СЕРІНІҢ СЕРТКЕ ТАҚҚАН СЕМСЕРІНДЕЙ

СЕРІНІҢ СЕРТКЕ ТАҚҚАН СЕМСЕРІНДЕЙ

Қазыбек ИСА АҚЫН ТУРАЛЫ ТОЛҒАУ

Қазыбек ол жай ат емес, ұлы есім. 

(Қадыр Мырза Әлі).

      Сонау сағымға сіңген жиырмасыншы ғасырдың аяқ шенінде өлең өлкесінде кездесіп қалып , өзінің биязы мінезімен, кестелі жырларымен жадымда әбден орныққан замандас-қаламдас Қазыбек дос шығармашылығы туралы бір дүние жазсам, – деп жүруші едім. Үдесіне жеткізбейтін үркек уақыттың жетегінде жүріп, ол мақсұтымыздың кейінге сырғи бергенін байқамай да қалыппыз. Сөйтіп жүріп өзімнен мүшел жас кіші бауырымның алпыс жасына ат басын іліктіріппіз. 

      Сексенінші жылдардың соңғы кезі еді-ау, КСРО-ның қартаң генсектері бірінен кейін бірі қаусап, бір дүрбелеңнің демі сезіліп тұрған. Әйткенмен, ежелден тарих пен мәдениеттің мәйегі болған Алматыда әдеби процесс әлі де әлеуетті еді. Апта аралатып, ай адақтатып жыр жиындары дүрілдеп жататын. Қазыбектің ақындық қалыбын сондай кездерде тани бастаған едім. 

      Әрине, жастық көңіл көтеріңкі болғанымен, кімнің тағдыры қалай қалыптасатынын бір Алла айқындаған ғой. Соған орай, Қазыбек Исаның жылдар өте кемеліне келген, кер жорғасын мінген керемет қалам иесі болатынына сенсек те, оның бұйырықты бір уақытта ҚР парламенті Мәжіліс депутаты атанатынынан да, халықаралық С.Есенин атындағы сыйлық – «Алтын күз» орденінің тұңғыш иегері болып, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты атанатынынан да, көп тағдыры шешілетін көрнекі кеңселерде көк кәстөмінің өңірін «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен көркейтетінінен де, республикалық Астана мүшәйрасында Бас жүлдені бағындырып, балпаң басатынынан да, оны айтасыз, туған ауданының Құрметті азаматы атанып, ЮНЕСКО әлемдік өнер және мәдениет академиясының академигі атағын иемденетінінен де хабарсыз болатынбыз.

      Қазақтың көптеген қаламгерлері секілді Қазыбек те халқын сүйген қажырлы жырлары мен қалаулысын қадірлеген назымды өлеңдерін журналистің бітіп болмайтын бейнетті жұмыстарымен жағаласа жүріп, қыруар уақыт алатын қоғамдық жұмыс қарекеттерімен қаржаса жүріп қағаз бетіне түсірді.

      Ақын әріптесімнің кейде сезіміңді сергіте отырып сергелдеңге салатын, кейде ойыңды оята келіп ұйқы-көңілдің ұйпа-тұйпасын шығаратын шымыр да «шалдуар» жырларын оқыған жан оның кең тыныстың, кемел көрінекіліктің (образ) ақыны екенін аңғарар еді. Мұны оның лирикалық өлеңдерінің өзі балладалық бағдарға бұрылып тұратынынан байқауға болады. Бұл – ақын қиялын кернеген ағыл-тегіл ой ағыны лепілдеген лирик-көңілдің қалыбына сыймай кеткен кезде барша таланттың басында болатын құбылыс. Сол құбылыс оның оң жамбасына келген де сияқты. 

      Ол туған өлкесі Түркістан, өсіп-өнген шиыры Шардара мен Қызылқұм өңірінің әр бұтасын анық, әр бояуын қанық қылып суреттегенде, осылай да сөз-сурет салуға болады екен-ау деген ризашылық сезімге бөленесіз. Тәрізі, негізгі мамандығы график ол әр сөз-бояуын түсірерде ақынның ғана емес, суретшінің де жанарымен жіті қарауды ескеретіндей. Осындайда домбыраның тоғыз пернесінен тоқсан түрлі дыбыс шығарғандай нөпірлететін Жұмекен ақынның күйшілігі еске түседі... Шынында да, ұлы ақын құдіретінің бір сыры оның күйшілігінде екенін айтып жүргендердің пікірін негізсіз деуге болмас. Дәл солай, Қазыбек ақынның да өлеңі бояулы, өнері ояулы болуына суретшілігі септесетін шығар.

      Оның «Жапандағы жалғыз үйі» жалғыздық пен сағыныштың, аңсар мен аңсаудың бояуына малынып тұрған туынды. Иә, бұл өлең өмірдегі жеті бояудан басқа, көңілдегі сағыныш, сарылу бояулары да болатынын анық аңғартқандай. Жалғыз үй – ақынның жырақта қалып кеткен мұңсыз-қамсыз балалық өмірінің естелігі. Бәріміздің жанымызға жақын, енді қайтып оралмайтынымен көңіліңді мұңға, көкірегіңді сырға жетелейтін әрі жұпыны, әрі жұпарлы мекен.


Жалғыз үйді көргенде жапандағы,

Құлазимын бір мұңға батам-дағы...


Өзімді-өзім қамаймын торға қалай,

Бір амалдың, қайтейін, болмағаны-ай.

Түсіп бара жатамын түсімде ылғи,

Жалғыз үйге жеткізер жолға қарай...


Бір білерім, әйтеуір,

Бір кездері

Құмдағы үйге құлаған із жатады,

Жапандағы үй жанымды сыздатады...


Осы бір үздіккен көңілдің үзінділері-ақ автор мен оқырман көңілін бір арнада тоғыстырып, сағыныш-сезімнің сай-сүйегін сырқыратқандай.

      Жалғанда ел, жер, отан тақырыбын жырға қосудан қиын нәрсе жоқ. Ақын Қазыбек «Ауылға келу» өлеңінде бұл қиындықты детальдарды дәл ойнатып, сөз фигураларының контрас тәсілін тиімді қолдану арқылы еңсеріпті. Өлеңдегі жеңіл юмор да (Шатақ шалдың қалай деп жүйкелері, шарбағына ешкілер сүйкенеді) жақсы өлеңнің жапырағын одан әрі жасартып тұрғандай. Ақын мұнда туған жерге деген жыр жасауын жырақтан іздемей, жанында жатқан бұлақтан, жасыл боп өскен құрақтан алуымен ұтқан. Контрастың да пайдасы осы тұста тиген. 


Сортаңына жерімнің тартты ма екен,

Кейде мынау ұлыңның соры қалың...


Жүрегіме мөлдіреп құйылады,

Ерте көктем ағатын лайлы арық...


Қасқа жолда түйелер дымды көрмей,

Маңғаз басар бағасын шын білердей.

Көлік біткен айналып өтіп жатыр,

Сиырларын сыйлайтын үнділердей.


Алғашқы екі мысалда сортаң жер мен соры қалың адам, мөлдірлік пен лай секілді кереғар ұғымдарды шарпыстыру арқылы шынайы ой түйініне жеткен шайыр, үшінші шумақта үнділер дәстүрін қазақ жырының сәтті детальі ете білген.

      Біздің білуімізде, қай өнер түрі болсын оймен басталып, ойлантумен аяқталса игі. Мықты өнердің мұраты да сол. Қазыбек те ойшылдық бағытындағы ақын. Ол «Шардара» атты өлеңінде айдын шалқардың шалқуынан шабыт алған шағалалар шарқұруын ақын шабытының ширығуымен шебер ұштастыра білген. Мұны:


Көк аспанның астында шағыл кешсең,

Көк теңізге айнадай тап боласың, –


деген бейнелі жолдармен белгілей келіп, өлең әсерлілігін «құмстаннан айналдың гүлстанға» секілді ішкі ұйқастармен арттыра түседі. Ол – өлең діттеген жеріне жеткенше дамыл таппайтын мығым ойдың мырзасы, тауып айтудың ұстасы. Мұны бір ғана «Шардарадағы» көркемік құралдардың мейлінше молдығына байланысты айтып отырмын. Мәселен, жақсының дәмін сезер қазақ осындағы:


Сана оятар сарғайған сағанасы,

Көктеп кетер көк тірер бағанасы.

Шыбығынан шыр жиған шырын сорып,

Шыбықтасаң кетпейді бал арасы, –


деген әр дыбысы бір-бірін магниттей тартып тұрған әуезді үйлесімді де өзіне эстетикалық тұрғыдан шет көрмесе керек. Өлеңнің «төрт бұрышын дүниенің шарлап келіп, төрт қақпаңа мен сенің тірелемін» деп келетін теректей тегеуірінді тармақтармен аяқталуы да табиғи тынысын ашып тұрғандай.

      Иә, өлең қызығына елтиміз деп біз ақынның туған жер, өскен ел тақырыбындағы желіге байланып қалдық. Оның өзінде де бір жинаққа жүк болар бұл топтаманың мұртын да шаға алған жоқпыз.


Табаныңа тартылғанда үзеңгі,

Тағдыр салса, басарсың-ау жүз елді.

Қаншама кең болғанымен қара жер,

Бір-ақ жерге бүгесің ғой тізеңді, –  


деп туған жерді ту еткен қаншама жыр жауһарлары жамырай қарсы алады бұл шоғырда...

      Әрине, алуан тақырыпты қозғаған ақын өлеңдерінің бәріне аялдап жату мүмкін емес. Әр толғаудың өз тылсымы, өз тынысы бар. Мәселен, 


«Топырағыңды басқанда жалаңаяқ,

Тұла бойға туған жер нұрды құйып,

Алтын жұққан табаным тұрды күйіп, – деп 


оттай ыстық демімен шарпитын кейіптеулерге қалай қарайсыз? Өз басым мұндағы «алтын жұққан табаным тұрды күйіп» образын жыл он екі ай ойланғанда бір-ақ келетін сирек олжа, – дер едім. Ал, мұндай мезгілге мұқалмас, жылдарға жұқармас алтын-олжалар аз кездеспейді Қазекең поэзиясында.

      Қазыбектің нәзік сезім, нәркес көз әлемін барынша шыншыл, барынша сыршыл суреттейтін «Ғашықтық ғазалдары» топтамасын оқи отырып бұл бір арнайы толғаныс аясындағы дүние-ау, – деген ойға келдім. Кілең:


Сені таппай серілікпен сенделдім,

Сезімдегі тұнықтықпен емделдім.

Әлем жеті кереметті біледі –

Сегізінші кереметке келмеді ғой теңгергім;

Ең бірінші кереметті Сен дермін...


іспетті асқақ та ажарлы бейнелеулерден тұратын тұнық әлемге әзірше осы жалқы шумақты перде ете тұруды жөн көрдік. Ал, оның «Мұңлық-Зарлық» қиссасы мысалында қай заманда да қоғам дерті болып келген – азған адамгершілік, тозған билік, асқынған аярлық, көпсіген күндестік проблемаларын қопара қозғайтын көлемді дүниесі – «Мұңлық-Зарлық» мұқамы» әріптестері мен әдебиет мамандарының назарын аударуға лайықты дүние, – деп ойлаймын. Қалыпты өлең өлшемінен шығып, қапысыз ой-қиялға қанат қондырған автор осы жыр-хикаятында қандай қоғамның да іргесін ұстап тұратын басы фактор – адамның кісілік қасиеті екенін көне қисса фонында әсерлі де әдемі бейнелей білген. Сөйтіп, шебер қалам иесі бағзы кездің баянын осы заманның запыран-зарымен ұштастыра отырып, тың игілікке қол жеткізген.

      Қазыбек қайраткер ақын. Қайраткерлік «серінің сертке таққан семсеріндей» (Қасым Аманжолов) өткір жігітке ғана жараспақ. Оның ұлтты ұстап тұратын ұстындар – тіл мен жер тағдыры жолындағы күресте мейлінше өткір мінез танытып келе жатқанын зерделі қауым жоққа шығармаса керек. 1984 жылы Шардара ауданы, Қызылқұм орта мектебінде еңбек жолын бастаған ол бүгінде бірнеше ақпарат құралының негізін қалаған және сол қызметі үшін көптеген атақ-марапатқа ие болған Бас сарашы, атақты алашшылар мұратын бағдар еткен «Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшесі. Мұны айтып отырғанымыз, ол бұл мәртебелі қызметтерді мансап, – деп емес, мысқалдай болса да ұлт мұратын жүзеге асырудың құралы, – деп біледі. 

      Сол қайраткер Қазыбек, ақын Қазыбек алпыс белден асыпты. Нағыз халқы үшін «түнде ұйықтамайтын, күндіз отырмайтын» жасқа жетіпті. Құтты болсын, елге еткен еңбегің еселеп қайтсын, – дейміз ақын бауырға.

Абзал БӨКЕН