ӘЛЕУМЕТТІК ТЕҢСІЗДІК ҚОҒАМҒА ҚАУІП ТӨНДІРЕДІ

ӘЛЕУМЕТТІК ТЕҢСІЗДІК ҚОҒАМҒА ҚАУІП ТӨНДІРЕДІ

БІЗДІҢ БИЛІК ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕСУГЕ НЕГЕ ҚАУҚАРСЫЗ?

          Бір айдан екінші айға әупірімдеп әзер жеткізетін мардымсыз жалақысымен күн көргендер мен лауазымын пайдаланып жемқорлықпен байығандардың мекеніне айналған біздің елде әлеуметтік теңсіздік жылдан жылға үдеп бара жатқанын байқау қиын емес. Кем дегенде ширек ғасыр бойы сол әлеуметтік теңсіздікті тудыратын жемқорлықпен ымырасыз күрес жүргізіп жатырмыз деп ұрандатқанымызбен одан шыққан нақты нәтижені көрген жоқпыз. Азық-түлік пен күнделікті тұтынатын қарапайым ғана тауарлардың, түрлі қызметтердің қымбаттауы қатардағы тұрғындардың өмірін одан әрмен қиындата түсті. Тұрмыстық тауқыметке байланысты халық тарапынан наразылықтар жиі көрініс беріп келеді. Аталған жемқорлықты жоюға біздің билік қауқарсыз, тіпті соған деген шынайы ниеті де байқалмайды. Оның да көптеген өзіндік себептері бар...

   Жылдар бойы жалақыны көтеруді талап етіп келе жатқан жаңаөзендік мұнайшыларды айтпағанда, осындай талапты өзге өңірлерде, өзге сала қызметкерлері де жиі қоя бастады. Тапқан мардымсыз табыстары отбасын асырауға жетпей, талаптарын айтып ереуілге шығуға мәжбүр. Соның бір-екеуін ғана мысалға келтірейік.

        Әлеуметтік желіде Маңғыстау аймағындағы «Тасболат Ойл Корпорэйшн» ЖШС жұмысшыларының Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеуі жарияланды. Олар Президенттен компания қызметкерлері мен басшылық арасындағы еңбек дауына араласуды сұрады. Кәсіпорын жұмысшылары айлықты жүз пайызға көбейтуді талап етіп отыр. Қазір кен орнында жалақы орташа есеппен 300 мың теңге. «Мұндай соманы егер сен 12 сағат немесе түнгі ауысымда істесең ғана төлейді. Егер әдеттегі жұмыс күні болса, бүкіл салықты ұстайды, сонда қолға 240-250 мың теңге ғана аласың. Бұл ақша жетпейді. Ақшаның жартысы отбасын асырауға кетеді, одан бөлек коммуналдық қызмет ақысы, балалардың киімі бар, көбі кредит төлейді. Көптеген отбасы – көпбалалы, зейнеткерлерге қарайды» - дейді кеніш жұмысшылары. Қызметкерлер кәсіпорын басшылығына өз талаптарын 25 шілдеде қойған, бірақ бітістіру комиссиясының отырысында жұмыс беруші жалақыны көтеруден бас тартқан. Жұмысшылар энергетика министріне де хат жолдаған көрінеді, бірақ одан ешқандай нәтиже болмаған. Үш жақты комиссия құру үшін облыстық кәсіподаққа да жүгініпті. Амалдары таусылған соң Президентке бейнеүндеу жолдаған. Егер мәселе оң шешілмесе жұмысты тоқтатып, ұзақ мерзімді ереуілге шығуға бел байлап отыр.

        Осы жерде бүкіл еліміз бойынша әбден қалыптасып қалған мына бір жағдайды айта кеткен орынды. Біздегі министрік, әкімдік, кәсіподақ не үшін құрылған? Қарапайым халықтың мұң-мұқтажын құлағына қыстырмайтын ондай мемлекеттік органдар мен жұмысшылардың құқығын жанын салып қорғауға мідетті, бірақ нақты көмек көрсете алмайтын қоғамдық ұйымдарды таратып жіберген анағұрлым тиімді. Өйткені сол әкімдіктегілер мен министрліктегілер миллион теңге маңайындағы жоғары жалақы алып, жылы кеңседе отырғанмен бұқара үшін нақты ештеңе бітірмейді, олардың халыққа пайдасынан бұрын зияны көбірек. Егер осы Министрлер кабинеті бастаған мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар дұрыс жұмыс істесе халық Президентке жүгінбес те еді ғой. Барлық мәселе ақырында Президент арқылы шешілсе үкімет және оның құрамындағы әкімдіктер мен министрліктердің қажеті қанша? Оларды халықтың қаржысын, бюджет ақшасын ұрлау үшін ұстап отырмыз ба? Жемқорлықпен құрықталып, топ- тобымен түрмеге қамалып жатқан лауазымдылар соған нақты дәлел.

    Елді жайлаған қымбатшылыққа байланысты кеншілер 250-300 мың теңге айлықты отбасын асырауға жеткізе алмай жатса, кейбір сала қызметкерлері 110-120 мың теңгенің өзіне зар болып жүр. 300 мың теңге айлықты олар түсінде де көрмейді, ол туралы армандамайды да. Жақында Алматыда жалақысын көтеріп, еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен «Қазпошта» қызметкерлері наразылыққа шықты. «Біз небәрі 110-120 мың теңге аламыз. 70 мың теңге алатындар да бар. Бұл ақша өмір сүруге жетпейді. Арамызда жалғызбасты аналар да бар. Бұл дегеніңіз, тиын-тебен ғой. Біз зейнет жасына жетіп қалдық, енді ешкім жұмысқа да алмайды. Олар осыны пайдаланып отыр. Ең болмаса, жалақыны 150-200 мың теңге жеткізсе ғой дейсің. Бұрын, 1980-жылдары мекеменің жеке балабақшасы, жатақханасы, пәтерлері, пошта бөлімшесіне арналған емханасы болды. Қазір ештеңе жоқ. Олар бізге денсаулығымызға келетін зиян үшін тиесілі сүтті де әрең береді», - дейді компанияның ереуілге шыққан жұмысшылары.

     Аталған жайтқа орай пікір білдірген «Қазпошта» АҚ баспасөз қызметі жалақы туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын және Алматы бөлімшесінің директоры Алтын Садықова оқиға орнында түсіндіру жұмыстарын жүргізгені туралы мәлімдеді. Тіпті жұмысшылардың талаптарын талқылау үшін «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Серік Саудабаев елордадан Алматыға арнайы ұшып келгенмен қызметкерлердің жалақысы көтерілетініне кепілдік жоқ. Өздеріне жоғары жалақы мен бонус тағайындап алатын басшылар отбасын әзер асырап отырған қатардағы қарапайым адамдардың жағдайын қайдан түсінсін?!

    Әдетте байланыс – стратегиялық маңызы бар сала саналады. Байланыс, оның ішінде пошта қызметі де болмаса бүгінгі заманда өмір сүру өте қиын. Соңғы жылдар осы сала қызметіне байланысты тұрғындар тарапынан арыздар жиі айтылып келеді. Хат-хабар, мерзімді басылымдар тұтынушылардың қолына уақытында жетпей наразылықтар туындауда. Көпшіліктің талабы орынды, оны жоққа шығара алмаймыз. Ал, сала қызметкерлерінің мына әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына қарасақ олардан жоғары сапалы қызмет талап етудің өзі ыңғайсыз екен. Қымбатшылық құрсауында қалған сала қызметкерлеріне берілетін ең жоғары деген 120 мың теңге айлықпен қайтып күн көруге болады?

         Рас, мемлекеттік қызметтегілер мен кейбір саладағы кәсіпорын жұмысшыларының жалақысын көтеру туралы мәселе аракідік жоғары жақта қаралып қоятыны бар. Бірақ одан не пайда? Болар-болмас қосымша жалақыны мына қымбатшылық бір демде жұтып қойып жатыр. Қарапайым адамдар алтын сарай салып беріңдер деп жатқан жоқ. Бар-жоғы өмір сүруге лайық жалақыны талап етуде. Ал қымбатшылық Үкіметтің қаулы-қарарларына қарайтын емес, баға күннен күнге көтеріліп барады. Теңге бағамының әлсіреуі тауарлардың барлық тобы бойынша бағаның өсуіне әсер етті. Импорт бағасының өсуіне байланысты киім мен аяқ киім, дәрі-дәрмек бағасының өсуі жеделдеді. Ақылы қызметтер бағасының жылдық өсу қарқыны 2022 жылғы наурызда 8,3% болды, ақпандағы көрсеткіш – 7,1%. Тұрмысқа жайлы тұрғын үйді жалға алу бағасы сұраныстың артуы және тұрғын үй сатып алу құнының өсуіне әкеліп соқты. Қысқасы, қымбаттамаған зат, көтерілмеген баға жоқ.

      Тек қана ресми деректерге сүйенсек, биыл наурыз айында ғана азық-түлік тауарлары бағасының өсуі жылдық мәнде 15,4 пайызға жетіпті. Ал шын мәнінде ол одан да жоғары, оны сауда орындарынан көруге болады. Сауда орындарында сирек болатын, тіпті оның табалдырығын аттап көрмеген біздің шенеуініктер теріс көрсеткіштерді кемітіп, жақсы жақтарын асыра айтатын әдеті бар екенін білеміз. Бірақ одан халықтың тұрмысы оңалып кетпесі белгілі. Үкіметтің бұл шаралары қымбатшылықтың салдарымен күресу ғана, ал оның шын мәніндегі себебіне назар аудармайды, немесе назар аударғысы келмейді. Ашығын айтсақ, биліктегілер қымбатшылықтың түп-тамыры тойымсыздық пен жемқорлықтан таралатынын жақсы біледі. Алдында айтқанымыздай жемқорлықпен күресуге олар қауқарсыз, соған деген шынайы ниет жоқ.

      Бізде неге үкіметтің ресми деректеріне халық сенімсіздікпен қарайды. Өйткені олардың берген деректері шынай жағдаймен мүлдем қабыспайды. Айдалаға лағып кетеді десек те артық емес. «Биылғы бірінші тоқсанда қазақстандықтардың орташа айлық жалақысы 285,5 мың теңге болды!» - деп ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының сүйіншілеп хабарлағанын білесіздер. Агенттіктегі есептегіштер жалақыға байланысты бірқатар ақпараттар беріпті. Салалар бойынша ең жоғары еңбекақы тау-кен өндіру және карьерлерді қазу өнеркәсібінде – 619,4 мың теңге, қаржы және сақтандыру қызметінде – 521,1 мың теңге, кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте – 416,4 мың теңге екен. Ең төменгі жалақы – ауыл, орман және балық шаруашылығы қызметкерлерінде – 144,1 мың теңге, өнер, ойын-сауық және демалыс саласында – 169,6 мың теңге көлемінде деп көрсетіпті. Өңірлер бойынша ең жоғары айлық Атырау облысында – 477,9 мың теңге, ең төмен айлық – Солтүстік Қазақстан облысында – 203,4 мың теңге көлемінде екен.

     Мақұл, бұл деректерді дұрыс делік, сонда 285,5 мың теңге орта көрсеткіш кімге көмек, кімнің көңіліне демеу болмақ? Әсіресе жалақыға қатысты ортақ көрсеткіштер кімге керек? Осы туралы өздері ойланып көрді ме екен? Мысалы, бонус пен қосымша бизнестерін есептемегенде миллион теңге көлемінде жалақы алатын министрлер мен әкімдерге бұл мәлімет түк те қызық емес. Ал, айына 60-70 мың теңге алатын аула сыпырушылар мен күзетшілерге, әрі кеткенде «Қазпоштадағыдай» 120 мың теңге «жоғары жалақы» алатындарға 285 мың теңге дегенді естудің өзі ауыр тиері сөзсіз. Ал жайлы кеңседе мемлекеттік бағдарламларды орындата алмай, түк бітірмей отырып алып миллион теңге айлық алатындар не ойлайтынын білмейміз. Біздіңше олардың ойына түк те кіріп шықпайтын секілді. Олар ортақ көрсеткішті айтып мақтанудың орнына ең төменгі жалақы алатын адамдардың жағдайын ойлауға міндетті емес пе?

     Сонда біздің үкімет осы 285,5 мың теңгелік жоғары көрсеткіштерімен кімнің алдында мақтанғысы келеді? Дүниежүзілік қауымдастықтың алдында ма? Жоқ, ол жерде бұл көрсеткішке күлмесе, таңғалып таңдай қаға қоймасы белгілі. «Қазба байлықтары мол, жерінің көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын елдің түрін-ай!» -деп мысқылдайтыны анық. Өйткені салық төлегеннен кейінгі орташа айлық таза жалақы бойынша Қазақстан 106 елдің ішінде 80-орында тұрған көрінеді. Қазақстандықтардың орташа айлық жалақысы небәрі 414,29 доллар деңгейінде. Ең жоғары жалақыға Швейцария, Сингапур және Австралия тұрғындары ие екен. Баяғыда дамып кеткен елдерді есепке алмасақ, ТМД елдерінің арасында Ресейде (884,14 доллар), қазба байлықтары шамалы, соғыс оты шарпыған Украинаның өзіндегі жалақы (512,66 доллар) Қазақстандағыдан жоғары болып шықты. Бұған не дейміз?..

    Неге мүмкіндігі мол біздің елде халықтың тұрмысы төмен? Алдында айтқанымыздай, әлеуметтік теңсіздікке негізгі себепкер болып отырған тойымсыздықпен, жемқорлықпен күрес шынайы жүргізілмейді, көзбояушылыққа айналған. Отыз жылғы автократиялық жүйенің нәтижесінде елімізді сыбайлас жемқорлық жайлап алды. Бүкіл билікті қолына алған бір адамның отбасы мен жанындағы жағымпаз, жемқор табақтастарын есепсіз байытып қарапайым халықты қайыршы күйге жеткізді.

       «Мемлекет басшысы ауысты, енді неге жағдай түзелмейді?» деген сұрақ көпшілікті мазалайтыны да рас. Отыз жылдық іріп-шіріген жүйені жөнге келтіру, жемқорлардан бірден тазарту оңай емес. Біздің билік басына кезінде кімдер келді? Отыз жыл бойы қалтасы қалыңдар орнықты, қалған қалтасы жұқалар пайда табу үшін ғана жағымпаздықпен билікке ұмтылды. Жаппай жекешелендіру кезінде барлық байлықты басып қалғандар одан әрі баюды ғана көздеп келді. Отандық өндірісті дамытып, импортқа тәуелділікті жоямыз дегеніміз бос әңгіме болып шықты. Нәтижесінде шетелдік тауарларды қымбатқа алып жатырмыз, теңгеміз құлдырап шетелдік валютаға тәуелді болып қалдық. Баға саясатына ықпалы зор жекеменшік банктер жоғары үстемемен халықты тонаумен ғана айналысып келеді. Дұрыстап тексерсе олардың нақты иелері де сол жоғарыдан табылады. Сол сияқты пайдасы мол ірі бизнестерде де олардың үлестері бар. Олай болса билік жемқорлықпен қалай күреспекші? Өз қолыңды өзің кесіп, өз көзіңді өзің шұқи алмайсың. Біздің билік жемқорлықпен күресуге қауқарсыз, оған шынайы ниеті жоқ дегеніміз сондықтан. Араны ашылған алып жемқорлар өз ықпалын жүргізіп, бүгін де еркін өмір сүріп жатыр. Олармен күрес әлі де әлсіз жүргізілуде. Бүкіл жүйені тазаламай халықтың қиындықтан көз ашпасы анық. Адамзат тарихы талай рет көрсеткендей, мұндай әлеуметтік теңсіздік түрлі шиеленістерге әкеліп, қоғамға қауіп төндіретінін ұмытпағанымыз жөн.

Зейнолла АБАЖАН