды. Сондай-ақ облыс аумағында уақытша және тұрақты тұратын шетел азаматтары тіркелген мекенжайлар, қабылдаушы тұлғалардың шетелдік қонақтары туралы хабарламаларының болуы тексерілді.

«Нәтижесінде, шетелдіктердің келгені туралы құзырлы органға уақтылы хабар бермеген 100-ден астам шығысқазақстандық жауапқа тартылды. Соның бірі Алтай ауданының кәсіпкері болды. Оған ҚР ӘҚБтК-нің 518-бабы 3-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, 70 АЕК көлемінде айыппұл салынды», - деді ШҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ринат Шкибаев.