БОСҚЫНДАР МА, ҚАШҚЫНДАР МА?

БОСҚЫНДАР МА, ҚАШҚЫНДАР МА?

         КЕЛІМСЕК РЕСЕЙЛІКТЕРГЕ ҚАНДАЙ БАҒА БЕРУГЕ БОЛАДЫ?

         Әлемде орын алып жатқан геосаяси жағдайлардың байыз табатын түрі жоқ. Соғыс оты шарпып, саяси тұрақсыздық титықтатқан Африка мен Таяу Шығыс және жер шарының өзге де бөлігінде орналасқан, аштық пен өлім қатерінен бас сауғалаған босқындар мұхит асып Америкаға, теңіз кешіп Еуропаға ағылғаны белгілі. Енді міне Ресей мен Украина арасындағы соғыс та соның жалғасы болып отыр. Оның зардабы соғысып жатқан мемлекеттерге ғана емес көрші елдерге де кесірін тигізуде. Оны біз де анық сезіне бастадық.

         Ресейдің бұл саясатын әлем елдерінің басым бөлігі басқыншылық деп бағалағанмен, оған тоңмойын, билеп-төстеуге дағдыланған орыс билігі пысқырып та қарайтын емес. Сонау қақаған ақпанның 24-де басталған соғыстың қашан бітері де белгісіз. Ресейге батыс елдері мен АҚШ тарапынан салынған экономикалық санкциялар да маса шаққан құрлы әсер етпеген секілді. Бұл туысқан екі ұлт арасындағы соғысқа Ресей мен Украина ғана емес, өзге елдерді бір-біріне айдап салып, әлсіретіп, өздерінің әлемдегі ықпалын күшейтуді көздеген сыртқы империалистік пиғылдағы мемлекеттердің де жасырын, құйтырқы әрекеті бар екені түсінікті. Оны қазақта біреудің қолымен от көсеу дейді. «Екі сиыр сүйкенсе ортасында шыбын өледі» дегенді де осындайда айтқан болар қазақ атамыз. Қалай десек те, бұл соғыс Украина тұрғындары үшін сұрапыл қасіретке айналды. Қалалары қирап, есепсіз адам өліміне әкеліп соқтырды. Сөйтіп тып-тыныш жатқан елдің қарапайым халқы бар ауыртпалықты басынан өткеруде. Біріккен Ұлттар Ұйымының қырқүйек айының басына дейінгі мәлімдеген дерегінше Украина еліндегі 44 миллион халықтың төрттен бір бөлігі шетел асып, Еурапаның жақын және алыс мемлекеттеріне бас сауғалап кеткен екен. Демек, кем дегенде он миллионнан астам ешқандай жазығы жоқ жандар өзгелердің есігінде, жат жұртқа тәуелді боп жүр деген сөз. Оның ішінде күш-қуаты кеміген қариялар мен жас балалар да бар. Мына дамыған, адамзаттың ақыл-ойы толысқан 21 ғасырда орын алып отырған бұл жағдай ақылға мүлдем қонымсыз көрініс екені белгілі. Осыған қарап «Адамзаттың айуанға айналып бара жатқаны ма?» деген күдік те туындайды. Бұдан билік пен байлықты басты мақсат еткен мемлекет басшылары қарапайым адамдарды құмырсқа құрлы көруден қалғанын байқауға болады.

       Бұрындар экономикалық және саяси жағынан біртұтас кеңестік жүйеде, оған қоса еуразиялық одақ деген бұғаудағы елдер қатарында болғандықтан Ресей-Украина соғысының салқыны бізге де әсер етпей қоймады. Бір жұмада Украинаны қалпақпен ұрып аламыз деген Ресей басшылары оңбай қателесті. Сөйтіп өз елінде соғысқа жіберетін сарбаз таппай, ішінара жұмылдыру (мобилизация) жариялауға мәжбүр болды. Ал қарапайым халық соғысқа қашан да қарсы, өйткені бұл соғыстан оларға келер пайда жоқ, керісінше қатері мол. Сондықтан да ресейлік әскер жасындағы азаматтар өз елінен қашып, көрші мемлекеттерге жасырынуды бастады. Оның ішінде құшағы кең Қазақстанға көптеп келуде. Қазақтың кеңпейілді, қонақжайлы ұлт екенін олар жақсы біледі. Ішкі істер министрлігінің соңғы деректері бойынша, біздің елімізге 200 мың адам Ресейден келген екен. Бұл қазір облыс орталығы болып отырған Жезқазған қаласы тұрғындар санынан асып түседі. Министрліктің деректері рас болса, оның 140 мыңы елімізден шығып, өзге мемлекеттерге кеткен. Біздің Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, жалпы бүгінде елімізде 350 мың Ресей азаматтары тұрақты тұрып жатқан көрінеді. Олардың басым бөлігі Алматы мен Астанада және Ресеймен шекаралас облыс орталықтарында тұрады. Келімсектердің есебінен халықтың санының күрт өсуі онсыз да өз тұрғындарын баспанамен, тұрақты жұмыспен қамти алмай отырған біздің мемлекетімізге қосымша салмақ салып, экономикалық, әлеуметтік-тұрмыс жағынан көптеген қиындықтар тудыратыны сөзсіз. Сондықтан да бұл жағдай көпшілікті алаңдатып отыр. Ол да негізсіз емес. Ресейліктердің келуімен бағалар қымбаттап, елдегі тұрмыстық жағдайдың күрделене түскені жайлы әлеуметтік желіде күнделікті жазылып жатыр. Әсіресе баспаналарын жалға берушілер өз қазақтарын қуып шығып, келімсек орыстарға екі-үш есе қымбат бағаға беруі халықты ашу-ызасын тудыруда. Ол аздай, отқа май құйғыш біреулер қазақ қыздары осы келген орыстарға ақша үшін тұрмысқа шығуға дайын екендіктерін жазып, жағдайды одан сайын өршіте түсті. Келмей жатып заң бұзған орыстар мен жергілікті тұрғындар арасында қақтығыс та орын алғаны айтылып жатыр.

     Біздің билік тарапынан әзірге нақты шешім айтылған жоқ. Олар алдымен халықаралық келісімдерді алға тартып, орыстар уақытша келгендер деп халықты тыныштандырмақшы. Ал кейбір білгіштер осы шетел азаматтарының арасынан қазіргі Қазақстан өндірісіне аса қажет, техникалық, IT саласының мамандары болса ел экономикасына пайдасын тигізеді деп ақыл айтуда. Сол ақылдылар біздің өз ұлтымыздан шыққан неше түрлі білікті мамандар әсіресе жастар шетелге кетіп қалғанын, әлі де кетіп жатқанын мүлдем ескермейтін сияқты. Шетелдерге кетуге мәжбүр болған мамандарымыз АҚШ, Германия, Оңтүстік Корея сияқты дамыған елдерде табысты еңбек етіп жүр. Сонда олардың білімі мен біліктілігі өз елімізде қажет болмағаны ма? Жарылғаушы, қамқоршы болса сол өзіміздің білімді жастарға неге жақсылық жасамады? Мұндай пікір айтушылар өз елін қадір тұтпаған, отанын қорғаудың орнына бас сауғалап қашқандар Қазақстанның көсегесін көгертеді деп есептейтін болуы керек. Өзгелердің босқындарын немесе қашқындарын өз азаматтарынан артық көргені ме? Әлде бұл бұрынғы кеңестік кезеңнен қанымызға сіңіп кеткен орталыққа жалтақтаудың салдары ма?..

    Осы тұста көтерген әңгімеміздің тақырыбына орай, бізге ағылған ресейліктердің мына тірлігіне саяси баға беріп, олардың әлеуметтік мәртебесін анықтап алу керек дер едік. Мысалы, өз жерінде соғыс салдарынан өмір сүру мүмкіндігінен айырылған, баспанасыз, азық-түліксіз қалып өзге елге қоныс аударуға мәжбүр болған украиндықтарды босқын деуіміз дұрыс. Ал елінде ешқандай оқ атылмай, жаудың табаны тимей жатып отанынан безіну – қашқындық, дәлірек айтсақ – сатқындық. Сондықтан өз елін сатқандар өзге елдің де көсегесін көгертпейді деп отырмыз.

     «Босқын мен қашқын синоним сөздер, екеуінің мағынасы бір» - деген дәлел айтып, қызыл өңеш болғандар да бар. Босқын мен қашқын синоним бола ала ма деген дәп осы сұраққа филолог ғалым, ұстаз, сыншы Бейбіт Исхан: «Жоқ, бұл сөздердің түбірі – «босу», «қашу» етістіктері. Әрқайсының өзіндік лексикалық мағыналары бар. Сол себептен «босқын» да, «қашқын» да екі түрлі мағына білдіреді. Мағыналас, яғни смнонимдес сөздер болуы үшін аздаған стилдік айырмашылығы бар, бірақ мағыналары бірдей болулары керек. «Босу» сөзі бір жерге тұрақтамай, екінші бір жерге ауып кетуді білдірсе, «қашу» бірдеңеден түрлі себепке байланысты аулақтануды білдіреді. Атамекенінен бір қиындық көріп, басқа елге ауған жұртты – босқындар дейді. Олар барған жерлеріне тұрақтап та қалмайды. Ал қашқындардың жөні бөлек» - деп жауап берген екен. Белгілі тіл маманының пкірінен кейін бұл мәселеде ешқандай талас, түсінбеушілік болмайды деп ойлаймыз.

       Мақала барысында елінен қашқандарды сатқын деп те қалдық, бұл бәлкім артық кеткендік болар. Өйткені олардың арасында жеке басының қауіпсіздігін ғана ойламай, туысқан украин халқына қару көтергісі келмейтіндер де, идеялық ұстанымы бойынша қан төгіске түбегейлі қарсы азаматтар да бар шығар.

       Сатқындық дегеннен шығады, жауға шабар шағындағы жастарының шетелге қашуын Ресей билігіндегілердің өздері қалай бағалайды екен? Ресей Федерациясының заңдарында бұл туралы баптар бар ма? Интернеттегі ашық жарияланымда Ресей Федерациясы Қылмыстық Кодексінің №328 бабының бірінші тармағы бойынша әскери қызметке шақырылудан ешқандай негізсіз жалтарғаны үшін 200 мың рубль немесе айлық табыс көлемінде айыппұл салынады. Сол сияқты 18 ай бойғы табыстарынан қағып, 2 жыл еріксіз жұмысқа салу көзделген. Оған қоса заң бұзушы алты айға қамауға алынып, екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екен. (в ред. Федеральных законов от 08.12.2003 N 162-ФЗ, от 07.03.2011 N 26-ФЗ, от 07.12.2011 N 420-ФЗ)

       Демек осындай қатаң заңның бар екенін біле тұра адамдар өз елінен қашып жатыр. Оларды заң бойынша азаматтық міндетін орындамағаны, әскерге барудан жалтарғандары үшін үкімет жауапқа тарту керек емес пе?Бірақ ондай іс-қимыл Ресей тарапына байқалмайды. Опасыздық, сатқындық деп бағаласа өзге елге қашқандардың соңынан сұрау салып, адамдарымызды өзімізге қайтарыңдар, заң бойынша жазалаймыз деп неге талап етпейді?Жүздеген мың адамдары кетіп жатса да Ресей билігінің осы үнсіздігі көптеген ойларға жетелейді. Бір қарасаңыз, осы жағдайды пайдаланып адамдарын біздің елге жайғастыру жоспарын іске асырып жатқан да секілді. Сондықтан сыртқы және ішкі арам пиғылдылардан абай болуымыз керек. Еркіндікті жүздеген жылдар бойы аңсап келген қазақ ұлты үшін – Тәуелсіздігіміз бәрінен қымбат, ешқандай баға жетпес құндылық. Бізде бір-ақ Отан бар, ол – атадан балаға мұра боп жеткен қасиетті қазақ жері. Оны көзіміздің қарашығындай сақтау бәріміздің міндетіміз.

 Зейнолла АБАЖАН