ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТ РЕТІНДЕ ДАМИТЫН УАҚЫТ ЖЕТТІ! - Қазыбек Иса

ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТ РЕТІНДЕ ДАМИТЫН УАҚЫТ ЖЕТТІ! - Қазыбек Иса

Өткен аптада саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар бірлесіп, алдағы президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі халықтық коалиция құрылғанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз. 

Алқалы жиында «Ақ жол» демократиялық партиясы атынан белгілі ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса сөз сөйлеп, ұлттық мемлекет ретінде дамитын уақыт жеткенін айтты. 

Алаш жолын ұстанған “Ақ жол” партиясы ұлттық мүддені қорғау жолында қарқынды қайрат көрсетіп келеді. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның «Бірліктен айырылған ел қаңғып қалады» деген сөзі бар. Бүгінгі алмағайып уақытта, біз үшін ең қажеті - бірлік! Арыстарымыз азаттық жолында саналы түрде құрбандыққа барып, сан жылдар бойы қайрат-жігер, ақыл-парасатымен елдік үшін күресті. Тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін енді бізге ұлт болып ұйысу – ең маңызды міндет. Ұлттық идеологияны қатаң жолға қойып, Ұлттық мемлекет ретінде дамыйтын уақыт жетті! 

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ««Ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады», деп, тура тауып айтқан сөзі бар. Яғни, тілді елді қорғағандай, шекараны қорғағандай қорғауымыз керек.

Қадірлі халайық! Қазір жалпы әлемде халықаралық геосаяси жағдай ушығып тұр. Көрші елдеріміз отқа оранып, жалын шарпуы бізге де сезілуде. Шақырған қалың қазақ көшіне шектеулер табылып, шақырмаған жаттың көші ағылып жатқанда, шекарамызды берік қымтап, қорғана білуіміз керек. 

Ұлтың рухани ұстазы, биыл ЮНЕСКО бойынша 150 жылдығы әлемдік деңгейде аталып өтіп жатқан Ахмет Байтұрсынұлының осыдан 100 жылдай бұрын айтқан өнегелі өсиеті бар: «Біз басқалардан кем болмау үшін білімді, бай және күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек, бай болу үшін кәсіп керек, ал күшті болуы үшін бірлік керек"-деген еді. 

Дәл қазір бізге осы бір ғасыр бұрын айтылған елге ең қажетті талаптарға сай болатын заман туып тұр!

«Ақ жолдың» ұстанған жолы да осы –білімділеріміз - ұлт зиялылары бастап, бай болу үшін ұлт кәсіпкерлерін қолдап, ел болып Бірлікке шақырамыз.

ЕЛ мен ЖЕРДІ САҚТАУ, ТІЛДІ САҚТАУ – БӘРІМІЗДІҢ ЕҢ БАСТЫ МАҚСАТЫМЫЗ ОСЫ ЕМЕС ПЕ?!.

Ендеше ең басты күрес –Ел Тәуелсіздігін сақтау жолында бірге болайық.

Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты