Жаңа Қазақстанның жастары қандай болу керек?
2022 ж. 16 қазан
9164
0
Жаңа Қазақстанның болашағы – қазіргі уақыттағы ең өзекті тақырыптардың бірі. Жасалып жатқан өзгерістер елді дамытуға, экономикасын көтеруге және жаңа мүмкіндіктерге үлкен жол ашпақ. Бұл тарихта қалатын үлкен өзгерістер болмақ.
Қазақстанның ұлы тарихын жаңа жетістіктермен және табысты жобалармен толтыратындар – жастар. «Отаны жоқтың – негізі жоқ» деп дана халқымыз бекер айпаған. Отанды сүю, оны көркейту біздің міндетіміз. Ал мемлекеттің тұрақты дамуының негізі жастар болғандықтан, еліміз жастар секторына ерекше назар аударады. Білім беру, жұмыспен қамтамасыз ету, баспана беру елімізде бірінші орында және осы тұста қолданатын тәсілдер үлкен нәтиже бермек. Жастарға түрлі салада білім беру және сол қызметтермен қамтамасыз ету бойынша көптеген бағдарламалар жүзеге асуда. Мысал ретінде, «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет
елде білім алу, «Дипломмен ауылға» жобалары және әскери қызметке шақырту. Еліміз жұмыспен қамтып қана қоймай, сонымен қатар біліктілігін мен білімін арттыруға, мамандығын бірнеше рет ауыстыруға және де жаңа мамандықтарды игеруіне де көп көңіл бөледі. Сол себепті жыл сайын жастар арасындағы жұмыссыздық азая түсуде. «Өскелең ұрпақ әрдайым заман сұранысына сай бейімделуі қажет» деген еліміздің басты қағидасы бар.
Жаңа Қазақстан жастары – білімді, байсалды және озат. Біз – елдің тірегі,
мемлекеттің ең белсенді бөлігі болғандықтан, кез келген уақытта еліміз үшін
қолымыздан келген істен аянып қалмайтынымыз сөзсіз. Соңғы саяси жаңалықтарды жастардың қолдауы елімізге ауадай қажет.
Алдағы уақытта тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, Қазақстанды іргелі мемлекетке айналдыру жастардың жауапкершілігінде. Біз алдыңғы буынның, айтулы тұлғалардың адал жолын лайықты жалғастыруымыз қажет. Себебі бүгінгі жас – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын тұлға. Ең әуелі жастар бойында, рухани адамгершілік, құқықтық тәрбие және Отанға деген сүйіспеншілік басым болу қажет деп ойлаймын. Ал ол үшін әр отбасы тәрбие беру мен отансүйгіштік қасиеттерінің дамуына ықпал жасау қажет. Жастар жас шыбық сияқты, оларды қалай исең, солай иілуге әзір. Сол себепті
жастарды тәрбиелеу, ойы мен бойын түзеу, халық парызы.
Ұлы ақын, ұлағатты ұстаз Мағжан Жұмабаев айтпақшы мына қоғам «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты» жалындаған жастарға үміт артады. Ата-бабамыздың үмітін ақтау – ең басты борышымыз. Жаңа Қазақстан жастары ержүрек болуы қажет, бұл бізге қиын заманда әрбір кедергіні бұзып өтуге көмектеседі.
Жаңа Қазақстанды жастар қолдайды және мүмкіндіктерін пайдалана біледі. Алдағы уақытта жаңа ережелер жазылмақ. Ол біздің еліміздің болашағына үлкен ықпалын тигізеді деп ойлаймын. Бұл ережелердің барлығы Ата Заңымыздан басталады. Бұл – ұрпақтың маңдайына жазылған заман ағымы, өз кезеңінің тынысы.
Халық жастарға сенеді. Ал жастар бұл сенімді қалай ақтауда? Қоғамда жақсы мен жаман бірге жүреді десе де, қазіргі қоғамның көп бөлігі рухани байлығы мол, таза ойлы, терең білімді және қайратты жастардан тұрады. «Ел боламын десен, бесігіңді түзе» деген атам қазақ. Біздің ел үшін, дарынды да жігерлі ұрпақтардың орны қашанда бөлек. Жастардың сенім, жігері қару болса, онда талпынысы мен қадамы тіптен үлкен дүние. Халық, жастарды дұрыс қанаттай білсе, олардың шықпайтын шыңы қалмайды. Ел аузында жүрген үлгілі жастары, осы сөзіме тірі дәлел болмақ.
Денис Тен – еліміздің мәнерлеп сырғанаушысы. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. Азия ойындарының және Қазақстанның үш дүркін чемпионы. Қазақстанның туын әлем елдерінде талай рет желбіретіп, ел намысын қорғаған жас спортшы.
Жансая Әбдімәлік – шахматтан еліміздің намысын үлкен абыроймен қорғап жүрген қазақ қызы. Он төрт жасында гроссмейстер атанған. Ал гроссмейстер – шахматшылар арасындағы ең жоғарғы дәреже. 2012 жылы өткен жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған.
Зарина Дияс – Қазақстанның шебер теннисшісі. Қазақстанның бірінші ракеткасы атағын иеленген қазақ қызы. 2013 жылдың соңында WTA рейтингісінде 163-ші орында болған Зарина бүгінде 32-ші орынға көтерілді. Және де бейбіт күннің батырлары атанған – Сұлтан Сармырзаев, Кәмшат Байғозы, Диас Әубәкіров, Асхат Мырзабаев. Адам өмірі өте маңызды деп есептеген бұл батырлар өз батыл әрекеттері үшін мемлекет басшысынан марапат алған.
«Жаңа Қазақстанды бірге құрайық» деп үндеу жасаған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға үлкен үміт артуда. Елдің қолдауына қарай біз, жастар да елді нығайтуға ат салыспақпыз. Тәуелсіздігі мәңгі, бейбіт елде өмір сүргенге не жетсін! Бұл тәуелсіздікті мәңгі ететін жастарды қолдаған ел ге не жетсін! Сондықтан да Қазақстан – жаңа, рухани өркениеттің бесігі. Ал оны қолдап, қорғау – жастардың міндеті.
Аружан Мұрат, №20 орта мектептің 11-сынып оқушысы
М.Түймебаев ауылы
Іле ауданы
Алматы облысы